• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2011

«Адамның рухани өресі биіктеген сайын кешірімді келеді»

2745 рет
көрсетілді

Ресейдің орталық телеарналары арқылы жуырда көрсетілген «Экстрасенсы против ученых» атты телебағдарламаны, әрине, қазақстан­дық­тар да қызыға тамашалаған. Міне, осы бағдарламада жұрт назарын бір жас жігіт өзіне байлап қойған болатын. Ең ал­ды­мен ұжымдық сынақта оның байламына әріп­тестерінің жиі жүгінгені және сол жауаптың дұрыс болып, экстра­сенс­тер­ге ұдайы ұпай қосып бергені көп көңілінен шыққан. Әрі жас жігіттің түр-әлпеті қазаққа келетіні, әрбір сынның ал­дын­да оның Құран сүрелерін оқитыны жұрттың қызығушылығын одан әрі оята түскені анық. «Ресейде тұратын түрлі ұлт пен ұлыс аз емес. Ішінде түркітілдес елдер де бар ғой. Солардың бірінің өкілі болар» деп жорамал айтқандар да болды. Дегенмен, қандай сұрақтың да жауабын қиналмай табатын әлгі жігіттің жасы отызға да жетпегенін, аты-жөнінің Жан Әлібеков екенін біліп алған жұрт бұдан кейін Ресейдің НТВ арнасында жүрген «Второе пришествие Ванги» атты телебағ­дар­ла­масында онымен қайта жүздесті. Бүкіл әлемнің ең таңдаулы көріп­кел­дерін, ерекше қасиет иелерін жинаған осы бағдарламада Жан Әлібеков деген жігіт тағы да өз әріптестерінің арасынан жарқырай көрініп, нәтижесінде бағдарлама жеңім­пазы атанды. Міне, содан бері Ресейдің көптеген телевизиялық бағдарламаларынан  көп­шілік осы Жан Әлібековті жиі көретін болды. Әрине, бұл бағдарламаларды бұрындары жай қызықтап қараса, енді алматылық азамат Жанға көпшіліктің шын ниетпен тілеулес болып отыратынын  көзіміз көріп те жүр. Бұл кездейсоқтық дегенді қойсаңшы. Сол қол жетпестей көрінген Жанмен осы өзіміздің Астанада ойда жоқта ұшырасып қалғанбыз. Қанға сіңген әдет қой, жүздесуді құр жібермей, Жанды әңгімеге тартып, оған өзімізді қызықтырған бірқатар сұрақтарды да қойып үлгерген едік. –  Жан, «Тақыр жерге шөп шық­пай­ды» деген ғой. Көріпкелдік қасиет өзіңе кімнен жұғысты болды? – Менің екі әжем де (әкемнің де, ше­шем­нің де аналары) бақсы болатын. Қасиет сол кісілерден маған ауысқан сияқты. Әлі есімде, әкемнің анасының көзі көрмейтін, сонда да үйге кім келгенін, оның нендей шаруамен жүргенін ешкім айтпаса да тап басып біліп отыратын. Ал анамның анасы бізден бөлек тұратын. Дегенмен біз ол кісіге жиі барып тұратын едік. Бұл әжемнің 13 баласы болған екен. Оның 12-сі қайтыс болып, 13-ші сәбиі, яғни менің анам ғана тірі қа­лып­ты. Міне, осы әжем әбден қартайып қайтыс болды. Қайтпас сапарға аттанар алдында ол ауруханаға түсті. Алайда ол өзінің бірер күннен кейін қайтыс болатынын да білді. Олай дейтінім, бір оңаша тұста мені жанына шақырып алды да, қолыма бір уыс күміс тиындарды беріп тұрып, «Ертең мен басқа әлемге кетемін. Сол кезде мені бұл жерден шығарады. Осы сәтті сен құр жіберме. Мына қолыңдағы тиындарды маған қарай шашып жібер де, «қабылдадым» деп дауыстап айт» деді. Және дәл солай істеймін деген уәдемді алды. Әрине, мен ол кісінің сөзінен біртүрлі секем алсам да, берген уәдемде тұрдым. Көп ұзамай менің өмірімде өзім түсінбейтін бір қызық та, қорқынышты жайттар басталған. – Ойын баласы кезіңіз бе еді? – Иә. Күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Ата-анаммен бірге келе жатыр едім, көршілес тұратын Саша ағай деген кісі қар­сы жолықты. Неге екенін қайдам, сол кезде әй-шай жоқ әлгі кісіге қарап: «Саша ағай, енді бірер күннен кейін сіз өлесіз» деп айт­қанымды өзім де аңғармай қалдым. Әрине, ата-анам маған бұл сөзім үшін қатты кейіді. Арадағы әңгімені құлағы шалған ауладағы адамдар да мені әбден сөккені есімде. Мен не дейін, бұл сөзді қалай, неге айтқанымды өзім де білмеймін. Хош, сонымен бірер күннен кейін сол Саша ағай шындығында да қайтыс болды. Сол кезде айналадағы адамдар тап бір кесапаттың бәрі менен келіп жатқандай, маған кінәлай қарағанын ұмыту да мүмкін емес. – Мұндай қарым-қатынас әлі оң-солын танып үлгермеген ойын баласына қиын тиген-ақ шығар? – Қиын тигенде қандай. Дегенмен, ол кезде мен әлі жаспын ғой. Бәрін зерделеп, байқай бермеймін. Енді ойласам, сол кезде әсіресе менің ата-анама қиын тиген сияқты. Неге десеңіз, туған-туыс та, көрші-қолаң да біздің үйге аттап баспайтын болды. Ата-анам қатты қиналса керек, бір күні мені психиатрға апарған. Ол мені әрі-бері қарап «мына суреттен не көріп тұрсың?» деп бір картинаны көрсеткен. Мен де кідірмедім. «Түк те көріп тұрған жоқпын. Шимай-шатпақ бірдеңе», дедім де одан әрі «былтыр сенің балаң буынып өліпті ғой» дегенім есімде. Сол-ақ екен әлгі кісі орнынан ұшып тұрды да, «ба­лаңызды алып, дереу кетіңіздер. Бұл мен қарайтын науқас емес» деді. Мұны айтып жатқаным, сол кездегі өзіме деген қарым-қатынасты сіз айқын сезінсін деген ой еді. Оны айтасыз, үлкендер түгілі, бірге жүрген балалардың өздері де үркектеп, қашқақ­тайтын болды. Мұның бәрі қаршадай ба­лаға, яғни маған өте ауыр тиетін. Бар мәселе өзімде екенін әрине, мен білмейтін едім. – Есейгенше жұртшылықтың көз­қара­сы сол қалпында қалды ма? – Жоқ. Кейіннен ептеген өзгеріс бола бастады. Ол мына бір жайттан кейін байқалды. Бірде көршілес тұратын бір бала биіктен құлап, ауруханаға ес-түссіз халде түсті. Сол қалпында есін жия алмай, өлі мен тірінің арасында біраз жатып қалды. Есін жиюы екіталай деп дәрігерлер де күдерін үзе бастаса керек. Сол кезде біздің үйге зар еңіреп, әлгі баланың анасы Роза апай келген. Мені іздеп келгенін іштей сезсем керек, әлгі кісіні көргеннен-ақ: «Ағып жатқан суға балаңыздың жеті затын тастаңыз», деппін де одан әрі ойнап кете барыппын. Роза апай болса не айтарын білмей, қала берді. Ерте­ңі­не таңертең ол кісі үйге тағы да келді. Ал менің кеше не айтқаным есімде жоқ. «Кеше сен балаңның жеті затын ағын суға таста» дедің ғой деді, ол тағы да. «Солай дедім бе?» – деймін мен. Қысқасы, анасы менің айтқа­ным­ды жасапты. Екі күннен кейін әлгі ессіз жатқан бала көзін ашты. Ал бірнеше күннен кейін бұрынғы қалыбына келген. Міне, осы­дан кейін маған түрлі жағдайға байланысты не айтар екен деп келетіндер қатары көбей­ген. Жұрттың не үшін келетінін мен қайдан білемін. Біреуге ойыма оқыс келген сөзді айта саламын. Мысалы, бір көршіміз әке-шешеме өзінің өзге өңірде өтетін бір үйлену тойына ертең жүрейін деп отырғанын айтып отырды. Сол кезде мен оның жанына жүгі­ріп келіп, жоқ ол жаққа бармаңыз деппін. Не ойларын білмеген әлгі кісі менің сөзім­нен аса алмай, сол күні ішімдікке әбден тойып алыпты. Оның бұл халін көрген әйелі баласын алып, тойға өзі кетті. Алайда, мінген мәшинесі жолда апатқа ұшырап, оның өзі де, баласы да қайтыс болып кетіпті. Міне, осындай-осындай жайттар маған деген жұрттың көзқарасын өзгерте бастады. – Ресей телеарналары сізді қалай тауып жүр? – Мен «Битва экстрасенсов» деген теле­бағдарламаны ылғи қарап жүретінмін. Сөйтіп, өзімді байқап көрсем қайтеді деген ой  қы­зық­тыра бастады. Бірақ, маған «бір нәрсе» бөгет болып жолымды тежей берді. Айталық, бағдарламаның 10 мау­сымына қатысуға шақыру алған кезде жолда құжатымды жоғал­тып алсам, 11 мау­сым­да қатты науқас­та­нып қалдым.  Сөйтіп, бұл бағдарламаға қатыса алмадым. Амал қанша, көп ұзамай Алматыға қайттым. Сол кезде соңымнан НТВ арнасынан бір топ адам қуа келіпті. Сөйтіп, олар мені үш күн бойы сы­нақтан өткізді. Нәтижесінде «Экстрасенсы против ученых» деген бағдарламаға қатысуға шақырды. – Сынақ демекші, соның бәрі жап-жа­тық өте салмайтын сияқты ғой. Теледидардан қарап отырсаң, сол сынның өтуі­не жауапты адамдардың кейде өз қабі­ле­тін сыннан өткізуге келгендердің қайсы­бі­рін көпекөрнеу мазақтап, тіпті намы­сына тиіп жататыны да байқалып қала­ды. Сіз­дің басыңыздан мұндай жайттар өтті ме? – Мен ондай жайттарды көңілге түйіп, кек тұтпаймын. Адамның рухани өресі биіктеген сайын кешірімді келеді. Мен де саяздау адамдарды көрсем, Алла мына кісі­нің санасына сәуле бергей деп тілек ті­лей­мін. Рас, ара-тұра сіз айтқандай ашуың келе­тін сәттер де болады. Есіңізде болса, экстра­сенс­тердің бастан-аяқ мұздай қару­лан­ған адамды, яғни «терроршыны» қалың топтың арасынан іздейтін сәті бар емес пе? Сондай сынға түсуге кезегім келген кезде мен әдет­тегісінше алдымен Құран аяттарын оқы­ған­мын. Сол-ақ екен осы бағдар­ла­ма­ның бары­сын парк ішінде қызықтап тұрған бір топ жастар қиқулап, ізімнен қалмай, қо­лына түскен қоқысты маған қарай лақ­тырып, ма­зақтап, әбден зықымды шығарды. Мұндайда ойың бөлінсе, бәрі бітті. Бірақ мен бұл жастарға мән бермеуге тырыстым. – Соншама адамның ішінен сол қарулы «терроршыны» жаңылмай тапқан бірден-бір адам өзің болдың ғой. – Ә, сіз де көрген екенсіз ғой. Енді негізгі ойыма оралайын. «Терроршыны» тапқан­нан кейін әлгі жастар келіп, менен кешірім сұра­ғанын айтсам деймін. Оған да рахмет дедім. Сынақ демекші, кейде алдыңа келген адамдар да өзінше қулық жасап, сенен емтихан алғысы келетінін қайтерсің. Бірде ал­ды­ма келген бір әйел өзімен бірге бір қорап суретті ала келіпті. Мұның бәрі менің туыс­тарым. Солар жайлы білгім келеді, деген ол әлгі суреттің арасынан біреуін суырып алды да, мына жігіт менің бауырым. Жасы 30-ға таяп қалды. Әлі үйленетін емес. Неге екенін айтасыз ба, – деді.  – Айтайын, бұл жігіт осы­дан үш жыл бұрын көлік апатына ұшы­рап, қайтыс болған. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Соған қарамастан, сіз мені сынағалы айтып отырсыз, – дедім мен оған. – Алдыңызға әртүрлі оймен келетін­дердің бар екенін өзіңіз де айтып отырсыз. Соның бәрін талғамай, қабылдай бересің бе, жоқ әлде бас тартатын кезіңіз бола ма? – Бас тартатын кез болады. Оның себеп-салдарын түгелдей баяндап шығу мүмкін емес. Осы арада бір ғана жайтты айтсам, одан әрі өз-өзінен түсінікті болар деген ойдамын. Бірде маған бір жас әйел келген. Ізінше ішке ажал кірді. – Қызық екен. Оны қалай білдіңіз? Әлде көзіңізге көрінді ме? – Оны түсіндіріп айта алмаймын. Дұрысы, мен оны сезіндім. Далада ми айналдырар ыстық. Сонда да менің тұла бойым тоңғаны сондай, селкілдеп сала бердім. Сонымен қатар, әлгі әйелдің он күннен кейін қайтпас сапарға аттанатынын да білдім. Оны қалай айтасың, сол жолы әлгі әйелді мен қабылдаудан бас тарттым. – Бұрындары ересектер жағы көз тиіпті, тіл тиіпті деп балаларды емдеп-домдап жататын еді. Алайда көзге көрін­бей­тін нәрсеге сенбейтін кеңестік идеология оның бәрін жоққа шығарды ғой. Енді осы сөз қайта жаңғыра бастаған сияқты. Олай дейтінім, осы күні адамдардың бір-біріне деген энергетикалық әсері, шабуы­лы деген сөзді жиі еститін болдық. Тіпті біреудің отбасын ойрандап, қызметін тал­қандап, болмаса қыршынынан қиып та беремін деп өз қызметін ашықтан-ашық ұсы­натындар да бар екенін көзіміз көріп жүр. Бұл шын мәнісінде солай ма? Жоқ әлде жұртты алдап-арбаудың бір амалы ма? – Адамдардың бір-біріне энергетикалық әсер етуі бұрыннан бар нәрсе. Әдетте үлкендердің құдай тіл-көзден сақтасын деп тілек тілейтіні бар ғой. Соның өзі де әлгі сіз айтқан жайттардың бар екенін растап тұрған жоқ па? Иә, өкінішке орай, өзіңіз айтқандай, бойыңдағы қасиетін қара күшке қызмет етуге жұмсайтындар аз емес. Сон­дықтан, сақтанып жүргеннің еш артықтығы жоқ. Қазақ қашанда мұндай энергетикалық күштердің алдын алуға тырысқаны өзімізге белгілі. Айталық, бала бесігіне үкі тағып, киіміне түйрегіш немесе жылтырақ заттар қадап қою әртүрлі күштердің назарын басқа жаққа аударудың амалы. Тіпті көпшілік арасына барғанда әлгіндей нәрселер қол ас­тын­да жоқ болған жағдайда анасы баласы­ның бетіне күйе жағып қоятынын өзіңіз де жақсы білесіз. Бұл адамның көзін баланың өзінен гөрі әлгі заттарға аударып, энерге­ти­ка­лық әсерін әлсіретудің амалы. Осыдан-ақ қазақтың көз тиюден сақтана білгенін бай­қай­мыз. Және оны емдей де білген. Есіңізде шы­ғар, әжелеріміз көз тиюдің, тіл тиюдің жеңіл-желпі түрін ұшықтап, емдеп-домдап та жіберетін еді ғой. – Баланы тіл-көзден сақтаудың әлгіндей амалын жақсы айттыңыз. Ал ересектерге сақтанып жүрудің қарапайым әдісі бар ма? – Бар. Қазақшалап айтқанда, барлық пәле-жаладан қорғануға ең қолайлы нәрсе тұз. Оның қасиетін біздің әжелеріміз жақсы білген. Тұзбен ұшықтау, тұзбен аластау со­ның бір дәлелі. Менің өзімнің де күн сайын тұзды су толы ваннаға түсетін әдетім бар. Бұл энергетикалық тазарудың бір әдісі. Жұрт­қа да осындай тұзды ваннаға түсуге кеңес беремін. Тіпті қалтаңызға, сөмкеңізге бір шымшым тұзды орап салып жүрсеңіз де артық емес. Сонда сізге пәле-жала жола­май­ды. «Экстрасенсы против ученых» бағдар­ла­масында бізге қайсысы глюкоза, қайсысы  глюконат натрий екенін химиялық құрамы­на қарап айырып беру туралы тапсырма берілген болатын. Бұл да жайдан-жай емес. Себебі, екеуінің де құрамында тұз бар. Ал тұздың «мәліметті» беруі қиын. –   Бала кезінде адам арманшыл келеді емес пе? Сіз де кезінде әртүрлі қиялға берілген боларсыз, сол армандары­ңыз­дың жүзеге асқаны бар ма? – Әрине. Бүгін соның біріне ғана тоқталып өтейін. Кезінде, яғни бала кезімде Ресей телеарнасында жүрген «Угодай мелодию» деген телехабар маған өте ұнайтын еді. Сол хабарды көріп отырып, өскенде Валдис Пельшпен бірге осы хабарға мен сөз жоқ қатысамын дейтін едім. Алайда, ол хабар кейіннен жабылып қалды. Бірақ менің бала қиялым жартылай болса да жүзеге асты. Олай дейтінім, Валдис жүргізетін ха­барға түсуге шақырған телеарнаның адам­дары Алматыға өздері іздеп келді. Сол «Экс­трасенсы против ученых» дейтін бағ­дар­ламаға қатысуға мен де қуана келістім. Оның бір себебі, өзім қатарлас балалармен мектепте оқып жүргенде бір нәрсенің шешіміне байланысты өзара дауласып қалатын­быз. Бір ғажабы, сол кезде құлаққа кірмейтін нәрсе сияқты болып көрінгенімен, менің айтқаным нәтижесінде ең дұрыс шешім болып шығатын. Балалар да оны талай рет мойындаған еді. Ал мына бағдарлама болса, өз мүмкіндігіңді, өзгенің қабілет-қарымын ішкі таразыңа салып, салмақтап алуға мүм­кіндік туғызатын өте қызықты бағдарлама еді. – Кез келген адамның маңдайына жа­зылмаған қабілет иесі ретінде әрдайым жолым болып тұрса дейтін адамдарға нен­дей кеңес берген болар едіңіз? – Мен ондай адамдарға айналаға мейірлі, ізгілікті бол дегім келеді. Бұл сөзді жайдан-жай айтып тұрғаным жоқ. Өйткені, адам­дар­ға сіз қайырлы, мейірлі болған сайын энер­гетикалық күш-қуатыңыз нығая береді. Ал мұндай адамды қуаныш- сүйініштің өзі іздеп табады. Керісінше, қаныңыз қарайып, қызғаныш пен өшпенділікке бой алдыр­са­ңыз, соншалықты өзіңізді-өзіңіз іштей кеміріп, жеп қоятыныңызды да ұмытпаңыз. – Сырт елдерде заң қызметкерлері аса ауыр қылмыстарды ашуда көріпкелдердің, экстрасенстердің көмегіне жиі жүгінеді деп естиміз. Ал біздің елімізде бұл жағы қалай? – Сырт елдерде солай екенінен хабарым бар. Соңғы кезде көршіміз Ресей де мұндай тәсілдің тиімділігіне көз жеткізе бастады. Жекелеген жағдайда, ауыр қылмыстарды ашу ісінде экстрасенстердің көмегіне жүгі­ніп жүр. Ал біздің елде заң қызметкерлері әзірге ондай қадамға бара қоймаған сияқты. Бұл бәлкім, елді алдап-арбайтындардың, көз­бояушылық жасап жүрген алаяқтардың тым көбейіп кеткендігінен болар. Әйтпесе, біздің халқымыздың арасында жоғалған малды тауып беретін, қылмыскердің кім екенін тап басып айтатын адамдар баяғы­дан-ақ бар еді ғой. Оны заң адамдары да жақсы білуге тиіс. – Қалада өскен, орыс мектебін бітірген, орыстілді ортада қалыптасқан жап-жас жігіттің Құранды судыратып оқитынына көпшілік қауым риза боп жүр. Бұл жерде мен өзіңіз туралы айтып отырмын. Құран оқуды сізге кім үйретті? – Біз отбасында үш бала болдық. Әпкем Майра, мен және қарындасым Дана үшеуміз де Құранды жас кезімізден-ақ оқи алатын едік. Оны бізге анамыз Әлия Бұралқиева үйретті (ол кісінің мамандығы дәрігер бо­ла­тын. Болатын дейтін себебім, әкем Әуелбек те, анам Әлия да бүгінде зейнеткер). Бес уақыт намаз оқитын ол кешқұрым бәрімізді отырғызып қойып, Құран үйрететін. Бұл сендерге керек болады дейтін. Сол сөздің шындығына көз жеткіздім. Алла Тағаланың құдіретін, мейірін Құран оқыған адамнан артық кім сезінеді? Сол үшін де ата-анама мың алғыс. Қаншама жұмысбасты болса да уақыт тауып, бізді соншалықты тұнық әлемнің кәусарынан сусындатқандары үшін біз оларға ризамыз. – Жұрттан естуімізше, бұған дейін адвокат болып қызмет істеген екенсіз, бұл мамандығыңызбен неге қош айтыстыңыз? – Кезінде бұл мамандық маған өте ұнайтын. Бірақ мінезімнің бір «осал жері» – мен қашанда шындықты айтатын адаммын. Өзгелерден де соны күтемін. Әуелде мен азаматтық істермен айналысып жүрдім де, кейіннен қылмыстық істерге ауыстым. Сонда бір жағдай болды. Нақтылап айтсам, жас баланы зорлап-қорлауға байланысты іске қорғаушы болып мен тағайындалдым. Адвокаттың жұмысы сондай, ол өзі қорғаушы болған адам жайлы бәрін білуі керек. Мен қорғауыма алған адам да ант-су ішіп, өзінің қылмыс жасамағанын айтты. Бірақ мен оның өтірік айтып тұрғанын, қылмыскердің нақ өзі екенін біліп тұрдым. Сондай адамды қорғағым келмеді. Бас тарттым. Тіпті, соңынан осы кәсібімді де тастадым. Оған еш өкінбеймін. – Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Ресейдің бірқатар телеарналары бірінен соң бірі маған қызықты бағдарла­ма­лар­ға қатысуды ұсынып отыр. Олардың қай­сы­біріне келісім де бердім. Айталық, «Второе пришествие Ванги» деген жаңа, тың бағдарламада көпшілікпен тағы да жүздесеміз деген ойдамын. 

Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.