• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2011

«Астаналықтарды астаналық ететін Астананың өзі»

371 рет
көрсетілді

Жазылған жайдың жаңғырығы Газетіміздің 2011 жылғы 17 тамыздағы санында шолушы Жылқыбай Жағыпарұлының «Астаналықтарды астаналық ететін Астананың өзі немесе елордалық менталитет хақында» деген мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалада көтерілген көкейкесті мәселелер оқырмандарымызды, оның ішінде астаналықтарды бейжай қалдырмаған екен. Осыған байланысты төменде редакциямызға келіп түскен оқырман хаттарының бір парасын жариялауды жөн көрдік. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫ ТОЛҒАНДЫРСА КЕРЕК Мен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Астаналықтарды астаналық ететін Аста­наның өзі немесе елордалық менталитет хақында» атты мақаланы оқып, қолыма еріксіз қалам алдым. Қай елдің де беделін көтеріп, абыройын асқақтататын астанасы болатын болса, бас қала тұрғындары сол мемлекеттің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық болмысының айнасы сияқты. Ендеше, төрткүл дүние «Үшінші мың­жылдықтың қаласы» деп таныған елордамыздың жетістігі, астаналықтардың мәдени және өрке­ниет деңгейі әрбір қазақстандықты толған­дырса керек. Осы орайда мақала авторы көпшілік көкейінде жүрген көкейкесті мәселелерді тап басып, ақиқатты ашық баяндаған. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат бойынан түңілер» дегендей, барымызды барынша айтып, орын алған кемшіліктерімізді көзге шұқып көрсет­песек, қаншалықты өркениетті ел боламыз. Сондықтан ғасыр ғажайыбы – Астананың архи­тек­­туралық сәулеті мен салтанатына тұрғын­дарының мәде­ниеті мен менталитеті сай болуы керек. Өкінішке орай, әлемдегі ең жас мегаполис болып саналатын елорда тұрғындарының сапа­лық деңгейі әлі де бұл жоғары талап биігінен шыға алмай отырғандығы жасырын емес. «Астанада халыққа қызмет көрсету мәдениеті төмен» деген сөзді көп естиміз. Ал бұл сөздің ақи­қат­тығына көшеге шығып, дүкен араласаңыз-ақ көзіңіз анық жетеді. Дүкеншілер дөрекі. Сауда мә­дениетінен, халыққа қызмет көрсету дәстү­рінен жұрдай. Тиын сауған сауда орындарының иелері әйтеуір, жұмыс істейтін сатушы тапса болғаны. Оның білімі мен біліктілігіне, тәртібі мен мәдениеттілігіне ешбір көңіл аудармайды. Керісінше, оның кесірін тұтыну­шылар көреді. Дүкенге барып тауар сатып аламын деп, жүйкесін тоздырып, дәрі ішетін тұтыну­шылардың бірі менмін. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, жертөледен ыңғай­лап дүкен ашқан саудагерден қандай имандылық күтуге болады. Жалпы, «ғасыр ғажайыбы» атан­ған бас қаламызда көп қабатты үйлердің жертөлелерінде, өрт апаты болған жағдайда тұрғындардың жылдам шығуы үшін ыңғайланған екінші кіреберістерді жауып тастап, босағасынан дүкен ашу жараспайтын дәстүр. Қазір мұндай дүкендер Астана қаласында «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап барады. Нанбасаңыз мен тұратын Күйші Дина көшесіндегі №12 және №21 үйлерді келіп көріңіз. Бұл көп қабатты үйлердің жертөлелері мен кіреберістері қаптаған азық-түлік дүкеніне айналған. Сыз иісі бір кеппейтін, егеуқұйрықтар мекен ететін орындарда азық-түлік дүкенін ашуға бола ма? Бұл жерде қандай тазалық, қандай сауда мәдениеті хақында сөз қозғауға болады? Қалалық санитарлық-эпи­демиологиялық орындар қайда қарайды? Тұңғыш Президентіміз Астананы ақ қалаға, бақ қалаға айналдыру үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Ендеше, Астана тұрғындары да осы талап үрдісінен шығып, талғамымыз бен талабымызды көтере білейік. Сәуле ИМАНБАЕВА, қала тұрғыны. * * * ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢСЕСІН БИІКТЕТЕЙІК Қазақ басылымдарының қарашаңырағы, ғасырға жуық тарихы бар, шежірелі басылым «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 17 тамыз­дағы 375-376 санында осы басылымның тілшісі Жылқыбай Жағыпарұлының «Астана­лықтарды астаналық ететін Астананың өзі немесе елордалық менталитет хақында» атты елорда жайлы зерттеу мақаласы жарық көрген болатын. Жан-жақты ізденіспен, терең толғаммен жазыл­ған мақала оқырманды ойлан­дырады. Әри­не, мақала авторы жүрегінен өткеріп отырып, күнделікті болып жататын оқиғаларды шынайы баяндаған. Мен елордаға келгеніме үш жылдан асып барады. Жеке кәсіпкермін. Қоғамдық көлікте көп жүремін. Мақала иесінің жазған­дарының шындық екеніне толық куәгермін. Алаш ұрпағы ата-бабалар арман­даған тәуел­сіздігімізді қайтсем баянды етемін деп жүрген елорданың авторы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төл идеясы да Астананы сәулетті, мәдениетті бас қалаға айнал­дыру болып табылады. Осындай Көшбас­шымыз, әлем мойындаған сұңғыла саясаткер Елбасы­мыздың идеясын, ұлттың Елорда­сын, Прези­денттің Ақордасы орналасқан қасиетті шаңы­рақ-мекені­мізді келген келімсектерге неге аяқ асты етіп, қоғамдық тәртіпті бұздырып, көшедегі келеңсіз­діктерге неге көз жұма қарауы­мыз керек? Ұлт ретінде неге намыстанбаймыз. Қайсы елде бас қала­сында келімсектерді тайраңдатып қойған? Қаламызда тұрғын үйлерде тұрып жатқан жалда­малы пәтер иелері уақытша келген соң ойларына келгенін істеп жүр, қоғамдық тәртіпті мүлде сақтамайды. Мен тұратын халқымыздың классик жазушысы Ғабиден Мұстафин атындағы көше­сіндегі №21 үйде бүгінге дейін пошта жәшігі жоқ. Ешкім хат таны­майтындай, газет-журнал оқы­май­тындай. Себебі, бү­гінге дейін осы үйде пошта жәшігі болмағандықтан газет-журналды тұрғындар жазып алдырып, оқи алмай келеді. Тоғыз қабатты бұл тұрғын үйге темір жол жақын орналасқан, екі ортада шағын орманды алаңқай жер бар. Сол жерге жүк мәшинелерінің жүргізушілері қаладан күл-қоқысты әкеліп, үйіп тастаған. Қаламызға пойызбен кіріп келе жатқан жолаушылардан ұят. Қаламыз қоқыс алаңына айналып барады. Мақала авторының талғамсыз келіп жатқан келімсектерге тойтарыс беру мәселесі өзекті. Мил­лиондаған мемлекет қаржысына салынған елордаға және миллиондаған теңге жұмсап тазалығын сақтап отырған қасиетті төрімізді неге аяқасты етуіміз керек. Әрбір жұмыс орын­дарында күнде таңертең елорданың тазалығы жайлы, көше мәдениеті жайлы, бас қала тұрғын­дары жайлы, тұрақты түрде насихаттық шаралар өткізілуі керек. Әсіресе, сауда орындарындағы, базарлар мен қаланың шет аймағындағы «көк базарлардағы» тазалық мәселесі ерекше бақылау­да болуы қажет. Көкөніс сатып жатқан жерлерге барудың өзі қауіпті, сасық иіс өңменіңді жарады. Астана қаласының ұлтымыздың рухани орталы­ғына айналуына атсалысайық. Мақалада астана­лық менталитет мәселелері дер кезінде көтеріліп отыр. Шындықты дос қана айтады, дұшпан миығынан күліп кетеді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланып жатқан жылы елор­дамыздың еңсесін биіктетіп, мәдениетін көтеруге бетбұрыс бастайық, ағайын! Егемберген ТАЛАПБЕРГЕНҰЛЫ, Астана тұрғыны, кәсіпкер.