Бір адам туралы бір кісі жақсы пікір айтса, сенбеуге болады. Сол адам туралы осындай пікірді екінші біреуден естісең, ойланып қаласың. Ал сол адам туралы көптің пікірі ортақ болып жатса, риясыз сенесің. Бүкіл саналы ғұмырын бала оқытуға, ұрпақ тәрбиелеуге арнап келе жатқан Бекен Мұхамедияров ағамыз туралы оны білетін баршаның пікірі бірдей – «ниеті таза жан».
Елде жүргенде, сонау Қарақалпақстанның Қоңырат ауданының білім бөлімінде инспектор, кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарған ағамызды жұмыс орнынан табу қиын болатын. Өйткені, қашанда ауыл аралап, мектеп аралап жүретін ол өз жанына тыным бермейтін. Әншейінде табылуы қиын ағамызды 1990 жылы жазда біржола «жоғалтып» алдық. Сұрастыра келсек, атамекені – Қазақстан жайында жиі әңгіме айтқыштап жүрген ол Алматы асып кетіпті.
– Біз көштің басын Алматы облысының Қарасай ауданына (бұрынғы Қаскелең ауданы) келіп тіредік, – дейді ол сол күндерді еске түсіріп. Осы аудандағы Шамалған бекетіне келіп, Германияға көшіп жатқан бір немістің үйін сатып алдық. Кеңестік жүйенің күйреуге жақын қалған кезі еді бұл. Аңсаған ата-жұртқа келдік. Аптыққан көңіл басылғандай болды. Жергілікті жұрт жылы қарсы алды. Бүкіл ғұмырымды мектепке, оқу ісіне арнаған мен келе салысымен осы бекеттегі жалғыз мектепке бас сұқтым. Маңдайшадағы «Қош келдіңіз!» деген қос сөзден басқасының бәрі, тіпті мектептің директорынан бастап, еден жуушыға дейін өзге тілді ағайындар екен.
Бекен Мұхамедияровтың ендігі мұңы осы мектептен қазақ тілінде оқитын сынып аштыру болды. Ниеті бір, көңілі ортақ адамдар да табыла кетті. Өзімен бірге осы бекетке қоныс аударған жерлестері Қыдырәлиев Қалшеріп, Әбдімұратова Шырынгүл, Мәтниязова Жібек, Айтмұратова Шәрігүл, Шорманова Кенже, Әбдімұратова Айнагүл сияқты ұстаздар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қайда барса да бірге барып әрекет етті. Қанша қайрат сарп етілді, қанша жүйке жұқарды, шүкіршілігі – дегендеріне жетті. Ауғанстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан көшіп келген ағайындардың балалары 1990 жылы 1 қыркүйекте сол кездегі «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы», бүгінгі күні Ыбырай Алтынсарин атымен аталатын орта мектептің табалдырығын аттады. Бастапқыда әр сыныпта бес-алтыдан, жеті-сегізден ғана оқушы болды. Бекен Мұхамедияров мектеп директорының орынбасары болып тағайындалды. Табиғатынан тынымсыз адамға тынымсыз жұмыс енді табылды. Сынып ашу бір бөлек, оны қалыптастыру, одан әрі дамыту бір бөлек. Тәжікстанда – тәжік тілінде оқыған, Өзбекстанда – өзбек тілінде, Қарақалпақстанда қарақалпақ тілінде оқыған, тіпті кейбір елдерде мектеп есігін ашпаған шәкірттердің басын қосып, ана тілінде – қазақ тілінде оқытудың қиыншылығы аз болмады. Дегенмен, Бекен аға және оның командасы бұл қиындықты да жеңе білді. Сол жылдары мектепте қазақ тілінің өркендеп, дамуына кең жол ашылды.
– Алғашқы кездері, яғни 1990 жылы қазақ тілінде оқитын сыныптарға бала толтыру қиын болса, – дейді Бекен аға бізбен әңгімесінде, – бүгінгі күні балалар саны бір мектепке сыймаған соң біздің бекетте жаңадан екінші мектеп ашылды. Оған мұрындық болған сол кездегі Білім және ғылым министрі Ш.Беркімбаева болатын. 1990-1991 оқу жылында қазақ тілінде оқитын балалардың санын әупірімдеп жүріп 104-ке әзер толтырған едік. Бүгінгі күні олардың саны 3935 балаға жетті. Яғни, еліміздің Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны 39 есеге артты.
Бүгінде зейнеткерлік демалысқа шыққан, бірақ ұстаздық міндетін әлі де жалғастырып келе жатқан Бекен аға бұл әңгімені қуана тұрып айтқан еді. Қуанбағанда ше, осы бір игілікті істің басы-қасында өзі жүрді ғой.
Осы арада бір айта кететін жайт, Өзбекстан Республикасы халыққа білім беру ісінің үздігі, КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі, Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім Бекен Мұхамедияров үшін биылғы жыл үлкен қуаныш ала келді. Қарасай ауданы әкімінің ұсынысы бойынша аудандық мәслихаттың шешімімен ұрпақ тәрбиелеудегі ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі үшін және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты оған Қарасай ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Қашанда жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұрт арасында жүретін қадірлі азамат, құрметті ақсақал бұл марапатты өзінің елі, жұрты алдында жасаған қызметінің бағасы деп түсінді.
... Қарлығаштың қалың өртке қанатымен су себуі ниетінің тазалығы дейді. Кейде, ебіл-дебілі шығып, мұрнынан шаншылып жүрген Бекен ағаны көргенде осы бір қанатты сөз еске түседі. Қарлығаш ниетті осы бір жан және қандай шаруамен жүр екен деп ойлайсың. Сонау азамат болып ат жалын тартып мінгеннен бүгінгі күнге дейін еліне қызмет етіп, жұртының кәдесіне жарап келе жатқан оған барлық жақсылықты тілегің келеді. Себебі, оның өзінің ниеті таза.
Шарафаддин ӘМІР.
Алматы облысы.