Жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылу үрдісі ретінде анықталып, солай сипатталып жүрген жаһандану терминін әу баста ғылыми айналымға америкалық экономист Т.Левита енгізгенімен, жаһандану адамзаттық үрдіс күйінде баяғыдан бар. Арғы замандардағы әлемді жаулаушылық жорықтарын бастаған құдіретті қолбасшыларды жаһангерлер дейтініміз бекер емес. Одан беріге келсек, мысалы, Наполеон соғыстары тек жаулау жолымен жаңа жер қосуды, жаулау жолымен тонау, баюды ғана мақсат тұтпағанын, француз императоры сол арқылы француз мәдениетінің негізінде біртекті әлем құруды да көздегенін, көксегенін көреміз. Одан да беріге түссек, кешегі кеңестік большевиктердің әлемдік революция идеясы да жаһандануға жақындайды. Тіпті, күн көсеміміздің Владимир деген есімінің өзінде бүкіл әлемді бағындыру («владеть миром») ниеті тұрғаны талассыз. Сол жаһандану бүгінде басқа сипатқа ауысып барады. Мәдени жаһандану, экономикалық жаһандану, аумақтық жаһандану, ақпараттық-коммуникациялық жаһандану, этностық жаһандану сияқты тарам-тарамға бөлініп, тамыр жая түскен бұл құбылыстың бүгінде біздің санамызға дендеп еніп кеткені күмәнсіз. Бұл ара жаһанданудың жақсысы мен жаманын талдап-таразылап жататын жер емес. Біз тек жаһанданудың сананың саясилануына, әрбір елдің адамзат қоғамының бөлшегі, әрбір кісінің адамзат баласының өкілі екендігін сергек сезінуге септесіп жатқанын ғана айтпақпыз.
Аптаның бір күнінде Еуразия университетінде дәріс оқып тұратынымыз бар. Осы сәрсенбіде бірінші курс студенттеріне «Журналистикаға кіріспе» пәні бойынша дәрісте олар таңдаған мамандықтың қоғамдық құбылыс ретіндегі сипатын әңгімелеген кезде бұл күндерде әлемдік БАҚ бетіндегі қаны тамып тұрған тақырыптар жайындағы сұрағымызға жастардың біразы салған беттен-ақ «Палестинаның проблемасы» дегенді айтты. Алдыңғы күні Астанадағы «Думан» ойын-сауық кешенінің жанында, Қызылорда облысының көрме-жәрмеңкесі басталар алдында Сыр бойының бір топ сыйлы азаматтарымен аз-кем әңгіме-дүкен құрып қалғанбыз. Сол жерде де сөз арнасы бір сәтте өзінен өзі жаңағы мәселеге – Палестинаның тәуелсіздік алу-алмауына ауысып жүре берді. Президенттің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қатысқан жұмыс бабындағы сапарына байланысты Нью-Йорктен қайтқалы әлі басы ашыла қоймаған осы мәселеге орай жазсақ па, жазбасақ па деп екі ойлы күйде келгеніміз рас еді. Мына әңгімелер бұл тақырыптың оқырмандарымыз үшін қызғылықты, бәлкім тіпті көкейкесті боларына сенімімізді нықтай түсті.
Сонымен, бүгінгі әңгімеміздің арқауы – Палестина дауы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясындағы басты тақырыптардың бірі де осы болды. Біз Нью-Йорктен жолдаған «Семсерден соқа соғу» атты мақаламызда («ЕҚ», 23 қыркүйек) Палестина автономиясының сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики Палестина Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тәуелсіз Палестина мемлекетін 1967 жылы шекарасында тану ғана емес, БҰҰ-ға толыққанды мүшелік беру жөнінде өтінім жасайтынын жазған болатынбыз. «Алайда, қазірше, мұндай мәлімдеме министрдің деңгейінде айтылып отыр. Махмұд Аббастың ресми мәлімдемесі жария етілген жағдайда ғана (газет қолыңызға тигенше солай болуы да мүмкін, өйткені мұндағы журналистер, біздің сөйлесе алатынымыз ресейлік әріптестер ғой негізінен, Палестина басшысы БҰҰ Бас хатшысына өтінімді жұмада тапсыруы мүмкін дегенді айтып жатыр) бұл мәселе Қауіпсіздік Кеңесінде ресми түрде қарала алады», дегенбіз.
Дәл солай болды. Жан-жақтан қанша қысым жасаса да, Махмұд Аббас Пан Ги Мунға өткен жұма күні ресми өтінімін тапсырды. Онда Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде тану, БҰҰ мүшелігіне қабылдау мәселесін қарау сұралған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестинадағы ағылшын мандатын жою, ағылшын әскерлерін елден шығару және ел территориясында тәуелсіз екі мемлекет – араб және еврей мемлекеттерін құру жөнінде шешім қабылдаған 1947 жылдан кейінгі кезеңді былай қойғанда, Палестинаны азат ету ұйымы құрылған 1964 жылдан бергі уақыттың өзінде бұл мәселе осындай тұрғыда БҰҰ-ның алдында алғаш рет көтеріліп отыр.
Бұл – ерекше қадам. Бұл – алпыс жылдан астам уақыттан бері адамзатты алаңдатып, ал бүкіл Таяу Шығыстың тынышын алып келген аса ауыр даудың жаңа саяси деңгейге ауысуы.
Палестина дауы қандай дау? Ол қашан, қалай басталған, қалай шиеленіскен, оның түйіні неге әлі күнге тарқатылмай келеді?
«Әлемге әйгілі» айдарының бүгінгі айтары осы жайында. Алдын ала ескертеріміз: бұл мақала белгілі бір саяси ұстанымдарды жақтау, мақтау, ақтау, даттау сарынынан ада сипатта, ең алдымен оқырманға түйткілді тақырып туралы танымдық мәлімет беруді көздеп жазылған. Оның себебі мақаланы оқу барысында айқындала түседі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Елдің затынан бұрын атын айтайық. Палестинаның атын еврейлер ивритше «пелиштим» сөзінен шығарады. «Пелиштим» «сырттан кіргендер» («вторгшиеся») деген мағына береді екен. Бұл жерді атам заманда мекендегендердің филистимляндар аталатыны сондықтан. Арабтар ол мемлекеттің атын Даулят Филастын дейді. Дәулет – мемлекет деген сөз. Қазақ «Бай-дәулетті бол» дегенде әйтеуір байлықты ғана айтпаған, байлығыңа сай елдігің болсын деген де тілек білдірген.
Осы айдармен жарияланған Иерусалим қаласы туралы мақаламызда («ЕҚ», 2008, 19 қыркүйек): «Бұл оқиғалардың драматизмін сергек сезіну үшін сол өңірдегі ежелгі халықтардың түп-тұқиянына үңілуге тура келеді. Мәселе мынада: арабтар да, еврейлер де бір кісінің – Ыбырайымның (Авраам) балалары. Еврейлер Ыбырайымның Сарасынан (Сарра, Сарай) туған Ысқақтың (Исаак), ал арабтар Ажардан (Агарь) туған Ысмайылдың ұрпақтары. Екеуі де семиттер. Екеуінің де тілдері семит-хамит тілдік шоғырының бір тобына – семит тобына жатады. Семит тілінде сөйлейтін халықтардың ішінде ең көп таралғаны – арабтар мен еврейлер», деп жазғанбыз. В.Базановтың: «Мы знаем, что сын Авраама от египтянки Агарь (Хагар), Исмаил, является родоначальником северных арабских племен. Естественно, что и сын от Сарай Исаак в большей степени араб, чем еврей. Как ни странно, но мать еврейского народа имеет арабскую кровь» деген сөзін де («Тайны Библии и Корана», М., «Вече», 2006, 75-бет) келтіргенбіз. Ал енді мәселенің қиыны да осында. Арабтар да, еврейлер де «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Ағайын өзгеге қиса да, өлімге қимайды» деп мақалдайтын, жақындаса тебісіп, алыстаса кісінесіп жүре беретін кеңбалақ қазақтар емес. Ағайынның ашынғаны жаман болады. Арасы бір ашылса, араласпай кететін ағайын кейде қазақтан да табылып қалады.
Палестина деп географиялық тұрғыдан Таяу Шығыстағы шамамен бүгінгі Газа секторын, Израильді, Голан қырқаларын, Иордан өзенінің батыс бетін, Иорданияның бір бөлігін қамтитын аумақты айтады. Библияға салсаңыз, еврейлер бұл өңірге б.д.д. 2-ші мыңжылдықта келген екен. Патшалықтар Кітабындағы Саул патшаның соғыстары жайында баяндаған тұста «Израиль жері» (ивритше – Эрец Исраэль) алғаш рет ауызға алынған көрінеді. Сол заманда Иордан өзенінің қос жағалауында Саул, Давид, Соломон атты ұлы патшалардың дәурен құрған ғасырында біртұтас Израиль патшалығы қалыптасқан. Б.д.д. 930 жылы Давид пен Соломон державасы екі патшалыққа ыдырайды да, солтүстік жағындағысы Израиль, оңтүстік жағындағысы Иудея атала бастайды. «Жеті жұрт келіп кеткен жер» деп біздің қазақ айтатындай, Палестина жеріне де талай жұрт келген, бұл жерден де талай жұрт кеткен. Вавилондықтар б.д.д. 586 жылы қуып шыққан еврейлер араға алпыс төрт жыл ғана салып, қайта оралған да, Иерусалим Храмын қалпына келтірген. Палестина парсының Ахемен әулетінің де, Александр Македонский құрған мемлекеттің де, Египеттің Птолемей әулетінің де, Сириядағы Селевки әулетінің де құрамына кірген кездер болған. Біздің дәуіріміздің төртінші ғасырында Палестина жерін римдіктер басып алып, Римнің провинциясына (Иудея провинциясы) айналдырған. Император Адриан 135 жылы еврейлер көтерілісін басып-жаншыған соң жалпы Иудей патшалығының атын жұрттың жадынан біржола өшіру үшін Жерорта теңізі мен Иордан өзенінің арасындағы бүкіл аумақты Палестина деп ататқызады. Латынша нұсқасы – Palaestina.
Бұл жерді арабтар 638 жылы басып алған. Палестина атауының арабша айтылуы түрінде Фаластын сөзін орнықтырған.
Қалай дегенде де бүкіл әлем мойындайтын шындық мынау: үш ұлы діннің – иудаизмнің, христиандықтың, исламның ұйысқан ұясы осы жер. 2008 жылы Иерусалимге барғанымызда біреулердің Көз жасы қабырғасына, біреулердің Құдай қабірі храмына, біреулердің Жартас мешітіне мінәжат етіп жатқанын көргенбіз, Иерусалимнің исламда Мекке мен Мединеден кейінгі үшінші қала саналатынын жазғанбыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 619 жылы Мираж түнінде (Ләйлат әл-Мирадж) осы жерге Меккеден ұшып келген, дәл осы жерден қанатты Буракқа (қазақ Пырақ дейді) мініп, жеті қат көкке көтерілген. Бұл жайында Құранның Исірә сүресінің 1-аятында айтылған. Пайғамбарымыз сақалының үш талы да осында сақтаулы. Пайғамбарымыз көкке көтерілген жерге әл-Ақса мешіті орнатылған. Мұндай жерге арабтар неге таласпайды? Таласады.
Сонымен бірге, этнос ретінде еврейлердің б.д.д. 2-ші мыңжылдықта осы Палестина жерінде қалыптасқаны да талас тудырмайтын тарихи факт. Бүкіл христиан әлемі қасиет тұтатын Құдай қабірі храмы да осында. Христосты креске керген Голгофа қырқасы да осында. Христостың көкке ұшып кететін жері де осында. Прокурор Понтий Пилат Христосты соттайтын преторий орны да осында. Мұндай жерді еврейлер неге өзіміздікі демейді? Дейді.
Палестина жерінде иудаизмнің, христиандықтың қалдырған ізі көп пе, мұсылмандардың қалдырған ізі көп пе деп дауласудың да берері шамалы. Палестина жерінде Омейя әулетінің де (661-750), Аббас әулетінің де (750-969), Фатима әулетінің де (969-1099) ізі сайрап жатыр. Мұсылмандар әл-Құдыс деп атаған бұл қаланы арабтардан крест керушілер қайта тартып алған. Палестинаның аумағын крест керушілерді талқандайтын Мысыр сұлтаны Салах әд-Дин де, одан кейін Мысыр мен Сирияны қабат билеген өзіміздің қандасымыз Бейбарыс сұлтан да басқарып тұрған. Осындағы ол кезде саны аз еврейлер тұрмақ, бүкіл батыс әлемін моңғол әскерлерінің шапқыншылығынан оларды 1260 жылы Айн-Жалут түбіндегі ұлы шайқаста талқандаған Бейбарыс сұлтан құтқарып қалған жоқ па? Осы жеңіс моңғолдардың Африка құрлығына басып кірмек жолын бірден кесіп тастаған еді ғой. Осман империясы тарих сахнасына дүрілдеп шыққанға дейін Египеттің қарауында келген Палестинаны сұлтан Селим бастаған түрік қолы 1517 жылы басып алып, тұтастай төрт ғасыр бойы бұл жер түріктердің қолына қараған жоқ па? Ол кезде ел аумағы екі вилайетке (уәлаят) бөлінген. 1800 жылы Палестинаның бар халқы 300 мыңнан аспаған екен, мұндағы бар еврейдің саны 5 мың ғана болған екен. Жалпы, Палестинадағы барша христиандар саны небәрі 25 мың шамасын құраған.
Тарих толған парадокс. Бір жаманның бір жақсылығы бар. Палестинаға еврейлерді оралтқан ұлы идеяның аты – сионизм. Заманында дәурен құрып тұрған Израиль патшалығын ассириялықтар, Иудей патшалығын вавилондықтар талқандаған соң найзаның ұшымен дүниенің бұрыш-бұрышына қашып барып, шашырап кеткен (гректің «диаспора» сөзінің мағынасы – шашырау, бытырау) еврейлер, ана елде де, мына елде де көзтүрткі болып, соғылып, сабылып жүрген (мысалы, Ресейде «еврейские погромы» дейтін масқара оқиғалар 1917 жылға дейін жалғасып келген, 1904 жылғы атақты Кишинев «погромынан» кейін елден 40 мың адам Палестинаға көшіп барған) еврейлер, Гитлер геноцидінен 6 миллион адамы атылған, асылған, Освенцим, Бухенвальд пештерінде өртелген еврейлер Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше зардап шеккен этнос ретінде сол соғыс біте салысымен жеке мемлекет құру мүмкіндігіне ие болды.
Мұның алдында, 1917 жылы Палестинада «еврей халқының ұлттық ошағын» құруға Ұлттар Лигасы (БҰҰ-ның ізашары) уәде еткен Бальфур декларациясы да еврейлердің Бірінші дүниежүзілік соғыста алабөтен зардап шеккеніне байланысты қабылданған. Ұлттар Лигасы 1922 жылы Палестина аумағын басқаруға Ұлыбритания мандатын белгілеген. Британ билігі тұсында еврей тұрғындар саны 90 мыңға жеткен. Елдегі негізгі халық мұсылман арабтар болғанымен, сол кездің өзінде Иерусалим тұрғындарының басым көпшілігі еврейлер еді. Ал саясатты қай кезде де қала жұрты айқындайды. Ұлтты да қала қалыптастырады. Польшадағы, Венгриядағы антисемитизм есірігінен кейін (1924-1929) Палестинаға 82 мың еврей қашып келсе, Германиядағы нацистік идеология қыспағы Гитлерден бас сауғалаған 250 мың еврейді Палестинаға жеткізген. Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда Палестинадағы әрбір үшінші адам еврей болатын. Осыдан кейін-ақ Палестина жеріндегі ұлтаралық қатынас шиеленісе түсті. 1947 жылы Британия үкіметі Палестина мандатынан бас тартты. Негізгі себебі – арабтар мен еврейлердің мәселесін шеше алмағандығы.
Біз Нью-Йорктегі БҰҰ ғимаратынан «Вопрос о Палестине и Организация Объединеных Наций» деген кітапша ала қайтқан едік. Соның қай бетін оқып қарасаңыз да міне алпыс жылдан астам уақыттан бері Палестина БҰҰ-ның басты бас ауруларының біріне айналып келе жатқанына көз жеткізесіз.
1947 жылғы 29 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестинаны бөлу жоспарын (БҰҰ Бас Ассамблеясының № 181 қарары) қабылдады. Ол жоспар бойынша Палестина екі мемлекетке – арабтар және еврейлер мемлекеттеріне бөлінетін болып шешілді. Иерусалим БҰҰ басқаратын халықаралық қала ретінде белгіленді. Еврейлер бұл шешімге шап ете түсіп, бірден-ақ қабыл алды. Араб мемлекеттерінің лигасы және Араб жоғарғы кеңесі бұл жоспарды бірден-ақ кері серпіп тастады. Осының себебін түсіндіру қиынның қиыны. Еркін энциклопедия – Википедияның анықтамалық материалында дәл сол кезде Палестинаның Жоғарғы комиссары колониялар істері жөніндегі министрлікке жолдаған қызметтік жазбада араб мемлекетін құруға арналған аумақ араб елдерінің арасында болмай қоймайтын соғыстың нәтижесінде Сирияның, Трансиорданияның және Египеттің өзара бөлісіне түседі деген болжам жасалғанын айтады. Егер осы сөз шындыққа жақындаса, онда Палестинадағы араб мемлекетін құру ісіне әу баста арабтардың өзара алауыздығы кедергі келтірген демеске әддің қалмайды.
Арабтар мемлекет құрмады екен деп мұндай тарихи мүмкіндіктен еврейлер бас тартқан жоқ. 1948 жылғы 14 мамырда мандатқа қарасты Палестинаның қалған аумағында Израиль мемлекеті құрылатыны жарияланды. Ертеңінде, 15 мамырда арабтың жеті мемлекеті (Египет, Сирия, Ливан, Трансиордания, Сауд Арабиясы, Ирак пен Йемен) жаңа құрылған елге бас салды. Бірінші Араб-Израиль соғысы солай басталды. Еврейлердің арабтарға қарсы қоятын екінші кінәсі осы – соғысты алдымен бастағандығы. Жеті жақтап шабуылға шыққанымен, арабтар жабылып жүріп бір Израильді жеңе алмады. Оның да себептері белгілі. Бір жағынан, араб елдерінің әскери қуатының әлсіздігі, өзара іс-қимыл бірлігінің нашарлығы, екінші жағынан, халықаралық сионизм күштерінің Израильге қуатты қолдау көрсетуі. Ақыры жыл бойғы соғыс әрекеттерінен кейін бітім жасалып, уақытша шекаралар белгіленді. Трансиордания Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимді иеленіп, Египет Газа секторына бақылау орнатқаны болмаса, Палестинаның араб мемлекеті құрылмаған күйі қала берді. Оның есесіне осындай басы ашылмаған жағдайға қарамастан, сол соғыстың артынша, 1949 жылғы 11 мамырда Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды.
Палестина мәселесін 1967 жылғы және 1973 жылғы араб-израиль соғыстары одан сайын ұшындыра түсті. Әсіресе, 1967 жылғы Алты күндік соғыс араб әлемінің әбден ара-дара күйде екенін, араб жұртының экономикалық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да әбден кенжелеп қалғанын көз жеткізе көрсетіп берді. Сол алты күннің ішінде Израиль араб елдерінің бар техникасын талқандап (әскери әуежайларға, танк колонналарына авиация соққылары дәйім намаз кезінде жасалған, ол кезде араб солдаттары, ұшқыштары не болса да сәждеден басын алмайтын), бұрынғы мандаттың барлық аумағына өз бақылауын орнатып үлгерді, Египет әскерін Газа секторын тастап шығуға, Синай түбегіне шегінуге мәжбүрледі, Иордания әскерлерін Иордан өзенінің ар жағына ысырып тастады. Махмұд Аббастың Палестинаның тәуелсіздігін 1967 жылғы шекарасында тану қажеттігін айтып жүргені сондықтан.
Палестина мемлекеті 1988 жылғы 15 қарашада Алжирде Палестина ұлттық кеңесінің (Палестинаны азат ету ұйымының жоғары кеңес органы) сессиясында жарияланған. 1994 жылы Ослода Израиль мен Палестинаны азат ету ұйымы арасында қол жеткен келісімге сәйкес Палестина ұлттық әкімшілігі құрылған. Бұл келісім бойынша ООП Израильмен түпкілікті уағдаластыққа қол жеткенге дейін Палестина тәуелсіздігін жариялауға мораторий белгілеуге және өзін ресми түрде Палестина ұлттық әкімшілігі деп атауға тиісті болатын.
Мемлекеттік құрылымдардың жарым-жартылай ғана қалыптастырылғаны, армияның жоқтығы шын мәнінде Палестина мемлекеті қазіргі күнге дейін толыққанды күйде құрылмағанын көрсетеді. Бір кезде араб мемлекетін құруға бөлінген аумақ әркімнің иелігінде: Иордан өзені батыс жағалауының басым бөлігін Израиль армиясы бақылап тұр, Шығыс Иерусалимді Израиль басып алған, Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауы Израиль аумағы бөліп жатқан екі анклав – бір жағына ХАМАС (Ислам қарсылық қозғалысы), бір жағына ФАТХ (Палестинаны ұлттық азат ету қозғалысы) иелік етуде. Осы екі ұйым бір-бірімен қарулы қақтығысқа да түсіп тұрады. Әр анклавтың өз үкіметі бар. Оған ХАМАС-ты біраз елде лаңкестік ұйым деп бағалайтынын қоссаңыз, біраз нәрсенің басы ашылады. Лаңкестік демекші, осы жағдай Палестина проблемасын шешудегі басты қиындықтардың біріне айналып отырғанын айтпасқа болмайды.
Палестина басшылығындағы ара-даралық, бір кезде жіберілген саяси қателіктер ол елдің халқы тәуелсіз мемлекет құруға құқылы емес дегенді әсте де білдірмейтіні белгілі. Сондықтан да, әлемдік қоғамдастықтың басым бөлігі (125 мемлекет) Палестина мемлекетін ресми түрде танып отыр. Елді танудан (қазірше деп қояйықшы) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің үш тұрақты мүшесі (АҚШ, Ұлыбритания мен Франция), сондай-ақ Еуроодақтың көптеген елдері, Жапония басқа да мемлекеттер бас тартуда.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының қарсаңында осы мәселе ерекше көкейкестілене түсті. Махмұд Аббас БҰҰ-ға Палестина мемлекетін толыққанды мүше ретінде тану туралы өтінім түсіретіні белгілі болғаннан-ақ сессиядағы пікірталастың басты тақырыбы айқындалып қалған еді. Барак Обаманың сессия басталардан бұрын егер Палестина бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің қарауына шығарса, онда АҚШ Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде вето қою құқын пайдаланады деп мәлімдеуі оның БҰҰ-дағы сөзіне қызығушылықты тіпті күшейтіп жіберді. Ресей де, Қытай да Палестинаны қолдайтынын алдын ала-ақ аңғартқан. Шынын айтқанда, АҚШ басшылығы екі оттың ортасында қалды. Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігінің саяси шолушысы Андрей Федяшин Интернетте: «Ауғанстандағы, Ирактағы, Ливиядағы соғысқа, Сирияға «шүйілуге» енді келіп Палестинаға қарсы вето қосылса, онда ислам әлемінің жаңа радикализмі дайын дей беріңіз», деп жазды. «Нью-Йорк таймс» газетінде былай деді: «АҚШ Палестинаның тәуелсіздік жариялау жөніндегі өтінімін қолдауға тиіс... өйтпеген күнде олар араб әлеміндегі сенімнің қалғанынан да айрылады». АҚШ Президенті әлемнің бас мінберінен мынаны айтты: «Осыдан бір жыл бұрын мен Палестинаны тәуелсіз күйде көргім келетінін айтқан едім. Мен палестина халқы өзінің мемлекетін құруға лайықты екеніне сенгенмін және сенемін. Көптеген адамдардың бұл істе ілгерілеу жоқтығына алаңдайтынын білемін. Мен де алаңдаймын. Алайда, маған сеніңіздер, ондаған жылдарға созылып келе жатқан қақтығыстың тез табыла қалатын шешімдері болмақ емес. Бейбітшілікке қол жеткізу – қиын міндет, бейбітшілікке БҰҰ-ның декларацияларымен немесе қарарларымен қол жете салмайды. Егер бәрі оңай болса, бейбітшілік баяғыда-ақ орнар еді. Біз ұмтылатын болашақта палестиналықтар егемен мемлекетте өмір сүретін болады. Олардың мұны көптен күтіп жүргенін көрмеу мүмкін емес. Сонымен бірге, Американың Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берік бейімділігі бұлжымайтынын да түсіну керек». Франция Президенті Николя Саркози Палестина ұсынысына америкалық вето қойылса, мұның өзі Таяу Шығыста шиеленісті күшейте түсетінін ескерте келіп, Палестинаға байқаушы елдің өтпелі мәртебесін беруді, Израиль мен Палестинаның арасында бейбіт шарт жасау үшін бір жылдық кесте дайындауды ұсынды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-дағы сөзінде Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайтынын басын аша айтты. Сонымен бірге, өңірдегі барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатқан ел ретінде қақтығыстың әділдікпен, соның ішінде тікелей палестина-израиль келіссөздері арқылы реттелуін жақтайтынын атап көрсетті. Біз Нью-Йоркте болған күндері Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының төраға елі ретінде тағы бір іргелі іс тындырды. Ержан Қазыхановтың төрағалығымен өткен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы үйлестіру кездесуі жайында газетіміздің кешегі нөмірінде жарияланған «Қыркүйектегі қарбалас күндер» атты мақалада былай делінген: «ИЫҰ делегаттары Палестинаның жағдайына ерекше назар аударып, Қазақстан тарапының ұсынысымен 57 мемлекеттің министрлері алдында Палестина Президенті Махмұд Аббас сөз сөйледі. Осы маңызды жиналыстың соңында Ұйым бір ауыздан Палестина мемлекетінің БҰҰ-ға мүшелігін қолдау жөнінде саяси қарар қабылдады. Қазақстан төрағалығы арқасында қол жеткізілген осындай саяси ауызбіршілік мұсылман және халықаралық қауымдар үшін өте маңызды серпіліс болды». Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Палестина мәселесі бойынша БҰҰ-дағы сөзі, оның артынша өткізілген ИЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің үйлестіру кездесуінде қол жеткен ауызбіршілік біздің еліміздің ислам әлеміндегі орнын бұрынғыдан да қомақтыландыра түсетіні талассыз. Біз әлем жұртының алдында, жылдың басты жиынында палестина халқының өз тағдырын өзі айқындауға, тәуелсіз мемлекет құруға, БҰҰ мүшелігіне қабылдануға заңды құқын ашық қолдау арқылы палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы келіссөз әлеуетін барынша толық пайдалануды, палестиналық босқындар мәселесін әділ шешуді, басып алынған территориялардағы демографиялық құрамды күштеп өзгертуге қарсылығымызды, лаңкестіктің қандай түрін де айыптайтынымызды, сонымен бірге Израильдің қауіпсіз өмір сүруге ұмтылысын қолдайтынымызды білдіріп отырмыз. Палестинаны жақтау тіпті де Израильге қарсы шығу емес. Израиль халқының да айналасындағы елдермен бейбіт қарым-қатынас жасағысы, бейқұт өмір сүргісі келетіні талассыз. Палестинаны жақтау – бір кезде дербес мемлекет құру мүмкіндігін сан түрлі себептерге байланысты қолдан шығарып алған, тарихтың өн бойында көп қиындық көрген халықтың табиғи тілегін жақтау. 1948 жылғы соғыс қимылдарынан кейін 750 мың палестиналық атамекенін тастап, батыс жағалауда, Газа секторында, көршілес араб елдерінде бас сауғалап, босқын болып кетті. 1967 жылғы соғыс қимылдарынан кейін бұл қатарға тағы да палестиналық 500 мың босқын қосылды. Біз Нью-Йоркте жүргенімізде БҰҰ-да палестиналық босқындарға көмек көрсету жөнінде Таяу Шығыс агенттігі бар екенін білдік. Сұрастырып қарасақ, ол агенттік қазір... 3,9 миллион палестиналық босқынды тіркеп отыр екен! Олардың екеуін – атасы мен немересін мына суреттен көресіз. Ондаған жылдар бойы палестиналық босқындардың бар баспанасы кәдімгі кенеп шатыр. Сол кенеп шатырларда туған балалардың балалары тұрмақ, енді немерелерінің алды да кенеп шатырларда дүниеге келе бастады... Сұмдық қой.
Қазірше бұл мәселенің шешіле қоймайтынын айтуға тура келеді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Палестина өтінімін қарап, бұл мәселені жеріне жете тексеруді тиісті комитетке тапсырды. Комитет мәселені бірнеше ай бойы қарауы мүмкін. Ол комитет қандай шешім шығарғанда да қазіргі саяси жағдайда АҚШ Қауіпсіздік кеңесінде вето құқын пайдаланатындығы анық. Демек, Таяу Шығыстағы ширленген түйін таяуда, оңайлықпен тарқатыла қалмайтыны да анық. Алайда, біз Палестина босқындарының аянышты ахуалы дәйім осылайша жалғаса бермейтініне сенеміз. Таяу Шығыста түпкілікті бейбітшілік орнайтын күн келеріне сенеміз.
Біз бұл мақаланы Израиль-Палестина жанжалына төрелік жасау үшін, артық-ауыс ақылымызды айтып қалу үшін жазған жоқпыз. Ондай мақаланы ағылшын тілінде жазсаңыз да, қазір бұл мақсатыңызға жете алмайсыз. Біз бұл мақаланы бейбітшілікке апарар жолдың қандайлық тайғақ кешулі екенін көрсету үшін, бәрінен де бұрын жақында 20 жыл толатын атыңнан айналайын Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін өз ағайынымызға білгізе түсу үшін жаздық.