• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Сыр: Сілкініс пен серпіліс

518 рет
көрсетілді

28-29 қыркүйекте Астанада Қызылорда облысының күндері өтеді БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙТЫН БАСТАМАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ Қызылорда облысының әкімі Болатбек ҚУАНДЫҚОВПЕН әңгіме – Болатбек Баянұлы, облыс шең­бе­рінде атқарылып жатқан шаруалар­дың аз емес екенін күнделікті өмірде кө­ріп жүрміз. Жасалған істі бізден ешкім тартып алмайды. Әңгімемізді атқа­ры­л­­­ған шаруаларды айтудан емес, алдағы қолға алынатын жобалардан бастаған дұрыс сияқты. Об­лыстың алдағы күн­дер­дегі даму ба­ғыты қандай болмақ? – Дұрыс айтасыз. Болашақта не жа­са­латыны әрбір қызылордалықты ғана емес, жалпы жұртшылықты қызық­ты­ра­ды деген ойдамын. Алаштың анасы атан­­ған Сыр өңірі үнемі Елбасының на­за­рын­да. Мемлекет басшысының тікелей қол­­дауының арқасында облыстың әлеуеті көтеріліп, аграрлық өңірден индустриял­ық аймаққа айналды. Біз Қызылорда қаласы мен жеті ауданда арнайы зерттеу жұмыстарын жүр­гіз­дік. Сөйтіп, оларды үш топқа бөлдік. Бірінші топқа Жаңақорған, Шиелі ау­дан­­дары мен Қызылорда қаласы кіреді. Бұл әлеуметтік жағдайы жоғары, ел экон­о­микасына елеулі үлес қосатын аумақтар болып саналады. Енді соны таратып айтайық. Жаңа­қорған – аймақтағы ең дамушы аудан деуге толық негіз бар. Аталған аудан қазба байлыққа бай, тау-кен жұмыстары қызу жүріп жатқан аймақ болып са­на­лады. Сонымен қатар, республикадағы түрлі-түсті металдың мол қоры сақ­талған «Шалқия» кен байыту орны да осы ауданда орналасқан. Шалқиядағы жер асты байлығы 12 миллион тонна деген болжам бар. Жер қойнауындағы мол қазынаны ақшаға шағатын болсақ, ол 12 миллиард АҚШ долларына тең. Жа­ңақорған ауда­нында уран өндіру ісі де қарқынды да­мып жатыр. Мамандардың есептеуінше, Жаңақорғандағы уранның қоры Шиелі ауданынан да көп екен. Облыстағы уран байыту орнының екеуі осы ауданда. Олар – «Қорасан-1» және «Қорасан-2» уран өндіру орындары. Қазір мұнда жылына 1,5 мың тоннаға дейін уран өндіріледі. Болашақта оның көлемін 5-7 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Уран өндірісі жылына 7 мың тоннаға жеткенде, аудан­ның әлеуметтік жағдайы жоғарылайды. Қазірдің өзінде Жаңақорған ауданында инфрақұры­лы­мы дамыған коттедж қала­шығын салу жоспарланып жатыр. Сонымен бірге, мұнда күкірт қыш­қы­лы зауыты салынуда. Жобаның жалпы құны 32,5 миллиард теңгені құрайды. Өт­кен маусым айында зауыттың құры­лы­сын өзім барып көріп, танысып қайт­тым. Қа­зіргі уақытта зауыт дайын десе болған­дай. Іске қосылғаннан кейін, онда 17-18 мВт электр энергиясы өндірілетін бола­ды. Өндірілген электр энергия­сы­ның 6-7 мВт-ын зауыт өзі шығындайды. Ал қал­ғанын нарыққа жібереді. Осыған орай өз тарапымнан мынадай ұсыныс бердім. Зауыттың айналасында бос жер бар. Сол жерге темір-бетон, кірпіш, арматура сияқ­ты тағы басқа тауарлар шығаратын зауы­т­­тар салу керек. Неге? Біріншіден, ауданда қиыршық тас өнді­ріледі. Зауыт салынса, онда электр энер­гиясы жанында болмақ. Бір зауытта өнді­рілген электр қуатын екін­шісіне арзан бағамен сатуға мүмкін­дік туады. Б­ұ­лардың арасында электр тасымалын жасайтын делдал компаниялар болмай­ды. Электр энергиясын үнем­деудің ең ту­ра жолы осы. Бірі екіншісінен электр қуатын тікелей алса, жұмыстың тиімділігі артады. Сондықтан күкірт қыш­қы­лы зауытының айналасын индус­три­ал­ды аймаққа айналдыруды ойласты­­руда­мыз. Қызылорда облысы ваннадий қоры бойынша әлемде бірінші орында тұр. Ваннадий – стратегиялық маңызы зор өнім, әлемде өте сирек кездеседі. Бү­гінде оны игеру жолдары қарасты­ры­луда. Жұмыс толықтай бір қалыпқа келгенде, ол жерде 2-3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауданның экономикалық әлеуетіне үлкен септігін тигізетін жоба. Жаңақорған жерасты байлығы мол жиналған аудан екенін жо­ға­рыда айттым. Қазір ол аймақ­тан мұнай, газ көздері де табылып, зерттеу жұ­мыс­тары жүріп жа­тыр. Жа­қында зерт­­теу жұмыстарын жүр­гі­зіп жатқан компанияның өкілдерімен кездестім. Олар жер астында 120-130 миллиард шар­шы метр газ қоры бар деп отыр. Газ кеніші Бейнеу – Бозай – Шымкент газ құбыры өтетін аймаққа жақын орна­лас­қан. Сол арқылы өзімізде өндірілген газ­ды сыртқы рынокқа да шығаруға бо­ла­ды. Сөйтіп, газды әлемдік баға бойынша сатуға қол жеткіземіз. Аталған ауданда құрылысқа қажетті заттарды да шығарумен айналысуға мүм­кіндік бар. Мәселен, кірпіш өнді­рі­сіне қолайлы жағдай бар. Кірпіш шы­ға­ру үшін саз топырақтың сапалы болғаны керек. Жаңақорғандағы саз топырақ осы талаптарға жауап береді. Өйткені, оның тұздылығы аз. Сондай-ақ, бұл ауданның балшығы да пайдалы. Бүгінде «Жаңа­қорған» санаторийін елдің бәрі біледі. Осыған орай санаторийдің аймағын ке­ңейтуді де қолға алмақпыз. Бақша салуда да осы ауданның үлесі зор. Қазір там­шылатып суару арқылы егіс егу қолға алынды. Оған қоса жылыжайлар да са­лынып жатыр. Жаңақорған ауданы бой­ынша атқарылатын шаруалардың бір парасы осындай. Енді Шиелі ауданына келейік. Шиелі ауданында облыстағы бес уран өндіру орнының үшеуі орналасқан. Олар – Иір­көл, солтүстік және оңтүстік Қарамұ­рын. «Балауса» ваннадий кен орны да осы ауданның аумағында. Шиелінің та­ғы бір ерекшелігі, мұнда алтын өн­діруге мүмкіндік бар. Алдын-ала жоба бой­ын­ша бұл аймақтан 100 тоннаға дейін ал­тын өндіруге болады екен. Бірақ ал­тын табылған орындар әр жерде орналасқан. Дегенмен, мұның өзі ауданның тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етеді. Шиеліде күкірт қышқылын сақтай­тын зауыт салынып жатыр. «МКС-ком­пани» салып жатқан бұл зауыт та ерекше. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да Шиеліде ауқымды шаруалар қолға алынды. Жаңақорған секілді Шиеліде де бақша шаруашылығы дами береді. – Сырбойылықтардың атакәсібі – күріш өндірісінде екі ауданның үлесі қандай? – Орынды сұрақ. Жаңақорған мен Шиелінің Сырдариядан су алуға мүм­кіндігі шектеулі. Мысалы, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары Шіркейлі каналы арқылы су алып, егістікке жібереді. Ал Жаңақорған мен Шиелідегі күріш өндірісі дариядағы судың көле­міне тәуелді. Дарияда су көлемі көп болса, олар су алады. Ал дария тартыла бастағанда, оларға су алуда қиындық туындайды. Со­нымен қа­тар екі аудан­да­ғы су та­баны негізінде құмшауыт болып келеді. Табиғи ер­ек­шелігі солай. Оның өзі күріштікке су жіберуде кедергісін тигізбей қоймай­ды. Сондықтан екі ауданда жем-шөп дай­ын­дауға, бақша егуге ба­сым­дық беріледі. Оған қо­са, жеміс-жидек өсіру жол­ға қойыл­ған. Осы жерде айта кеткен жөн, Елбасы­ның тап­сырмасына сәйкес салын­ған Көксарай су реттегіші көп мәселенің күрмеуін шешіп отыр. Ең алдымен, Сырдария өзенінің суын қыс-көктем айларында реттеуге және егіс алқаптарына қажетті су көлемін алуға қол жеткізілді. – Алғашқы үштіктің қатарында Қызылорда қаласы да бар дедіңіз. Қалада қандай істер жасалмақ? – Жалпы, күріш өсірумен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары айналы­сады дейміз ғой. Десек те, күрішті ақтау Қызылорда қаласында атқарылады. Кү­ріш өңдейтін орталықтардың 70 пайызы қалада орналасқан. Болашақта «Алтын қамба» кешенінің шеңберінде сауда-ло­гистикалық орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде жеміс-жидек, кө­көніс, майлы дәнді дақылдар сақтал­мақ. Жылдың аяғына дейін 3250 тонна кө­к­өніс сақтайтын орын салмақпыз. Атал­ған орынның құрылғыларының бә­рі авто­мат­ты түрде жұмыс істейді. Ішіндегі барлық жағдайды, яғни ылғал­ды­ғын, темпера­ту­ра­сын компьютер ба­қы­лап тұрады. Картоп, сәбіз, қырыққабат секілді көкөніс өнімдерін сәуір-мамыр ай­ларына дейін сақтауға мүмкіндік бола­ды. Дәл қазір Қызылорда қаласында құс фабрикасын салу жоспарланып отыр. Ол жылына 6 мың тонна тауық етін өн­діреді. Бұл жердегі жұмыс та еуропалық технологиялар бойынша іске аспақ. Тауық фабрикасындағы басты мәселе – тазалық. Барлығы автомат арқылы бас­қарылып, компьютерлендіріледі. Тауық­қа берілетін жем-шөп пен судың көлемін де компьютер анықтайды. Тауық етін өңдеу әдісі де еуропалық стандарттарға сәйкес жасалмақ. Еті бір бөлек, сүйегі бір бөлек алынады. Тіпті, тауықтың қауырсыны да алынып, одан тұрмысқа керекті заттар жасалады. Өмірдің өзі бізге “барды ұқсат, артық ысырапқа барма” деп талап қойып отыр. Біз соны орындауымыз керек. Бір жобаны бастамас бұрын оны жіті зерттеу қажет. Біз Голландия, Германия, Италия секілді іргелі елдердің тәжіри­бесін зерттеп қарадық. «Жақсыдан үй­рен» дегендейін, солардың жақсы жақ­тарының бәрін меңгеріп жатырмыз. Дегенмен, бұл жобаны қолға алмас бұрын, маман керек. Осы саланың жілігін ша­ғып, майын ішкен мамандарға сұраныс басым. Бүгінгі күні сол мамандарды дайындау үстіндеміз. – Тағы қандай жоба бастайсыздар? – Бұдан басқа цемент шығаратын зау­ыттың құрылысын былтырдан бері бастадық. Өздеріңізге белгілі, Қызыл­ор­да қаласында индустриялық аймақ жасап жатырмыз. Оның жалпы көлемі мың гектар жерді құрамақ. Ол Титов, Гагарин ықшам аудандарының арғы жа­ғын­да болмақ. Сол жерден цемент зауыты ашылады. Ол жылына 550 мың тонна цемент шығарады. Елбасы облысымызға арнайы іссапармен келгенде, осы жо­ба­ны таныстырдым. Жобаның жалпы құ­ны – 25-30 миллион доллар. Осындай кө­лемдегі зауытқа бұл аса үлкен қаржы емес. Қаржыландыруды толықтай жоба­лау­шы компания өз мойнына алып отыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін, ішкі сұ­ра­ныс­ты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, шыны зауытының да құрылысын қолға алмақпыз. Бұл жөнін­де көп айтылды, жазылды. Тіпті кейбір ком­­­па­ниялар тұсаукесер рәсімін де жа­сады. Көп­теген компаниялар осы жоба­ны бас­тау­ға ниетті. Нарықты зерттеп, біліп отыр. Бірақ бірқатар проблемалары бар. Сон­дық­тан бұл жобаны өзіміз бас­тамақ ниеттеміз. Зауыт құрылысын өз қолымызға алу­ы­мыздың себебі бар. Осындай зауыт са­луды республиканың басқа облыстары да көздеп отыр. Дей тұрғанмен, олардың барлығы Қызылорданың құмына иек ар­тады. Шыныға керекті шикізат – біздің құмымыз. Мысалы, Павлодар өздерінің ғылыми-өндірістік тәжірибелерін пайда­ланғысы келеді. Ақтөбе Қызылордамен іргелес жатыр. Әрі электр энергиясы қуат­­ты облыс болып саналады. Енді мы­наған назар аударыңыз: Қазақстанда ек­ін­ші шыны шығаратын зауыт бол­май­ды. Сондықтан біз бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіспіз. Қазір осы бағытта «Қы­зылорда» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациясы жұмыс жасап жатыр. Сме­­талық-жобалық құны есеп­теліп, келісім-шарттар жа­сал­мақ. Егер де осы жоба іске асса, онда стратегиялық маңызы зор зауыт біздің аймақта болады деген сөз. Біріншіден, жаңа­­дан жұ­мыс орындары ашы­ла­ды. Он­да мыңдаған адам жұмыс­пен қамтылады. Ек­­ін­шіден, бү­кіл энергетика са­ласын ал­ға жылжытады. Көз алды­ңыз­ға елесте­ті­ңізші, бір ғана зауыт Қы­зыл­орда қаласы тұ­тына­тын электр энергия­сы­ның жартысын бір өзі жа­ра­та­ды. Сондай-ақ, ол құр тұ­ты­­­­нып қана қоймайды, ақ­ша­сын да төлей алатын жағ­дайда бо­ла­ды. Онда біздің электр же­лілерін тарату ор­талығы ая­ғы­нан тік тұрады. Цемент за­уыты да біршама эл­ектр қуа­тын тұ­ты­нады. Одан да бөлек зауыттар ашылады. – Бұл жобалар қашан іске асы­рыл­мақ? – Бұйыртса, бірер күнде мәслихат депутаттарының алдында баяндама жа­саймын. Сол кезде осы ұсынысты енгізбек ойдамын. Депутаттар қолдаса, 2012 жылы «Қызылорда» ӘКК жобаны то­лықтай қолға алады. Ал «Мелиоратор» ЖШС қазір «Сыр цементі» деген зауыт­ты бастап кетті. Қажетті құрал-жаб­дық­та­ры алдағы уақытта келеді. Оны келер жылдың соңына немесе 2013 жылы ашу­ды жоспарлап отырмыз. Қызылорда қаласында бұдан басқа ав­токөліктерге газ құятын орталықтар жү­йе­сі ашылмақ. Сонымен қатар, күріш ора­тын жаткалар құрастырылмақ. Оның ал­ғашқы сатысындағы жұмыстар толық­тай аяқ­талды. Мұның екінші сатысын­да­ғы жұ­­мыстар келер жылы бітеді. Ол кез­де біз шөп оратын жаткалар да жа­сай­мыз. Шөп­ті жинайтын құралдарды да шығарамыз. Ауыз су – Қызылорда қаласы үшін қаны жерге тамбай тұрған мәселе. Қы­зылжарма жерасты су қоймасын зерттегенімізді білесіздер. Ал Қызыл­жарма жерасты су қоймасы қаланың тап ас­тында орналасқан. Мемлекеттік комиссия жерасты суының көлемі күніне 83 мың шаршы метр су беруге жарамды деген шешім шығарды. Қызылорда қаласы күніне 45 мың шаршы метр су шығын­дайды. Енді жобалық-сметалық жұмыс­та­рын жасап, ұңғымасын қазып, су желілеріне қосу қажет. Соның арқасында біз қызылордалықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. – Сөз басында аудандарды үш бөлікке бөліп қарастырдық деп едіңіз. Енді соның екінші бөлігіне де жеткен сияқтымыз... – Екінші топқа Арал, Қазалы ау­дандары жатады. Қазалы – темір жолдың торабы түйіскен аудан. Ауданда мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Балық шаруашылығы да пайда әке­ліп отырған саланың бірі. «РЗА» АҚ ағарғанның түр-түрін шығарумен айна­лысып жатыр. Мұнымен қатар, ауданнан мұнай мен газдың да кен орындары табылды. Қазірдің өзінде онда «Саутс-ойл», «Баур және К» секілді компаниялар жұмыс істеу үстінде. Ал «Қаз­Мұ­най­Газ» ұлттық компаниясының өкіл­дері­мен сөйлескенімде, олар Арал ай­мағында жақын арада барлау жұмыс­та­рын бастауды көздеп отырғандарын айт­ты. Бұл Қазалы, Арал аудандары да бо­лашақта мұнай мен газ өндіретін өрісті аймаққа айналуы мүмкін деген сөз. Осылай болған жағдайда аудандарда жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа кешендер бой көтереді. Арал, Қазалы аудандары тек ауылшаруашылығымен ғана айналысатын аудан болмайды. Олар индустриялық аймаққа айналады. Жоғарыда айттым, Қазалыда темір ж­ол­дың торабы түйіседі. Вагон жөндеу зау­ыты өзін-өзі ақтайтын, пайда әкелетін бірден-бір кәсіпорын болмақ. Арал, Қа­залы аудандары ірі қара мал өсіруде де ерекше назарға ілігіп отыр. Мал бор­да­қылайтын шаруашылықтарды ашу қолға алынуда. Әсіресе, балық шаруашылығы даму үстінде. Осы кездің өзінде балық өңдейтін кәсіпорындар ашылуда. Әрине, олар үлкен емес. Бірақ құптарлық бастама. Себебі, біз бұрын балықты шикілей сататын едік. Қазір өңдеп, өң беріп саты­лымға шығарып жатырмыз. Есесіне, пайдалы іс. Аралдың аты тұзымен шық­қанын екінің бірі біледі. Енді Арал­ды туристік аймаққа айналдыр­мақпыз. Туристік аймақ Қамыстыбас көлінің шеңберінде болмақ. – Үшінші топқа Сырдария, Жала­ғаш, Қармақшы аудандары жататын болып тұр ғой... – Жоғарыда атап айттым, күрішті негізінен осы үш ауданда өсіру жоспар­ла­нып отыр. «Құмкөл» кен орны Сырда­рия ау­да­нына жатады. Сырдария ауданы Қы­зыл­орда қаласын мал етімен, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете­тін өндірістік белдеу болады деген жоспар бар. Аталған үш ауданның даму бағыты ауыл шаруашылығы саласы болмақ. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС.

 * * *

 Сыр – Алаштың анасы Айдыны кең ақ маңдай, Жасыл жаннат жағасы. Елбасымыз айтқандай, Сыр – Алаштың анасы.   Ырыс тасып жатқандай, Қазыналы даласы. Сан мың шамды жаққандай, Жарқыраған қаласы. Сыр – Алаштың анасы.   Талай қиын шақтарда, Болған елдің панасы. Ел намысы тапталмай. Түспеген ер бағасы. Сыр – Алаштың анасы.   Жырдан бұлақ аққандай, Сарқылмайтын сағасы. Осында өріс тапқандай, Салт-дәстүрдің сарасы. Сыр – Алаштың анасы.   Айдыны кең ақ маңдай, Жасыл жаннат жағасы. Елбасымыз айтқандай, Сыр – Алаштың анасы.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

* * * ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК «Бақыт» шаруа қожа­лы­ғ­ы­ның «Балықты өңдеу өндірісін ұйымдастыру» жобасы (Қаза­лы ауданы). Жобаның құны 33,0 млн.тең­ге, жаңа жұмыс орны – 10, қу­ат­тылығы – жылына 500 тон­на балық өңдеу. Жобаның 1 кезеңінде жылы­на 850 тонна балық алу цехы іске қосылып, қазіргі таңда шаруа қожалығы мұздатылған балық­ты Ресейге жөнелтуде. Бүгінде оның 2-ші кезеңі бойынша сүбе ет (филе) дайындайтын цехтың құрылысы жүргізілуде.

*   *   *

«РЗА» АҚ-тың «Тауарлы-сүт фермасының құрылысы» жобасы (Қазалы ауданы). Жобаның құны 2,2 млрд.теңге, жаңа жұмыс орны – 60, қуаттылығы – жылына 10,8 мың тонна сүт өнімдерін өңдеу. Жоба өндірістің барлық цикл­дарын қамтиды, яғни жем-шөп­ті дайындаудан бастап сауда нүктелеріне фермадан дайын өн­імді жеткізуді қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру ба­рысында кәсіпорын шыға­ра­тын өнімнің түрі 8-ден 16-ға дейін кеңейтілген. Сондай-ақ, оның сақтау мерзімі ультрапастерлеу технологиясын қолдану арқылы 1 жылға дейін ұзартылады. Болашақта, жобаның екінші кезеңін іске асыру ірі қараны 1200 басқа дейін көбейте оты­рып, об­лысты сүтпен толық қам­та­ма­сыз етуге және балалар сүт та­ғамы өндірісін жолға қою­ға мүм­кіндік береді. Оған қо­са, кә­сіп­орын өнімдерді экс­порт­­қа шыға­ру­ды жоспарлап отыр. Аталған нысан Қазақ­стан­ның оңтүстік бөлігіндегі ең ірі кешендердің бірі болып табы­ла­ды. Жоба Елбасының агро­өнер­кәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі қойған мақ­саттарына сәйкес келеді.

 *   *   *

«Дорстрой» ЖШС-нің «Қор­қыт ата зиярат етушілер ор­талығы кешені» құрылы­сы­ның жобасы (Қармақшы ауданы). Жобаның құны 220,0 млн.теңге, жаңа жұмыс орны – 15. Негізінен жобаның іске асы­рылуы облыстың бюджетінің жақ­­­саруына, әлеуметтік, мәде­ни және экологиялық әл-ауқа­ты­ның жақсаруына әсер ететін болады.

*   *   *

«ШНС» ЖШС-нің «Жы­лы­жай» жобасы (Жалағаш ауданы). Жобаның құны – 250,0 млн.теңге. Жаңа жұмыс орындары – 10. Қуаттылығы – жылына 400 тонна көкөніс өсіру. Жылыжай гидропоника әді­сімен, яғни топырақсыз өсі­рі­ле­ді. Жылумен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын шығаратын био­отын қолданылады. Жобаның іске асырылуы ай­мақ халқын арзандатылған көк­ө­ніс өнімдерімен қамтамасыз ет­іп, азық-түлік қауіпсіздігіне әсе­рін тигізетін болады. Соны­мен қа­тар, кәсіпорын қазіргі таңда экологиялық таза күріш қауы­зы­нан биоотын шығаруда. Био­от­ын­ның басқа отындардан айыр­ма­шылығы – ұзақ уақыт жылу­ды сақтап тұрады. Эко­но­ми­ка­лық тұрғыда тиімді болып саналады.

*   *   *

«ЖанРосс» өндірістік коо­пе­ративінің «Тыңайтқыш сы­ғын­дысын өндіру және жы­лы­жай шаруашылығын ұйым­дас­ты­ру» жобасы (Арал ауданы). Жобаның құны – 120,0 млн.теңге. Жаңа жұмыс орындары – 60. Қуаттылығы – жылына 180 мың литр тыңайтқыш сы­ғын­дысын өндіру. Аталған жобаны іске асы­ру­дың негізгі мақсаты – жаңа про­грессивті технологияларды ендіру арқылы тыңайтқыштың жа­ңа түрлерін өндіру, ауыл­ша­руа­шы­лық өнім өндірушілерді са­па­лы тыңайтқыштармен қам­та­ма­сыз ету, жылыжай шаруа­шы­лығын ұйымдастыру және да­мы­ту болып табылады.

*   *   *

«К-Group» LTD ЖШС-нің «Қуаттылығы жылына 5000 тон­на құс фабрикасының құры­­лы­сы» жобасы (Қызылорда қа­ласы). Жобаның құны – 3,5 млрд.теңге. Жаңа жұмыс орындары – 25. Қуаттылығы – жылына 5000 тонна құс еті. Заманауи құс фабрикасында ет алуға бағытталған құстар­ды өсіруге жаңа озық технологиялар қолданылатын болады, оның іш­інде бройлерлер, вете­ри­нар­лық ме­­­дицинаның қазіргі за­ман­ғы стан­дарттарын ескере оты­рып өн­ді­рістік үдеріс­тер­дің ав­то­мат­тандыру және ме­ха­ника­лан­дыру деңгейі жоғарылатылған.