• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2011

Қыркүйектегі қарбалас күндер

324 рет
көрсетілді

Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғалы жаһандық қоғамдас­тық­та өзінің лайықты әрі елеулі рөлін одан әрі бекітіп келеді. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың әлемдік беделі мен байыпты сыртқы саяси стратегиясының арқа­сын­да халықаралық қоғамдастықта дип­ломатиялық зор табыстарға қол жеткізіліп, ел мәртебесін көтерер маз­мұнды іс-шаралар жүзеге асырылды. Елбасымыздың бастамасымен өткізген ЕҚЫҰ саммиті еліміздің сөзсіз үлкен жетістігі болып табылады. Қазақстан бүгінде заманның кө­кей­кесті мәселелерін шешуде халықара­лық қоғамдастықтың жауапты әрі то­лыққанды әріптесі ретінде қаруды таратпау тәртібінен азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге дейінгі көпте­ген бастамаларға белсене атсалысуда. Бұған Қазақстанның 29 тамыз – Семей полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялау туралы ұсы­нысына БҰҰ-ның қолдау көрсеткені нақты дәлел бола алады. Өткен аптада бүкіл әлем еліміздің бейбітсүйгіш саясатына тағы да куә болды. Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзінде ядролық таратпау мен ядролық қызметті бақылау сала­сында бірқатар маңызды бастамалар топтамасын алға ұсынды. Елбасы өз сөзінде ядролық қаруға ие мемлекет­тердің одан бас тартуына мағыналы баламаның жоқ екенін айтты және бейбіт атом қуатын қауіпсіз қолдану қағидаларын қайта қарау туралы ұсынысын жария етті. Сондай-ақ, еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың 18-24 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте өт­кен бірқатар маңызды шаралар бары­сын­дағы белсенді жұмысы Елбасымыз басқарған отандық делегацияның БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясына тың мазмұн қосты. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы 30-дан астам екіжақты кездесулер өткізіп, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне ықпал ету бойынша Халықаралық конференция мен жоғарғы деңгейдегі маңыз­ды жина­лыс­тарда баяндама жасады. Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының 66-шы сессиясына қатысуы мұ­сыл­ман елдерінің ауызбіршілігін нығай­тып қана қоймай, ИЫҰ-ға мүше мемле­кет­тердің біріккен сыртқы саяси қадам­дарына ұйытқы болғаны мәлім. Сессия барысындағы министрдің алғашқы кез­де­сулерінің бірі Ислам Ынты­мақтас­тығы Ұйымының Бас хатшысы Экме­леддин Ихсаноғлымен болды. Әңгіме барысында тараптар ИЫҰ-ны жаңғыр­ту­дағы бірлескен тиімді жұмыстарды құптап, Палестина, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы ахуалдар мен Сомалидегі гуманитарлық дағдарысты еңсеру сияқты өзекті мәселелерді тал­қы­ға салды. Бұл мәселе Қазақстанның төрағалығымен өткен ИЫҰ Атқарушы комитетіне мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Нью-Йоркте өткен бейресми кездесуінің назарында да болған еді. Орын алған пікір алмасу ИЫҰ-ның мұсылман үмбеті алдында қойылған өзекті мәселелерді шешуге және Ұйымның ұстанымын одан әрі үй­лестіруге мүмкіндік берді. Осы бағытта Қазыхановтың төраға­лы­ғымен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің жыл са­йынғы үйлестіру кездесуі өтті. Соның барысында ИЫҰ делегаттары Палести­наның жағдайына ерекше назар ау­дарып, Қазақстан тарапының ұсыны­сы­мен 57 мемлекеттің министрлері ал­дын­да Палестина Президенті Махмұд Аббас сөз сөйледі. Осы маңызды жина­лыс­тың соңында Ұйым бір ауыздан Палестина мемлекетінің БҰҰ-ға мүшелігін қолдау жөнінде саяси қарар қабылдады. Қазақстан төрағалығы арқасында қол жеткізілген осындай саяси ауызбір­шілік мұсылман және халықаралық қауымдар үшін өте маңызды серпіліс болды. Қазақстан сыртқы саясат ве­домство­сының басшысы, сонымен қатар, Ливия­дағы және Сомалидегі ахуалға қатысты басқо­су­ларда еліміздің ұстанымын жариялап отырды. Олардың әлемдік қо­ғам­дастық көзқарасымен үйлесетіні атап көрсе­тіл­ді. Бұл орайда Е.Қазыхановтың ЕҚЫҰ-ның «үштігі» шеңберінде Литва Сыртқы істер министрі – ЕҚЫҰ Іс ба­сын­дағы төрағасы Аудронюс Ажубалиспен, Ядролық сынақтарға жаппай ты­йым салу туралы шарт ұйымы (ЯСЖТШҰ) Дайындау комиссиясы­ның атқарушы хатшысы елші Тибор Тотпен, т.б. кездесулерін де атап өткен жөн. Мәселен, Т.Тотпен кездесуде сұх­бат­тасушылар Астана мен Семейде үс­тіміздегі жылғы 12-13 қазанда өтетін «Ядролық қарусыз әлем үшін» халық­аралық форумға дайындық жайын талқылап, осы іс-шараның әлемдік үдерісте ядролық сынақтарға толық­тай тыйым салу жолында оң үдеріс қалыптастыратынын атап өтті. Форумның өткізілуі Елбасының ядролық қарусыздану саласындағы салиқалы бастамаларын жүзеге асыру­да халықаралық қауымдастықтың на­зарын ерекше аударуы тиіс екенін ата­ған абзал. Атом энерге­ти­касы жөнін­дегі халықаралық агент­тік­тің дирек­торы Юкио Амано, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қару­сыздану жөніндегі арнайы өкілі Сержио Дуарте, бейбітшілік саласын­дағы Нобель сыйлығының лауреаты, Оңтүс­тік Африка Республикасының бұрын­ғы президенті Фредерик де Клерк, «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуына зор үлес қосқан Германияның бұрын­ғы сыртқы істер министрі Ганс Дитрих Геншер сияқты саясат саңлақ­тары қатысатын кең-ауқымды іс-шара ядролық қарудан бас тартпаған және ЯСЖТШ-ны ра­ти­фикацияламаған мем­лекеттерге халық­аралық қысымды күшейту мақсатын көздейтін болады. Жалпы алғанда, Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтама­сыз етудегі тың бастамаларын жүзеге асыру отандық дипломатияның қызметін­дегі негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек. Ал Қазақстан Прези­дентінің жаһан­дық қауіпсіздік және ядролық қарусыз­дану жөніндегі көшбас­шылығы әлем на­зарын аударып отырғаны анық. Сәулебек КӨКШЕҰЛЫ.