(Күмән келтірушілер үшін жазылған пайым)
(Соңы. Басы өткен нөмірлерде).
АДАМДЫ ҚҰТҚАРУ
«Я как человек посвятивший жизнь самой точной из наук – изучений материи, могу резюмировать свои изыскания в области атомной физики следующим образом: не существует материи как таковой! Материя организуется и существует благодаря силе, вызывающей вибрацию во всех элементах атома и сохранящей целостность этой минкроскопической солнечной системы... Мы должны чувствовать за ней наличие некоего сознательного Разума, который и является матрицей всего сущего»
(Макс Планк. «Das Wesen der Materie»)
Нобель сыйлығының иегері, неміс ғалымы Макс Планктың 1944 жылы дүниені дүр сілкіндірген осынау тарихи мәлімдемесін біз американдық әйгілі ғалым Грегг Брейденнің атышулы «Божественная матрица» кітабынан алдық. Бұл мәлімдеменің дүниені дүр сілкіндірген себебі, бұған дейін Батыс өркениеті, оның ішінде де ғылым И.Ньютон және Ч.Дарвин жаңалықтарынан кейін Бұ Дүние бастауында Сана емес, материя тұр деп нүкте қойған еді. Ғылымның ғасырдан ғасырға ғарыштап дамуы осы сенімді мызғымастай цементтеп тастаған еді. Осы тұста, Құдайдың өзін итеріп тастап, ақиқаттың тағына жайғасқан аса мәртебелі ғылымның алтын тәжіндей кванттық физика атом әлеміндегі ең ұсақ бөлшектерге үңіліп отырып, бір күні жаман шошып кетті. Өйткені, тақтан тайдырылған Саналы Құдірет кванттар әлемінде тура қарсы алдынан шықты. Материя кванттық деңгейде материя емес, түсініксіз энергетикалық өріс болып шықты, яғни Сана болып шықты. Сондықтан да Планк «не существует материи как таковой...» деуге мәжбүр болды.
Қарапайым тілмен айтқанда, мына аяқ астында жатқан тастардан бастап, сонау көз ұшында шаңытқан галактикаларға дейін түгел физикалық материя болмай шықты. Аспан денелері, оның ішінде өз денеміз де бар, түгел белгілі формаға ұйыстырылған энергетикалық өріс болып шықты. Ол өріске Адам ойы әсер ете алатыны тәжірибелер арқылы дәлелденді. Ал, ол өріс болса бәріне әсер ете алады. Бәрінің тағдыры соның қолында. Соның жасампаздығынан сан жетпес физикалық формалар өмірге келген. Бұл өрісті Планк «Разум» яғни Сана деп отыр. Ол өріс сырттан Сана арқылы басқарылады. «Сырттан» деу шарттылық. Ол өріс, яғни ғылым тілімен айтқанда «Тәңір матрицасы» әр нәрсенің ішінде де, сыртында да бар. Немесе заттың негізі, болмысы. «Тәңір матрицасы» бір ақыл жетпес алып мұхит болса, біз соның ішінде жүзген балық іспеттіміз. Мұхит толқындарды тудырады. Яғни, өз болмысынан формалар жасайды. Бұ Дүниедегі жанды, жансыз әркелкі формалар сол Сана мұхитының туындылары. Демек, бұл ақылға сыймас, көзге көрінбес Ғаламдық Сана – бүкіл әлемді толтырып тұрған нәзік өріс. Көзге көрінбейді. Қолға ұстатпайды. Ыстық та емес, суық та емес. Сондықтан оны Адам баласы түсіндіре алмайды. Ол сол көзге көрінбейтін қалпында көзге көрінетіндердің бәрінен құдіретті. Жасаушы. Шексіз. Мәңгілік. Адамзат баласы сондай Құдіреттің барын атамзаманнан сезген. Мойындаған. Табынған. Ал, ғылым болса бұл Ақиқатты енді ғана ашып отыр.
Грегг Брейденнің «Божественная матрица» кітабынан:
«Мудрецы прошлого старались донести до нас, потомков, столь важную информацию. Оставленные ими подробные инструкции по энергетическому взаимодействию с миром мы можем увидеть и на стенах храмов, и в пергаментных свитках. Кроме того, они на собственном примере демонстрируют нам, как можно исцелять свое тело и воплащать в жизнь самые заветные мечты и желания. Наука пришла к открытию известных им законов взаимодействия человека с миром лишь теперь, спустья 5000 лет»
«Сознание Вселенной – Божественная матрица – пронизывает каждую клеточку нашего тела и распространяется бесконечно далеко за его пределы. Это значит, что мы, оставаясь собой, задаем тон всему мирозданию и отражаем все происходящее в нем»
«Так устроен мир – в каждом его фрагменте отражено голографическое целое»
«Наше тело выражает собой весь космос»
«В силу голографической природы мироздания изменения в одной его части отражаются на всем»
«Мы знаем, что наши любовь и благодарность способны наполнить нас жизненной энергией, а весь мир – спокойствием»
«Нельзия исцелить мир, оделеть причины страданий, преумнажая зло»
«Невозможно прекратить войну, развязывая новые войны»
«Изменение, произошедшее в одном месте, вызывает изменения везде»
«Чувство – это язык, на котором можно разговоривать с Божественной матрицей»
«В человеке сокрыта величайшая тайна Вселенной»
«Все вокруг напоминает нам, о том, что человек может творить чудеса»
Әлемдік дүниетанымда төңкеріс жасаған біртұтас Ғаламдық Сана туралы кванттық физика ашқан жаңалыққа орай Г.Брейден кітабынан келтірілген бұл түйінді ойлар нені меңзейді? Адам санасының да Ғаламдық Сана бөлшегі екенін меңзейді. Ал, Ғаламдық Сана Жаратушының өзі екенін меңзейді. Демек, Адам сол Ғаламдық Сана тудырған бір құбылыс қана емес, сол шексіз голографиялық Сананың құрамдас бір бөлігі. Голографияның жалқы бөлшегінде жалпы дене болмысы сақталатыны аян. Сондықтан да пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с. өз хадистерінің бірінде «Кім де кім өзін таныса – ол Раббысын да таниды» деген. Яғни, пайғамбарымыз жалқы Адам санасының, жалпы Ғаламдық Сананың, яғни Раббысының бөлшегі екенін меңзеген. Кванттық физика бойынша Адам денесі кванттық деңгейде санадан тұрады. Демек, Адам жанымен де, тәнімен де Алланың бөлшегі. Құран болса Адамды бірнеше рет Алланың Жердегі орынбасары атайды. Ендеше, Алла Адам болмысына о бастан ғаламат қасиеттер дарытып, пешенесіне Жер бетіндегі Құдайдан кейінгі құдірет боларлық даңғайыр болашақ жазған.
Адамға берілген осынау алапат мүмкіндік жайлы Иса Мәсіх:
«По неверию вашему; ибо истинно говорю вам: если вы будете иметь веру с горчичное зерно и скажете горе сей: «перейди отсюда туда», и она перейдет; и ничего не будет невозможного для вас» деген. (Матвей. 17:20)
Иса Мәсіх сенім құдіреті, сезім құдіреті туралы айтып отыр. Адам Жаратушыға деген сенім арқылы тауды да қозғай алады деп отыр. Демек, Адамға таза, пәк, шүбәсіз сенім керек. Жалғыз Жаратушыға деген сенім. Адамда сондай сенім шынайы болса Алла оның тілеуін береді.
«Кім Бұ Дүниеде өмірінің зейнеттерін қалайтын болса, оларға істеген амалдарының сыйын Бұ Дүниеде толық етіп береміз және олар Бұ Дүниеде зиян көрмейді» дейді Құран (Һуд сүресі).
Сұраудың көкесі – дұға. Сондықтан да атамзаманнан қай дін өкілі болмасын Жаратқан Иеден жарылқауды дұға арқылы сұраған. Сол дұға, намаз Тәңір матрицасына, яғни Ғаламдық Санаға тарайды. Ғаламдық Сана жауап қатады. Жақсы тілекке жақсылықпен жауап қатады. Сондықта да халық: «Қарғыс алма, алғыс ал!» дейді. Ауыздан шыққан жақсы лебіз Әлемдік Сананы сауықтырады. Жаман лебіз – ауыртады. Немесе иесін табады. Әлемдік Сана адамзаттан «Ізгілікті ой, ізгілікті сөз, ізгілікті іс» күтеді. Ал, Адамның ойы, сөзі, ісі ылғи да ізгілікті болып келді ме? Әрине, жоқ. Сондықтан адамзат тарихы қанмен жазылды. Жазылып та жатыр. Жер бетінде зұлымдық індеті толас табар емес. Ендеше, Адам туабітті зұлым жаратылған ба? Кейбір философтар осылай дейді. Адамның зұлым жаратылғанын дәлелдейді. Біз Адамның махаббатпен жаратылғанын дәлелдегіміз келеді.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті»
(Абай)
«Всевышный пронизал весь мир любовью, любовью выткал основы всех существ, так что вся безмерная Вселенная являет собой огромное пространство деятельной любьви» (Осман Нури Топбаш. «Путь сердца»)
Ана құрсағында Адам Алланың махаббатымен жайлы да, жылы, жұмсақ ұяда жаратылды. Жайсыздықтың не екенін, салқындықтың не екенін, жалғыздықтың не екенін Адам Бұ Дүниеге келген бетте сезді. Сондықтан шырылдады. Сәби жаны – Алладан. Махабаттан тұрады. Міне, ол көзін ашты. Дүниеге періште көзбен қарады. Жер бетіндегі қулықтан, сұмдықтан, зұлымдықтан пәк, таза, хабарсыз. Бірақ, жүре келе оған сол қулық-сұмдықты қоғам үйретті. Демек, жаман қасиет сәбиге қоршаған ортадан жұқты. Сондықтан да Гаутаманы (болашақ Будданы) патша әкесі ержеткенше қоршаулы дуал ішінде өсірді. Жәннат бағындай гүлзар бақшада бақты. Нәтижесінде Будда ержеткенше өмірде жаманшылық көрмей, жаман сөз естімей, тіпті ауру-сырқат, кәрі-құртаңдарды да көрмей, сұлу жастар, бұлбұл үні, сұлу саз аясында өсті. Ержеткенше періште сезіміне сызат түспеді. Шын өмірдің сұрқия келбетін көрмеді. Шын өмірдің сұрқия келбетін ол тек ержеткенде ғана көрді. Бақытсыздыққа белшесінен батқан халықты көрді. Оңбай шошыды. Гаутама патша тағын тәрк етіп, бақытсыздыққа белшесінен батқан халықты құтқару жолын іздеп, жолға шықты. Бақытсыздықтың тетігі, тамыры неде? Соны іздеді. Тапса, сол тамырға балта шаппақ. Мақсаты – Адамды мәңгілік бақытқа кенелту.
– Сонда сіз «Адам өмірге тек тап-таза періште күйінде келеді. Оған жамандық атаулы қоршаған ортадан ғана жұғады» деп отырсыз ғой?!
– Солай...
– Адамзат тарихы басқаша айтады. Тарихтың Адам қанымен жазылғанын айтады. Зұлымдықтың Адамның туабітті қасиеті екенін көрсетеді. Ащы да болса ақиқат осы. Романтиканы қойыңыз.
– Жоқ! Келіспеймін. Сәби зұлым болып тумайды. Сәби періште қалыпта келеді өмірге. Өмір оны басқа қалыпқа салады.
– Жоқ...табиғатында бар зұлымдықты оятады деңіз. Зұлымдық сәбидің табиғатында ұйықтап жатты. Сәбидің бойында бар сол зұлымдық балалық шақ ойындары кезінде-ақ қылтиып көріне бастады. Бала өскен сайын зұлымдық пен қатыгездік те қатар өсті. Мектеп қабырғасынан басталатын кісі өлтіру мысалдары осының айғағы.
– Тоқтаңыз. Сіз айтып отырған нәрсе зұлымдық емес. Баланың өзін-өзі қорғау инстинкті. Ол инстинкті Аллатағала барлық жан иелерінің бойына берген. Онсыз бір де – бір тіршілік иесі Жер бетінде өмір сүре алмас еді. Өзін-өзі қорғау барлық тірлік иелеріне тән қасиет. Қажет қасиет. Ол өмір үшін күрес.
– Мінеки...Мінеки... Жауыздыққа өзіңіз жақындадыңыз... айта беріңіз!
– Өзін-өзі қорғау, бауырым, жауыздық емес. Ол – Алла жаратқан тіршілікті қорғау. Ал Алла жаратқан тіршіліктің бәрі – Алланың дәлелі. Олардың бәрі өз Жаратушысынан хабар беріп тұр. Біз осы жаратылғандарға қарап тұрып Жаратушыны танимыз. Анау әсем автомобильге қарап тұрып біз ойланбастан оның жасаушы Адам екендігіне шүбә келтірмейтініміз тәрізді, Жер бетіндегі осынау барлық жанды тіршілікке қарап тұрып та біз сол жан иелерінің авторы Алла екендігіне титтей де шүбә келтірмеуге тиіспіз.
– Соныңмен Адам жауыз ба? Мейірбан ба?
– Адам мейірбан болып туады.
– Онда жауыздық қайдан шықты?!
– Тоқтаңыз! Асықпаңыз... Жауыздық кез-келген тіршілік иелерінің өзін-өзі қорғау инстинктінен шықты.
– Демек, жауыздық Адамның өзін-өзі қорғау инстинкті болды дейсіз ғой!
– Олай емес... Сәби делік... Сырттан болған агрессияға өзінше қарсы реакция жасайды. Өйткені, ол агрессияны, яғни зорлық-зомбылықты қабылдамайды. Ол шамасы келсе сол агрессиядан қашып қорғанады. Шамасы келсе агрессияға тойтарыс береді.
– Әнеки... әнеки... тойтарыс! Тойтарыс... дедіңіз... тамаша сөз... Тойтарыстың шын аты – тұмсық бұзу! Соныңмен, кешегі сәби-періште агрессорға табандап тойтарыс беріп жатыр! Дәлірегі – тұмсық бұзып жатыр! Бұл жауыздық...емей немене? Ол жауыздық қайдан шықты, көке?! Егер, бала болмысында қатыгездік болмаса, агрессияға қарсы өз агрессиясы қайдан шықты?! Демек, оның болмысында қатыгездік болған! Болмысында бұғып жатқан. Әнеки, керек кезінде қынабынан қанжарды суырып алды... Суырып алды да... қарсыласына сұғып алды... Мінеки, мейірбан балаңыздың барар жері!
Мойындаңыз, туабітті жауыздықты! Адамға ол туабітті берілген!
– Тоқтаңыз! Тағы да айтамын... Тыңдаңыз! Өзіңді-өзің қорғау агрессия емес... қатыгездік те емес... Сіздің күмәніңізді талдайық! Тарқатайық! Қанжар ұстаған агрессорға қарсы періште бала да қанжар сілтеді. Өйтпесе... оның өзі зорлық құрбаны болар еді ғой! Бұл сонда жауыздық па?! Бұл – жауыздықпен күрес қой! Бұл арасын ажырата білу керек қой, бауырым! Агрессор Сайтанның сілтеуімен қолына қанжар алды. Періште баланы өлтіргісі келді. Періште бала болса Сайтан иектеген сүмелектің қолынан қаза тапқысы келмеді. Қорғанып, қолына қанжар алды. Періште бала шынтуайтына келгенде Сайтанға қарсы тұрды. Ол осы қимылымен өзін ғана емес, Сайтаннан Періштені қорғады. Зұлымнан бейкүнә сәбиді қорғады. Өлімнен өмірді қорғады. Алла жаратқан бейкүнә жан иесін Сайтанның сүмелегінен қорғады. Агрессорға қарсы қолға қару алды. Әділетке араша түсті. Онсыз Жер беті, күллі адамзат Сайтанның сайқымазағына айналар.
«Кім де – кім бір жанды өлтірмеген және Жерде бұзақылық істемеген Адамды өлтірсе, демек, барлық адамзатты өлтіргенмен бірдей» (Құран. Маида сүресі)
Осы жерде Ислам дінінің әлемдегі зор беделін жамылып бейкүнә әйел, бала-шаға қанын шашып жүрген террористердің шынайы мұсылманшылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтқымыз келеді. Айдай әлем алдында бейбітшіл дініміздің беделін террористік ұйым деңгейіне түсіруге үлес қосып жүрген мұндай джихадшыларды біз Ислам дінінің қас жауы дейміз.
Дін философиясын үстірт түсінуден үстірт исламшылдар шығады. Құран – Алланың Адамзатқа түсірген соңғы уахиі, соңғы ескертуі. Бұл ескертуді дұрыс түсіну – адамзат парызы.
– Көкесі, сонымен, қатыгездік қайдан шықты?!
– Қатыгездік қайдан шықты? Өмірге тәй-тәй басып енді келген сәбиді өмір қатыгездікке үйретті. Періште сәби бірнеше рет қатыгез агрессия құрбаны болды. Таяқ жеді. Үйге жылап келді. Ақыры, ол қатыгездікке қатыгездікпен жауап бере бастады. Сонда ғана агрессияны ауыздықтай алатынын түсінді. Содан кейін оның да жұдырығы түйілді. Қабағы қатуланды. Жұдырыққа қарсы жұдырық сілтеді. Бала жұдырығы ендігі жерде тек агрессорларға ғана емес, потенциалды агрессорларға да қарсы жұмсалды. Түюлі жұдырық, қатулы қабақты баладан енді өзге балалар шошитын болды. Тышқан мұрнын қанатпаған баяғы періште бала енді агрессор балаға айнала бастады. Сөйтіп, кішкентай агрессор енді періште – сәбилердің тұмсығын өзі қанататын болды. Осылайша қатыгез орта, қатыгез қоғамнан қатыгез бала шықты. Кішкентайынан қиянат жасап үйренген бала – ертеңгі күнгі дайын диктатор. Мінеки... қатыгездік қайдан шықты...
– Қоғамнан шықты дейсіз ғой... Ал, қоғамыңыз болса жабайы шағында да, бүгінгі өркениетті шағында да қырықпышақ қырқысып жатыр! Жабайы қоғамда бір Адам бір Адамды өлтірсе, бүгінгі өркениетті қоғамыңызда бір Адам миллионды жайпай алады. Өркениет өскен сайын агрессия еселеп өсті. Зұлымдық геометриялық прогрессиямен үдеді. Мұндай қоғамда өмірге қанша періште келсе де қасқыр-адам болмай ма?! Өзіңіз айттыңыз, «Адамды қоғам жасайды» деп. Ал, қоғамыңыз қасқыр қоғам болса қайттік?! Баяғы «джунгли заңынан» арылмаған қоғам болса қайттік?! Бүгінде ол жаһандану делінеді. Түпкі мақсаты бір. Әлді, әлсізді екі бүктеп бір шайнайды. Үлкен мәдениет – кіші мәдениетті, үлкен тіл – кіші тілді, үлкен корпорация – кіші корпорацияны, үлкен ел кіші елді жұтады. Яғни, джунгли заңы толассыз жұмыс істеуде. Басқа шауып, төске өрлеп тұр. Бұған қарсы қандай уәж айта аласыз, көке!?
– Тым, қарайтып жібердіңіз! Тұйыққа апарып тіредіңіз! Мен басқаша ойлаймын. Мен ғана емес, даму логикасы...
Даму логикасы Жер бетіндегі Адам миссиясы бұлай аяқталмайтынын аңғартады. Даму логикасы немесе Жер бетіндегі Жаратқан Ие Жобасы Адамды өз қателігіне өзін сүріндіре отырып, алға қарай сүйреп келе жатқандай. Сайтанның соңына еру қандай апатқа алып баратынын Адам бастан кешпей, маңдайы тасқа тимей түсінбеді. Адам маңдайы 20 ғасырда тасқа тиді. Құдайсыз қоғам құрамын деп құрдымға кете жаздады. Бақытсыздыққа белшесінен батты. Енді 21 ғасыр Адамның ес жию, есею ғасыры болуға тиіс. Сайтан құрған тор, құдайсыздық құрығынан құтылуға тиіс. Сайтанның соңына ерген Адам өзіне де, өзгеге де бақытсыздық әкелді. Жер бетін Дозаққа айналдырды. Өз өмірін Дозаққа айналдырды. Өйткені, құдайсыз Адам – Адамды жек көреді. Сондықтан да ол жойқын қаруды ойлап тапты. Адамзатты жоюды 20 ғасырдың күн тәртібіне шығарды. Құдайсыз Адам – бақытсыз Адам. Өйткені, ол өмірде тек тән ләззатын іздейді. Тән ләззаты жан ләззаты бола алмақ емес. Адам жаны жетімсіремек. Құлазымақ. Жалғыздық көрмек. Өйткені, ондай Адам өз кеудесіндегі жанды өз Иесінен айырды. Досынан айырды. Ал, оның Иесі, әрі досы Раббысы еді. Өз Иесінен айырылған жан – тірегінен айырылған үйдей. Үрейге бой алдырды. Жақындап келе жатқан ажал оның апшысын қуырды. Онымен жүздесуден қорқып санасын өшіруге ұмтылды. Той-думаншыл болып алды. Бірақ, ол сонда да жалғыздық құрығынан құтыла алмады. Адам арасынан тапқан досымен бүтінделіп, жалғыздықтан құтылғысы келген. Алайда, Адам досы оны құтқара алмады. Адам Адаммен достықтың баянсыздығына көзі жетті. Сондықтан да, оның жанында тыныштық жоқ. Шын бақыт шәрбатын тата алмай өмірден өтті. Ажалды азаппен қарсы алды. Бұл – құдайсыз қоғам, құдайсыз Адам сыбағасы. Құдайым, содан сақта!
– Көкесі! Жетеді! Зәреміз ұшып бітті! Енді Адамды құтқару жолын іздейікші! Алжасып, адасып, қателесіп біткен бұл байғұс та күнәһар Адамды қалай құтқарамыз?!
– Адамды Адам құтқара алмайды. Адам Адамға тек бағыт-бағдар ғана сілтей алады. Адам пенде өзін өзі ғана құтқара алады. Ол үшін жүзін Жаратушысына бұруы керек. Сонда, Сайтан серпіліп, Жаратушысы жақындайды. Жан-жүрегі жібіп, бір ғажап Жәннат самалын сезеді. Ол – жарық. Ол – нұр. Ол – махаббат. Еш тән ләззаты бере алмаған жан ләззаты. Содан сен Раббыңды сүйе бастайсың. Раббыңды сүю – Раббыңның құлдары Адамды сүю. Яғни, Алланы сүю – Адамды сүю. Өйткені, Алла Адамды махаббатпен жаратқан. Жауыздықпен емес. Жауыздық көбейсе, әлем сырқаттанады. Жаман ниет Ғаламдық Санаға жаман әсер етеді. Жақсы ниет жақсы әсер етеді. Өйткені, бүкіл адамзат санасы тұтас. Жалпы Ғаламдық Сана. Осыны мойындасақ, яғни бүкіл адамзаттың жаны бір екенін мойындасақ, бүкіл адамзаттың тәні де бір екенін мойындар күн де алыс емес. Олай болса, бүкіл адамзат бір ағза, бір бөлінбес тұлға. Жер шарының қай нүктесінде орын алмасын Адам трагедиясын естігенде біздің жанымыз ауыратыны сондықтан. Өйткені, Ғаламдық Сана біртұтас. Ғаламдық Сана бізден тек жақсы ниет, дұға, намаз, махаббат күтеді. Өйткені, Жаратушы махаббаттан тұрады. Ол өзінің сол ғажайып сезімінің Жер бетіне тек жүзден бірін түсірген. Соның өзі Жер бетінде тіршілік тепе-теңдігін сақтап тұр. Махаббатсыз жауыз тіршілік бірін-бірі жойып тынар еді. Махаббатсыз тіршілік – қиянатшыл, зорлықшыл, жоюға бейім тіршілік. Сайтан жолындағы тіршілік. Махаббатшыл тіршілік аяуға, аялауға бейім, жасампаз тіршілік. Махаббатшыл тіршілік үлгісін адамзатқа пайғамбарлар көрсетті. Пайғамбарлар үлгісі – болашақ Адам үлгісі. Болашақ Жоғары Адам үлгісі. Жаратқан Ие ондай адамдарға ерекше қасиеттер берді. Пайғамбарлар жолын ұстаған ізбасарлар – тарихтағы сирек те болса Жоғары Адамдар. Оларды біз көбінесе әулиелер дейміз. Болашақты болжайтын, бір уақытта екі мешітте намаз оқитын, өлгенді тірілтіп, өшкенді жағатын әулиелер – болашақ Жоғары Адам үлгісі. Иманды Адам үлгісі. Адам ол деңгейге рационализм арқылы емес, ғылым арқылы емес, Жаратушыға деген шынайы сенім арқылы жетеді. Осындай жоғары рух адамдары – болашақ адамдары. Болашақ қоғамы сондай Жоғары Адамдар қоғамы. Дами келе адамзат жоғалтқан Раббысын табар болса, сөз жоқ, Раббысы да оны табады. Сонда адамзат дамудың жаңа рухани, имани сатысына көтеріледі. Ондай сатыға көтерілген иманды қоғамда иманды ғылым дамиды. Иманды ғылым Адамға қызмет етеді. Иманды ғылымды ауыздықтаған Адам жұлдызды әлемді де ауыздықтайды. Сонда, Адам Құран айтқандай, Алланың Жердегі орынбасары деңгейне көтеріледі. Жер бетіндегі Адам миссиясы сонда ғана өзі діттеген мақсатқа жетеді. Жаратушының Жер бетіндегі Жобасы сонда ғана толық жүзеге асады.
Адамға сенейік! Адам болашағына сенейік!
Смағұл ЕЛУБАЙ.