Сенатта діни қызмет пен соған ілеспе заң жобалары қабылданды
Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Күн тәртібіне сәйкес депутаттар бірқатар заң жобаларын талқылап, олардың кейбірін бірінші оқылымда мақұлдады.
Бірінші кезекте «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің жобасы талқыға түссе, ол бойынша қосымша баяндаманы сенатор А.Башмаков жасады. Ол өз сөзінде заң жобасының неке-отбасылық қатынастарды реттеп, олардың өмір сүруіне кепілдікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, қазақстандық отбасын нығайтудағы жаңа құқықтық қағидалардың мүмкіндіктерін белгілейтінін атап өтті.
Енгізілген өзгерістер негізінен неке-отбасы қатынастарын реттеуге, олардың жүзеге асырылуының кепілдіктерін белгілеуге, сондай-ақ отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жобада некені қиюдың, тоқтатудың, оны жарамсыз деп танудың шарттары мен тәртібі айқындалған, ерлі-зайыптылардың, баланың (балалардың), ата-аналардың, бала асырап алушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланған. Баланы асырап алудың тәртібі, қорғаншылық пен қамқоршылықты реттеу мәселелері, отбасы мүшелерінің, ерлі-зайыптылардың, бұрынғы ерлі-зайыптылардың және отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері бекітілген. Кодексте суррогат ана, баланы тәрбиелеуге беру туралы келісім жасау және оны бұзу, азаматтық ахуал актілерін мемлекеттік органдардың тіркеуі мәселелерін реттейтін жаңа ережелер бар.
Бұдан басқа кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау нәтижесінде депутаттар осы саладағы қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуге қолдау білдірді.
Қызу талқыға түскен «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп баяндама жасады. Сенат депутаты Б.Мұхамеджанов бұрын діни сенімге қатысты заң болғанын айта келіп, қазіргі жобаның аты неге діни бірлестіктер туралы болып өзгертілгені және шеттен келетін діни кітаптарды тексеру мүмкіндігі туралы сұрағын алға тартты. Агенттік төрағасы діни сенімге қатысты заң елімізде тоқсаныншы жылдардың басында қабылданғанын, ал 1995 жылы қабылданған Конституцияда діни сенім және ар-ождан бостандығы туралы жазылғанын айта келіп, бұл жобада Конституциядағы ережелерді қайталамау ескерілгенін жеткізді. Кез келген азамат кітапты шекарадан жеке пайдалану үшін алып өте алады, ал одан көп болса, тарату мақсатында әкеле жатқандықтан, елге кіргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ Дін істері агенттігінің жергілікті жерлердегі құрылымдары арқылы елге әкелінген діни кітаптарға сараптама жасалатыны белгілі болды.
Сенатор С.Еңсегенов қазіргі уақытта әртүрлі пікір қайшылықтары да туындап отырғанын, дегенмен, ол жұртшылық арасына жік туғызуға тиіс емес екенін айта келіп, заң жобасын қолдауға шақырды. Осы ретте сенатор заң жобасының атына қарап үрейленбей, оның мән-мағынасына терең үңілу қажет екенін еске салды. «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыдан өткеннен кейін қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.