• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2011

Адамға ең тиімді көмек – денсаулық сақтауды жақсарту

732 рет
көрсетілді

Қазақ елі осыған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты абыроймен өткізіп, енді Ислам Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық жасауда. Кеше елордамыз Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ИЫҰ аясында Денсаулық сақтау министрлерінің үшінші Ислам конференциясы өтті. Бұл алқалы басқосуға 400-ден астам делегат, оның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше 57 ел, бірқатар халықаралық ұйымдар, сондай-ақ бақылаушы елдердің өкілдері қатысты. Осы айтулы іс-шараның мақсатына келер болсақ, ұйымға мүше мұсылман мемлекеттері арасында денсаулық сақтау бойынша ынтымақтастықты дамыту және нығайту. 2009 жылдың наурыз айында Иран Ислам Республикасының астанасы Теһранда өткен осындай конференцияның қарарын орындау. Конференция мұсылмандық рә­сім­мен қасиетті құран оқумен басталды. Бұған дейін төрағалық етіп келген Иран елінің делегация жетекшісі Нематти Пей­ман өткен 2 жыл ішіндегі атқа­рыл­ған жұмыстарға жан-жақты тоқ­тал­ды. Одан кейін ол Ислам Ынты­ма­қ­тастығы Ұйымы Денсаулық сақтау министр­лері­нің Ислам кон­ференциясына төраға­лықты Қа­зақ­станға салтанатты түрде тап­сыр­ды. Оның төрайымы Қазақ­стан Рес­публикасының Денсаулық сақ­тау министрі Салидат Қайыр­бекова болды. Конференцияның салтанатты ашы­луы­на Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мем­лекеттік хатшысы Қ.Саудабаев, Пре­зидент Әкім­ші­лігі Басшысының орын­басары М.Әшімбаев, Премьер-Министр­дің орынбасары Е.Орынбаев, Сыртқы істер министрі Е.Қазы­ха­нов қатысты. Алғашқы сөзді Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев алды. Ол Астана тө­рінде өтіп отырған ха­лықаралық кон­фе­ренцияның ашы­луымен құттықтай келе, бү­гінгі басқосудың ислам елдері үшін мәні мен маңызы зор екенін айтты. Соң­ғы жылдары Қазақстанның бас қаласы Астана осындай халықаралық жиын­дардың, форумдар мен кездесулердің басты алаңына айналып келеді. Өткен жолы Қазақстан әлемдегі аса беделді де белгілі халықаралық ұйым Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на төрағалық жасап, оны абыроймен жоғары деңгейде атқарып шық­ты. Осы өздеріңіз отырған мәр­те­белі залда ұй­ым­ға мүше елдердің Саммиті Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төраға­лы­ғымен биік дәрежеде өткізіліп, күллі әлем Астанаға көз тікті. Мемлекеттік хатшы одан әрі сол жиында төрт­күл дүниеге ерекше серпіліс әкелген Астана Дек­ла­ра­циясы қабылданғанын атап өтті. – Енді Қазақстан Ислам Ын­ты­мақтастығы Ұйымына төр­аға­лық жасауда. Осыған орай әлем елдері ара­сын­дағы ынтымақ­тас­тық­ты нығайтуға барынша күш салудамыз. Ұйымға мүше елдер арасында өзара іс-қимылды жү­зе­ге асы­ру бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Денсаулық сақтау мәсе­лесіне арналған бү­гінгі халықаралық конференция осының айқын дәлелі, деген Қ.Саудабаев. Одан әрі тәуелсіздік жыл­дарында Қазақстан әлеу­мет­тік са­ла­ға көңіл бө­лу­ді басты бағ­дар етіп ұс­тап отырғанын, бұл орайда, Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев ха­лықтың ден­саулық сақтау мә­се­лесін ең басты орынға қой­ып, үне­мі назар аударып, үз­діксіз қам­қорлық жасап келе жат­қа­нына тоқ­талды. Осының нәти­же­сінде ден­саулық сақтау сала­сына бөлінген қар­жы жыл өткен сайын көбейтіліп, өсіп отыр. Республиканың барлық өңірле­рін­де заман талабына сай емханалар мен ауруханалар, емдеу мекемелері ашылып, олар білікті де білімді маман кадрлармен то­лығу үстінде, деген Қанат Бек­мыр­заұлы Елбасының ар­найы сәлемін айтып, шын көңілден шық­қан құттықтауын оқып берді. Президент Денсаулық сақтау министрлерінің үшінші Ислам конференциясының қатысушы­ла­рына арнаған хатында биылғы жылы Қазақстан әлемдегі беделді ұйымға – Ислам Ынты­мақ­тастық Ұйымына төрағалық етіп отырғанын айта келіп, Қазақ­стан ислам әлемі елдері ара­сын­да өңірлік және халықаралық қауіп­сіздік, экономика және әлеу­мет­тік-мәдени даму сала­сын­дағы ын­тымақтастықты ны­ғай­ту жо­лын­да әрдайым мүд­де­лілік та­ны­татынына, бүгінгі таңда эко­номикадағы жаһандану үдеріс­те­рі, шиеленісті жағдай­лар мен қор­шаған ортадағы ахуал­дың өзгеруі, халықтың көші-қоны сияқ­­ты күрделі мәселелер ден­саулық сақтау саласын халық­ара­лық қарым-қатынастардың бас­ты тақырыбына айналдырып отыр­ғанына, денсаулық сақтау мәселесі әрдайым жаһандық дең­гейдегі маңызды басымдық­тар­дың бірі болып қала беретініне тоқталады. Денсаулық сақтау саласының көптеген мәселелері халықара­лық маңызға ие болуда және олар­ды бірлесіп қана шеше ала­мыз. Бүгінгі конференцияда жал­пы адамзаттың денсаулығын сақтау проблемаларын қарас­тыруды ұсынамыз. Біз ана мен баланың ден­сау­лығын сақтау, СПИД індетінің алдын алу, туберкулезге қарсы күрес саласындағы мәселелерді шешу жөніндегі ынтымақтасты­ғымызды арттыруды жоспарлап отырмыз. Конференция сын­дар­лы пікір алмасу жағдайында өте­тініне және оның қорытын­ды­лары тиісті межеден көрініп, бо­лашақтағы басым бағыттар мен бірлескен іс-шаралардың тиімді тетіктерін айқындап беретініне кәміл сенемін. Кон­ференцияға қатысушылардың жұ­мысына то­лымды табыс, ор­тақ шешімдер тілеймін, дейді Президент құт­тықтау хатының түйінінде. Ислам Ынтымақтастық Ұйы­мы Бас хатшысы Э.Ихсаноғлы­ның хатымен оның орынбасары Абдул Мойз Бухари таныс­тыр­ды. Тәуелсіз Қазақ еліне деген өздерінің сүйіспеншілігін білдіріп, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың осындай алқалы жиын өткізуге мүмкіндік туғызғанына алғыстарын білдірген хатта Ислам елдерінің арасындағы ынты­мақтастықты жандандыра беру мәселесін алға тартыпты, Адам денсаулығы қашанда басты көр­сеткіш болатынын, оның алдын алу жолдарын бүкіл жұрт болып қарастыру жағын, бұл үшін Ислам академиясымен күш біріктіру қажеттігін айта келіп, тео­рия­ны тәжірибеде жүзеге асыру мә­селесін де қозғапты. Әсіресе, әлем жұртшылығын алаңдатып отырған СПИД, туберкулез, малярия кеселдері қаупінің алдын алу қажеттігін, бұл әлем жұрт­шылығына ортақ індет екенін айтып, ана мен бала өлімін азайту жолында ислам елдері ерекше ынта танытып жатқанын, бұған жаһандық қор арқылы 51 ел өз үлесін қосып отырғанын, ЮСАИД та белсенділік көрсеткенін тілге тиек етеді. Сондай-ақ қазір жұқпалы сырқаттардың бел алып отырғанын, бұған тұрғындардың 85 пайызы шалдығатынын, 2020 жылға дейін біз осы кеселдің алдын алып, азайту үшін бірлесе отырып жан-жақты қамтылған бағдарлама жасау қажеттігі де айтылыпты хатта. Сол секілді вакцинаны жеткілікті шығару мен оны егу жұмыстарын да бірлікте қолға алу керектігі аталып өтілген. Ал Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынба­сары Ербол Орынбаев еліміздегі медицина саласына жасалып жат­­қан қамқорлықтар туралы ай­тып, оған бөлінген қаржы еселеп өсіп отырғанын, саламатты өмір салтын қалыптастыру жо­лын­да атқарылып жатқан іс-ша­ра­ларға тоқталды. Ол сонымен қатар, Елбасы бекіткен «Сала­мат­ты Қазақстан» бағдарламасы аясында әр азамат медициналық мекемені өзі таңдауға, қалаған дәрігерлеріне қаралуға мүм­кін­дік алғанын жеткізіп, жеке емдеу мекемелерінің көбейгенін атап өтті. Мемлекетімізде білім беру ісін әлемдік деңгейде жүргізетін Нұрсұлтан Назарбаев университетінде медицина саласы бой­ынша білім алумен қатар, зерттеулер жүргізілетінін, ол Ұлттық медициналық холдингте тәжіри­бе жүзінде іске асатынын, Ота­нымызда 150 телемедицинаның жұмыс істеп жатқанын, адам өлі­мінің 12 пайызға азайғанын алға тартты. Денсаулық сақтау са­ласына инвестиция тарту ісі­нің де ілгері басып отырғанын, бұл тек қана қалада емес, өңір­лерде де қарқын алғанын жеткізді. Туберкулез, өзге де кесел­дер­дің алдын алу, медициналық қызметтің сапасын арттыру, жұртшылықтың талап-тілегіне сай болу жайын да назардан тыс қалдырмады. Бұдан кейін Қазақстан Рес­публикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов сөз алып, денсаулық сақтау саласы бойынша ислам ел­дерінің елордада бас қосып, осындай алқалы жиын өткізуі ерекше оқиға екенін айтты. Сондай-ақ ол бүгінгі күннің басты мәселесі адам ден­сау­лығы болып отырғанын, қа­тер­лі дерттердің алдын алу, бала мен ана денсаулығын сақтау туралы жан-жақты әңгіме қоз­ғады. Дүниежүзілік денсау­лық сақ­тау ұйымы Еуропа ай­мақ­тық бюросының өңірлік ди­ректоры Жужжан Жакаб, ислам елдері мен Еуропа денсаулық сақтау саласы бойынша бірлікте жұмыс істесе, өз жемісін беретінін тілге тиек етіп, жаһандық ден­саулық сақтау мәселесін қоз­ғады. Еуропа жұртшылығының арасында арақ пен темекіні жою қолға алынып жатқанын, бұл адам денсаулығына қатер ту­ды­ратынын айта келіп, адам ден­сау­лығын сақтаудың бір тиімді жолы тамақтандыру ісін дұрыс жолға қою мәселесін, сол секілді қоршаған ортаны ластамау, ең бастысы, судың сапасын арт­ты­ру, ана мен баланың өмірін сақ­тау үшін, бірлесе жұмыс істеу қа­жеттігін жеткізіп, бұл мың­жылдық міндеттер деп білетінін тілге тиек етті. Конференцияның күн тәртібі мен бағдарламалары бекітілген соң, ІІІ Денсаулық сақтау министрлері Ислам конференция­сы­ның төрайымы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Денсаулық сақ­тау министрі Салидат Қайыр­бе­ко­ва баяндама жасады. Ми­нистр­дің атап өткеніндей, Ислам әлемі елдерімен  қатынастарды дамыту Қазақстан сыртқы сая­сатының маңызды басымдық­та­ры болып табылады. Біздің  еліміз бен Ислам елдері арасында халықтың әл-ауқатын жақсар­ту­ға бағытталған өзара түсіністік бар. Егер 2010 жылы Қазақстан халықаралық беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалықты ойдағы­дай атқарған болса, 2011 жылы біз­дің еліміз тағы бір халық­ара­лық беделді ұйым – Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымын бас­қа­рып отыр, деді министр. Осын­дай жоғары құрмет біздерден ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Бұл конференция осы жыл аясындағы ерекше орны бар халықаралық шара­лардың бірі болады деп ой­лаймын. Сөзін осылай  бастаған Салидат Қайырбекова өткен кезең­дер­де денсаулық сақтау сала­сын­дағы Қазақстанның қол жеткізген табыстарына тоқталды. Министрдің хабардар еткеніндей, соңғы 20 жылда Қазақстан  денсаулық сақтау саласын жүйе­лі түрде дамытуға баса көңіл бө­ліп келеді. Аталған саланы қаржыландыру 10 есеге өсті. Тек 2005-2010 жылдары Денсаулық сақтау саласын дамыту және реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаржы  4,3 есеге артып, 566,9 млрд. теңгені құрады. Осы­ның нәтижесінде меди­цина­лық мекемелердің материалдық-техникалық базасы  нығайты­лып, 500-ге жуық жаңа ден­сау­лық сақтау нысандары пайда­лануға берілді. Ана мен бала денсаулығын қорғау әрқашан да Қазақ­стан­ның денсаулық сақтау саласын­дағы негізгі басымдықтары бо­лып табылады. Елімізде әйелдер мен балаларды профилактика­лық жағынан тексеру жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оларды қажетті дәрі-дәрмек түрлерімен тегін қамтамасыз ету дұрыс жол­ға қойылған. Жүйелі осындай іс-шаралардың нәтижесінде елімізде ана өлімі 1,5 есеге, бала өлімі 15 пайызға қысқарды. Мемлекет тұрғындарды қажетті барлық ме­дициналық қызмет түрлерімен қамту барысында қаржы аяп жат­қан жоқ. Бұлардың  бәрі тиісті бағдарламалар бойынша жү­зеге асырылуда. Мемлекеттік  бағдарламалар аясында тиімді кардиологиялық және кардиохирургиялық қыз­мет құрылды, деп жалғастырды сөзін Салидат Қайырбекова. Тек 2010 жылдың өзінде 10 мыңға жуық кардиохирургиялық шара өткізіліп, 3 мыңнан астам жүрек операциясы жасалды. Бұл – 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 мың­ға көп. Осының арқасында соң­ғы 5 жылда қан айналымы жүйе­сі ауруынан қаза болатындар саны едәуір қысқарды. Аталған аурудың алдын алу мақсатында жақында Астанада әлемдік дең­гейдегі жаңа кардиологиялық ор­талық ашылды. Орталықта жү­регі сырқат болып туған нә­рес­телерге операция жасалатын болады. Министр баяндамасында сон­дай-ақ елімізде онкопатология­лық аурудан қайтыс болу дең­гейі­нің айтарлықтай төменде­гені­не де тоқталды. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, онкопатологиялық аурудан қай­тыс болатындар соңғы 6 жыл ішін­де 18 пайызға, жарақаттану 26 пайызға төмендеген. Елімізде туберкулез ауруынан қайтыс бо­латындар саны 2 есеге қыс­қар­ған. Бұған еліміздің аймақ­та­рын­да жаңадан іске қосылған туберкулезге қарсы медицина­лық мекемелердің ашылуы оң әсер еткен. Қазіргі кезде республикада жоғары технологияны дамытуға барлық жағдайлар жа­салып жатыр. Оған мысал ретінде шешен Мемлекет басшысы­ның бастамасымен Ұлттық ме­ди­ци­налық холдинг құрылғанын келтірді. Аталған холдинг әлем­дік деңгейдегі алты ірі меди­ци­на­лық орталықты біріктіретін медициналық кластер болып табылады. Конференция делегаттары мен қатысушылары Салидат Қай­ыр­бекованың денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы қолға алы­нып жатқан өзге де ауқымды жұ­мыстар туралы айтқан сөзін ри­залық сезіммен мұқият тың­дады. Министрдің 2015 жылға дейінгі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ая­сын­да жүзеге асырылған және жүзеге асырылатын іргелі шаралар жөнінде ортаға салған мә­се­лелері де қатысушыларды қы­зық­тырды. Бұл бағдарлама қа­зақ­стандықтардың өмір сүру жа­сын ұзартуға және азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағыт­тал­ған. Ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін озық медициналық жабдықтар орнатылған көшпелі медицина­лық кешендер сатып алынған. Денсаулық сақтау министр­лерінің Ислам конференциясына төрағалық етуші ИЫҰ қыз­ме­тінің денсаулық сақтау сала­сын­дағы көптарапты өзара іс-қи­мыл­ды дамыту маңызды бағы­ты­ның бірі екендігіне де назар аудартты. Салидат Қайыр­бекова­ның айтуынша, конференцияда Ұйымға мүше елдердің алдағы уақытта ынтымақтастығын ны­ғай­туды көздейтін бірқатар қа­рарларға қол қойылмақ. Негізінен ол – ана мен баланың ден­сау­лығына, жұқпалы аурулармен бірлесіп күресуге, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, полиомиелитті жоюға, тағы басқа да өзекті мәселелерге қатысты. Олар жиынның күн тәртібіне енгізіліп отыр. Сонымен қатар, кон­ференцияда ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақ­тау саласындағы 2012-2022 жыл­­­­дарға арналған страте­гиялық іс-қимыл бағдарла­ма­сы­ның жоба­сы да талқыланады және Астана декларациясы қа­был­данады. Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында жұқпалы ауру түрлері – туберкулезбен, ВИЧ/СПИД-пен, құс тұмауымен кү­рес негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Аталған жұқ­палы ауру түрлерін жоғары тех­нологиялық және жаңа диаг­ностикалық әдістерді енгізусіз жою мүмкін емес. Ол үшін ден­саулық сақтау мекемелері мен ұйымдарының материалдық-тех­никалық базасын жақсарту қа­жет. Осыған байланысты Қазақ­стан министрі Ұйым елдері ара­сында аталған аурулар бойынша профилактикалық тәжірибелер алмасу жөнінде қазақстандық тараптың бірқатар ұсыныстарын атап берді. Салидат Қайырбекованың атап өтуінше, ВИЧ/СПИД-тің та­ралмауына қарсы әрекет ету, туберкулез ауруын және одан қайтыс болатындарды төмендету үшін көпсекторалды шараларды күшейту, үкіметтер мен дін ли­дерлерінің, үкіметтік емес ұй­ым­дар мен жеке сектордың ара­сында үнқатысу мен әріптестік орнатуға ықпал ету қажет. Ұйым елдері полиомиелит ауруының жаңа ошағының орын алмауы үшін қосымша шаралар қабыл­дау, полиомиелитке қарсы вакциналар өндіру көлемін еселеп арттыру, алдағы уақытта вакциналармен қамтамасыз етуде өз­ара ынтымақтастықты нығайту, бірлескен зерттеулер аясында диагностикалық құралдар мен медициналық қызметтер бой­ын­ша көмектер көрсету керек. Баяндамашы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынты­мақтастықты кеңейте отырып, Мыңжылдық дамудың мақсаты – балалар өлімін қысқартуға және ананы қорғауды жақсар­ту­ға қол жеткізу жайын да ортаға салды. Өйткені, ана мен бала өлімінің көрсеткіші арқылы әр­бір елдің әлемдік рейтингі анық­талады және ол негізгі инди­ка­торлардың бірі болып табылады. Осыған баланысты қазақ­стан­дық тарап Ұйымға  мүше ел­дер­дің аналарды, балаларды және жасөспірімдерді қорғау жөнін­дегі саясатын Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының стра­те­гиясына негіздеп, интеграциялау қажет деп есептейді. Ми­нистрдің хабардар етуінше, оған жүктілік және туу кезінде қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, отбасын жоспарлау, жастар мен мектеп оқушылары арасында медици­налық түсінік жұмыстарын жүргізу, тағы басқалар кіреді. Бүгінде медициналық көмек­тер көрсетуде дәрі-дәрмектің жет­кілікті және сапалы болуы басты мәселе ретінде күн тәр­тібінде тұр. Баяндамашы сөзі ба­рысында осы мәселені де көп­шілік назарына ұсынды. Оның айтуынша, жасанды дәрі-дәрмек құралдарын тарату ұлттық қауіп­сіздікке қатер төндіреді, тұты­ну­шылардың дәрі-дәрмекке деген сенімін жоғалтады. Осыған бай­ланысты Салидат Қайырбекова еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қатаң шаралар қа­был­дап жатқанын, бұл өз нәтижесін бере бастағанын атап өтті. Қа­зақстандық тарап,  деді ол осы мәселе туралы, мемлекеттер арасында сапасыз дәрі-дәрмек құралдарын өндірушілерге деген бақылауды күшейтуді, вакциналар өндіру көлемін арттыруда әріптестікті нығайтуды, сондай-ақ негізгі дәрі-дәрмек құрал­дарымен қамтамасыз ету мақ­са­тында елдерде фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөнінде қо­сымша шаралар қабылдауды ұсынады. Сөзінің қорытындысында ми­нистр қазақстандық тарап ІІІ Ислам конференциясына қаты­су­шыларға Денсаулық сақтау ми­нистрлерінің ынтымақтасты­ғы туралы декларация дай­ындап және оған қол қою жө­нінде бастамамен шығатынын да жеткізді. Түстен кейін Денсаулық сақ­тау министрлері Ислам кон­фе­ренциясының делегаттары мен қонақтары бірінші және екінші жұмыс отырыстарын  өткізді. Бұл отырыстарда Денсаулық сақ­тау саласында 2012-2022 жыл­дарға арналған Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына мүше мем­ле­кеттердің іс-қимыл страте­гия­лық бағдарламасының жобасы талқыланды. Сонымен қатар, балалар өлімін азайту, ана ден­саулығын жақсарту жөніндегі Мыңжылдықты дамыту мақ­сат­тарына жетуде ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында ынты­мақ­тастық тақырыптары бой­ынша интерактивті сессия өтті. Онда ЮСАИД, СЕСРИК, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдар­дың өкілдері сөз алып, Ұйымға мүше елдер арасында денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті де өткір мә­селелер жө­нін­де ой-пікір­лерімен бөлісті. Бүгін Денсаулық сақтау ми­нистрлерінің Ислам конфе­рен­циясы жұмысын әрі қарай жал­ғастырады. Ондағы  отырыс­тар­да дәрі-дәрмек, вакциналар өн­ді­рісі және онымен қамтамасыз ету жайы, ВИЧ/СПИД-ке, туберкулез бен безгекке қарсы күрес туралы мәселелер талқыланады деп күтілуде. Сүлеймен МӘМЕТ, Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

* * *

КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ

Саид МОДАССЕР, Бангладеш Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: – Қазақстан Исламды дамытуда әлемде ерекше маңызды рөл атқарады. Қазақстан біздің елімізге қажетті материалдар мен ресурстар беру арқылы үлкен көмек көрсетті. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударылып келе жатқанынан біздер жақсы хабардармыз. Әлемдегі көптеген мемлекеттер денсаулық сақтау салаларын дамытуларында проблемалар жеткілікті. Ал Қазақстан өзекті осы мәселеге баса кө­ңіл бөле отырып, оған жыл сайын аса қомақты қаржы бөліп оты­рады. Оның үстіне елде медициналық қызмет көрсету тегін. Біз осы сапарда Қазақстан тарабымен медицина қызмет­керлері және студенттер алмасу мүмкіндігін қарастыруды мақсат етіп отырмыз. Жалпы, Ислам елдерінде халықты меди­циналық мекемелермен, дәрі-дәрмекпен, қажетті жаб­дықтармен қамтамасыз етуде проблемалар да баршылық. Бұл проблемалардың бәрін болмаса да, бірқатарын шешуге осы конференция ықпал етеді деген ниеттеміз.   Мансұр Әл-ХУАСИ, БАӘ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: – Конференцияда денсаулық сақтау саласына байланысты аса өзекті әрі ерекше маңызды мәселелер талқылануда. Бұл проблемаларды біртіндеп шешу мүм­кін­діктері ортаға салынып жатыр. Жиынның Астана қаласында өтуінің өзіндік мәні бар екенін атап өткім келеді. Өйткені, Қазақ­стан жиырма шақты жылдың ішінде өзін әлемдік қоғамдастыққа жақсы жағынан таныта білді. Қазақстанда денсаулық сақтау саласына, ана мен баланы қорғауға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Оның барлығы елдің экономикалық әлеуетіне байланысты болса керек. Ислам әлемі бұл конференциядан үлкен үміт күтіп отыр. Себебі, Ислам елдеріндегі денсаулық сақтау салаларында қалыптасқан өзекті проблемаларды бірлескенде ғана шешуге мүмкіндік туатыны белгілі. Сондықтан да біздер осында жиналып отырмыз. Ол үшін барша мұсылман елдері бір-бірімен тиімді ынтымақтастық орнатқаны жөн. Оның негізі қалана бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Туре ФАТОМАТА, Гвинея Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры: – Біздің делегация Астанаға кеше келген еді. Астананың көркі, қазақстан­дық­тардың қонақжайлылығы өте қатты ұна­ды. Алған әсеріміз ерекше. Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлерінің конференциясы осымен үшінші рет өтіп отыр. Гвинея Республикасында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде проблемалар жетерлік. Елімізде бала мен ана денсаулығын қорғау аса қиын жағдайда. Әсіресе, аналар мен балалар өлімі көп. Басқа да ауру түрлері тыйылмай отыр. Бұл мәселелерді сәл де болса жақсартуға осы халықаралық жиын оң әсер етеді деген ойдамын. Конференцияда баршамызға ортақ өткір де өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Онда біздің елдің делегация жетекшісі де сөз алып, сол проблемаларды қатысушылар ортасына салатын болады. Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры: – Бұл конференция еліміздің медицина саласындағы үлкен оқиға деуге болады. Мен Камерун Республикасынан келген өкілдермен пікір алмасқанда көп нәрсеге қанық болдым. Қазір жүрек-қан тамыр­лары аурулары азаймай отыр. Соған орай біз адам ағзасын алмастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дегенде, олар еліңізде медицина жоғары дәрежеде екен деді. Бұл біз үшін үлкен абырой деп білемін. Шынында, біздің Отанымызда маман да, қаржы да олардың құқын қорғайтын заң да бар. Тек халықтың сенімі мен көзқарасы жақсарса болғаны. Мұны айтып отырғандағы себебім, өзімізде мол мүмкіндік бола тұра кей азаматтарымыз көп жағдайда сырттағы елдердің еміне ұмтылатыны бар. Біздің мемлекетіміз Шығыс пен Батыс ара-жігіндегі алтын көпір секілді. Сондықтан да біз Шығыстың да, Батыстың да мықты жетістіктерін өзімізге пайдалана білуіміз керек. Ал мына жиын үстінде болатын пікір алмасулар теориялық және тәжірибелік жағынан да берері мол деп білемін. Ақылдасып істеген іс адамзатқа қашанда жетістік әкеледі. Ал медицина бойынша, бұл жиын адам өмірін ұзартуға, ұрпақ денсаулығының болашақта мықты болуына кең жол ашады. Хамис Хусейн АЛИ, Ирак Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі: – Мен Қазақ елінің астанасында бірінші рет болып отырмын. Бұл өте қуа­ныш­ты жағдай. Ал мына іс-шараға келетін болсақ, мемлекеттер арасындағы, әсіресе денсаулық саласы бойынша байланысты нығайтуға ерекше септігін тигізетініне еш күмәнім жоқ. Тәуелсіздігін алып, соның 20 жылдығын атап өткелі отырған мемлекетте осындай халықаралық конферен­цияның өтуін мен құбылыс деп санаймын. Қазір Ирак елі өтпелі кезеңде тұр. Көптеген іс-шараларды, заң жобаларын, құқықтық нормаларды іске асыру жағы қарастырылуда. Ол бірте-бірте жетілдіріле беретін болады. Иракта адам ресурсы өте жоғары. Бірақ, ел аумағында болған соғыс мемлекетімізді біршама артқа шегіндіріп тастады. Көптеген қиындықтар бар. Біз сол қиындықтарды достарымызбен бірлесе отырып, шешуге тырысамыз. Қазақстан елімен, Қазақстан азаматтарымен бірінші рет жүздесіп отырмын. Біз өзге де әлем елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де қарым-қатынас жасауға, бірлікте жұмыс істеуге ынталымыз. Осы күндері Ирактағы денсаулық сақтау мекемелерінде үлкен үрдістер жүріп жатыр. Алапат соғыс азаматтарымыздың денсаулығына да кері әсерін тигізді. Әсіресе, ісік аурулары көбейіп кеткені байқалады. Міне, осының бәрін бүкіл ақ ниетті азаматтармен бірлікте жолға қоюға болады деп ойлаймын. --------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.