Елбасы содан кейінгі сөзін былай деп жалғаған еді: Қарағанды металлургиялық комбинатында металлург болып қызмет етіп жүргенімде ол Совет Одағындағы қайталанбас завод болатын. Біз ол жерге жолдамамен келдік. «Жақсы жалақыларың, пәтерлерің болады» деген соң, бәріміз сонда ағылдық. Мен 22 жасымда үйлендім. Сөйтіп, алдыңғы қатарлы металлург ретінде цех басшысы маған мекен-жайы жазылған пәтер кілтін ұсынды. Асығып-үсігіп әлгі мекен-жай бойынша барсақ, ол жерде тек қандай құрылыстың жүргізілетіні ғана белгіленген екен. Мекен-жайын өмір бойы ұмытпаймын: Комсомолдар даңғылы 25 үй, 28 пәтер. Ол – аумағы небәрі 27 шаршы метрді құрайтын пәтер еді. Алайда, ол маған пәтер емес, хан сарайындай көрінетін». Міне, бүгін Астана күні қарсаңында Елбасымыз еңбек жолын бастаған Теміртау қаласына жолға шықтық. Мақсатымыз – Мемлекет басшысы тұрған көк төбелі үйлерді көру. Күн санап көркейіп келе жатқан шағын қаланың шырайы көз тойдырады. Көше бойлай сап түзеген көп қабатты үйлерге, салынып жатқан түрлі ғимараттарға қарап, қайран қаласың. Кенет, әлдененің тарсылы назарымызды аударсын. Трамвай. Жоқ, бұрын көрмедік емес, көрдік. Ойлап тұрсақ, еліміздің бірен-саран қалаларында ғана бар бұл темір тұлпарлар кешегінің келмеске кетіп бара жатқан бір-бір тарихы сынды ғой. Қарағандының өзінде қалмаған. Көліктің таптырмас бұл түрі шынымен өте қолайлы. Кептелек, кешігу дегенді білмейсің. Баратын жеріңе уақытында жеткізеді. Баратын жер дегендей, Президентіміз тұрған бірнеше мекенжайдың арасынан таңдағанымыз – осы қалада тұрғандағы соңғы баспанасы Димитров көшесінде орналасқан 83-үйдегі 6-шы пәтер (суретте). Жалпы, Елбасы Теміртауда тұрған жылдарда төрт рет қоныс ауыстырыпты. Жоғарыда айтқан мекен-жайдан бөлек, Қарағанды индустриалды университетінің проректоры Оксана Гуменчук нақтылағандай, оқудан кейін Елбасы Теміртау қаласындағы үшінші шағын аудандағы Республика даңғылындағы 63/2 үйінің 5 пәтеріне орналасқан. Үш бөлмелі пәтер, болашақ Елбасының сол баспанасы, комбинаттағы жақсы қызметі үшін берілген сыйы екен. Аталмыш үйдің қазіргі тұрғыны Геннадий Титовскийдің айтуынша, үйдің жобасы бойынша, есіктер басқа жақтан болуы керек еді, алайда Нұрсұлтан Әбішұлы оны келесі бетінен салдырған, және ол бүгінгі тұрғындарға өте ыңғайлы көрінеді. Нұрсұлтан Әбішұлының Теміртауда тұрған үшінші үйіне, яғни Қар.шоссе көшесіндегі 24/1-ші үйге, өкінішке қарай, біздің жол түспеді... Алайда, әріптесіміз Әсем Миржекееваның сараптамасынан білетініміздей, ол үйде сексеннің сеңгіріне шыққан зейнеткер ана тұрады. Журналиске шағымданған әжей тұрып жатқан үйдің біршама тозып қалғандығын айтқан. Алдағы уақытта ол үйге жөндеу жүргізу керегін де қала басшылығына қаперлей кеткеніміз жөн. Негізгі межемізден адаса қоймадық. Ойымыз – Назарбаевтар отбасы тұрған бір пәтерді көріп, көрші-қолаңмен әңгімелесу. Біз барған үй – Елбасының Теміртаудағы төртінші баспанасы. Димитров көшесіндегі көк сарай. Алдымыздан шығып, өзін Лидия Ходырева деп таныстырған азаматша маған 16-шы пәтерге көтеріліп, Валентина Куликовамен әңгімелесуге кеңес берді. 83 жастағы Валентина Михайловнамен әңгіме жарастырдық. – Бұрын Теміртауда қалалық №2 аурухана болатын. Қазір жоқ. Орны да қалмаған болар. Ұзақ жыл соның отоларингология бөлімшесінде жұмыс істедім. Шағын қалада адамдар бір-бірімен жиі ұшырасады ғой. Онда тұрған түк те жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының қаралуға келгені есімде. Кейін көрші болдық. Назарбаевтар шаңырағына жиі барып тұратынмын. Қонақ ретінде демей-ақ қояйын, дәрігер ретінде көп болдым. Сара Алпысқызын да жақсы танимын. Пәтеріміз бөлек болғанымен, бір үйде тұрғасын, талай көршіміздің отбасылық дәрігері болып кеттік қой. Арасында Назарбаевтар отбасы да бар, – деді Валентина Михаиловна. Алғысымызды білдіріп, кетуге ниеттендік. Бізбен бірге ілесіп шыққан Лидия Александровна да тегін адам емес екен. Көп жылдар мұғалім болған, мектеп директорлығына дейін көтерілген. Аңқылдақ мінезді. Ол кісіге де рахметімізді айтып, енді кейіпкеріміз тұрған пәтерге баратынымызды жеткіздік. Шынымызды айтсақ, осы үйге келмес бұрын біраз материал ақтардық. Бұл қос қабатты үйлерді өткен ғасырдың 40-50-жылдары жапон тұтқындары салған екен. Тұрған жері де жаман емес. Қала орталығы. Бұл пәтерді Елбасына Теміртау қалалық атқару комитеті ұсынған көрінеді. Пәтерде көбінесе сол атқару комитетінің төрағалары тұрған. Себебі, пәтер қала атқару комитетіне бекітілген. Бұрындары мынадай ереже болатын: егер кәсіпорын өз қызметкерлеріне арнап үй салатын болса, тұрғын үйдің 10 пайызын ол қалалық атқару комитетінің иелігіне беруі тиіс. Бұл үйде қала басшыларымен бірге жұмысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер сынды қарапайым адамдардың тұрғаны сондықтан. Қобалжып тұрып, о бастан көздеп келген 6-шы пәтерге көтерілдік. Жинақы, тап-тұйнақтай кіреберіс. Түк өзгермеген сыңайлы. Баспалдақ шетіндегі сүйеніштер де ауыстырылмағанға ұқсайды. Қағылған қоңырауға есік ашылды. Есіктің арғы жағынан қазақтың көркем келбетті әйелі көрінді. Таныса келе Зәуреш Дайырбекова есімді азаматша екенін білдік. Президент тұрған пәтердің бүгінгі иесі осы кісі екен. – Біз бұл үйге 1985 жылы көшіп кірдік. Жұбайым марқұм Бағдат Рахимов Гагарин аудандық комитетінде бірінші хатшы, қалалық атқару комитетінің төрағасы болды. Одақ құлағаннан кейін тоқсаныншы жылдары пәтерді жекеменшіктеп алдық. Жетпісінші жылдары құрылыс техникумы деген болды. Кейін ол политехникалық колледж болып өзгерді. Сол колледжде 1970-2012 жылдар аралығында 42 жыл экономика, бухгалтерлік есеп пәндері бойынша сабақ бердім. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуім де қызық оқиға болды. Ол кезде Президентіміз комбинат хатшысы еді. Мен партияға өткен кезімде Нұрсұлтан Әбішұлы қалалық комитет мүшесі ретінде маған сұрақ қойып, жолдамамен келгенім туралы сұраған еді, – деді Зәуреш Дайырбекова. Құтты қоныс, берекелі баспанадан қаншама ұрпақ өрбіп, өріс кеңейген. Шаңырағы шашақты, босағасы байлыққа толы бұл үйдің қандай да бір киесі бар дедік.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Теміртау қаласы