• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 04 Шілде, 2017

Табысты болудың басты факторы − білім

10405 рет
көрсетілді

«...Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Жаңаша ойлап, қоғам, ел үшін отандастарын игілікті істер жасауға үндеген Елбасы одан әрі былай дейді: «...Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».

Менің ойымша, бұл тек­тен-тек айтылып отырған сөз емес. Бұл − бізге бүгін­гі озық технологиялы жаһан­дық ық­палдасудан, соны­мен бірге, түрлі қауіп-қатер­ден қорғану­дың да жолы. Қазіргі кезеңде әлем елдері жаңа тарихи өз­геріс­тер кезеңі­нің бастауында тұр. Бұл өзгеріске түскелі тұр­ған дәуір күллі адамзатқа әлі бұ­лың­ғыр. Оның жалпы өрке­ниеттің дамуына қандай прогресс әкелетіні жай халық түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздеріне де жұмбақ. Дегенмен, мұндай беймәлім әлемнен біздің де алатын өз үлесіміз бар екенін естен шығармауымыз керек. Осы ойымызды әрі қарай өрбітетін болсақ, ендігі арада сол ұлттық кодымызды сақтау мен оны өкшебасар кейінгі ұр­пақтың бойына қалай сіңіреміз деген мәселеде ойласатын жағдайлардың көп екені айтпаса да түсінікті жайт. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен, халықтың бәсекеге қабі­леттілігіне айрықша мән беруді ұсына­ды. Яғни, әрбір қазақстандық ден­сау­­лығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді, оның ішінде шет тілдерін меңгеру, мәдени ашықтық сияқты қазіргі қоғам­ның берік ұстанымына айнал­ған қасиет­терге ие болуы керек. Ол кез келген елде, кез келген ортада емін-еркін сөйлеп, өз пікірі мен дербес ұста­нымын дәлелдеп өткізе білетін, әрі ұстамды, әрі қарапайым, әрі салиқалы да салмақты, саламатты өмір салтын ұстанған адам ретінде қалыптасуды талап етеді. Сол үшін де Елбасы «Цифр­­лы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келі­­сім» сияқты бағдарламалардың қол­ға алынуы біздің халқымызды ХХІ ға­сыр­дың талаптарына сай даярлаудың ал­­ғаш­қы қадамдары екендігін көреген­дікпен болжам жасап, оған өзі мән бере дәлелдеп отыр. Елбасы әдеттегідей бұл бағдар­ла­ма­лық мақаласында да қоғамдық өмір­дің аса мәнді саласы – жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарының, тіпті тұтас білім беру ісінің рөліне ерекше тоқталды. Ма­қа­ланың «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Президент:  «...Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіп, өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыс­тары­ның үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз», – деп, озық білім мен жаңа, төл ғылымды игерген елдің келешегі баянды болатынына ерекше назар аударады.  Осы тұста баса ескертіп өтетін нәрсе, жастарға, елі­міздің болашақ иелеріне дұрыс жол көрсетіп, жөнге салу өте маңызды іс дер едік. Ал университеттер мен арнаулы кәсіптік және орта мектептер – жас ұрпақты әлеуметтік ортаға алғашқы болып бейімдейтін, оларды қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыратын бірден-бір мемлекеттік құрылымдар. Сондықтан, жастармен жұмыс істеуде ешқандай қателікке жол бермеуге тиіспіз. Бұл жерде біздің мектеп пен жоғары оқу орындарының маңызына тоқталып отырған себебіміз – аталған білім беру мекемелері (мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын) тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге, ұлтты тәрбиелеуші құрылымдар болып есептеледі. Елбасы айтып жүрген бүкілқазақстандық біртектіліктің рухани ұстыны осы тәлім-тәрбие беруші құрылымдардың іс-әрекеттерімен тіке­лей байланысып жатыр.  Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды мәселесі – туған жерге деген махаббат. Шындығында да, туған жерді қорғау, туған елге қыз­мет ету білімнің көптігінен емес, ел­дік санаға туған жер мен елге деген сүйіс­пеншілікпен байланысты болатыны белгілі. Өзінің туған жері мен өскен өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген әрбір азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Бұл – аксиома. Дана халқымыздың: «Отан – отбасынан бас­талады», деуі сондықтан.  Мақала авторы бұл жайында былай дейді: «Қазақ «Туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриоттықтың маңызды көріністерінің бірі». Өзіміз туып-өскен жеріміздің атауы қалай қойылғанын, нендей негізге сүйенгенін, оның таулары мен жота­лары, сайлары мен шатқал­дары, көлдері мен өзендерінің аттарының тарихын, сондай-ақ, осы жерде туып, осы өлкенің көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан, еңбек еткен аталарымыз бен әжелерімізді келер ұрпақ біліп, көкірегіне түйіп өсуі тиіс. Міне, шынайы патриотизмнің алғышарттары осы – туған жердің тарихы мен географиясын білуден, оны құрметтеуден, қастерлеуден басталады.  Сондықтан да, ұлттың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламаларының мәні орасан зор. Түсінген адамға «Туған жер» дегеніміздің өзі – «Киелі мекен» деген мағына береді, ал ол тұтастай алғанда, «Ұлы Дала елі» деген үлкен ұғымға алып келеді. Мұн­дағы айтайын дегеніміз, әр аймақта өлкетану жұмыстарын жандандырып, туған жерді түлету айрықша бір қасиетті шаруа. Ел қондыру, оған инфрақұрылымдар жүйесін жүргізу, төрт түлік мал өсіру, егін егу, байырғы елді мекендердің атауларын қалпына келтіру, орман-тоғай, тау-тас, су-ну, аң-құсқа, қажет десеңіз әрбір бұлақ көзіне, әрбір ағашқа бақылау жасау өмір сүрген әрбір адамның қасиетті борышы болуға тиіс. Осындай өлке­тану жұмыстарын сәтімен жүргізетін бол­сақ, мектептер мен университеттердің оқу бағдарламаларына «Өлкетану» пәнін енгізіп, сол өлкенің тарихы мен табиғатын, географиясы мен экология­сын, археологиясы мен демографиясын, руханияты мен ономастикалық ерекшеліктерін түбегейлі зерттеп, қопара жазу қолға алынса құба-құп болар еді.  Осы орайда тағы бір айта кететін нәрсе, туған жерден түлеп ұшып, ұлан-ғайыр еліміздің түкпір-түкпірлерін­де, шетелдерде жемісті жұмыс жасап жүрген әйгілі жерлестердің басын қосып, ауыл тұрғындарымен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, туған жерлеріне, мектебіне, ауылына қамқорлық жасағысы келген азаматтарды қолдап, ынталандырып отырса нұр үстіне нұр. Меніңше, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасына ерекше көңіл бөліп, оның әлеуетін толық пайдалануы керек. Бұл жұмысты терең әрі байыппен ойластырып, туған жерге көмек қолын созған адамдарды қолдап-қуаттап, құрметтеп отырған жөн деп ойлаймын. Аталған бағдарламаны тиімді пайдаланатын болса, елді мекендерді көріктендіру мен көгалдандыру, мектептерді жөн­деу мен компьютерлендіру, спорт алаң­дарын салу, мәдениет үйлері мен кітап­хана­ларды жөндеуден өткізу сынды тағы басқа да ел мұқтаж болып отырған тірліктерді жұмыла атқаруға болар еді.  Ел Президенті: «...Қанымызға сің­ген көптеген дағдылар мен тап­таурын болған қасаң қағидаларды өзгер­т­пейінше, біздің толыққанды жаң­ғыруымыз мүмкін емес», – дейді. Ол мұны жаны ашығандықтан ай­тып отыр. Осы тұста «прагматизм» де­ге­ні­міз не дегенге келетін болсақ, ол – нақты іс-әрекет дегенді білдіретін сөз. Бұл – субъективтік, идеялистік филосо­фиялық ілім. Прагматизмнің негізгі қағидалары – қандай ой-пікір, іс-әрекет болса да оны тиімділік тұрғысынан мойын­дау, адам белгілі бір мақсат үшін өмір сүреді, осы мақсат жолындағы ақи­қат­қа жетудің өлшемі практикаға арқа сү­йеу; іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, нық сенімге ие болу, яғни ақи­қаттан бұрын сенімге ие болуды көзде­йді. Былайша айтқанда, прагматизм идеоло­гиясы – рухани жаңғырудың жаңа бағыт­тарын айқындайтын өмір сүру философиясы.  Президент Н.Назарбаев өз ма­қа­ла­сын­да ұлттың рухани жаң­ғыруы­ның күретамыры прагматизм ұста­ным­­дарының ұлт санасына сіңуімен тіке­лей байланысты екенін айта келіп, ол үшін қанымызға сіңген мен­тальдық бол­мы­сымыздың сипа­тына айналған кей­бір тұрпайы дағдылардан арылу қажет­тігін бүгінгі өмір шындығы дәлел­деп отыр­ғанын алға тартады. Солардың бірі – аста-төк ысырапшылдық, даңғой­лық, даңғазалық, астамшылық, маңдай тер­мен келген байлықты бағаламау бо­лып шығады. Мемлекет басшысы: «Пра­г­матизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнем­ді пайдаланып, соған сәйкес бола­шағыңды жоспарлай алу, ысырап­шылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кер­деңдікке жол бермеу деген сөз. Қазір­гі қоғамда шынайы мәдениеттің бел­гісі – орынсыз сән-салтанат емес. Кері­сінше, ұстамдылық, қанағатшы­лық пен қара­пайымдылық, үнемшіл­дік пен орын­ды пайдалану көргенді­лік­ті көр­се­теді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алу­­ға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәс­і­­би тұрғыдан жетілуге басымдық бер­е отырып, осы жолда әр нәрсені ұтым­­ды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы», – деп жақсы айтты. Елбасының осынау терең ойлы сөзін ендігі кезеңде әрқай­сымыз әр ісіміз­де, күнделікті тұр­мы­сымызда, әдет-дағ­ды­мызда жаң­ғыр­тып, бағдаршам ретін­де ұстануға міндеттіміз.  Мақаладағы бүкіл халықтың көңілі­нен шыққан тағы бір мәселе – латын әліпбиіне көшу. Елбасы қазақ әліп­биінің көне тарихын сонау VI-VII ғасырларға жататын «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап талдап, ой-сабақтай келе, латын жазуына көшудің терең логикасын түсіндіріп өтеді. Одан әрі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аударма бюросын құру мәселесін қозғайды. Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Сорбонна секілді әлемнің өзге де танымал университеттерінің үздік оқулықтары негізінде таңдаулы, заманауи 100 оқулықты қазақ тілінде сөйлететін боламыз. Ойлап қараңыз, 100 оқулықтың қазақ тілінде сөйлеуі – бұл біз үшін үлкен жетістік. Оның сыртында авторлардың оқулық жазу­дағы әдіс-тәсілдері, шеберліктері, әде­би-мәдени, тарихи-философиялық ай­ғақ-дәйектемелері де бізге сөзсіз қажет әрі төлтума оқулықтарымызды жазу­да үлгі-өнеге болатыны айдан анық.  Уақыттың ұршығы әрқашан іс-әрекетте, қозғалыс үстінде көрінеді. Яғни, уақыт бір орында тұрмайды, ол алға озған сайын өзгерістерге түсіп отыра­ды. Өзім білім-ғылым саласының өкілі бо­л­ғандықтан айтатыным – бұл дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе бар деп есептеймін. Ол – білім. Білім – табыс­ты болудың да ең басты факторы. Өйт­кені, білім беру ісін бәрінен жоғары қоят­ын ұлт қана табысқа жетеді. Соның ғана бол­а­шағына сенуге болады. Олай дейтіні­міз, қазақ атамыз: «Бір жыл­дығын ойл­аған дән егеді, Он жыл­дығын ойлаған тал егеді, Мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім-нәрін егеді», – деп жай­дан-жай айтпаса керек. 

Бақтияр СМАНОВ,  ҰҒА академигі,  Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты АЛМАТЫ