• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2011

Жаңа ғасырды жасампаздықпен бастаған мемлекет

485 рет
көрсетілді

1991 жылғы 16 желтоқсан – ел тарихында алтын әріптермен жазылған күн. Еліміз тәуел­сіздігін алғанда халқымыздың бостандығын аңсаған азаматтарымыздың шынайы қуан­ға­нын көзіміз көрді. Әрбір ұлтжанды адам қа­зақ­тың тілі мен ділі, діні қайта оралғанын, азат­тыққа қол жеткенін анық сезінді. Өзім де ел ішінде халықпен бірге еңбек еттім. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де, кейін де «Жетісай» агро­фирмасына басшы­лық жасадым. Біраз уақытқа дейін агрофирма ұжымын сақтап отырдық. Шаруа­шы­лықта жү­гері, бақша, көкөніс, жібек піл­лә­сін, ет, сүт, мақта өндірдік. Мал азығына қажетті жем-шөп қорын дайындадық. 1990 жылдардың орта тұсында өзге өңірлерде ішкі экономикалық дағдарыстар орын алып, өндірістер тоқтап қалып жатты. Сол кезде мақта өндірушілер көп қинала қойған жоқ. Өйткені, мақтаның бағасы жо­ғары болды. Соған орай халықтың табысы да жаман емес еді. Әрине, туындап жататын мәселелерді уақтылы шешіп отырдық. Еліміздің мемлекеттік жоспарлы жүйе­ден нарық экономикасына көш­кен кезеңін халықпен бірге бастан өткердік. Мемлекетпен есеп-қисабы­мызды ажыратып алғаннан кейін, халықтың тиесілі жер үлесі мен мүлік пайын таратып бердік. Барлығы әділ жүр­гізілді. Ол үшін шығарылған Министрлер Кабинетінің мүлік пайын, жер үлесін қалай есептеу туралы арнайы ережесі болды. Шаруашылық­тың жалпы жиналысында кімге қанша үлес тиесілі екендігі шешіліп, 43 адам­нан тұратын комиссия құрылып, аса ұқыптылықпен бөліс жасалды. Біздің ұжым­да ешқандай артық-кем сөз болған жоқ. Кейбір өңірлерде жер дауы айқай-шуға ұласып жатқанын естіп жүрдік. Алайда, біздің ша­руашылықта қанша жыл өтсе де «Менің үле­сім дұрыс берілмеді», деген ешкім бол­ған емес. Әрбір тұрғын әлі күнге дейін ри­за­шы­лығын айтады. Себебі, барлық есептеу ел­дің алдында жариялылық жағдайында өтті. Айта кетуім керек, 1990 жылдар­дың басында бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы жүйе де, байланыс та үзілді. КСРО бойынша әр зауыт өзі мамандандырылған құрал-жаб­дықты ғана шығаратын еді. Әр республикадан келген құрал-жабдықтардан тұтас бір тех­никаны құрастырып жасайтын зауыт тағы бір қалада болатын. Орталық билік Қазақстанды негізінен шикізат өндіруші ретінде пайдаланып келді. Ескі технологиямен өнім шығаратын зауыттар тоқтап қалды. Елде жұмыссыздық белең алды. Айлап ең­бек­ақы, жылдап зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, жарық өшіп жатты. Көптеген елді мекендер жарықсыз отырды. Көгілдір отын да жоқ. 1992-1993 жылдары рубль сабан ақшаға айналды. 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз қолданысқа еніп, хал­қы­мыздың мерейі бір өскен еді. Барлық проб­лемаларымен жеке-дара қалған Қазақ­стан­ды Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бү­кіл қиын­дықтан алып шықты. Ішкі эконо­ми­калық жағдайды дұрыстап алуға баса мән берді. Елдің жағдайын көтерудің бір жолы – инвестиция тарту екені белгілі. Осы орайда Елбасы көрші және көптеген алыс шетелдермен ынтымақтастық байланыс орнатты, қаншама сапарларға шығып, келіс­сөздер жүр­гізді. Қазақстанға инвестиция тарту жо­лында Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған қызметі ұшан-теңіз. Өндіріс орындарын жаңа заман сұранысына қажетті тауарлар шы­ғаруға бейімдеді. Саяси-экономикалық ре­формалар сәтті жүзеге асырылды. Біз со­ның арқасында үлкен қиын­дықтарды жеңе білдік. 1998 жылдың соңына қарай еліміз эконо­микалық табыстарға қол жеткізе бастады. 1997 жылы жаңа ел орта­лығын таңдап, Ал­ма­тыдан Ақмолаға – қазіргі Астанаға көші­ріл­ді. Сол кезеңде халықтың да болашаққа деген сенімі нығайып, үлкен серпіліс бас­талды. Мемлекетіміз құқықтық, саяси-эко­но­микалық тұрғыда жан-жақты қалыптасты. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақ елінің қол жеткізген табыстары да аз емес. Қазақстан – демократиялы, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтiк мемлекет. 20 жыл ішін­де осы мақсатта іргелі істер атқарылды. Жаңа елор­дамыз – Астана қаласы әлем елдері санасатын, пікір алмасатын саяси-мәдени орталыққа айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында тәуелсіздік жылдарында ел эконо­микасына 126 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылғанын, Қазақстанның халықаралық резервінде бүгінде 74 миллиард долларға жуық қаржы бар екенін айтты. Сонымен қа­тар, біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз. Ішкі жалпы өнім өсімі 2010 жылы – 7 пайыз, өнеркәсіп өн­дірісі – 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26-сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді. 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жал­пы өнім 700 доллардан сәл ғана асатын бол­са, биыл бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларына жетті. Елбасы әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіздігінің алғаш­қы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын атап көрсетті. Елімізде өткен жылдан бастап жеделдетілген экономикалық жаңғыртуға ба­ғыт­талған үдемелі индустриялық-инновациялық даму­дың 2010-2014 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы жүзеге асуда. Соңғы жылдары өңірлерді көгілдір отын­мен қамту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Айталық, осы күнге дейін Өзбекстан газын пайдаланып келген оңтүстік өңірдің бір­қа­тар аудандары Қазақстанның өз газымен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда «Бейнеу-Бозой» газ құбыры жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл – Елбасы назарындағы маңызды жоба. Осы жобаның арқасында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда облыстары көгілдір отынмен қамтылады. Елбасы 17 сәуірде өткен Үкіметтің ке­ңей­тілген отырысында барлық сала бой­ын­ша нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін санамалап қайталап айт­пай-ақ, атқарушы билік оны орындауы керек. Арада үш ай, алты ай өткенде «Елбасының осындай тапсырмасы болды, оның осыншасы орындалды, әлі күн тәртібінен түспегені мұншама» деп есеп беріп отырғаны жөн. Айталық, ауыз су бағ­дар­ламасын жүзеге асыруға мұнша қаражат бө­лінді, оның осынша көлемі игерілді. Нақты қайсы өңірде, қандай елді мекендер сумен қамтыл­ғанын республика бойынша жариялап отыруымыз керек. Сонда жариялылық болады. Әйтпесе, мына облыста 25 ауыл сумен қамтылды, оған мұнша ақша жұмсалды дегендей жалпылама мәліметтердің қажеті жоқ. Сондықтан қазір республикалық бюд­жет­тен қомақ­ты ақша бөлінуде. Ал оның қалай жүзеге асып жатқанынан бүкіл халық хабардар болуы керек. Мәселен, еліміздің қай қиырындағы болса да бір ауыл таза ауыз суға қолы жетіп жатса, ол бәріміз үшін, қазақ халқы үшін қуаныш. Бүгінгі таңда ауыз суға жары­май отырған ауылдар оң­түстікте де, солтүстікте де, батыс пен шы­ғыс­та да жеткілікті. Өйткені ертеде тар­тылған су құбырлары тозған немесе бұрын су алып келген аймақтармен қарым-қаты­настары үзіліп қалған. Елбасымыз 2020 жылға дейінгі елдің стратегиялық бағдарламасын белгілеп берді. Ол жүзеге асқан кезде Қазақстан халқының әл-ауқаты мен экономикалық жағдайы әл­де­қайда жоғары болады. «Дүниежүзілік стан­дарттарға сай өмір сүру көрсеткіші орын­да­ла ма?» десек, міндетті түрде орындалады! Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығын алға бастыру жөнінде қаншама бағдар­ламалар қабылданып жатыр. Өңірлерге барғанда 2020 жылға дейінгі елдің стратегиялық бағ­дарламасын халықпен бірге талқыладық. Халқымыз бұл бағдарламадан үлкен үміт күтіп отыр. Әр кезеңге бөлінген, қай жылы қандай кешенді істер атқарылатыны көрініп тұр. Алайда, бағдарлама қабылданды екен деп ешкім арқаны кеңге салып, қарап отырмауы керек. Ол – бүкіл­халықтық іс. Ер­теректе екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев Жазушылар одағында жарыссөзге шыққанда: «Диқан кетпеніне, қойшы тая­ғы­на, жазушы қаламына ықтият болсын», деп үш ауыз сөзбен сөзін доғарған екен. Не деген терең мағыналы сөз?! Әр адам өзінің істеп жатқан жұмыс орнында көзделген межеге үлес қосса, жүзеге аспайтын бағдарлама болмайды. Біздің еліміз 20 жылдығына, Аллаға шүкір, ауқымды жетістіктерімен келіп отыр. Қазір барлық жерде өзгеріс көп. Қала да, аудан орталықтары мен ауылдар да жаңа ғасырдың техноло­гиясын пайдалануға көш­ті. Оның барлығын халық көріп отыр. Жанымды қинайтын бір жәйт бар. Қазақ елінің жетістіктері туралы айта қалсаң, кейбіреулер ағат пікір айтып жатады. Елдің өсіп-өнгенін көрмеген адамның ой-өрісі төмен деп ойлаймын. Өзіңіз қандай болса­ңыз, айналаңыз­дағыны солай көресіз. Дүние – ішіңіздегіні көрсететін айна. Ойы келте адамдар ойына келгенін айта береді. Қоғамның дамуына Парламент депу­тат­та­ры да айтарлықтай үлес қо­сып келеді. «Нұр Отан» партиясы депутаттыққа сайлау кезінде өз қызме­тінде аудан мен өңірде абыройға бөленген азаматтарды таңдап іріктеп алды. Мүмкін тәжірибелері жетпей жа­та­тын тұстары да бар шығар. Негізінен теріс жағынан мінездеме алмаған азаматтар. Мұ­ғалім, экономист, заңгер немесе ғалым бол­сын, өндіріс орында­рында істеп келгендер. Ауызбіршілік бар жерде жұмыс жүреді. Бірлік, ынтымақ болмаса, кез келген ұжымда жұмыс жүрмейді. Өмір мен еңбек жолымда мұндай жәйтке әбден көзім жеткен. Ұжымда айтыс-тартыс болса, жұмыс жүрмейді, тек қана бір-бірін аңдиды. Бір-бірін сүріндіретін оқиға іздейді. Депутаттардың да алда тұрған мақсаты заң шығармашылық ісі арқылы елімізге қажетті заңдарды дер кезінде шығарып, 20 жылдықты еңбек өнімділігімен қарсы алу. Басты заң­дардың барлығы қабылданды деуге болады. Бүгінгі таңда қолданыс­тағы заң­дарға толықтырулар мен өзгерістер көбірек енгізіліп жатыр. Ең бастысы, халыққа тиімсіз жағын болдырмау. Қоғамға, халыққа, эконо­микаға тиімді заңдық нормаларды қол­дап, мемлеке­тіміздің өркендеуіне, тұрғын­дар­дың әл-ауқатының артуына жағдай жасай­тын заңнамалық актілер қабылдануы тиіс. Біздің қоғамды теріс жағынан көрсетіп тұрған көріністің бірі – сыбайлас жем­қор­лық. Онымен арнайы күресу үшін заң да қа­былданды. Айта­лық, депутаттар, білікті заң­герлер әрбір заң қабылданғанда оның бір нор­масынан сыбайлас жемқорлыққа жол берілетін тұсы жоқ па деп мұқият қарап оты­рады. Сыбайлас жемқорлық әрекетке құлқұ­нын шектеуді білмейтін, имандылықты бой­ға жимаған, қана­ғатқа тоқтам жасай алмай­тын, тек қара басының қамын күйттейтін адамдар барып жатыр деп ойлаймын. Ондай адамдар бүкіл қоғамға кір келтіреді. Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық еткен кезде және осы халықаралық беделді ұйымның Астанада Саммитін өткізген тұста біздің елдің бейбітшілікті мақсат еткен басты бағыты, Елбасының абыройы әлемге айқын көрінді. Астанаға шетелдік меймандар да жиі келіп жүр. Шетел парламент­тері­нің депутаттары да келіп, қазақстандық әріп­тестерімен жүз­де­седі. Сондай басқо­су­ларда Қазақ­станның Орталық Азиядағы беделді мемлекет екені, өміршең бастамалары арқылы әлем назарын өзіне аударып отыр­ғаны мәртебелі меймандар тара­пынан жиі айтылады. Соның барлығы мемлекетіміздің өркендеу жолына берілген әділ баға деп білемін. Мен Қазақ мемлекетінің дүние жүзі құр­мет­тейтін абыройлы ел атанып, эконо­ми­ка­лық-әлеуметтік жағдайы жоғары болуын, ел тұрғындарының денсаулығы мықты, ер­теңгі күнге деген сенімдері нық, мәдениетті, адал еңбекті жаны сүйетін азаматтар бо­луын тілеймін. Тұрақтылығы сақтал­ған, ынты­ма­ғы жарасқан Қазақстанды, өркениет биігінен орын алған мемлекетімізді көргім келеді. Мысалы, тіпті шетелдердегі қан­даста­ры­мыз қиындықтарды бастан кеше жүріп, ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпаған. Солақай саясат жүргі­зілген Кеңес өкіметі тұсында тілімізді, ділімізді әлсіретіп алған шы­ғармыз, енді тәуелсіздігіміз қолға тиген тұста ұлт­тық рухымызды жо­ғалтпауымыз қажет. Қа­лып­тасқан салт-дәстүрімізді сақта­ған халық бол­ғанымыз жөн. Әсіресе, ислам дінінің негізгі қағидаларын ұстана білуіміз қажет. Осы ұлттық ерекшеліктерімізді қадірлей біл­сек, еліміз де өркендейді, халқымыз да аман-есен жаңа ғасырларға жете беретіні сөзсіз. Бар арман-тілегіміз – осы. Өстемір БЕКТӨРЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясының  мүшесі.