• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2011

Ғарыш саласы көштен қалмайды

425 рет
көрсетілді

Ғарыштық қызмет саласы үдемелі индустриялық-ин­но­ва­циялық даму бағдарламасының басым секторы болып саналады. Бұл жөнінде кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кә­рібжановтың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы  Талғат Мұсабаев мәлім етті. Агенттік төрағасы «Қазақстан Республикасындағы ғарыштық қызметті дамыту» тақырыбында сөйлеген сөзінде 2010-2014 жыл­дарға арналған ғарыш қызметін дамыту бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан шараларды санамалап берді. Атап айтқанда, қа­зір «KazSat» спутниктік байла­ныс және тарату жүйесі жасалуда. Соның негізінде «KazSat-2» «KazSat-3» жобалары және ға­рыш­тық аппараттарды жерден бас­қару резервтік кешені жұмыс­тары жүзеге асырылуда. Үсті­міз­дегі жылдың 16 шілдесінде «KazSat-2» ғарыш аппараты «Бай­қоңыр» ғарыш айлағынан ұшы­рылса, оның жер орбитасындағы жағдайы қазан айының соңына дейін сыналып бітуі тиіс. Ал «KazSat-3» ғарыш аппа­ра­тын әзірлеу жобасы халықаралық Ле Бурже (Франция, Париж қа­ласы) авиациялық ғарыштық са­лонында академик М.Ф.Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйе» ААҚ ресейлік компа­ния­сы мен Ғарыштық байланыс республикалық орталығы ара­сын­дағы келісім-шартқа қол қою нәтижесінде өмірге келген бо­ла­тын. Келісім-шарт   ережесіне сәй­кес ресейлік компания басты орындаушы да, ал  Thales Alenia Space еуропалық компаниясы оның әріптесі ретінде белгіленген. «KazSat-3» ғарыш аппаратын 2013 жылдың соңына таман ұшы­ру көзделген. Бұдан басқа, Алматы облысының Іле ауданы аумағында ғарыштық аппарат­тар­ды жерден басқару резервтік кешені салынып жатса, ол 2012 жылдың басында іске қосылады деп күтілуде. Т.Мұсабаевтың сөзінен белгілі болғанындай, Жерді арақа­шық­тықтан зондтау жүйесіне ар­нал­ған жобаның құрылысы да басталып­ты. «Астана – жаңа қала» эконо­ми­калық аймағының аумағында 30 гектар жерге ға­рыштық аппарат­тар­ды жинақтау-сынақтан өткізу кешені құры­лысы жүргізілуде екен. «Ғалам» ЖШС негізінде қазақ-француз бірлескен кәсіпорны құ­ры­лып, франциялық «EADS Astrum» компаниясы тарапынан  қажетті құ­рал-жабдықтар қойы­луы бойынша келісім де жасал­ған көрінеді.  Ға­рыштық аппарат­тарды жобалау, жинау және сы­нақтан өткізуде тәжі­рибе жинақ­тау үшін 24 қазақ­стан­дық инженер фран­циялық кәсіп­орын­ға жіберіліпті. Сонымен, Ақ­мо­ла мен Алматы облыстарында 10 диф­ферен­циал­ды стансалар және мобильді диф­ференциялды станса, сондай-ақ Астана қаласында Өңір­лік орта­лықты іске қосу қолға алынған. «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағында «Бәйтерек» зымыран ұшыру кешенін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі қазір Экономикалық даму және сауда министрлігінде екені белгілі болды. Агенттік төраға­сы­ның сөзіне қарағанда, оның құны 223 миллион доллардан 1 миллиард 248 миллион долларға дейін артқан. Сон­дай-ақ еліміздің «Днепр» және «Зенит» ғарыштық зымы­ран кешені жобасына қатыса­ты­ны да назардан тыс қалмады. Ал «Зенит» зымыран ұшыр­ғышы бойынша «Наземный старт» жобасына Қазақстанның Ресеймен және Украинамен бірге қатысуы бойынша жұмыс тобы құрылып, осы мәселе жан-жақты пысық­та­лу­да екен. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, со­ны­мен қатар, ғарыш мамандарын даярлауға еліміздің 5 жоғары оқу орны жұмылдырылып отырған­ды­ғынан хабардар ете кетті. «Бо­лашақ» халықаралық бағ­дар­ла­ма­сына сәйкес Ресей, АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Германия, Ни­дерланды, Канада және Қы­тайда 9 мамандық бойынша 58 қа­зақстандық студент білім алуда екен. Байқоңыр қаласындағы «Вос­­ход» Мәскеу авиация инсти­ту­тының филиалында 205 Қазақ­стан азаматы оқуда көрінеді. Үкімет сағатын қоры­тын­ды­лаған  Ж.Кәрібжанов Қа­зақ­стан үшін ғарыш қызметінің дамуы өте маңызды мәселе екенін ерекше атап кетті. «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы қазіргі кезде туын­дап отырған әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу жолдары,  «KazSat-2» жер серігін тиімді пайдалану, әсіресе, ха­лық­қа қызмет көрсетуде оның баға­сын төмендету;  ғарыш сала­сын­дағы ғылыми орталықтарды жаң­ғырту, мақсатты қаражаттарды қа­растыру, осы салада еңбек­те­не­тін мамандарды дайындау мәсе­лелері өткір саналады.  «Ал депутаттар қажетті шешімдерді, оның ішінде қазір Мәжілісте талқы­ла­нып жатқан «Ғарыш қызметі ту­ралы» заң жобасын жан-жақты пысықтап, жылдың аяғына дейін қабылдауға күш салатын бола­ды», деді Ж.Кәрібжанов. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.