Өркениет тарихында рухты халық қана жасампаз болмақ. Бүгінгі жаһандану заманында экономикалық, инновациялық даму мен өркендеу кеңістігінде адамзат баласына рухани жаңғыру мен өмір сүру – басты ұстаным, берік қағидат болуы керек. Ұлттық санамыз, ұлттық ой-пайымымыз ісімізден озық болып, игілікті де табысты еңбектерімізден бұрын жаңғырып отыруға тиіс. Ұлттық рухани құндылықтардың қайнар көзі – тіл, дін, діл, салт-дәстүр, тарих екені баршаға аян. Ұлттық құндылықтардың басты мазмұны – білім мен біліктің, тәрбие мен тағылымның ұштасқан тірегі. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақ елінің жаһандану әлемінде рухани даму жолында басты бағдар болатыны сөзсіз. Қазір ең бастысы, ұлттық біртұтастығымыз мен бірегейлігімізді сақтауда өзекті жұмыстар атқарылуы қажет. Біріншіден, ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту мақсатында ұлттық ойлаудың философиялық мазмұнын білуіміз керек. Жаңғыру сипатында ұлттық құндылықтарымыздың қоғамға жат, ескіргенін ығыстырып, ұлт болмысына қажеттісін насихаттағанымыз дұрыс болады. Екіншіден, ұлтымыздың білімділігі мен біліктілік мазмұны. Аса білімдар ұлт қана ұлт құндылығын сақтап, әлемдік кеңістікте ұлттық парасатын көрсете алады. Соның бірегейі – ұлттық тіл құдіреті. Тіл – ұлттық тірегіміз, рухани күш-қуатымыз, ұлт айбыны, ұлтжандылық сезімін шыңдайтын құрал екені баршамызға белгілі. Бүгін қазақ тілінің қадір-қасиетін тек қазақ ұлты ғана біліп, қазақ қана насихаттап қоймау керек. Қазақ елінің руханияттық қуаты Қазақ елінде тұратын барлық ұлттардың қазақ тілінде сөйлеп, қызмет жасап, шешендігін танытатын басты көрсеткіш болғаны абзал. Уақыт ағымы өзгерсе де, адам болмысының адамгершілік табиғаты өзгермеуге тиіс. Қай уақытта болса да адам жаны имандылық пен ізгілік үшін, адалдық пен әділдік үшін, білімділік пен рухтың биіктігі үшін ғұмыр кешу керек. Бұл – Қазақ елі үшін басты ұстаным. Бүгінгі таңда Қазақ елі ұрпағының тәрбиесі – отбасы мен қоғам тәрбиесі деп білуіміз қажет. Ата-баба мұрасы мен ұлтымыздың ұлылығын сақтау үшін бес құндылықты, тағылымды тәрбие беру үшін төрт тағанды, рухын биік ұстау үш қуаттылықты білуіміз керек. Бес құндылық – біріншіден, көрікті ойдан көркем сөз тудыратын ана тілде сөйлеу, тіл тазалығы мен тіл мәдениетін сақтау. Екіншіден, имандылық ишарасының ұйытқысы – ұлттық діннің дұрыс насихаты. Үшіншіден, ұмытылып қалған салт-дәстүрімізді дұрыс жаңғырту, ұлттық ас-су, зергерлік өнер, құсбегілік, атбегілік, ұлттық-тұрмыстық дәстүрімізді үйрету, насихаттау. Төртіншіден, діл, яғни ұлттық болмыс табиғаты сақталу қажет. Бесіншіден, Қазақ елінің ата-баба тарихының дұрыстығы мен бұрыстығын анықтап, айтылмаған, жазылмаған тарихтың ақтаңдақ беттерін ұрпаққа оқыту және білу. Тағылымды тәрбиенің төрт тағаны: 1) Ата-анаға құрмет жасау арқылы – үлкенді сыйлау, отбасын сақтау. 2) Жақсының сөзін тыңдау, сұлулықты сезіну, өнерді сүю, көркем әдебиетті оқу. 3) Адал еңбек ету, білім мен ғылымға құштарлық, жаңалық жаршысы бола білу. 4) Білдім демей, білгім келеді деумен өмір сүріп, әр уақытта дүние тылсымы мен құпиясын білуге құштар болу. Ұлттық рухтың үш қуат көзі: 1) Ұлттық ар-намыс әр уақытта ояу, жалынды жігерің шоқ болып тұрсын! 2) Ұлт жоқтаушысы бол, ұлттық тектілікті сақта! 3) Өркениеттіліктен қалмай, Қазақ елінің ұлттық болмысына қосар еңбегің зор, қағидатың анық, білімділігің биік болсын! Ал ендеше, ұлттық дүниетанымымыздан адаспай, өзімізден бастап, өзгелерге үлгі болар игілікті істің басында болайық, биік болайық! Ұлттық құндылықтар және жалпыадамзаттық гуманизм тұғырында Қазақ елінің жас ұрпағын тек ұлттық білім мен әлемдік мәдениет тұтастығында білім беріп, тағылымды тәрбиелей алсақ қана Ұлт тәуелсіздігі мәңгі болмақ! Айман ЗЕЙНУЛИНА, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі
Қазақстан
•
30 Маусым, 2017
Бес құндылық, төрт таған һәм үш қуаттылық
1564 рет
көрсетілді
Бірлігі бекем, берекесі мол елдің ертеңі нұрлы болатыны баршамызға аян. Ал нұрлы елдің ең басты құндылығы – терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сырын сыйғызған мемлекеттік тілі, ұлттық даралығы мен даналығын жазатын тарихы, ұлттық болмысын танытатын салт-дәстүрі, танымы мен тағылымын көрсететін ділі мен діні, кең жазира атамекені мен Ұлы Дала рухы болу қажет.