Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен жүзеге асқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының құнды жобалары ел игілігіне қызмет етуде. Осылайша индустриялық даму арқылы еңбек өнімділігі артып, бәсекеге қабілетті өнім өндіру бағыты айқындалды. Экономиканың шикізаттық емес секторына салынған отандық және шетелдік инвестиция көлемі артуымен жұмыссыздық мәселесі де шешімін тауып келеді.
Осы орайда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар еңбегі қат-қабат тірлікке ұласқан. Өйткені, биылғы міндет ауқымы күрделі. Жетісуда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 8 жобаны пайдалануға беру жоспарланса, оның бесеуі алғашқы жарты жылда жүзеге асты. Мәселен, халықаралық стандартқа сай құрылысқа қажетті профильді құбыр шығаратын «Sonik», битум өндіретін «ЮрИнвестҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және басқа да кәсіпорындар өз жұмыстарының тиянағын келтірген. Аталған жаңа жоба барысында жүздеген адам жұмыспен қамтылып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көтеріліп келеді.
Астанада өткен «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз» атты индустриялық-инновациялық форумда Елбасы телекөпір арқылы еліміздегі жобалардың халықтың жарқын болашағы үшін жұмыс жасайтынын атап өтті. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындар қатарындағы Іле ауданындағы «Sonik» кәсіпорны өз мүмкіндіктерін, бағытын айқындап, рынокта сұранысқа ие металл өнімдерін өндіруге тәуекел жасаса, бұл өз жемісін бергенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Байсерке селолық округі аумағындағы «Даму» индустриялық-логистикалық орталығының маңынан 3,15 гектар жер телімін алған кәсіпорын металдан тұтынушылар сұранысын қанағаттандыратын халықаралық стандарттарға сай төрт қырлы, әр түрлі мөлшердегі құбырлар, сым темірлердің алуан түрін шығарып отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары «Sonik» компаниясына, өндірістік цехты тиісті қондырғылармен жабдықтау міндеті «STS Сталь центр» компаниясына тиесілі. Компания мамандарының қатысуымен алғашқы кезекте құрал-жабдықтар толық орнатылып, қондырғылар Қытай Халық Республикасынан жеткізілген. Құрылғыларды орналастыру, автоматты жүйеге қосу және компьютерлендіру жұмыстарына қытайлық мамандар тартылған. «Sonik» компаниясының директоры Сергей Сон кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырған сәт әлі де көпшілік есінде.
Сәлеметсіз бе, құрметті Нұрсұлтан Назарбаев, деген еді толқып тұрған зауыт басшысы сол жолы. Біз бүгін профильді құбыр шығаратын зауытты іске қосамыз. Бұған дейін мұндай өнімдер тек таяу және алыс шетелдерден тасымалданып келді. Бүгін біз жылына кемінде 10 мың тонна өнім өндіретін зауыттың алғашқы кезегін іске қоспақпыз. Алдағы екі жылда екінші кезегі іске қосылады. Сол тұста өнім өндіру көлемі төрт есеге ұлғаймақ. Осының бәрі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Ұжым мүшелері мемлекеттің қолдауын жан-жақты сезінуде. Сіздің жүргізіп отырған саясатыңызды шынайы қолдаймыз. Біз индустрияланған қуатты Қазақстан жағындамыз.
Нық сенім, батыл қадаммен зауыт жұмысын бастап кетті. Негізгі өндірістік цехта 60-қа тарта адам еңбек етуде. Олардың орташа айлықтары 70 мың теңгені құрайды. Ал кәсіпорын толық қуатында жұмысқа кіріскен жағдайда жұмысшылар саны 150-ге жеткізілмекші. Зауыт ұжымы ИСО-9001 сериялы халықаралық сапа жүйесіне ену үшін ізденіспен еңбек етуде. Елімізде бұған дейін бұл тектес жоба болмаған. Демек, жаңаға бет алған кәсіпорынның ертеңінен үлкен үміт күтуге болады.
Қазіргі кезде негізгі өндірістік цех жұмыс істегенімен алдағы кезеңде темірді жону және дәнекерлеуге арналған қосымша цехтар салынбақшы. Бұған қоса дайын өнімдер қоймасы, әкімшілік ғимараты, асхана салу мәселелері бар.
Кәсіпорын іргесінен тұрмыстық кешендер бой көтеріп, оның болашағынан бағдар бергендей. Ауқымды жобалардың қатарындағы кәсіпорында өндірілетін өнім мөлшері де жыл сайын артатыны анық. Болашақта құбырлар мен сым темірлерді өндіру жылына 40 мың тоннаға дейін жеткізілмекші. Сол кезде компания өз өнімдерімен еліміздің оңтүстік өңірлерін толықтай қамтамасыз етуге қабілетті болады. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанға өз өнімдерін шығарып, экспорттау міндетін алға қоюда.
Кәсіпорын өнімі әртүрлі мөлшердегі төрт қырлы темір құбырлар, металл конструкциялары, үстел, орындық, тақта сияқты тұтыну заттарын жасауға кеңінен қолданылады. Сондай-ақ азаматтық әскери құрылыс және басқа салалар көптеп тапсырыс берген. Жиһаз жасаушыларға да таптырмайтын өнім. Алысқа бармағанның өзінде, соңғы бірер ай көлемінде Алматыдағы «ZETA» жиһаз фабрикасы үлкен мөлшерде тапсырыс беріп, келісім-шарт жасасқаны осының дәлелі.
Өндірістің дамуы көбіне шикізат көзіне байланысты. Тоқырау жылдарында көптеген отандық өндірістер осы мәселеден зардап шегіп, жұмыстарын тоқтатты. Кәсіпорын бұл жағынан тапшылық көрмейді. Негізінен Қарағанды металлургтеріне үлкен сенім артылып отыр. Тіпті, түйінді мәселелер туындаған жағдайда Ресейдегі Магнитогор, Батыс Сібір металлургия комбинаттарының көмегіне жүгінетіндіктерін айтады. Қазірдің өзінде осы бағытта келісімге қол жеткізілген.
Жастар туған жерінде тер төгіп, еңбек етуге қашанда дайын. Зауыттағы қайнаған еңбектің ортасында жалынды жастар да бар. Бізге мұнда барлық жағдай жасалған. Айлық уақтылы беріледі. Денсаулықты нығайтуға да мүмкіндік бар. Біз Президентті қолдаймыз. Еліміздегі саяси тұрақтылық, ел дамуы басты байлық екенін түсінеміз. Тәуелсіздік тойына деген ұжым мүшелерінің еңбектегі құлшынысы ерекше, деді Елдос Қадырбеков әңгіме арасында.
Іледегі кәсіпорынның жалпы құны 1 млрд. 885 млн. теңге. Қысқа мерзімде таза пайдаға шығу да ойда бар. Елбасының қолдауымен жұмысын бастаған жаңа кәсіпорындағы еңбек көрігі осылай жалғасуда.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.