Қызылорда облысындағы барлық экологиялық бақылау ұйымдарымен кездесу барысында, облысымыздағы ірі мұнай компанияларының өндірістік қалдықтарын залалсыздандыру кезінде, бірқатар мәселелердің назардан тыс қалғандығы атап көрсетілді.
Мұнайлы өңірлерде, өндірістік технологияның сақталмауы, шикізат ұрлау мақсатымен құбырларға заңсыз қосылу кезіндегі мұнай ағуы, автокөлікпен мұнай тасымалдау барысындағы апаттар мыңдаған тонна мұнаймен ластанған топырақтардың пайда болуына әкеліп соғуда, сонымен бірге, шөлейттену мен жұтаңдану сатысында тұрған жерлердің құнарлылығы одан әрі төмендеп бара жатыр, дейді мәселе көтерушілер.
Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 31 мамырдағы «Қалдықтар сыныптамасын бекіту туралы» №169-Ө бұйрығымен мұнай өндіру және мұнайды қайта өңдеу өнеркәсібінің қалдықтары янтарь тізіміне жатқызылған. Өңірде жыл сайын мыңдаған тоннадан астам қауіпті өндірістік қалдықтар, оның ішінде бұрғылау қалдықтары, мұнай шламдары, құрамында мұнайы бар топырақтар пайда болады екен.
Қазіргі таңда, қызметі нәтижесінде өндіріс және тұтыну қалдықтары құралатын мұнай компанияларының меншік иелері болып табылатындары және қалдықтар құралған кезден бастап олардың қауіпсіз жұмыс істеу үшін жауапты болатындары назардан тыс қалған. Компаниялар келісім-шарт негізінде, қалдықтарды нормаларға сәйкес келмейтін ондаған шақырым жердегі полигондарға тасымалдап орналастыру, залалсыздандыру жөніндегі өз жауапкершіліктерін мердігер кәсіпорындарына негізсіз жүктейтіндігі де белгілі болып отыр.
Мұнай қалдықтары тасымалдау барысында төгіліп-шашылып, залалсыздандыру кезінде өртелетіндіктен, атмосфералық ауа мен жер қорлары ластануының көздеріне айналып, қоршаған ортаға және адам денсаулығына зиян келтіруде екен.
Соған қарамастан, қазіргі уақытта республиканың мұнай өндіру аймақтарында, оның ішінде Қызылорда облысында қалдықтарды залалсыздандырудың бір ғана тәсілі қолданылады, ол – тек құрамында мұнайы бар қалдықтарды өртеу немесе термокрекинг әдісі. Осының салдарынан ауаға канцерогенді ластаушы заттар тасталып, сонымен қатар, өртенген өлі топырақ жер қорларын қосымша ластап жатса керек.
Өркениетті елдер бұл әдістен бас тартып отырғаны белгілі болғанмен, қоршаған ортаны қорғау органдары тарапынан бұл мәселе есепке алынбай, ескі технологиямен қалдық өңдеуге рұқсат беріліп отырғаны анық және бұл түсініксіз жәйт.
Сондай-ақ еліміздегі мыңдаған тонна «Янтарь» тізіміндегі қауіпті өндірістік қалдықтардың есепке алынбайтындығы, оны орналастыруға қалдық иелері тиісті құзыретті органдардан рұқсат алмайтындықтан, жергілікті бюджеттің кіріс көзіне миллиондаған теңге экологиялық төлемдер түспейтіні де ашық айтылып отыр.
Осыған орай, ел Үкіметінің 2007 жылдың 28 желтоқсанындағы №1311 қаулысымен бекітілген «Өнеркәсіп саласындағы жекелеген қызмет түрін лицензиялау» ережесінің 6-тармағындағы мұнай-химия, химия өндірістерін пайдалану жөніндегі қызметке қойылатын экологиялық тұрғыдан біліктілік талаптары қазіргі заман талабына сай еместігі байқалуда екен.
Лицензия алғанда қойылған экологиялық талаптардың орындалуы да өз дәрежесінде қадағаланбауынан жаңа әлемдік стандартқа сай арнаулы техникалық құрал-жабдықтары мен технологиясы жоқ кәсіпорындар мұнай өндірісі қалдықтарын өңдеумен айналысып, қоршаған ортаның қосымша ластануына «үлес» қосып отырған көрінеді.
Өндірістік қалдықтарды сақтауды және көмуді, оларды кәдеге жаратуды, яғни қайта өңдеуді бір жүйеге келтіріп, бақылаушы және лицензия беруші уәкілетті органдардың жұмысын жандандырмаса, табиғи ресурстардың ластану деңгейі өсіп, адам тіршілігіне қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөніндегі мақсатымыз толық орындалмайтыны күмәнсіз.
Екінші мәселе. Халықтың сұрауы бойынша «Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Тайпақкөл және Қандыарал көлдер жүйесін қалпына келтіру» жобасы дайындалған. Жобаның мемлекеттік сараптамадан өткізілген техникалық-экономикалық негіздемесі, сметасы бар. Ол Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2008 жылғы 4 ақпандағы №15-Ө бұйрығымен бекітілген. Қазақстан Республикасының 2008 жылға арналған экологиялық проблемалар тізіліміне енгізілген. Бүгінде көлдерге жеткілікті деңгейде су келмеуінен көлдердің ұлтандарында су қалмай, өсімдіктер көгеріп, иістеніп, сасық иіс ауамен тарап, кент және көлдер жүйесі бойында орналасқан елді мекендер тұрғындары арасында түрлі жұқпалы (сары, ішек) аурулар тарау, төтенше жағдайлар қалыптасу қаупі бар.
Сайлаушылармен кездесулерде мәселелеріңіз шешілетін болды деп жауап беріп жүргенімізде, қаржыландыруы 2012-2014 жылға арналған республикалық бюджет жобасына енбей қалған. Мұның себебі не? Түсініксіз, ендігі жерде сайлаушылар алдында не дейміз?
Құттықожа ЫДЫРЫСОВ, Мәжіліс депутаты.