• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қаржы 10 Шілде, 2017

Валюталық заңнаманы өзгерту – уақыт талабы

231 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңның жаңа редакциясын әзірлеуде. Заңның жаңа нұсқасы елде қалыптасып отырған ырықтандырылған валюталық режімнің тұжырымдамалық қағидаттарын өзгертпей, заңнаманы өзгерген экономикалық жағдайларға бейімдейді. Әзірленіп жатқан заң жобасының жаңалықтары туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып берді.

– Олег Александрович, «Ва­люталық реттеу және валю­талық бақылау туралы» жаңа заңды әзірлеу қажеттілігі неден туындады?

– Қазіргі уақытта қолда­ныс­тағы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2005 жылғы маусымда қабыл­данды және оның нор­малары Қазақстанның ырық­тан­дырыл­ған валюталық режімге көшуіне және валюталық операциялар мониторингі жүйесін құруға негіз құрады. Бұл көшу 2007 жылғы 1 қаңтардан бас­тап жүзеге асырылды, ол кезде валюталық операцияларды өткізудің рұқсат беру ре­жімі толығымен күшін жойып, Қазақстан экономикасы үшін маңызды валюталық опера­циялар бойынша мониторинг жүйесін және ақпараттық-талдамалық базаны құруға баса реттеушілік назар аударылды. Ірі валюталық операциялар бойынша талдамалық ақпаратты алу мүмкіндігі Қазақстанның төлем балансының және сыртқы борышының статистикасын сапалы түрде жақсартуға, ең жоға­ры халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жан-жақты тал­дамалық ақпаратты қалып­тас­тыруға, сондай-ақ, болжамдық жұмыс­тарды дамытуға негіз құру­ға мүмкіндік берді.

Өткен он жылдық таңдалған бағыттың дұрыс екендігін көр­сетіп отыр. Сонымен бірге, осы уақыт ішінде елдің сыртқы эко­но­микалық ұстанымы айтар­лық­тай құрылымдық өзгерістерге ұшырады – Қазақстан әлемдік экономиканың толық құқылы мүшесі болды, шетелдік инвес­ти­циялардың келуімен қа­тар капиталдың шетелге әке­тілуі ұлғайды, Еуразиялық эко­номи­калық одақ қалыптасты. Қазақ­стан Республикасы 2016 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылды.

Жаңа экономикалық жағ­дайлар мемлекеттік реттеудің алдына жаңа міндеттер қоюда. Мы­салы, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруімен шетелдік қар­жылық емес ұйымдардың фи­лиал­­дары­ның ішкі нарықта ком­мер­циялық қатысуы үшін қыз­мет­тің жаңа салалары ашылуда, ал 2020 жылғы желтоқсаннан бастап шетелдік банктердің және сақтандыру ұйымдарының филиалдары Қазақстанның қаржылық қызметтер нарығына кіре алады. Бұдан басқа, соңғы жылдары Қазақстанда «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы және «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды, олардың аумағында валюталық реттеудің ерекше режімі көзделеді. Қа­зақ­станның валюталық заң­намасының экономикалық ортаның дамуына және заңна­маның соңғы өзгерістеріне бейімделуі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» қолданыстағы заңның іс жүзінде бүкіл нормаларын нақ­тылауды немесе қайта қарауды талап етеді – өзгерістер көлемі қол­даныстағы валюталық заңна­маның 50%-дан астам нормасын қозғайды. Сондықтан, валюталық реттеудің негізгі қағидаттарының сақталуына және олармен байланысты ақпараттық талаптардың сақталуына қарамастан, заңның жаңа редакциясын әзірлеу талап етілді.

– Бұл құжатта Қазақстанның көп жылдар бойы іске асырып отырған валюталық режімді ырықтандыру бағыты сақтала ма?

– Осыған дейін атап өтке­німдей, заңның жаңа редакция­сы валюталық операцияларды жүзеге асырудың негізгі қағи­даттарын және валюталық ба­қы­лаудың мақсаттарын қайта қарауды көздемейді және ырық­тандырылған валюталық ре­жім­нің тұжырымдамалық қағи­даттарын өзгертпейді.

Барлық енгізіліп отырған өзгерістер негізінен валюталық операциялар бойынша барабар ақпараттық базаны құ­руға бағытталған, ол база макро­экономикалық статистиканы қалып­тастыру, капиталдың транс­шекаралық ағындарына бай­ланысты тәуекелдер мен сын-қатерлерді анықтау жүйе­лерін енгізу, ақшаны жы­лыс­тауға және терроризмді қар­жыландыруға қарсы іс-қимыл сияқ­ты мемлекет жүргізіп отыр­ған саясаттың мақсаттарына жауап береді.

Мұндай базаны құру дерек­­терді бақылау және өң­деу рәсімдерін толық автомат­тан­дыруға және цифрландыруға маңызды қадам болады. Сон­дықтан, жоспарланып отырған өзгерістер мемлекеттік ретттеудің қажеттіліктеріне жауап бере отырып, бизнес үшін кедергі келтірмейді, себебі заңның жаңа редакциясы валюталық реттеуге байланысты рәсімдерді жеңілдетуді қоса алғанда, оның режімдерін оңтайландыруды көздейді.

– Жаңа заңның қабылдануы бизнестің қызметіне тікелей қалай әсер етеді?

– Негізінен, валюталық заңна­маның нормалары ақпараттық құралдарды оңтайландыру және Қазақстан Республикасының қолда­ныстағы заңнамалық акті­леріне және Еуразиялық эко­номикалық одақтың актілеріне сәйкес келтіру мақсаттары үшін нақтыланады. Ақпараттық құ­ралдарда басты назар уәкілетті банк арқылы төлемді (ақша аударымын) жүргізу кезеңінде валюталық операциялар туралы мәліметтерді жинауға аударылады. Банк өткізетін валюталық бақылаудың негізгі тұрақты рәсімдерінің бірі клиенттің валюталық операция бойынша төлем (ақша аударымын) жүргізуінің негізділігін тексеру болып табылады – дәл осы кезеңде жүргізілетін валюталық операциялар туралы ақпаратты жинау болжанады. Бұл банктер үшін әкімшілік есептер қалыптастыру рәсімдерін алып тастауға мүм­кін­дік береді, банктер олардың шең­берінде төлемдердің жекелеген санаттары бойынша іріктеу жасап, оларды валюталық досьеден деректермен толықтырды. 

Бұл ретте клиенттер үшін бұл төлемдер (ақша аударымдарын) жүргізудің қолданыстағы тәртібін іс жүзінде өзгертпейді, ал банктер үшін деректерді Ұлттық Банкке беру көлемін ұлғайту әкімшілік есептілік нысандарының және тиісінше, оларды қалыптастыруға тар­тылған ресурстардың санын қысқартумен өтеледі.

Заңға сондай-ақ, резидент­тер арасындағы шетел валю­тасындағы операцияларды жүр­гізу мүмкіндігін, экспорттық валюталық түсімді Қазақстанның банктеріндегі шоттарға есептемей пайдалануға жол берілетін операциялардың тізбесін ке­ңейтетін нормалар енгізілді. Сонымен қатар, осыған дейін атап өтілгендей, жаңа заңның шеңберінде валюталық реттеу рәсімдерін оңтайландыру болжанып отыр. Сондықтан, жаңа заңды қабылдау валюталық заңнаманың талаптарын сақтауға байланыс­ты сыртқы экономикалық қыз­метке қатысушылардың әкім­шілік шығыстарын ұлғайтуға әкелмейтіні, ал деректерді өң­деуді автоматтандыруды же­тіл­діруге қарай олардың қыс­қартылатыны күтіледі.

– Басқа тұжырымдамалық өзгерістер болжана ма?

– Шын мәнінде, жаңа заңдағы барлық тұжырымдамалық өзге­ріс­тер Қазақстан Республи­ка­сы­­ның аумағындағы кәсіп­кер­лік қызметті жүзеге асыра­тын шетелдік қаржылық емес ұй­ым­дардың филиалдары (өкіл­діктері) үшін валюталық рези­денттік мәртебесін қайта қарау­дан тұрады.

Қолданыстағы валюталық заңнамаға сәйкес шетелдік ұйым­­дардың филиалдары бас компанияның заңды тіркелген жеріне қарай бейрезидент деп танылады. Сонымен бірге, Қазақ­станның аумағында жұмыс істей­тін шетелдік ұйымдардың филиалдары, мысалы, өндіруші салаларда, экспорттың айтар­лықтай бөлігін және елдің ІЖӨ-сін өндіретінін және Қазақ­станның ресурстарын пайдаланудан кіріс алатынын ескерген маңызды. Макроэкономика тұрғысынан алғанда шетелдік ұйымдардың мұндай филиалдары қабылдаушы ел – Қазақстанда экономикалық қызығушылық орталығы бар дербес субъектілер ретінде қарастырылады. 

Осыған орай, Қазақстандағы шетелдік компаниялардың филиалдары қызметінің маңызды көлемін және олардың одан әрі өсу әлеуетін ескере отырып, олардың Қазақстан заңна­ма­сындағы резиденттігі мәрте­бесін бірыңғай түсіндіруді қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр.

Қазақстан нарығына жібе­рілетін шетелдік банктердің және сақтандыру ұйымдарының филиалдары қолданыстағы заңнама бойынша резиденттер деп танылады, сондықтан, Қазақстандағы коммерциялық қатысуы бар шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары үшін валюталық резиденттік мәртебесі шетелдік ұйымдардың барлық филиалдары үшін ортақ резиденттік тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қисынды және жүйелі қадам болып табылады.

– Қазақстанда шетелдік ұйымдардың қанша филиалы жұмыс істейді?

– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статис­тикалық бизнес-тіркелімінде тікелей шетелдік бақылаудағы 4 мыңнан астам филиал мен өкілдік бар. Бұл ретте, экономикалық қызығушылық орталығының тұжырымдамасын назарға ала отырып, бұл филиалдардың бар­лығы валюталық заңнама және макроэкономикалық статистика тұрғысынан резиденттерге жатқызыла алмайды.

Салық органдарының дерек­тері бойынша, Қазақстандағы әділет органдары тіркеген шет­елдік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің жалпы санынан коммерциялық қызметті жүзеге асыратын филиал­дар­ға шамамен 40%-ы жатады. Осылайша, валюталық рези­дент­тік мәртебесіндегі өзгеріс Қа­зақстанда тұрақты құруға әкелетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік қар­жылық емес ұйымдардың филиалдарында ғана орын алады және қызметі тек қана өкілдік функцияларымен шектелетін шетелдік ұйым­дардың құры­лымдық бірліктеріне қатысты болмайды.

Қазақстандағы коммер­циялық қатысуы бар шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін валюталық резиденттік мәртебесін қайта қарау нәтижесі ретінде валюталық операциялар мониторингі, капиталдың трансшекаралық қозғалысын бағалау және Қазақстандағы шетелдік капиталдың қатысуы үшін барабар базаны құру болады. ДСҰ шеңберінде филиалдардың коммерциялық тұрғыдан қатысу салалары едәуір кеңейіп, балама ақпарат көздерінен деректер филиалдардың «рези­дентт­ік» операцияларын дұ­рыс бөлу үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл жағдайда валю­талық резиденттікті макроэко­номикалық тұжырымдамамен келісу төлем балансының статистикасы және валюталық опе­рациялар мониторингі мақ­саттары үшін ақпарат жинауды айтарлықтай жеңілдетеді.

– Шетелдік ұйымдардың филиалдарының қызметіне олардың резиденттігі мәртебесі әсер ете ме? Бұл жаңалық ин­вес­тициялық ахуалдың нашарлауына әкелмей ме? 

– Ұлттық Банк шетелдік инвесторлардың өкілдерімен бірге заң жобасының шетелдік ұйымдардың филиалдарына қатысты нормаларын талқылауды жалғастыруда. Осы талқылау нәтижелері бойынша заң жобасында филиалдардың операциялары үшін бірқатар ерекше жағдайлар көзделген. Заң нормаларында бас компаниялар – бейрезиденттер және олардың қазақстандық филиалдары арасында кез келген төлем­дерді (аударымдарды) жүргізуге шектеулердің болмауы, сондай-ақ, оларға қатысты валюталық реттеу және репатриациялау режімін қолданудан босату тікелей белгіленген. Резиденттік мәр­тебесінен тыс шетелдік ұй­ым­­дардың филиалдары (өкіл­діктері) арасындағы шетел валютасындағы есеп айырысулар, сондай-ақ, өнімді бөлу туралы келісімдердің талаптарымен жұмыс істейтін филиалдардың есеп айырысулары шектелмейді. Бұл ерекше жағдайлар шетелдік ұйымдардың филиалдарының жұмыс істеуінің қолданыстағы режімін сақтауға және оларға әкім­шілік ауыртпалықты ұлғай­туға әкелмеуге мүмкіндік береді. Ақпараттық құралдар бөлігінде филиалдарға Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар бойынша резиденттермен және бейрезиденттермен валюталық операциялар бойынша ақпарат ұсыну бойынша қолданыстағы талап сақталады.

Шын мәнінде, филиалдардың қызметіндегі валюталық рези­денттік мәртебесіне байланысты жалғыз өзгеріс Қазақстанның аума­ғында өткізілетін және тұ­ты­­натын тауарлар мен көр­сетілетін қызметтер үшін есеп айы­­рысудың барлық түрін ұлттық валютаға аудару болып табы­лады.

илиалдардың сыртқы экономикалық операцияларды бас компанияның келісім­шарттарын орындау үшін жүзеге асыратынын ескере отырып, ұлт­тық валютамен есеп айырысулар бойынша талап негізінен Қазақстанның ішіндегі филиалдың қызметін қамтамасыз ету бойынша қазақстандық жеткізушілермен операцияларды қозғайды.

Бұл шара елдің аумағындағы шетел валютасындағы есеп айырысулар саласын шектей отырып, Қазақстан экономикасының долларсыздануына ықпал ете­ді. Бұл ретте қазірдің өзінде шетелдік компаниялардың филиалдары мен қазақстандық заң­ды тұлғалар арасындағы опера­циялардың 50%-ына жуығы теңгемен жүзеге асырылатынын және бұдан басқа, ішкі валюта нарығының қолданыстағы инфрақұрылымы филиалдарға шетел валютасының тікелей, сол сияқты кері айырбасталуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, заң жобасы, шетелдік компаниялардың филиалдары үшін қызмет жағдайларын нашарлату тәуекелдеріне апармай, резиденттердің валюталық операциялары бойынша барынша сапалы және жедел деректерді қалыптастыру мүмкіндігін ұсы­нады және Қазақстанның сыртқы позициясы үшін тәуекелдерді барабар бағалауды қалыптастыруға негізді қамтамасыз етеді. Сон­дықтан, оны қабылдау Қазақ­станға инвестициялар үшін жағ­дайлардың нашарлауына әкел­мейді, ал оны талдаудың сапасын жақсарту тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, сол сияқты шетелдік инвесторлар үшін де маңызды.

Заңнаманың басқа салалары­на, сондай-ақ, шетелдік ұйым­дардың филиалдары үшін салық­тық режімге қатысты олардың валюталық заңнама бойынша резиденттік мәртебесін ауыс­тыру ешқандай өзгерістерге әкелмейді.

– Капитал қозғалысын бақылауды қатаңдату бойынша өзгерістер не валюталық шектеулерді енгізу жоспарланып отыр ма? 

– Қазақстан ашық экономикасы бар ел болып табылады және егер шектеулі шаралар макроэкономикалық саясатқа және қаржылық реттеу мен қадағалауды нығайтуға уақытша қосалқы шара ретінде пайдаланылса, ол шараларды жаһандану жағдайларында енгізу орынды болуы мүмкін. Қатаң шектеулі шараларды қолдану теріс нарықтық әсер­ге, инвестициялық ахуалды нашар­латуға және бизнес үшін қаржыландыруға қолжетімділікті қиындатуға, валюталық заңнама талаптарынан тыс схемаларды дамытуға және реттеуші, сол сияқты бизнес үшін әкімшілік шыға­сыларды ұлғайтуға сөзсіз әкеледі. Бұдан басқа, инте­грация­лық бірлестіктер шең­берінде елдер­дің бір жақты тәр­тіппен енгізетін экономиканы қорғау үшін шектеулі шара­ларының тиімсіз болып, капиталдың неғұр­лым адал талаптары бар елдерге әкетілуіне апаруы мүмкін.

Капиталдың трансшекаралық әкетілуіне қатысты валюталық шектеулерді қолдану соңғы саты­дағы шара болып табылады және егер, объективті себептер бойынша саясаттың басқа шара­лары әлеуетті қауіп-қатер мен тең­герім­сіздіктердің жою үшін дереу әсер етпесе, ақталуы мүмкін.

Сондықтан, заң жобасымен валюталық шектеулерді, оның ішінде капитал қозғалысы операцияларына валюталық шектеулерді енгізу жоспарланбайды. Дағдарысқа қарсы шара ретінде төтенше жағдайларда арнайы валюталық режімді енгізу жөніндегі қолданыстағы нормалар сақталады.

Соған қарамастан, заң жо­ба­­сында бейрезиденттер­мен жасалған, жүргізілуі капи­тал­дың Қазақстаннан шы­ғуына бағытталуы мүмкін кү­мәндік, іскерлік айналым дәстүрлеріне сәй­кес келмеуі не айқын эко­номикалық мағы­наның болмауы белгілері бар сыртқы сауда шарттарына және қаржылық қарыз шарттарына қатысты мониторинг­ті күшейту көзделген. Капитал­ды елден шығару мақсаттары үшін әлеуетті түрде пайдаланылуы мүм­кін осындай мәмілелер үшін резиденттің қызмет көрсететін банкке валюталық бақылау және құқық қорғау органдарына олар бойынша мәліметтерді беруге рұқсатты, сондай-ақ, осын­дай шарттар бойынша міндет­темелердің орындалуы туралы тұрақты хабарлау жөніндегі мін­деттемені бастапқыда ұсы­натыны көзделген. Осындай келісімшарттар бойынша ақ­па­ратты жария етудің енгізілетін рәсімдері капиталды шығарудың осындай «сұр» схемаларын пайдалану мүмкіндігін алдын ала болдырмайды.

– Валюта айырбастау на­рығында жұмыс істейтін банк­тік емес ұйымдарға заң­намада қандай өзгерістер күті­леді? Бұл на­рыққа қаты­су­шылар үшін барынша қатаң реттеуші нор­ма­ларды енгізу жоспарланып отыр ма?

– Заң жобасында қолма-қол валютаны айырбастау нарығында жұмыс істейтін банктік емес ұй­ымд­арға қатысты нормаларды қатаңдатуды не жаңа реттеуші нор­маларды енгізу көзделмейді. Сонымен бірге, банктік емес айырбастау пункттері қыз­ме­тінің айқындылығын арттыру мақсатында, банктерге қойы­латын талаптарға ұқсас, уәкі­летті ұйымдардың құрыл­тайшы­ларынан жарғылық капи­талдың шығу көздері туралы ақпарат сұратылатын болады. Бұл бизнес тарапынан қандай да бір шы­ғындар болмаған кезде банктік емес айырбастау пункттерін құру ай­қындылығын арттыруға жағдай жасайды.

Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс брокерлік (дилерлік) ұйымдар үшін валютамен бир­жалық сауда-саттыққа қолже­тім­ділікті кеңейту болып табылады. Бұл, Ұлттық Банктің пікі­рінше, валюта нарығы өтім­ділігінің ұлғаюына, нарықтық бағам белгілеу процесі тиімді­лігінің артуына және валюта нарығындағы операциялардың айқындылығының ұлғаюына ықпал ететін болады.

Брокерлік ұйымдарға шетел валютасымен сауда-саттыққа қолжетімділікті беруді ескере отырып, болашақта жеке және заңды тұлғалар – сауда-саттыққа қатысушылардың клиенттері тікелей немесе демеушілік көр­се­тілген қолжетімділік техно­логия­лары (DMA немесе SMA) арқылы биржалық мә­мі­лелерге қолжетімді болады. Бұл жағдайдың Қазақстан халқының халықаралық валюта нарығындағы маржиналдық кре­дитпен сауда-саттыққа тіке­лей клиенттік қолжетімділік мүмкіндігін ұсынатын балама ұйымдардың делдалдық қыз­меттеріне қызығушылығын ескере отырып жақсы болашағы бар.

Бүгінгі күні Қазақстанда жұ­мыс істеп тұрған форекс-компаниялар және дилингтік орта­лықтар қаржылық делдалдық бойынша қызметті жүзеге асы­руға лицензиялар алмай нарықта жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялар сыртқы валюта нарықтарында делдалдық қызметтер көрсете отырып, сондай-ақ, оларға бе­рілген мүм­кіндіктерді жарнамалай отырып, өздерінің қызметін инвес­тициялауға арналған балама алаң ретінде көрсетеді. Осындай компаниялардың реттеу аясынан тыс жұмыс істеуінің салдарынан олардың қазақстандық клиенттері банкроттықтан немесе осындай компаниялардың өз міндеттемелерін қасақана орындамауынан іс жүзінде қор­ғалмаған. Сондықтан, осы сала­дағы реттеуші шектерді нақты белгілеу жеке тұлғалардың валюта нарығындағы инвестиция­ларына арналған тәуекелдерді төмендетеді.

Қорытындылай келе, заң жобасын талқылаудың жалғасып жатқанын, ол бойынша сындарлы ұсыныстар мен ескертулердің қабылданатынын және қажет болған жағдайда заң жобасының нормалары нақтыланатынын атап өткен жөн. Заң жобасын Қазақ­стан Республикасының Парламентіне енгізу мерзімі – 2017 жылғы желтоқсан.

Әңгімелескен Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,  «Егемен Қазақстан»