«Өзенмұнайгаздағы» оқиғалардың салдарынан Қазақстан қазынасы ондаған миллиард теңгеден қағылды. Ереуіл кезінде 1 миллион тоннаға жуық мұнай игерусіз қалды. Бұл көрсеткіш 2011 жылдың қорытындысына кері әсерін тигізеді», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаев ұлттық әл-ауқат қорының жанынан құрылған «Сарапшы» клубының алғашқы отырысында.
Естеріңізде болар, биыл Маңғыстау облысында мұнайшылардың наразылық акциясы ұйымдастырылып, «Қаражанбасмұнай» мен «Өзенмұнайгаз» қызметкерлері аштық жариялады. Еңбек кодексінің баптарын саналы түрде бұзған жұмысшылар компания басшылығымен келіссөз жүргізбестен ереуілге шықты. Ұжымдық шарт негізінде шешілуге тиісті мәселені ушықтырып, ешқандай негізсіз жұмыс берушіден айлық жалақыны өсіруді талап етті және «компания басшылары еңбек жағдайының ауырлығына байланысты мұнайшыларға тиесілі салалық 1,8 коэффициентті төлемей отыр» деген ақпарат таратып, компанияға жала жапты. Тексеріс барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері мен Жаңаөзен қалалық сотынан құралған үкіметтік комиссия мүшелері мұнайшылардың ереуілі заңсыз, талабы орынсыз деген шешім шығарды. Т.Құлыбаев атап көрсеткендей, осының салдарынан ел бюджетіне орасан зор нұқсан келді. Өйткені, дәл сол кезде мұнайшылар жұмысқа шықпай, жамбастап жатып алды. Кейін олардың барлығы жұмыстан шығарылды. Мұндай шешімге көңілдері толмаған жұмыскерлер компания басшыларына өздерін жұмысқа қайта қабылдау және моральдық шығынды өтеп беру туралы талап қойып, сотқа шағымданды. Нәтижесінде, Ақтау қаласының №2 соты қызметкердің жұмыс орнында 3 сағаттан артық себепсіз болмауына байланысты жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға құқылы екенін алға тартып, олардың талабын қанағаттандырмай тастады. Десек те, компания басшылары жұмыстан шығарылған адамдарға түсіністікпен қарап, оларға басқа жерлерден жұмыс ұсынды. Бірақ мұнайшылар тағы да «қыңырайып» қалды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев былай деді: «Қаражанбасмұнай» және «Өзенмұнайгаздан» жұмыстан шығарылған 2 мың мұнайшыға басқа жерден бос орындар ұсынылды. Алайда, мұнайшылар жаңа қызмет орнының жалақысымен келіспеді. Бұған дейін олар 250-300 мың теңге алса, жаңа жұмыста 160 мың теңге көлемінде еңбекақы белгіленген. Енді, олар бұрынғы жалақыны талап етуде».
Басқарма төрағасының атап көрсеткеніндей, ел азаматтары өздерінің құқықтарын бас көтеру арқылы емес, кәсіподақтардың көмегімен қорғауы керек. Өйткені, ереуілге шығу, аштық жариялау абыройлы іс емес.
«Меніңше, біздің ұжымда үлкен қателік кетті. Бұрын комсомол жетекшілері ұжымдағы әрбір қызметкерге жеке-жеке көңіл аударатын. Мүмкіндігінше мәселелерін шешіп беретін. Біз осыған назар аудармадық. Бүгінгі таңда олқылықтың орнын толтыруға әрекеттеніп жатырмыз. Бұдан былай әрбір жетекші қызметкерінің туған күнінен бастап, нәрестелі болғанына дейін біліп, әлеуметтік көмек көрсетіп отыратын болады. Бұл күндері «Өзенмұнайгазда» арнайы құрылған топ жұмыс жасап жатыр. Олардың алдында өндірістің өнімділігін қалыпқа келтіру және арттыру міндеті тұр. Қазірдің өзінде біз мұнай өндірудің тиісті межесіне жетіп отырмыз», – деді Т.Құлыбаев.
Соңғы 3 жылда жергілікті жердегі жұмысшылардың айлық жалақысы 6 рет өскен. Бұл мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы басқалармен салыстырғанда көш ілгері деген сөз. Осы турасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының корпоративтік даму және активтерді басқару жөніндегі орынбасары Асқар Әубәкіров: «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жалақысы Қазақстан бойынша ең жоғары болып табылады. Қазір біздің жұмысшылар айына орта есеппен 250-350 мың теңге алады. Олар ауысыммен еңбек етеді. Меніңше, мұнайшылардың айлығы төмен деу негізсіз», – деді.
Оның сөзінше, айлық жалақыдан бөлек әрбір жұмыскер жыл сайын әлеуметтік көмек ретінде 1 млн. 200 мың теңге алады. Оның ішінде компания қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне медициналық көмек тегін көрсетіледі. Мұндай көмек еден жуушыға да, бөлім бастығына да бірдей беріледі.
Белгілісі компания мұнайшылардың әлеуметтік әлеуетін арттырып, оларға қолдан келгенше моральдық, материалдық көмек көрсетуге тырысып бағуда. Себебі, компания өз ұжымында береке-бірлік пен ынтымақ болғанын қалайды. Алайда, мұны түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар.
Қалай болғанда да Маңғыстау облысында биыл болған толқулар келер күндерге сабақ болуы тиіс. Өзіміз үшін және еліміздегі бейбіт өмір үшін.
«Егемен-ақпарат».