• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2011

Халықтарды жақындастыратын шара

398 рет
көрсетілді

«Мемсараптама» РМК-нің ұй­­­ытқы болуымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында еліміздің барлық этностарының басын қосқан тіл фестивалі бо­лып өтті. Республиканың түкпір-түкпіріндегі кәсіпорындардың көр­­кемөнерпаздар ұжымдарын жи­на­ған Астанадағы байқау ТМД елдерінің, соның ішінде, Қазақ­стан басшысы айтып жүрген мә­дениетаралық және ұлтаралық үн­қатысуды қалай құру керек­ті­гінің нағыз үлгісіне айналды. Қазақстанның байлығы – оның мәдени әралуандығында. Кезінде республика түрлі халықтардың ортақ үйіне айналды. Солардың көбінің өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрлерін ұмытпай, ұлт­тық болмыстарын сақтауға тал­пынатыны қуанарлық жәйт. Олай дейтініміз, ғалымдарының айту­ларынша, әрбір екі апта сайын бір тіл қолданудан шығып қала­тындықтан, ғасырдың соңына таман қазіргі бар тілдердің тең жар­тысының жойылып кетуі мүм­кін екен. Лингвистер атап көрсеткендей, халықтардың 80 пайызы 80 тілде сөйлесе, бы­лай­ғы 3,5 мың тілді жер шары хал­қы­ның 0,2 пайызы ғана қолда­на­ды. Сарапшылар мұны жаһан­да­ну үдерісімен байланыстырады. «Тілге құрмет – елге құрмет» деген атпен өткен фестиваль қа­зақстандықтардың ұлттық әралу­ан­дығын барынша ашып көрсете білді. – Фестивальдің мақсаты – Мем­сараптама мамандарын, әсі­ресе, жас ұрпақты патриотизм ру­хында, республикамызда тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұл­ыстардың салт-дәстүрлерін сый­лауға тәрбиелеу, – дейді «Мемсараптама» РМК бас директоры Бір­лік Ережепов. – Сонымен бірге қазақ халқының мәдени мұ­ра­лары мен тілін де жете үйрену қажет. Байқау бағдарламасы бірнеше бағыттарды қамтыды. Алдымен қатысушы командалар Қазақ­стан­да тұратын халықтардың бі­рінің әндері мен билерін орын­дап, оның ұлттық тағамдары мен кәдесыйларын төрешілер тал­қы­сына ұсынды. Екінші турда бай­қауға қатысушылар құрылыс тер­миндері бойынша білімдерін Абай тілінде түсіндірді. Соңында мақал-мәтелдерге, белгілі қазақ жазушыларының тіл туралы айт­қан­дарына қатысты түсініктерін ортаға салды. Қорытындысында Мемсарап­та­маның Алматыдағы оңтүстік фи­лиалы бірінші орынды, Аста­на­дағы бас кәсіпорын екінші ор­ынды, «Талдықорған­мемсарап­та­ма» ЕМК үшінші орынды иеленсе, гран-приді «Шығысмем­са­раптама» ЕМК мен оның Семейдегі филиалы жеңіп алды. Командалардың бәрі кәсіпорын басшылығының ағыс хатт­ары­мен марапатталды. – Адамдардың бір-бірінің мә­де­ниетімен неғұрлым көбірек та­нысып, халықтардың өзара жа­қын­даса түскенін қалар едім, – дейді лезгинка биін келістіре билеп шыққан «Шығысмемса­рап­та­ма» ЕМК филиалының ақпа­рат­тар жөніндегі жетекші мама­ны Талант Омарбеков, іс-шара туралы өз ойын білдіре отырып. Тілдер фестивалі қатысушы­лардың бәрінің де көңілінен шы­ғып, олардың өздерін Қазақстан халықтарының үлкен отбасының құрамдас бөлігі ретінде сезінуіне жағдай жасады. Ұйымдасты­ру­шы­лар байқауды дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұру жөнінде шешім қабылдап отыр. Есен БАЕВ. –––––––––––– Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.