Нигер өкіметі Интерполдың және Ливияның жаңа билігінің сұрау салуына қарамастан, Муаммар Каддафидің ұлы Саади Каддафиді экстрадициялауға қарсы.
Елдің премьер-министрі Брижи Рафини осындай мәлімдеме жасаған көрінеді. Саади Каддафи Нигер өкіметінің заңды қарамағында, ол Ниамей қаласында қауіпсіз жағдайда жүріп жатыр. Қазіргі кезде оны экстрадициялау туралы мәселе қаралған жоқ. Оны Ливияға жібермес бұрын біз қауіпсіздік кепілі мен оған қатысты әділдіктің орын алатынына сенімді болуымыз керек, деп атап көрсеткен Б.Рафини.
ЧАВЕСТІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖАҚСЫ
Венесуэла басшысы Уго Чавес өзінің денсаулығының күрт нашарлағаны туралы БАҚ-тар таратқан ақпаратты теріске шығарды.
Мемлекет басшысы Мирафлорес сарайының бағындағы бейсбол алаңына келіп, телекамералар алдында бірнеше мәрте доп лақтырып, одан соң өзін бақылап тұрған баспасөз өкілдеріне жақындаған. Президент өзінің толық сауығып кетуі үшін санаулы ғана күндердің қалғанын айтып, сонымен бірге 2012 жылы өтетін мемлекет басшысы сайлауына өзінің қатысатынын да мәлімдеген.
АЙЫПТАУШЫМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЗДЕСТІ
Парижде Халықаралық валюта қорының бұрынғы басшысы Доминик Стросс-Кан мен оған өзін зорламақ болды деп айып таққан жазушы Тристан Банон арасында бетпе-бет кездесу өтті.
Банон мен Стросс-Канның бетпе-бет кездесуіне ешқандай адвокаттар қатыспай, тек полицейлер ғана болған. Тергеу үш сағаттай уақытқа созылған. Ендігі жерде істің одан әрі қозғалуын немесе жабылуын тәртіп сақшылары ресімдеген хаттама бойынша сот шешетін болады. Жазушымен кездесуден кейін қаржыгер баспасөзге сұхбат беруден бас тартқан көрінеді.
ДИПЛОМАТҚА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛДЫ АЙЫПТАДЫ
АҚШ өкіметі Дамаскіде америкалық дипломатқа жасалған шабуылды қатаң айыптады.
Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон бұл әрекетті «бүтіндей негізсіз» деп бағалаған. Сондай-ақ ол дипломатиялық корпус қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабылдаушы жақтың, аталған жағдайда Сирияның тікелей міндеті екенін де атап көрсеткен. Айта кету керек, 29 қыркүйекте Сириядағы қазіргі режімді жақтаушылар америкалық дипломат Роберт Фордтың автомәшинесіне тас пен қызанақ лақтырған болатын.
ЕУРООДАҚ ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Варшавада өтіп жатқан Шығыс әріптестігі саммиті шеңберінде Грузия президенті Михаил Саакашвили Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы комиссары Кетрин Эштонмен кездесті.
Кездесуде Грузия мен ЕО-ның қарым-қатынастары, қызметтестіктің жаңа сатысына көшуге байланысты нақтылы шаралар талқыланған. Эштон мен Саакашвили Грузия мен Еуроодақ елдері арасындағы еркін сауда туралы шартты талқылап, ол бойынша келіссөздерді бастауға дайын екендіктерін мәлімдеген. Сондай-ақ К.Эштон Грузияның бұл бағытта үлкен жетістікке жеткеніне ризашылығын білдірген.
ҮНДІСТАН – ЕҢ ІРІ ҚАРУ ИМПОРТТАУШЫ
Үндістан жалпы сомасы 5,8 млрд. долларға әскери өнімдер импорттай отырып, 2010 жылы қарапайым қару-жарақты ең ірі сатып алушы атанып отыр.
Импорт көлемі жағынан 2,7 млрд. долларға қару-жарақ пен әскери техника сатып алған Тайвань екінші орынға, импорттық қару-жараққа 2,2 млрд. доллар жұмсаған Сауд Арабиясы үшінші орынға ие болған. Пәкстан да әскери импортқа дәл осындай сома шығындаған көрінеді. АҚШ конгресінің мәліметі бойынша, 2010 жылы әлемдік әскери экспорттың басым бөлігі дамушы елдердің үлесіне тиген.
ЕУРОПАРЛАМЕНТ ПАЛЕСТИНАНЫ ҚОЛДАДЫ
Еуропа парламенті Палестина ұлттық әкімшілігінің Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін тану туралы өтінішін заңды деп таныды.
Мұндай шешім Еуропарламенттің 29 қыркүйектегі отырысының қорытындысында қабылданған. Сонымен бірге қарарда Палестина мемлекетін құрудың тек Израильмен келіссөздер жүргізу арқылы ғана мүмкін болатыны атап көрсетілген. Еуропарламент Палестинаның 1967 жылғы шекара бойынша өзінің мемлекетін құру құқын мойындайды делінген қабылданған құжатта.
ӨЗ ҒАРЫШ СТАНСАСЫН ҰШЫРДЫ
Қытайдың Цзюцюань ғарыш айлағынан «Тяньгун-1» атты тұңғыш орбиталық модуль ғарышқа ұшырылды.
Осылайша іс-жүзінде, Жер үстінде екінші орбиталық станса пайда болып отыр. Ол әзірге Халықаралық ғарыш стансасына бәсекелес бола алмайды. Жоспар бойынша аталмыш станса 2020 жылға қарай төрт модульден – негізгі, екі лабораториялық және жүк модулінен тұрып, жалпы салмағы 60 тоннаға дейін жететін болады. Бұл қадам ел ғылымының дамуына зор үлес қоспақ.
ДӘРІ САТҚАН АЛАЯҚТАР ӘШКЕРЕЛЕНДІ
Ресейден және Қытайдан шыққан алаяқтар миллиардтаған доллар тұратын жасанды және сертификатталмаған дәрілерді интернет арқылы сатып, пайда тауып келген.
Қылмыскерлер өте қауіпті өнімді Ресейде немесе Қытайда орналасқан, болмаса осы елдерден басқарылатын сайттар арқылы сатып отырған. Тергеушілер Ұлыбританияда жасанды дәрілер саудаланып келген 500 сайтты анықтаған көрінеді. Британдық полиция ол сайттарды жабу жөнінде Интерполға сұрау жіберген. Рейд барысында Интерпол 7 күн ішінде 79 елден 2,5 миллион доза аса қауіпті контрафактілі дәрілер тәркілеген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.