Астанада Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының күндері өтті
ҚҰТ ҚОСТАНАЙ ТАРТУЫ
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту ауқымында белгіленген шаралар аясында 28, 29 қыркүйек күндері Астана қаласында Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын газетіміздің өткен санында хабарлаған болатынбыз. Төменде астаналықтар мен елорда қонақтарының көңілінен шыққан осы бұқаралық шаралар туралы мақалалар топтамасын жариялап отырмыз.
Екі күн бойы Астана қаласындағы «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда өтіп жатқан Қостанай облысы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі қала жұртшылығының ерекше назарын аударды. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Нұралы Сәдуақасовтың айтуынша, Қостанай облысының азаматтары Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында бас қаламызда өткізіліп отырған облыстың мәдени күндеріне жан-жақты дайындалған. Кәсіпкерлерден басқа, облыс күндерін өткізуге өңірдің үлкен шығармашылық ұжымдары да келіпті.
Қостанай облысы елордадағы жәрмеңкеге 250 тоннадан астам әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерін әкелген. Еліміздің орманмен өрілген құйқалы да өрісті өңірінен әкелінген бұл тауарлар тұтынушылардың жоғары сұранысына ие болуда. Атап айтқанда, облыстың ауыл еңбеккерлері бас қаладағы жәрмеңкеде саудаға салған ет, сүт өнімдері және картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлері, өсімдік майы мен жұмыртқа «пышақ үстінен» бөлініп әкетіліп жатты. Себебі, мұнда макаронның 1 килосы 125 теңге, ұнның 1 килосы 62-75 теңге, сүттің 1 литрі 140 теңге, картоп, сәбіз, қырыққабаттардың әрбір килосы тиісінше 35, 45 және 15 теңгеден айналды. Сиыр етінің әрбір килосы 800-850 теңгеден саудаланды.
Жәрмеңкеге келушілерді, әсіресе, Рудный қаласының «Карагулина» жеке кәсіпкерлігінің нан және нан өнімдері қатты қызықтырды. Қостанайдың қуатты да сапалы бидайынан пісірілген тәтті тоқаштардың 200-ден астам түрі саудаға салынды. Любовь Карагулина басшылық ететін бұл наубайхана Рудныйдың 100 тұрғынына жұмыс беріп отырған көрінеді.
Қостанайлықтар Астана жұртшылығын жоғары сұранысқа ие азық-түлік тауарларымен ғана қуантып қойған жоқ, сонымен бірге, мәдени күндер аясында ауқымды рухани-мәдени шаралар да өткізді. Атап айтқанда, Ұлттық академиялық кітапханада Қостанай облысының күндері аясында үлкен мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. «Туған өлкем – Қостанай» көрмесімен ашылған бұл мәдени шаралар өңірдің рухани-мәдени жетістіктерін паш етумен жалғасты. Көрермендерге Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы торқалы тойы қарсаңында облыстың қол жеткізген толағай табыстарын әр қырынан бейнелеген бейнефильмдер көрсетілді. Бұл шараларға өнерлі де шежірелі өңірден шыққан мәдениет, өнер және әдебиет майталмандары да көптеп қатысты.
Астанадағы қазіргі заманғы өнер мұражайында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы келушілердің ыстық ықыласына ие болған көрме ұйымдастырды. Оның өзіндік себебі де бар. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы еліміздегі ең көне мұражайлардың бірінен саналады. Ол 1915 жылы шаңырақ көтерген. Міне, осы көне мұражай көрмесіндегі тек Қостанай өңірінің ғана емес, сонымен бірге, еліміздің ғасырлар бойғы шежіресінен сыр шертетін жәдігерлер келушілерді зор танымдық әсерге бөледі.
Иә, ежелден ауылшаруашылық саласының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан Қостанай облысы шын мәнінде еліміздің астықты құт қамбасы болып танылады. Биылғы жылы қостанайлықтар ел тарихында бұрын-соңды болып көрмеген бітік егін өсірді. Өңір диқандарының биылғы қол жеткізген жетістігі шын мәнінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тартылған лайықты тарту еді. Бүгінгі күнге дейін облыс диқандары 7 миллион тонна бадана дән бастырды. Әлі де егіс көлемінің 12 пайызы орылмай жатқан көрінеді. Ауа райы қолайлылық танытса, қостанайлықтар тағы да қосымша 1 миллион тоннадан астам астық жинамақ. Іске сәт, ел ырыздығы еселене берсін!
* * *
ЫРЫСТЫ, КҮРІШТІ ҚЫЗЫЛОРДА
Ақ күріштің отаны – Сыр өңірі республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Астана қаласындағы облыс күндеріне ерен тарту-таралғымен келді. Қызылорда облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілері мерекелік жәрмеңкеге 400 тоннадан астам әртүрлі тауарлар әкелді. Күрішті өлке елордалық тұтынушыларға Сыр маржанының неше түрлі сорттарын ұсынды. Жалпы, облыстың мәдени күндері аясында өткізілген азық-түлік тауарларының жәрмеңкесінде 60 тоннадан астам Сыр маржаны сатылған көрінеді.
Қызылордалықтар жәрмеңке күндері қала тұтынушыларына 200 тоннадан астам көкөніс түрлерін жеткізіпті. Қасіреті қаншалықты қалың болса да ел үміті мен Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында қайтадан арнасын толтыра бастаған Арал теңізінің балығы сауда сөрелерінен көптеп орын алды. Арал балықшылары Астанадағы жәрмеңкеге 30 тоннадан астам теңіз балығын әкелген көрінеді. Сауда сөрелерінде Аралдың сазаны, ақмарқа, түйетабан және мөңке сияқты балықтың неше түрі алыстан көз тартады. Балық өнімдерін саудалауда, әсіресе, Қазалы ауданының «Бақыт» шаруа қожалығының үлесі зор.
Біз осы шаруа қожалығының бастығы Аманбай Ерхатовқа жолығып, әңгімеге тарттық. «Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өңірімізде балық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылды, деп бастады ол әңгімесін. Арал өңірінің тұрғындары ежелден-ақ өздерінің тұрмыс-тіршілігін теңізбен, яғни балық аулау кәсібімен ұштастырған. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының нәтижесінде ХХ ғасырдың апаты саналған Арал теңізі трагедиясының орны толғандай болды. Біздің Бөген ауылы осы қазынасы да, қасіреті де қалың Арал теңізінің жағасында орналасқан.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан елімізді индустрияландыру бағдарламасы аясында мен басқаратын «Бақыт» шаруа қожалығында «Балықты өңдеу өндірісін ұйымдастыру» жөніндегі инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның құны 33 миллион теңге тұрады. Осы жоба шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шаралар ауқымында біз жылына 500 тонна балық өңдейтін зауытты іске қостық.
Жоба ауқымында жылына 850 тонна балық аулау цехы іске қосылып, шаруа қожалығы мұздатылған балықтарын көршілес Ресей облысына импорттауда. Қазіргі таңда бұл индустриялық жобаның екінші кезеңі – сұрпы ет дайындайтын цех құрылысы іске қосылмақ. Жобаны іске асыру аймақтағы балық шаруашылығының дамуын жаңа белеске көтермек.
Бүгінгі мереке шеңберінде өтіп жатқан облыс күндері аясындағы жәрмеңкеге, «Бақыт» шаруа қожалығы 5 тонна Арал балығын әкелді. Өзім басқаратын бұл шаруа қожалығында қазір 100-ге тарта балықшы еңбек етеді. Біз Германия технологиясы бойынша балық өнімдерін шығару тәсілін іске қостық. Атадан балаға мұра болған балықшы кәсібін игерген Төребек Ділжанов, Марат Келімбетов сияқты балықшылардан құралған ұжымымыз күніне 4-5 тонна балық аулайды. Ендігі мақсатымыз айдынды Аралдан өндірілетін балықты ел игілігіне жарату, дейді «Бақыт» шаруа қожалығының бастығы Аманбай Ерхатов.
Қызылорда облысының Астанадағы мәдени күндері шеңберінде жәрмеңке аумағында Байқоңыр мұражайының көрмесі ашылды. Онда ғарыш айлағының жарты ғасырлық шежіресі, адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің суреті және өмір шежіресі орын алыпты. Сондай-ақ бұл көрмеде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің, ғарышкер Талғат Мұсабаевтың ғарыш кеңістігін бағындырудағы ерен еңбектері жан-жақты көрініс тапқан. Байқоңырдан келген мамандар осы жәрмеңкеге жиналған халық алдында аспанға жүздеген ракеталар ұшырып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне отшашудан тарту тартты.
* * *
ОҢТҮСТІКТЕН ЕСКЕН ЖЫЛЫ ЛЕП
Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы мәдени күндері қала әкімдігі жанындағы орталық алаңда қанат жайды. Ұлы Абай ескерткішінің жанында кең құлаш жайған үлкен сахнада шырайлы оңтүстік өңірінен келген жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер ұзақты күн алаңды ән мен күйдің мерекесіне бөледі. Облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкелерде азық-түлік тауарларының неше түрін қала тұрғындарына тарту етті. Ерекше атап көрсететін мәселе, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл еңбеккерлері өздерінің табан ақы, маңдай терімен өндірген өнімдерін ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған жәрмеңкеде елорда тұрғындары мен қала қонақтарына базар бағасынан 30-40 пайыз төмен бағамен сатты.
Иә, ұлттық рухымыздың ұйытқысы болып танылатын Оңтүстік Қазақстан облысының еңбеккерлері Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қарышты қадамдармен алға басуда. Облыстың жалпы өнім өндіру көлемі 1991 жылғы 7 миллиард теңгеден 2010 жылы 163 есе өсіп, 1,1 триллион теңгеге жетті. Өңірдегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 121 есе артып, 1991 жылғы 3,7 мың теңгеден 2010 жылы 447,8 мың теңгеге жетті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде өңірдегі халық саны 650 мың адамнан 2,6 миллион адамға өсті. 20 жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция 225 есе, облыс бюджетінің көлемі 25 есе өсті.
Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде өңірдегі өнеркәсіп өндірісі де артып, 2010 жылы 305 миллиард теңгені құрады. Облыста 280 жаңа кәсіпорын ашылып, 17 мың жаңа жұмыс орны іске қосылды. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қазірдің өзінде 57 ірі жоба іске қосылды. Соның бірі өңірде ірі құс етін өндіретін кешен – «Ордабасы құс» ЖШС болып табылады.
Астана қаласында өтіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында Шымкент өңіріне күркетауық етін өндірумен атағы кең жайылған «Ордабасы құс» ЖШС-ның фирмалық дүкені ашылды. Астана қаласында алғаш ашылып отырған «Ордабасы құс» ЖШС-ның күркетауық етін сататын бұл арнайы дүкеннің ашылу салтанатына серіктестік басшылары, «ҚазАгроФинанс» АҚ және Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілдері қатысты.
Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске қосылған ірі жоба – күркетауық етін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі үлкен кешен өткен жылы құрылған болатын. Ордабасы ауданындағы Бадам ауылында қоныс тепкен «Ордабасы құс» кешенінің жалпы құны 3 миллиард 802 миллион теңгені құрайды. Құс фабрикасының директоры Мұрат Тағаевтың айтуынша, қазір бұл үлкен өндіріс орны 1150 тонна күркетауық етін өндіреді. Жыл аяғына дейін бұл меже 2900 тоннаға жеткізілмек. Бүгінгі заманның озық технологиясы бойынша жабдықталған құс фабрикасында 298 адам еңбек етеді. Қазір «Ордабасы құс» ЖШС-ның Шымкент, Алматы қалаларында арнайы дүкендері болса, енді елордада облыс күндері аясында бой көтерген жаңа дүкен қосылды.
Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өткізілген Астана қаласы әкімдігінің алдындағы үлкен алаңда азық-түлік тауарларының жәрмеңкесімен қоса, оңтүстік өңірдің он саусағынан өнер тамған шеберлерінің қолынан шыққан неше түрлі бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылған. Әсіресе, оңтүстік өңірінің атағы кеңге жайылған қолөнер шеберлерінің туындылары жәрмеңкеге келуші қала тұрғындарын ерекше әсерге бөледі.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Астана қаласында ұйымдастырылған Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының мәдени күндері мен азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. Сәтті басталған бұл дәстүр алдағы уақытта да лайықты жалғасын таппақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.