Әсем Астанамыздың күн санап өсіп, өркендеуі қосымша қызмет түрлерінің аясын да кеңітуде. Қазір елорданың айналасында тұтас алгомерациялық желі қалыптасып келеді. Осыдан келіп туындайтын басты мақсат қалыңдай түскен тұрғындарды сапалы азық-түлікпен жыл бойы қамтамасыз ету екендігі белгілі. Елбасы бұл жөнінде іргелес Ақмола облысына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Қалалықтарға нан, ет, сүт өнімдерімен қатар, көкөніс пен жемістерді тоқтаусыз жеткізіп беру де жауапты іс. Ал оны Астана дастарқанынан жыл бойы үзбеу арнайы қоймаларсыз шешіле қоймайды. Қоймалар бұрыннан болғанымен, уақыт талабындағы нысандар санаулы. Солардың бірі Аршалы ауданының орталығындағы «Формула успеха» компаниясы» ЖШС-ның жаңа үлгідегі қоймалары деуімізге болады.
Біз ұжым басшысы Мұрат Шаймерденовпен биылғы ақпан айында Көкшетау қаласында өткен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде танысқанбыз. Қақаған аязда бұлардың алып рефрижератор көлігінің маңайы кісіден бір сәт үзілмеген. Қалалықтар қаптап картоп пен қырыққабат, пияз, келілеп алма, алмұрт, жүзім алып, жүздері жадырап сала берген. Бағасы да дүкендер мен жабық базардағыдан 30 пайызға арзан. Бұл делдалсыз сауданың артықшылығын көрсетеді. Айтпақшы, жоғарыдағы жәрмеңкенің бір күнінде серіктестік Астана мен Көкшетауда 20 тонна картоп, 9 тонна сәбіз, 8 тонна пияз саудалапты. Біз осыдан кейін ЖШС директорымен жиі кездесіп тұрдық. Жақында Аршалыда болудың да сәті түсті.
Қыркүйектің 17-інде далада 30 градустан астам ыстық болып тұрды. Қаз-қатар тізілген қоймалардың шеткісіне енгенімізде кәдімгідей тоңуға айналдық. Мұның қос қапталында картоп, қызылша, сәбіз, қырыққабат сақталады екен. Ұстап көргенімізде бақшадан жаңа ғана қазып немесе үзіп алынғандай әсерде болдық. Сондай-ақ, қоймалардың әрқайсысында температура әртүрлі екендігін байқап келеміз. Ал термос қоймаларда әншейінде тез бұзылатын жемістер мен көкөністер сақталады. Жылылық пен суықтық автоматты түрде реттеліп, компьютермен басқарылады. Мұрат бауырымыз қалдықсыз жұмыс істейтіндіктерін айтады, тіпті, бір пайыздық шығын дабыл қағарлық оқиға саналады дейді.
Қоймалардың жалпы сыйымдылығы 3000 тонна ауылшаруашылық өнімін сақтауға мүмкіндік береді. Осының арқасында 2010 жылғы тауар айналымы 100 миллион теңгеге жеткен. Өнімдер «Сарыарқа» ӘКК-ден жалға алынған 17 павильонда сатылуда. Бүгінгі таңда компания Астанадағы «Шарын» базарында сыйымдылығы 80 тонналық екі нүкте және «Метро» сауда-жәрмеңке кешенінен дүңгіршек ашқан. Бұл кіріс көзен молайтатын қадам болғанымен, «Формула успеханы» уақыт талабындағы жаңа жоба-жоспарлар мазалайды екен.
– Қойманы жабдықтаумен іс бітпейді, – дейді кезінде 20 жыл кеңшар басқарған тәжірибелі маман М.Шаймерденов. – Сервистік дайындау орталықтарын құру керек. Осы бағыттағы инновациялық жобаны Үкімет те қолдап отыр. Біз дайындық сатысын бастап та кеттік. Жаңа қойма салынып, өндірістік база қайта құрылды. Қазір өзіміз келісім-шарт түзген шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарынан, оңтүстік өлкедегі әріптестерден әртүрлі өнімдер жеткізілуде. Жұмысшыларымыздың барлығы жергілікті азаматтардан іріктеліп, оларға қолайлы еңбек жағдайлары жасалған. Орташа жалақы 50 мың теңгеден айналуда. Моншамыз, 60 орындық дәмханамыз бар, қуатты компрессорлар, техникалар алып жатырмыз. Бұған қыруар қаржы жұмсалды. Ендігі жерде, жан-жақты сарапталған жобамыз қолдау тапса, таразы шаруашылығынан бастап зертханаға дейінгі өндірістік қуаттарды арттыру, дербес жеміс-көкөніс шаруашылығын құру, мал өнімдерін дайындау, шұжық цехын ашу ниетіндеміз.
Құзырлы орындар осындағы жиырма жұмысшыны толғандыратын төмендегі мәселені шешуге септік жасалса деген тілек айтылды. Яғни, компания 51 пайыздық үлеспен «Сарыарқа» ӘКК-мен әріптестік байланыста болыпты. Биыл «Сарыарқа» Астана қаласының қарауына көшкен. Сол үлес аршалылықтардың меншігіне берілсе, ортақ істің аясы кеңіп, тиімділік арта түспек. Құлшыныс жетегіндегі ұжым бұған кепілдік береміз дейді.
Үнемі қозғалыс пен ізденіс үстіндегі істің еселі қайтарымы болатындығы белгілі. Осы ретте, «Формула успеханың» талпыныстары табысқа бастайды деген ойдамыз.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы, Аршалы ауданы.