• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Шілде, 2017

Елорда төрінде – Эрмитаж жәдігерлері

647 рет
көрсетілді

Әлемде адамдар ең көп баратын 20 музейдің бірі саналатын дүние жүзіндегі ең ірі көркемсурет және тарихи-мәдени Эрмитаж музейі Астанаға келді. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өткен «Шығыс пен Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» көрмесі мыңжылдықтарға ұласқан қару тарихынан мол мағлұмат береді.

Көрменің салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қару-жарақ жасау өнерінің Эрмитаж қорынан жинақталған көрмесі ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отырғанын айтты.

«Сарапшылардың пікірінше, адамзат бүгінде жаңа соғыс қатері алдында тұр. Сондықтан Қазақстан Президенті өзінің «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде: «Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдардың, бизнесмендердің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдардың күш-жігерін жұмылдыру қажет» деген болатын», деді Мемлекеттік хатшы.

– Осы көрмеге келушілер қару-жарақ жасау өнерінің қыр-сырын ұғынып, Шығыс пен Батыстағы өнердің тарихы мен өркендеуі, қарудың алуан түрі, оларды жасаған орталықтар мен әйгілі қару-жарақ шеберлері жөнінде біле алады, – деген Г. Әбдіқалықова әйгілі Эрмитаждың Астанаға келуін – Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы достық қарым-қатынастың айғағы деп атады.

Көрмеге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшісі М.Бочарников, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ЭКСПО-2017 көрмесіне келген шетелдік қонақтар, ғылыми зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

– Қазақстанмен мәдени әріптестік байланыстағы институттар мен музейлердің ішінде Эрмитаж үнемі алдыңғы шепте қолдау көрсетіп келеді. Мұндай көрме бұған дейін де өтіп келген. Батыс пен Шығыстың қару-жарақ өнерін тамашалау кімге болсын қызық деп ойлаймын. Мұндай көрмелердің екі жақты ынтымақтастыққа қосар үлесі мол, – деген Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшісі М.Бочарников мұндай ауқымда шараның ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін де жалғасатынын айтты.

Көрменің хронологиялық мерзімі XV ғасыр мен XIX ғасыр аралығын қамтиды. Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания сынды елдердің жауынгерлік, аңшылық және парадтық қарулары қойылды. Экспозициядағы заттар әлдеқашан практикалық маңызын жоғалтқанымен, қару жасау ісінің тарихы мен дамуы тұрғысынан көп жайдан хабар береді.

Алуантүрлілігімен таңқалдырған шығыс қаруларының қатарында – түрік ятагандары, иран шамширлары, үнді тальварлары, кавказ қылыштары, жапон катандары бар. Шығыс әскерінің негізгі күші атты әскер болғандықтан, жауынгердің құлаштай еркін шайқасуына байланысты қарудың неғұрлым жеңіл болуына баса мән берілді. Мысалы, көрмеде орын тепкен 1860 жылдарға жататын үзеңгілі ер - Қоқан ханы Саид Мұхаммед Худояр ханның II Александрға тартуы. Мемлекеттік Эрмитаж музейінің «Арсенал» бөлімінің ғылыми қызметкері В. Образцовтың пікірінше, бұл ер таяушығыстық ат әбзелдері дәстүрінің жарқын үлгісі.  «Конструкциясына назар аударатын болсақ, ердің артқы қасы болмағандықтан түрегеп тұрып қылыштасып, ұрыс жүргізуге ыңғайлы екенін көреміз. Шығыста ер – мәртебе мен байлық көрсеткіші саналаған» дейді ғалым.

Қонақтар көрменің орта шеніне қойылған турнирлік сауыт тұсына көп аялдап жатты. XV-XVI ғасырларда Германиядағы танымал найзаласу турнирінде қолданылған бұл сауыттың салмағы - 50 кило. Мұндай сауыт көбіне қарсыласының қолынан найзасын қағып түсіруге ұмтылған джостра турнирінде кең пайдаланылыпты. Көрмеде көрсетілген от қарулардың дені – XVI-XVII ғасырлардағы неміс шеберлерінің еңбектері. Өз заманының эстетикалық қағидаттары мен ұлттық ерекшеліктеріне сәйкестендіріп жасалған қарулардың сәндік мәнері өз алдына бөлек әңгіме. Эрмитаждың Арсенал топтамасынан орын алған қару-жарақ өнерінің жауһарларына айналған дуэль қарулары батыс-еуропалық шеберлер өнерінің жоғары деңгейін танытады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»