• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Көкарал

557 рет
көрсетілді

Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ. Теңізі тартылған ай­маққа барған сайын қараша ха­лықтың қайсарлығын көріп, тәнті боламыз. Көп сапардың бірінде құм арасындағы ақсақалмен сөй­­­лесіп қалдық. Әңгімеден әңгіме шығып, сөзіміздің соңы «басқа жаққа қоныс аудару ойда бол­­­ма­­ды ма?» дегенге сайды. Сонда қарт санынан ет кескендей шор­­­­шып түс­ті. «Бұл жерде менің ата-ба­­­бамның сүйегі жатыр», – деді ол.

Әдетте ұлан-ғайыр жеріміз бар деп жатамыз ғой. Жоға­­ры­­­да­ғы әңгімеден кейін сол кең бай­­­тақтың бір ұшы мүжілмей бізге қалай аман жеткенін ұғынғандай болдық. Қазақтың қара баласы ту­ған топырағын жерұйыққа ай­­­ыр­­­бастамаған. Ата-бабасының сү­­йе­гі жатқан жерді көзінің ағы мен қарасындай қорғаған. Талай зо­­­ба­лаң заман туса да, үдере көшуді әдетке айнал­­­дыр­­­маған. Әр тасын, әр кұмының тө­­­бесін қадір тұтқан. Қасиет сана­­­ған. Әйтпесе, Аралда осы күні адам қалмас еді. Ерні кезерген, Арса-арсасы шыққан, суы кетіп, нуы қалмаған, балығы аузын ба­қадай ашқан аймақта күнелтудің қиямет екені біз айтпай-ақ белгілі. Егін салуға оңтайлы жер жоқ. Айналаңның бәрі шағыл құм. Егін салмақ түгілі, есігіңнің ал­дындағы құмды тазартып үлге­­ру­дің өзі мұң. Бірақ қазақ орнынан қозғалмай, жылы ұя іздемей, тағ­дырдың сал­­ғанына көніп, өмір сүріп жатыр. Олар Аралды қи­май­ды. Туған жерін тастап кете алмайды.

Елбасының сындарлы сая­са­ты­ның арқасында Кіші Аралға су барды. Көкарал су тоспасы са­лынды. Табаны құрғаған теңізге су жеткізу инемен құдық қазған­дай шаруа екені бесенеден белгілі. Дегенмен Аралын қимай отыр­­­ған халықтың жағдайын жан-жү­регі­мен сезінген Мемлекет бас­шы­­­сы арнайы бағдарлама түзді­ріп, суды жеткізді. Бүгінгі күні Кіші Ара­лыңыз шалқып жатыр. Жұрттың бәрі теңіздің үстінде жүр. Нәпа­қа­сын теріп жеп, күн­кө­рісін айырып жатыр. Балық ау­лау­дың көлемі де ұлғайған. Осыдан біршама бұрын жылына 400 тонна балық аул­а­­на­ды екен. Енді бұл көрсеткіш 6 мың тоннаға жетті. Қаратерең деген ауыл бар. Өткен жолы барғанымызда Бө­геннің жігіттері сол Қарате­рең­дегі бір ба­лықшының еңбегін ау­ыздарынан суы құрып айтып отырды. Әлгі балықшы күніне 60 мың теңгенің балығын аулайды екен. Осыдан-ақ Аралға тіршіл­ік­­­тің қайта орал­­ғанын байқауға бо­­лады. Бүгінде аралдықтардың бо­лашаққа деген сенімі ұлғайды. Келер күнге үміт­пен қарайды. Мұ­ның барлығы Пре­зиденттің бағ­­дар­лы саяса­ты­ның арқасы екені шығар күндей ақиқат. Елбасының тікелей тап­­­сыр­масымен «САРАТС» жобасы жасалды. Сол бағдар­­­ла­маның бірінші кезеңі аяқталып, Кіші Арал­дың деңгейі 42-белгіге жетті. Енді бағдарламаның екінші кезеңі қолға алынбақ.

Аталған бағдарламаның бірінші сатысы бойынша Көкарал су тоспасы салынды. Көкаралдың теңізге су жеткізуде үлкен рөл атқарып тұрғаны анық. Дегенмен, осы су тоспасын салғанда бір қателік кеткен. Тоспаға балық­­­тар­­­­­дың өтуін тежейтін құрылғы қойылмаған. Со­­­ның салдарынан Кіші Арал­­­­дағы бар балық тайдай тулап, Ұлы теңізге кетіп жатыр. Ал олар үлкен теңізде өмір сүре алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұщы суда өскен балық теңіздің тұзды суына барған соң, қуырылып қалады. Екіншіден, үлкен теңіздің табанында ғана су жатыр. Сондықтан саяз жерге жеткенде бауырымен жер тырнап, батпақтап жатады. Осындай мінә­­­йі себептері көп оның. Сонымен бірге, балықтар үлкен теңізден қайта Кіші Аралға қашады. Ал оған арнайы қашыртқы салын­­­ба­­­ған. Ағысқа қарай өрлеген балық тұмсығы темір бетонға келіп со­­­ғылып, кері қайтады. Сөйтіп, үл­­кен теңізде миллиондаған шабақ қырылып жатыр. Ал соның бәрін Кіші Аралда ұстасақ, елдің игілігіне айналар еді.

Ресми дерек бойынша, ұлы те­­­ңізде жылына 500 миллионға жу­­ық шабақ қырылады екен. Бұл аспаннан алынған дерек емес. Ра­­­сымен де солай. Егер Көкарал су тоспасына барып, көзіңізбен көр­­сеңіз, санаулы уақыттың ішінде үлкен теңізге үйір-үйір балықтың қашып жатқанын көрер едіңіз. Ал тоспадан сәл әріректе ұзындығы 15 шақырым, ені 70-80 метр, те­­рең­дігі 2,5 метр болатын арна бар. Соны барып көріңіз. Мамандар сол жердің өзінде 700-800 мил­­лион шабақтың жайылып жүр­­­­ге­нін айтады. Мұның қанша байлық екенін, елдің әлеуметтік, эконо­ми­калық жағдайын артты­ру­ға, ша­руасын түзеуіне қаншалық­ты көмек екенін түсіндіріп жату­дың өзі басы артық шаруа.

Далаға кетіп жатқан балықты қызылордалықтар құтқарып қалу­­ға тырысуда. Биылдың өзіне 150 миллион шабақты Кіші Аралға өткізді. Ол үшін қыруар адам жи­налып, біршама техника жұмыл­ды­рылды. Еңбек нәтижелі. Дей тұрғанмен, қаншама уақытты сарп етеді осыған.

Жоғарыда айттық, «САРАТС» бағдарламасының екінші кезеңі қолға алынып жатыр деп. Біз маман емеспіз. Бірақ осы саланы зерттеп жүрген мамандармен сөй­лестік. Онан бөлек, аралдық­тар­­дың да пікірін тыңдадық. Енді со­­ны жеткізейік. Ауылдағы қара­пай­ым қарттың өзі Көкарал бекетін жабу керектігін айтады. Неге? Өйткені, ұлы теңізді біз бәрібір толтыра алмаймыз. Одан да қолда бар Кіші Аралды аман ұстап тұрғанымыз дұрыс. Көк­арал су тоспасы жабылса, әлгінде айтқан 700-800 мил­лион шабақ та далаға кетпейді. Кіші Аралда қа­ла­ды. Су тоспасын жауып, те­­­­­­ңіз­­­дің дамбасын көтеру керек. Сол кезде теңіздің деңгейі 47- белгіге жетеді екен. Егер су­дың дең­­­­гейі біз айтқан мөлшерге жетсе, онда те­­­ңіз Арал қаласына дейін барады. Солайша, бір дең­гейлі теңіз жасауға мүмкіндік болады.

Қазір екі деңгейлі теңіз жасау мәселесі де бар. Шындығы керек, бұл табиғатқа қарсы шығу. Өйт­­кені, Кіші Аралға келіп жатқан судың бағыты бұрылады. Арнайы канал қазылып, ол Аралға дейін жеткізіледі. Ең бастысы, ол канал Қамыстыбас көлінің үстінен өт­пек. Жергілікті жұрт Қамбаш атап кеткен көл таза туризмді дамы­та­тын аймақ. Суы мөп-мөлдір. Көк майсасы жайқалып тұр. Басына қонақүйлер мен жағажайлар са­лын­са құлпырып-ақ кеткелі тұр. Бастысы, инфрақұрылымын жасау. Қалғаны табиғаттың берген сыйы. Демалушылар үшін тап­тыр­майтын орын. Енді дейміз, қолда бар дүниені неге бұзуымыз керек? Қайта оны өзіміздің ың­ғайымызға пайдаланбаймыз ба?! Тау-тау құмның арасында сондай жердің барын былайға жұрт білмейді. Егер білсе, солай қарай ағылар еді. Себебі – қызық. Теңізі тартылған, құмы көшкен Аралда жанға жайлы жердің барын естіген адамның бәрі соны бір көруге ынтық болады. Сөйтіп, туристер қаптайды. Оның үстіне «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі де сол Қамбаштың жаны­нан өтеді. Әрі-бері өткен, жол­соқ­ты болған адамдар Қамбашқа ат- басын бұрып, өздері демалып, қоржынымызға ақша салып кетер еді. Бұл мәселеде ойланбаса бол­май­ды. Жеті рет өлшеп, бір рет кеспесек, ертең бармақ шайнап қалуымыз кәдік. Аралды азалап жүргенде, Қамбашты жоқтап қал­маудың қамын осы бастан ойлас­тырған дұрыс.

Мамандар екі деңгейлі теңіз жасау жобасы мен Көкарал су тос­пасын жауып, бір деңгейлі те­ңіз жасауды шотқа салып, шығы­нын есептепті. Екеуіне кететін қар­жы бірдей екен. Бір деңгейлі теңіз жасау артық ақшаны талап етпейді. Есесіне, экология бұзыл­май­ды, балық далаға кетпейді, Арал қаласына да су жетеді. Ал басқалай қылсақ, Қамбаштан ай­рыламыз. Осыдан соң қай жо­ба­ның дұрыс екенін өзіңіз топшы­лай беріңіз...

* * *

СҰЛУЛЫҚТЫҚ СИМВОЛЫ

Қазақ тарихындағы астаналардың ба­сым бөлігі Сырдың бойында болу­ын­да да мән бар. Өйткені, Сыр – сенімді серік, қамалы берік мекен. Сырттан ал­дыр­маған, іштен шалдырмаған. Қысқа­­сы, қай заманда болмасын, дария-ана ба­ла­сына пана болған. Сол дарияның бой­ын жайлап жатқан Қызылорда қа­ла­сы­ның 200 жылға жуық тарихы бар. Көне­­нің көзіндей болған шаһар талай қаһар­­лы күнді бастан өткергені де айдай ақи­қат. Бұл қала – Ұлы Жібек жолы көктей өткен қарым-қатынастың кіндігі, транзиттік сауда бекеті ғана емес, ұлттық мемлекеттілігіміздің бесігі болған саяси орталық. Яғни, ел тарихының әрбір белестері мен уақыт парақтары Қызыл­орда қаласын барша қазақтың рухани ордасы ретінде орнықтырды деп білеміз.

Баласы анасын аяласа керек-ті. Оның атын мәңгілікке қалдыру үшін болашақ­­­қа мирас боларлықтай бір естелік те қал­дыру перзенттік парызы еді. Бір тай­паны ғана емес, бар қазаққа ана болған Сырдарияға арнап ескерткіш орнату керек қой деген ойдың ұшығын ұста­ға­нымызға да көп болған. Сол күнге де жеткен сияқтымыз.

Әлемдік өркениетке қараңыз: Париж Эйфель мұнарасымен мақтанады. Мәс­кеу Қызыл алаңына апарады. Нью-Йорк «Бос­тандық» атты ескірткішін көрсе­те­ді. Лондон Биг-бэніне қарап сағатын тү­зейді. Өзіміздің Алматы Тәуелсіздік монументіне мінәжат етеді. Көктөбеге шы­ға­рып, төбеңді көкке жеткізеді. Астана­дағы «Бәйтерекке» шығуды бүгінде әр­бір азамат өзіне парыз санайды. «Қазақ елі» монументінен қанаттанады. Алашқа астана болған Ақмешітте де осындай бір ескерткіштің керегі байқалатын. Солайша, екі ой бір арнада түйісті. Нәти­же­сін­де сылаң қаққан, қыздың бұрымындай боп сырғып аққан дарияның бойынан «Сыр-Ана» кешені салынатын болды.

Сыр мен Ана егіз ұғым біз үшін. Сондықтан кешен осы екі сөзді ай­шық­тап тұруға тиіс-тін. «Сыр-Ана» кешені­нің конкурсы жарияланғанда талай мық­ты бәсекеге түсті. Бірі кимешек киіп, құтысын судан суырған ананы бейнеледі. Екіншісі омырауында бала ұстаған әй­ел­дің сұлбасын жасады. Тағы бірі құшағын айқара ашып тұрған келіншекті суреттеді. Қысқасы, кешеннің нұсқа­сы көп болды. Бірақ оның бәрі Сыр-Анаға емес, кәдімгі әйелге қойылған ескерткіштерге көбірек ұқсап кетіп жатты. Содан бір күні астаналық «Самғау» ком­паниясы өз нұсқаларын ұсынды.

Ескерткіштің биіктігі 40 метрді құ­рай­ды. Алыстан қарағанда, сұлу келін­шек­тің мүсіні көз алдыңызда көлбеңдей береді. Етегі желбіреген, ет жүрегі елжіреген жап-жас әйел сияқты. Жақындап барсаңыз, әлгі келіншектің мүсінін Сыр­дың толқыны құрап тұрғандай әсер береді. Басында сәукелесі бар. Сәукеленің шашағы күрішке ұқсатып жасалған. Ескерткіштің 34-метр биіктігінде алаң­қай бар. «Бәйтеректің» төбесінен Астана алақандағыдай болып көрінбей ме? Міне, «Сыр-Ананың» биігіне шыққанда да Ақмешіттің ой-шұқырының бәрін көру­ге болады. Жаныңызда жайқалып Тұң­ғыш Президент атындағы саябақ жата­ды. Сырдың сызылып аққан ағысын тө­беден тұрып тамашалайсыз. Айтпақшы, ескерткіштің төбесіне баспалдақ арқы­лы шығады. Оған лифт қоймауға бірнеше себептер бар. Біріншіден, егер лифт қойылса, онда ескерткіштің пішіні бұ­зылып кетеді. Екіншіден, мына іргеде жатқан көршілерімізде «Қытай қорға­ны» бар ғой. Қорғанның ең ұшар биігіне шығу әрбір қытайлық үшін парыз са­на­лады екен. Сол секілді қызылорда­лық­тар да 34 метр биікке жаяу шығып, ту­ған жерінің төсін сонау құс биігінен тамашалауды парыз санаса, артық па? Бұл да елді патриоттыққа шақыратын бір бастама емес пе?! Айтып, айтпай не керек, «Сыр-Ана» Ақмешіттің айшықты орны болмақ. Ендігіде Қызылорда дегенде көз алдыңызға осы «Сыр-Ана» ескерткіші қатар келетін болмақ.

«Сыр-Ана» скверінің құрылысына және жобалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 290,0 миллион теңге қаражат бөлінді. Мердігер мекеме – «Энергия» АҚ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бас­тал­ды. Ескерткіш қаланың сол жа­ға­лау­ындағы Сұлтан Бейбарыс (бұрынғы Мостовая) көшесінің бойынан, жаңа кө­пірдің қасындағы жағалауға түседі. Жал­пы, бо­лашақта Қызылорда қаласы сол жаға­лау­ға қарай дамиды. Сол жақ­тан әкімдік ғи­мараты, «Шығармашылық үйі», қазақ-түрік лицейі, «ҚазМұнай­Газ» ком­па­ния­сының офисі салына­ты­нын айта кеткен абзал. Сонымен қатар, «Астана» шағын ауданына қарасты тұр­ғын үйлердің де құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында облыс әкімінің қолдауымен тарихы сан ғасырлардан бастау алатын Сырдария өзенінің табиғатын көрсе­те­тін ерекше нысан бой көтеретін болды. Бұл шындығында қуанарлық жағдай екені рас.

Осы орайда қала әкімі Мархабат Жайымбетов былай дейді:

– Талай тарихи ескерткіштерде Сыр­­дария өзенінің аты айтылып келді. Сыр өзенінің жалпы ұзындығы 2200 шақы­рым­ды құраса, оның 1300 шақырымы біздің облысымыздың үстінен ағып өте­ді. Біздің туған қаламыздың құрылуына себеп болған ұлы өзеннің маңызын қа­зіргі заман талабына сай ескеретін уа­қыт келді деп есептеймін. Бұл өткенге құрмет, ата-баба рухына тағзым, бо­ла­шаққа үлгі, жастарға өнеге. Тәуелсіздік­тің 20 жылдығы қарсаңында облысы­мыз­дың барша халқын асырап отырған Сыр өзенінің құрметіне «Сыр-Ана» стел­ласын салуды қолға алып отырмыз.

Ескерткіш – еріккенің ермегі емес. Ол – елдіктің белгісі. Біз сол арқылы іргелі ел екенімізді танытамыз. Ал «Сыр-Ана» елдігіміздің көрінісі бо­­­латын бірден бір кешен бол­мақ. Ендеше, құтты болсын, ағайын.

Ержан БАЙТІЛЕС.