• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2011

«Қазақстан-Сібір-2011»: серіктестіктің жаңа көкжиегі

298 рет
көрсетілді

Кеше Павлодар қаласында «Қазақстан-Сібір-2011» халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Екі ел арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеру мақсатын көздеген аталмыш шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев, Ресей Федерациясының ҚР-дағы елшілігінің бас кеңесшісі Сергей Анненков және басқа мәртебелі меймандар қатысты. Екі күнге жалғасатын көрмеге көршілес екі мемлекеттің шекаралас аймақтарының үздік тауар өндірушілері атсалысуда. Айта кетерлігі, бұл көрме Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қазақстан мен Ресейдің арасында сауда-саттық, мәдени байланыстар ертеден қалыптасқаны мәлім. Бұған қос мем­лекеттің кезінде бір шекпеннің астында болғаны да тарихи себеп. Десе де, бағзы дәуірден «ауылы аралас, қойы қоралас» келе жатқан көршілердің нарықтық жағдайға байланысты нысанаға алған жаңа міндеттері бар. Ол – еларалық қарым-қатынасты заман талабына сай жаңа биіктікке шығару. – Қазақстан мен Ресей – стратегиялық әріптестер болып табылады. Екі ел арасында сауда-саттық байланыс жақсы дамып келеді. Мемлекет басшыларының да көздейтіні – осы байланысты одан әрі дамыту. Жуырда осы мәселелерді қос елдің Президенттері Астрахань қаласын­да өткен шекаралас аймақтардың ынты­мақтастығы форумында кеңінен талқы­лады. Бүгінде Кедендік одақтың іске қосылуы өз нәтижесін көрсетіп, сауда-саттығымызды одан әрі өрістетуге жағ­дай жасауда, – деді ашылу салта­на­тында сөз алған  Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан-Сібір-2011» халықаралық көрмесіне Ресейдің көршілес аймақтары­нан 63 кәсіпорын қатысып отырғанын айтып өтті. – Бұл көрме осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Мемлекетіміз ша­ғын және орта бизнеске қолдау көрсетуге баса мән беруде. Осы көрмеде кәсіп­керлеріміз жаңа әріптестер табады, келісім-шарттарға қол жеткізеді деп сенемін. Бұл көрме сондай-ақ келесі жылы өтетін ауқымды шараға әзірлік кезеңі болып та саналады. 2012 жылы Қазақ­стан мен Ресейдің шекаралас аймақта­рының кезекті форумы Павлодар жерінде өткізіледі, – деді ол. Ресей Федерациясының біздің елдегі елшілігінің бас кеңесшісі Сергей Анненков көршілес мемлекеттердің өзара қа­рым-қатынасы жаңа сатыға көтерілеті­ніне, бұл жолда бүгін өткізіліп жатқан көрменің оң ықпалы боларына сенім білдірді. Жалпы, Ресейдің көптеген аймақ­тары Қазақстанмен шектеседі. Барлығы 27 шекаралық өңір болса, соның 12-сі біздің жермен көршілес келеді. Соның бесеуі Алтай федералдық округіне кіреді. Қонақжай қазақ қашаннан көршісін сыйлайтын берекелі ел. Бас кеңесшінің айтуынша, Ресей әлемдік қаржы дағ­дарысын Қазақстанмен бірге еңсеріп шы­ғуға мүдделі. Кедендік одақ құрылғалы бері Ресейдің қазақ елімен экономикалық байланысы 25 пайызға артқан. Мәртебелі мейман халықаралық көрме өткізіп, ресейлік бизнес өкілдерін жылы құшақпен қарсы алып отырған Павлодар жеріне ризашылық білдірді. Көрмеге қатысушы­ларға сәттілік тіледі. Салтанатты рәсімнен кейін жиналған қауым Астана мұз сарайында орналасқан «Қазақстан-Сібір-2011» көрмесіне қатысу­шыл­ар­дың өнімдерін көріп, ұсынатын қызметтерімен танысты. Мұнда Ресейдің Омбы, Томск, Новосібір, Кемеров облыс­тары, Алтай өлкесінің бизнес өкілдерімен бірге, еліміздің Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ­стан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан өндірушілер келген. Әрбір компания өздерінің өндіретін заманауи өнімдерін, құрылғыларын, техникаларын, көрсететін қызметтерін егжей-тегжейлі таныстыруда. Алтай өлкесі ежелден – денсаулыққа шипалы өсімдіктердің отаны болып есептеледі. Бийск қаласының «Бальзам» жабық акционерлік қоғамы дәрілік шөптерден, бал мен майдан әзірленетін табиғи өнім­дерін ала келіпті. Сату бөлімінің бастығы Н.Мищенко халықаралық көрмеге қатысу арқылы тұтынушыларын көбейтуді мақсат еткенін айтады. Ресейлік компания біраз уақыттан бері Павлодар жұртына өзінің фито-шай, сироп тәрізді сапалы өнімдерін өткізе бастаған. Бұл ретте жергілікті өкіл­дік фирмамен әрістестік орнатып алған. «Барлығы да табиғи өнім. Өзіміздің ғылы­ми-өндірістік кешеніміз бар. Шипалы шөптердің бәрін өзіміз өндіреміз», дейді ол. Сібірдің «Белокуриха» секілді әйгілі ши­пажай қызметтерін ұсына келген фирмалар да бір төбе. Көршілес елдің өндіру­шілері, сонымен қатар, құрылыс материал­дары, жиһаздар жасау, электр жабдық­тарын өндіру тәрізді түрлі салалар бойын­ша өз жетістіктерін паш етті. Омбылық «Март и Ко» кәсіпорны тек қана металдан құрастырылатын жиһаз түрлерімен таныс­тырды. Бағасы жағынан арзан болса да, сапасы жоғары. Сібір желім компаниясы ағаш, қағаз материалдарды жапсыратын бұйымдардың сан түрімен қамтамасыз ете алады. Томск қаласының «Магнит М» ашық акционерлік қоғамы болса, энер­гиямен қамту құрылғыларын жасауда ай­тар­лықтай жетістікке жеткен іргелі кәсіп­орын. Бір қызығы, ресейлік қай компания­ның қызметімен таныссаңыз да, оның ғылы­ми-зерттеу жұмыстарымен қоса айна­лы­сатынын аңғарасыз. Яғни, көршілес ел­дің өндірушілері бәсекеге қабілетті болу үшін ең алдымен өнім сапасын ұдайы жетілдіріп отыру керек екенін баяғыда-ақ түсініп алған. Соны басты мақсат етіп қойған. Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ өзімізде көрмеге арнайы жеткізілген құрастырылатын жеңіл автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын да көрді. Отандық және ресейлік техникалар­ды шаруалар «Агромашхолдинг» лизингісі арқылы сатып алуда. Кемеров қаласы «Агро» ААҚ бас директоры А.Альтерготт өздері шығаратын «Кузбасс» тұқым себу кешенінің 32 данасын қостанайлық бір ғана шаруашылықтың иеленгенін айтады. Халықаралық көрмеде аймағымыздың іргелі өндіріс ошақтары да өз жұмыс­тарымен таныстырды. – Көрмеге қатысудағы басты мақса­тымыз – Тәуелсіздік алғалы 20 жыл ішінде қол жеткен табыстарымызды паш ету. Біздің зауыт әлемнің 10 озық технологиялы кәсіпорны қатарына кіреді. Өткен жылы Лондон биржасына тіркеліп, қазірде са­палы алюминий металы сол жерден өткізіледі, – дейді «Қазақстан электролиз зауы­ты» АҚ вице-президенті Жұмабек Қамзин. Айтпақшы, көрме аясында «Астана» мұз сарайы төңірегінде қазақтың киіз үйлері тігілді. «Ғасырлар үні», «Дәстүрлі мекен», «Дала өркениеті», «Саятшылық», «Бабалар мұрасы», «Айтыс» деген атау­ларды иеленген ұзын саны 6 киіз үйде қазақтың ұлттық өнері түрлері мен тұрмыстық бұйымдары, салт-дәстүрі келушілерге насихатталды. Көрмені аралағаннан кейін мәртебелі қонақтар «Достық» үйінде «Аймақтық даму: тұрақты дамудың жаңа тетіктері» атты кеңеске қатысты. Дәл осында шекаралас аймақтардың өзара экономикалық байла­ны­сын дамытудың бағыттары сөз болды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешев Үкімет тарапынан атқа­рылып жатқан игілікті бастамаларға тоқ­талды. Биылғы шілдеден бастап Кедендік одаққа мүше елдер арасында шекаралық бақылаулар алынды. Бұл екі ел арасындағы сауда-саттықты одан әрі өрістетуге қолай­лы. Жалпы, Ресей – инвестиция құю бойынша біздің негізгі әріптесіміз. Қазақ­стан шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға мейлінше ынталы. Сол себепті, заңнамалық тұрғыдан да барлық тетіктер қарастырылып отыр. Ресеймен ынтымақ­тастық туралы айтқанда, Сібір өңірі ерекше орынға ие. Соңғы кезде бұл өлкеден сатып алынатын құрал-жаб­дықтар, мұнай-газ саласының тауарлары көлемі жағынан ұлғайды. Көрсеткіш­терді өсіруге екі тарап та мүдделі деп ойлаймын, деді Әсет Өрентайұлы. Ә.Исекешев ресейліктерді үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасына қатысуға шақырды. Бұл ретте мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіледі. Қазақстандық-ресей­лік бірлескен кәсіпорындар да өрістерін кеңей­туге мүмкіндікті пайдалана алады. Инно­вациялық жаңалықтарды енгізуде әлеуетті ресейліктердің көмегімен арт­тыруға баса мән беріліп отыр. Осы жолы Омбы, Томск облыстарынан көрмеге келген кәсіп­орындар өздерінің біршама ғылыми табыстарға жеткенін көрсетуде, – деді ҚР Индустрия және технологиялар министрі. Облыс әкімінің айтып өткеніндей, индустриялық аймақ саналатын Павлодар облысында да іргелі жобаларды іске асыруға кең жағдай жасалып отыр. Көмір мен электр энергиясының басым бөлігі бізде өндіріледі. Соңғы кезде еркін экономикалық аймақ құру бағытында істер қолға алынды. Қазірде облыста құны 1 триллион 200 млрд. теңге болатын 166 жоба іске асуда. Бақытжан Әбдірұлы шекаралық ай­мақтармен қарым-қатынасты дамытуда шешілуге тиіс мәселелерді атады. Соның бірі – өзен көлігімен жүк тасымалының төмендегені. Оған өзен арнасының бал­дыр-батпаққа бөгуі басты себеп болып отыр. Тағы бір мәселе – Павлодар қала­сында халықаралық деңгейдегі әуе­жай бола тұра, көршілес аймақтарға қатынайтын ұшақ маршруттарының жоқ­тығы. Қазірде Алтай өлкесі, Омбы, Томск, Новосібір облыстарына тек автобустар ғана жүреді, екі арадағы жолаушылар саны аз емес. Әсет Исекешев өз жауабында екі мәселенің министрлік деңгейінде қарала­тынын жеткізді. Премьер-Министрдің орынбасары, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішем­баев­тың «бір топ депутаттар өңдеу саласы кәсіпорындары үшін үш жылға салықтардан босату жөніндегі» бастама­сын да қолдауға әзір екенін білдірді. Ә.Исекешев ресейліктермен бірлесіп ғылыми технопарк құру  да табылған идея екенін айтты. Томск жерінде жұмыс істейтін тамаша ғылыми орталықтың тәжірибесін бізге де енгізген пайдалы. «Бұл келесі жылы Павлодар жерінде өтетін шекаралас аймақтардың ынтымақ­тастық форумына лайықты сый болар еді», деді ол. Өз сөздерінде Ресей Федерация­сының ҚР-дағы сауда өкілі А.Яковлев пен Алтай өлкесі губернаторының орынбасары А.Лукьянов өзара ынтымақ­тас­тықты дамытуға неғұрлым ынталы болатынын айтып өтті. 2010 жылы біршама нәтижеге қол жетті. Оған Кедендік одақ оң әсер етті. Шекаралас аймақ­тар­дың қарын-қарынасын дамыту арқылы еларалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге ұмтыламыз, деді қонақтар. Кеше түстен кейін «Қазақстан-Сібір-2011» халықаралық көрмесі ая­сында өзара әріптестікті дамыту жөнінде түрлі тақырыптар бойынша диалогтық отырыстар жалғасын тапты. Бүгін, бағ­дар­ламаға сәйкес, шекаралас аймақтар­дың өкілдері облыстық бірқатар кәсіп­орындарының жұмысымен танысып, кейін халықаралық көрменің жеңімпаздары анықталады. Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.