«Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 10 және 13 тамыздағы сандарында жарияланған Б.Қарақовтың «Қате қадам» және С.Шайынғазының «Мал бағуды кім үйретер бізге енді?» атты мақалаларына қатысты өз пікірімді айтуды жөн көрдім.
Бақберген ағамыздың «Қате қадам» атты мақаласы сын-мін айтудан гөрі, шын пейілде еліме, жеріме деген жанайқай тұрғысында жазылғанға ұқсайды. Мақала авторының көп жылдық іс-тәжірибесі негізінде жасаған тұжырымдамалары да ойландырмай қоймайтындай. Ғалымдардың болжауынша, нарықтық экономика тетіктерінің толықтай қалыптасуына негізінен үш мәселе: шаруашылық құрылымдарының сәйкессіздігі, тұрақсыздық, банктер несие жүйесінің тиімсіздігі және сауатты мамандар жетімсіздігі кедергі болады екен. Меніңше, осының үшеуі де бүгінгі ауыл шаруашылығы саласында әр деңгейде орын алып отыр және мақалада осының үшіншісіне нақты, толықтай анықтама берілген. Сонымен қатар автор, «жекешелендіруден» бос қалған байтақ жайылымдықтарды қой, жылқы малдарын өсіру арқылы пайдаланудың тиімділігін нақты дәлелдермен көрсеткен. Дегенмен де аталған мақала төңірегінде төмендегідей жәйттерді де ескеру керек сияқты.
Бүгінде ауылшаруашылық өндірісінде маңызды мәселенің бірегейі Елбасы тапсырмасына сай, таяу жылдарда елімізде мал еті экспортын 60 мың тоннаға жеткізу болып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізуде жылқы, қой шаруашылықтары мүмкіндіктерін пайдалануда өз қиындықтары мен кедергілерінің бар екенін де ескеру керек сияқты. Біріншіден, қазақ атамыз ертеден-ақ, «қой еті қорғасын» деп жай айтпаған ғой, сондықтан шетелдерде ғана емес, елімізде де ірі қара етіне сұраныстың айтарлықтай басым екенін жасыруға болмайды. Екіншіден, мал азығы құнарлылығының әрқилылығын айтпағанда, шалғай жайылымдықтарды игеруге, басымдығымен ерекшеленетін шағын шаруашылықтар қауқарсыз.
Сондай-ақ, шетелдік асыл тұқымды «герефорд» ірі қара малы мал шаруашылығы өнімділігін арттыруға жарамсыз деу негізсіз деп ойлаймын. Біріншіден, герефорд ірі қара малы көптеген еттік ірі қара тұқымдарын, оның ішінде біздің ел жағдайына толықтай қалыптасып, жоғары өнімділік көрсеткен қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малдарын шығаруға да кеңінен пайдаланылған. Екіншіден, жекешелендіру кезеңінде етті ірі қара малдың жоғалтқан өнімділік құндылықтарын қайта қалыптастыру мақсатында герефордтың аталық, сондай-ақ, аналық малдарын, зоотехник тілімен айтқанда, алмастырып пайдаланудың тиімділігі тәжірибеде бұрын да дәлелденген. Меніңше, мәселенің маңызы мен күрделілігі мұнда емес. Сырттан әкелінген малдарды, жоғарыда айтылғандай, еліміздің етті ірі қара мал шаруашылығы өнімділігін жетілдіруге бүгінде біз интеллектуалдық, материалдық (әсіресе жем-шөп қоры) тұрғысында қаншалықты дайынбыз. Мүмкін жұмысты осы жағдайларды таразылай, яғни іс-шараның тиімділігін бақылай отырып жүргізу ұтымды болатын шығар.
Сонымен қатар, бүгінде бос қалған жайылымдықтарды тиімді пайдалану жолы, олардың негізінде мемлекеттік қой, жылқы шаруашылықтарын ұйымдастыру ішкі азық-түлік рыногында бәсекелестікті нығайтып, мал өнімдері бағаларын тұрақтандырумен қоса, оның төмендеуіне де ықпал етер еді. Менің ойымша, жалпы, мал шаруашылығы өнімділігін арттыруда, жем-шөп қорын дайындауда мемлекеттік қолдаудың, құрама жем өндірісін мемлекеттік кәсіпорындар негізінде атқарудың маңызы зор.
«Мал бағуды кім үйретер бізге енді?» атты мақала авторы бүгінгі отандық мал өнімдерін өндіру жағдайын мақала тақырыбымен қиыстырып, өзекті мәселені қынжылыспен баяндайды. Елімізде мал өнімдерін өндіру көлемінің бұрынғымен салыстырғанда күрт азаюынан тұтынушыларға отандық қана емес, сапасы төмен шетелдік өнімдердің де ұсынылып жатқандығы ақиқат. Осыған орай еліміздің бас газетінің қызметкері ауыл шаруашылығы саласы басшылығына, мал мамандары мен ғалымдарға бұл неден болып отыр деген сауал қойғанға ұқсайды. Шындығында, мал шаруашылығында бүгінде кейбір озық тәжірибелерді үйренбей немесе ерекше бір өзіндік мәні бар іс-қимылдар жасамай, сала түбегейлі оңалмайтын сияқты. Себебі, ғылыми және тәжірибе тұрғысынан біз қанша жерден мал өсірудің тиімді жолдарын баяндағанмен, әзірге іс-жүзінде айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Сонымен қатар, мал бағу ата кәсібіміз дегенімізбен, бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға болмайтын сияқты. Атап айтқанда, ертеректе қандастарымыздың басым бөлігі ауылдық жерлерде, көшпенді жағдайда өмір сүріп, тіршіліктің негізгі көзі болған малға тәуелді еді, ол кезде еңбекке деген көзқарастың ерекшелігі сол, мал бағуда, азықтандыруда кемшіліктер жіберуді қиянат, обал жасау деп түсінген. Бүгінгі бұл саладағы жағдай керісінше деуге келеді. Біз аграрлы да елміз дегенімізбен, ел экономикасында өндіріс саласы үлесінің ерекше басымды ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал өнімдерін өндіруді өз дәрежесінде өркендетуге, онсыз да табыстылығы шектеулі кәсіпке деген ынталылықты төмендетіп, енжарлықты қалыптастырып отыр деп айтуға болады.
Сондықтан да бүгінгі мал шаруашылығы саласы алдындағы басты міндет, мал бағу ғана емес, оларды табыс көзі ретінде мейлінше тиімді пайдалану болып отыр. Демек бұл үшін бұрынғыдай ата-бабаларымыз мал өсіруде қолданған қарапайым әдістерді пайдалану жетімсіз. Ол үшін өзіндік ізденіс жұмыстарын атқарған абзал, ол – бүгінгі азық-түлік рыногындағы бәсекелестік талабы.
Негізінен дамыған елдерде орта есеппен ауыл шаруашылығы өнімдерінің 70%-ға жуығын, саны жағынан 20% ғана болатын іріленген шаруашылық құрылымдары өндіреді екен. Сондықтан да шағын құрылымдар мемлекет тарапынан да, басқаша да қомақты инвестициялық қаржыларды пайдалануға тиімсіз болу арқылы, жалпы ауылшаруашылық өндірісіне қосымша тетік ретінде қызметтер атқарады екен. Мысалы, бұрынғы мемлекеттік кәсіпорындарда, атап айтқанда, сүт өндіретін шаруашылықтарда жеке меншік сүт өнімдері де қабылданып, шаруашылық жоспарына енгізіліп, төлемақы төленіп, сүт өткізген отбасы шаруашылықтарына, көлеміне сай арзандатылған мал азығы беріліп отырды. Менің ойымша, бүгінде де, Елбасы атап айтқандай, іріленген шаруашылықтар маңайына шағын шаруашылықтарды топтастыру арқылы, оларға мемлекеттік қолдау көрсетсе тиімді болатын сияқты.
Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.