Елімізде соңғы бірқатар жылдардан бері ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын барлық талаптарға сәйкес және дер кезінде жүргізулеріне мемлекеттік қолдау шараларының көрсетіліп келе жатқандығы белгілі. Рас, бұрын мұндай қолдау-көмектер негізінен ірі және орта шаруашылықтарға ғана көрсетіліп, ұсақ шаруашылықтар назардан тысқары қалып жататын. Енді бұл мәселе де реттеліп, өз шешімін тапты деп айтуға әбден болады. Себебі мемлекеттік қолдаудың жоғарыдағыдай түрі соңғы екі жылдан бері ұсақ шаруашылықтарға да көрсетіле бастады. «КазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» (АШҚҚҚ) акционерлік қоғамының «Егінжай» несиелендіру бағдарламасы нақ осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталып отыр.
Бұл бағдарламаны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2010 жылы «КазАгро» холдингімен бірлесе отырып әзірлеген болатын. Сөйтіп АШҚҚҚ осымен екінші жыл қатарынан «Егінжай» бағдарламасының көздеген мақсаты мен талаптарына сәйкес шағын фермерлік шаруашылықтарға көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуге несиелер беріп келеді. Мұндай жеңілдікті несие түрі негізінен бидай себуге лайықталған 500-600 гектар жері бар және басқа қаржы институттарынан кредит алуға мүмкіндігі жоқ фермерлерге берілуде.
Бағдарлама алғаш рет іске қосылған қанатқақты жылы оны жүзеге асыруға 500 миллион теңге бөлінген еді. Бұл қаржы толықтай игерілді.
– Қазақ халқында «көш жүре түзеледі» деген мақал бар ғой. Сол айтылғандай, бағдарламамыз бастау алған өткен бірінші жылы біздің бұл жаңа несиемізге қаншалықты сұраныс болатындығын толық біле алмаған едік. Дегенмен, несиенің бұл түріне деген шағын шаруашылықтар сұранысы біз мөлшерлегеннен де көп болып шықты. Бізге 700 миллион теңгенің өтініштері келіп түсті. Сондықтан биылғы 2011 жылы нақ осы соманы бөлу жөнінде шешім қабылданды, -– деп түсіндірді бізге іс барысы туралы аталған қордың Несиелендіру департаментінің директоры Медет Тоқпай.
Көктем мен жаз өтіп, міне, елімізге қоңыр күз де келіп жетті. Сөйтіп Қордың үстіміздегі жыл үшін бағдарламаны жүзеге асыру, яғни несиелер беру жұмысы аяқталды. Бөлінген жоғарыда айтылған қаржы толық көлемінде игерілді. Биылғы жылы бұл несиеге 318 шаруашылық ие болған еді. Олар 169 621 гектар жерге егін салып, көктемгі егіске қатысты барлық жұмыстарды атқарып шықты. Осы ретте бір шаруашылыққа жылдығы 12 пайыздық сыйақы ставкасымен 3 миллион теңгеге дейін несие қаржы берілгендігін айта кетсек, артық болмас. Бұл қаржы 2 жылдың ішінде өтелуге тиіс. Яғни фермерлер өздері алған несиелерін екі жылдың егіні арқылы өтеуге мүмкіндік алады. Былайша айтқанда, «Егінжай» бағдарламасын әзірлеген кезде шағын шаруашылықтардың қолдарының қысқалығы ескеріле отырып, несиені өтеу тәртібін мүмкіндігінше жеңілдету жағы қарастырылған.
Оның үстіне несиені алушыларды іріктеу кезінде де, басқа қаржы институттарындағыдай, ерекше бір тәртіптер алға тартылмайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, несие алуға үміткер тек мынадай мәселелерге жауап бере алатындай болса, жетіп жатыр:
Фермерлік шаруашылықтың ұзақ мерзімді жалгерліктегі немесе жеке меншігіндегі жері болып, ол жерде соңғы екі-үш жыл көлемінде егін салынып келе жатуы тиіс.
Кепілдікке заң бойынша тыйым салынбаған барлық заттар қабылдана береді. Атап айтқанда, өткізуге болатындай жылжитын және жылжымайтын мүліктер. Мәселен, Қор онша ескірмеген үй мен ауылшаруашылық техникаларын кепіл зат ретінде қабылдай алады.
Несиені екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) және «ҚазАгроГарант» АҚ-тың кепілдігімен қамтамасыз етуге болады.
Сонымен қатар, несие алуға үміткердің салық жөнінде және бюджет пен ЕДБ және басқа да қаржы институттарының алдындағы басқа да төлемдер жөнінде соңғы үш айдан бері мерзімі өтіп кеткен борыштары болмағандары жөн екендігін еске сала кетсек артық болмас.
Міне, осындай талаптарға жауап бере алған жағдайда несие шағын шаруашылықтарға әрбір гектарға Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен нормативке сәйкес бөлінеді. Қазіргі күні бұл бағдарламаға оның тиімділігіне байланысты Қазақстанның барлық облыстары қатысуда. Бағдарлама бойынша несие тек бидай егуге ғана емес, көкөніс пен картоп және басқа да дақылдар отырғызу үшін де берілуде.
– «Егінжай» бағдарламасы арқылы беріліп жатқан несиелердің өңірлер бойынша көлемі мен қозғалысы туралы әңгіме қозғайтын болсақ, оларды алып, игеруде Қостанай облысының көш бастап келе жатқандығын айтуға тиістіміз. Бұл облыс 157 миллион теңге несиеге ие болды. Оның соңынан 148 миллион теңге несие алған Ақмола, 102 миллион теңге несие алған Солтүстік Қазақстан облыстары келеді. Ал Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері несиенің ең аз көлемімен ғана қамтылып отыр. Несиенің қаржылай сомасы осы облыстардың әрбіріне 8 миллион теңгеден ғана айналуда, – дейді Медет Тоқпай.
Фермерлер несиені күзде немесе қыста, яғни астықты сатудан түскен қаржы қолдарына тигеннен кейін барып қана өтейді. Оның үстіне, Қор олардың негізгі қарыз бен сыйақы жөніндегі берешекті өтеу мерзімін бір жылға дейін шегере алады.
Ал енді алдағы жұмыстар жайына келетін болсақ, келесі жылға «Егінжай» бағдарламасын жүзеге асыруға 600 миллион теңге қарастырылды. Несиеге беруге арналған қаржы сомасының төмендеуіне Қор қызметінің кеңеюі, яғни ол жүзеге асыратын бағдарламалар санының арта түсуі әсер еткендігін айта кетпекпіз. Мәселен, қазіргі күні Қор сегіз түрлі несие беру ісімен шұғылдануда. Мәселе түсінікті болу үшін олардың кейбіріне тоқтала кетейік.
Мәселен, «Ауылдық шағын несие» бағдарламасы бойынша Қор беретін тағы бір несие түрі егін шаруашылығын, мал шаруашылығын және ауыл шаруашылығының басқа да салаларын дамытуға бағытталып отыр. Осы бойынша бір шағын шаруашылыққа 1 миллион теңгеге дейін несие беруге болады. Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілетін несие арқылы мал шаруашылығын қолдау ісі көзделсе, «Табиғи орта» бағдарламасы ерекше қорғалатын табиғи ортамен, ұлттық парктермен, қорықтармен шектесе өмір сүретін ауыл халқының тіршілік көздерін ұлғайтуға, олардың мал және егін шаруашылығынан тыс басқа да кәсіптермен шұғылдана бастауларына жәрдем көрсетуге негізделген.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бұл бағдарламалардың сыртында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер мен ауыл халқын несиелендіру ісін одан әрі жақсарта түсу мақсатында осы іспен айналысатын шағын несие беру ұйымдарын одан әрі қаржыландыру бағытын ұстанып отыр.
Сонымен осы мақалада қозғалған әңгімемізді түйіп айтатын болсақ, қазіргі күні мемлекеттің көмек қолы бір кездері өздеріне қолайлы несие алуға зар болған ауыл шаруашылығының шағын фермерлік шаруашылықтарына, тіпті үй шаруашылықтарына дейін жетіп отыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының жүргізіп жатқан сәтті жұмыстары, ол әзірлеп, жүзеге асырып жатқан бағдарламалар осының бір жарқын дәлелі болып табылады.
Есен БАЕВ.