• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Шілде, 2017

Елорда – ертегі әлемі

575 рет
көрсетілді

Бұл шындық. Сенбесеңіз қаланы аралап көріңіз. Көзіңіз тояды, көңіліңіз өседі, мақтаныш сезімінің құшағына енесіз.

Астана туралы ой-өрісіне келсек, ол идея мен шындықтың бірлігі туралы сөз болмақ. Қазіргі ғұмыр кешіп отырған қазақ халқы екі теңдесі жоқ әлемдік оқиғаларды басынан кешіп отыр. Бірі – ғасырлар тоғысында өмір сүріп жатқанымыз. Тағдыр бізге ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға өту кезеңінде ғұмыр кешуді бұйырған. Бұл тарихи кезең біздің ғұмырымыздың ерекше құндылығы.  Екіншіден, біздер қоғам­ның бір формациясынан жаңа формацияға немесе өрке­ни­еттің бір түрінен екінші тү­рі­не ауысқанда тек өмір сү­ріп қана қоймай, осы заман құн­дылықтарын жасаушылармыз және жаңа құндылықтар кеңістігінде өмір сүрушілерміз. Осы екі тарихи жағдайда ел келешегіне, қазақтар үшін жаңа заманға турадан жол тапқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жаңа жерге – Жаңа қала, Жаңа Астана салу идея­сын ұсынды. Бұл батыл, әрі тұлғалық қуатты қажет ететін тарихи шешім еді. Астана бүгінде елдік, билік символы болып қана қойған жоқ, өзі де символдар қаласына айналды. Мен қысқаша Астана қаласының бірер символдарына тоқталмақпын, алдымен сөз Пирамида сарайы туралы. Астанада Ақордаға тақау тұста Пирамида ғимараты орналасқан, оның ресми атал­уы «Бейбітшілік және келісім сарайы». Оның авторы есімі әлемге әйгілі ағылшын архитекторы Норманн Фостер. Биіктігі 62 метрлік Пирамида 15 метр арнайы жасалған төбе үстінде орналасқан. Пирамида деген көне түсінік. Оның тылсымдық қуаты туралы да алып-қашты эзотерикалық мәндегі сөздер көп. Сондықтан, кей ағайын Ақорданың қасында ол неге тұрмақ деген ренішін де білдіруде. Осы ретте айта кететін жай, Париждің архитектуралық кереметі аталып келе жатқан Эйфель мұнарасы туралы кезінде 1887 жылы 300 француз жазушысы мен суретшісі қол қойып қала муниципалитетіне наразылық білдірген (оның ішінде Александр Дюманың ұлы Ги де Мопассан және композитор Шарль Гуно, т.б. болған). Алайда замандар өтті, Эйфель мұнарасы Париждің сәні болып тұра берді. Бұл мұнара да 1789 жылғы Француз ре­во­лю­ция­сының 100 жылдық тойына ар­найы орнатылып, Франция елінің символына айналды. Пирамида туралы да жел сөз­дер болғанымен, ол Аста­на­ның мақтанышы, бір символы болып қала бермек. Енді Пирамиданың символдық мәнісін тарқатып көрелік.  Біріншіден, Пирамида – елдің тұрақтылығының, әрі оның іргесінің беріктілігінің символы. Көпшілік әу бастан белгілі әлемдік геометриялық конструкцияда ең берік фигура – үш­бұрыш екенін бі­ле­ді. Бұл аксиома. Әйгілі Пифагор тео­риясының маз­мұ­ны да осы мә­се­леге арналған. Де­мек, Пирамида тұ­рақ­­тылықтың символы болатыны да сондықтан, әлемде «бәрі уақыт­тан, ал уақыт пирамидадан қор­қа­ды» деген әйгілі мәтел де те­гін айтылмаған. Ендеше, неге Астанадағы Пирамида ғимараты ел бірлігі, ынтымақтастығы, одан бастап халық тұтастығы де­ген асқақ идеяға арна бол­мас­қа. Тұрақты тұрмыс ке­шу адамзат баласының асыл ар­маны болған, сол арманды нақтылағанда пирамидалық конструкция жүйесі өмірге келген. Бүгінде әлем ғалымдары Хеопс пирамидасының қалай салынғаны, неге салынғаны, оның философиялық мазмұны дегенде әлі бір шешімге келмеген. Бірақ, бір мәселенің басы ашық, ол Пирамида тұрақтылық пен мәңгіліктің символы. Мұн­дай символдар түркі, одан бертінде қазақ халқында да болған, соның бір айшықты дәлелі Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары. Бұл тек бір-біріне ғашық болып, құрбан болған қыз бен жігітке арналмаған, оның мәні тереңде. Ол сол дәуірдің айтулы геосаяси жағдайына тікелей қатысты салынған тарихи пирамидалық конструкция. Екіншіден, пирамидалық ойлау жүйесі дегенге келсек, айтарым, дүниенің төрт бұрышы деген геометриялық атаулар бар, олар Батыс және Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік. Бұл ұғымдарды білмей тұрып дүние туралы түсінік қалыптасуы мүмкін емес. Қазақ: «төрт құбылаң сай болсын» – дейді. Төртеуі бірінсіз бірі болмақ емес. Төрткүл дүние дегеннен есік пен төр деген түсінік қалыптасқан. Төрде отыру тек құрмет қана емес, дүниенің төрткүл құбылысы туралы сөз айтуың керек, оны түркі-қазақ жұрты төрелік деп атаған. Міне, бұл төрелік. Ол билікке қатысты. Қазақтың дәстүрлі билігі пирамидалық мазмұнда болған. Пирамиданың табаны төрт жақты меңзейтін – ол халық, бұқара, ел, жұрт, қазіргі тілде – қоғам. Пирамида төрт бұрышынан бастап жоғарылаған сайын, билік мәселесі сұрыптала бастайды, жұрт сөзін, ағайын сөзін емес, ауылдың есті адамдары, одан биіктеген сайын рулардың естілері (билері), одан әрі елдік деңгейде, сол мүддеге сай сөз сөйлеуші (билер), одан әрі билер кеңесі, хан кеңесі, пирамиданың ең басында билік айтушы Би (түркі дәуірінде солай болған) немесе Хан отырады. Керісінше, ханнан шыққан жарлық аталған сатылармен – қалың бұқара халыққа жетеді. Бұл биліктің ғасырлар бойы қалыптасқан пирамидалық жүйесі болатын. Сонда ел басшылары сатылай-сатылай бір шешімге келетін. Сол шешім негізінен әділеттілікке бастайтын. Үшіншіден, Пи­ра­мида биліктің символы. Қандай символ бол­масын, ол Билікке қатысты. Билік өз биіктігін символдар арқылы белгілейді. Биіктікке құштарлық биліктің мақсатқа ба­ғытталған арманы. Мысалы, әлемге өзінің аса қуатты мемлекет екенін жария ету мақсатында АҚШ зәулім («Статуя Свободы») «Еркіндік монументін» орнатты. Оның биіктігі – 93 метр. Бұл статуя Нью-Йорк және Америка Құрама Штаттарының символы деп аталынады. Мақсатына сай тарихи аз мерзім ішінде «америкалық арман» АҚШ-ты әлемдегі ең қуатты мемлекет дәрежесіне жеткізді. Биік­тікті аңсау арман қуатынан туындайды, осы сөзіме тағы бір айғақты дәлел, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы күні кеше ғана ағыл­шындар отаршылдығынан азат болған малай халқы, әлемді таңдандырған жетістікке жетті, олар бәсекеге қабілетті елдердің ішінде 20-орында. Кешегі өзіміздей, тіптен бізден де ахуалы төмен малай халқының бүгінгі тұрмысы шынында да таңғаларлық. Осы құпияның сырын атақты Петронас Егіз-мұнарасына және 420 метрлік телемұнараға шығып, жан-жақты тамашалағанда түсінгендей болдым. Бұл халық арманшыл екен, биіктікке құмар екен, оны символдарға айналдыра біледі екен. Мысалы, алғашқыда Петронас Егіз-мұнарасының биіктігі 378,4 метр болған. Бұл Чикагодағы Сиз Тауэр зәулімі биіктігінен кем болғандықтан, биіктікке құмар малайлықтар осы екі мұнараның үстіне 73,5 метр болаттан шпильдер орнатқан, сөйтіп Петронас Егіз-мұнаралардың жалпы биіктігі 1994 жылы 451,9 метр болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Ол халықтың психологиясына, санасына, дүниетанымына, көзқарасына үміт беріп, үміт идеяға, ол шындыққа айналған екен. Идеяны шындыққа айналдыру үшін, әрине, алдымен идеяның өзі шындыққа бастайтын ой арнасы ретінде өмірге келуі қажет. Сол идея, жаңа қала деген ой Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арманына негіз болды. Жаңа қала – тамаша идея. Тарихи қажеттілікті сезіну, әрине, кемеңгерлікті, көрегендікті, қажырлықты, көптің басын біріктіріп көн­ді­руді, қалыптасқан дәстүрді бұ­з­у­ды, өмірге жаңа көзқарасты әкелетіндей Тұлғалық қуатты талап етті. Нар тәуекел деп Президент ол кезде алынбайтын қамалдай жаңа қала, жаңа астана салуды өзінің сара бағытының мақсатына айналдырды. Бұл әу баста көпшіліктің көңілінен шыққан бастама болмады, алайда, тарихи шешімге тек тарихи тұлғалар ғана бара алатыны, адамзат болмысынан белгілі. Сондықтан Астана тек идея емес, биліктің символына айнала бастады. Жаңа мемлекеттің жаңа Астанасы болуы әбден үйлесімді, шындыққа ұласқан елдік идея.  Төртіншіден, Пирамида биіктіктің символы. Бүгінде Жапония және Гонконг архитекторлары «Аспан – қаласы» деген жобалар жасауда, олар­дың айтуынша, мұндай қа­ланың жерден биіктігі 1 км бол­мақ, онда миллион адам тұрып, қызмет жасауы жоба­ланып отыр. Ғажап идея. Сон­да 1 км, әрине, биіктік, бі­рақ ол биіктіктің символы бола ала ма? Әрине, жоқ. Сим­­вол деген нақтылық емес, ол мүмкіншілігі шексіз іс­­ке асырыла беретін сана бол­­са керек. Осы тұрғыдан кел­ген­де мен Биліктің символы Пирамиданың ұшар басын­да­ғы нүкте деп білемін. Бұл шын­дық, егер пирамиданы біз әлемнің геометриялық мо­делі дегенді мойындасақ. Ме­нің айтқаным, асылында тео­рема. Биіктіктің символы пи­ра­миданың ұшар басындағы нүк­те. Мұны мате­ма­тикалық жол­мен, сірә, дәлел­деу­ге болатын да шығар деген ойдамын. Бесіншіден, Пирамида мен қазақтың киіз үйінің үн­дестігі. Қазақ сегіз қанатты ки­із үй дейді. Сегіз деген пи­ра­миданың табанындағы беріктік конструкциясы, ол туралы жоғарыда айттық. Шын­дығында киіз үй кәдімгі пи­рамида, бірақ кеңістікке ие болған. Пирамиданың ұшар басындағы нүкте биіктік символы десек, киіз үйдің керегеден уықтармен көтерілген шаңырағы қазақ үшін – биіктік. Ол тегіннен-тегін елтаңбаға айналып отырған жоқ. Мысалы, Астананың метафоралық мән­де­гі атауы – Шаңырақ, ол қазақ елінің шаңырағы. Шаңырақ отбасының космос­пен байланысын бейнелейді десек, ол біз үшін биіктік. Аспан деген шартты ұғым, жер өз кіндігімен айналған сай­ын, аспан өзгеріп отырады, ал шаңырақ өзгермейді, ол өзгермелі дүниенің тұрақ­ты­лығын бейнелейді. Сондықтан, ол Елтаңбаның басты элементіне айналған.   *** Астана арқылы Елбасы тек Қазақстанға ғана емес, аймаққа, әлемге әйгілі саяси тұлға ретінде танылуда. Астана – қазақ елінің өрісін, тынысын, мүмкіндігін ашты. Астана – қазақ елінің бренді атанды. Астана – саяси биліктің тың өрісі, ал саясат үнемі жаңалықты талап ететін феномен. Саясат ағынды су тәріздес, сонда ғана ол тазарып отырмақ. Астанада Жаңа саясат негізі қаланды. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Астана – тәуелсіздікке пассионарлық қуат берді. Астана идеяның шындыққа айналғаны. Астана еліміздің өлшемі, ізденісі, болашақ туралы арманы, қиялы, бүгінгі болмысы. Астана мазмұны жағынан орталық деген ұғымды білдіреді, яғни, ол егеменді елдің еркін азаматтарының ұлы мақсатқа орай топтасуы. Астана жаңа қала, жас қала. Астана жаңғыру қаласы. Ол ескіден кету, арылу, жаңаға жету мақсатындағы серпілістен туған идеяның шындығы.

Ғарифолла ЕСІМ, академик