• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Шілде, 2017

Дала – дәулет, ауыл – құт

343 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыру қажеттігі атап көрсетілген. Бұл орайда субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажеттігі, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керектігі, ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтудің маңыздылығы және басқа да мәселелер қозғалған.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылына қысқаша шо­лу жасасақ, еліміз бұған дейін жаң­­ғырудың екі кезеңін сәтті аяқтады. Бі­рін­ші жаңғыру кезеңі соңғы ширек ға­сыр­дың алғашқы жылдарын қамтиды. Бұл жылдары Қазақстанның әлемдік қоғам­дас­­тық алдында тәуелсіз ел ретінде танылуын қамтамасыз ету жұмыстары тол­ық атқарылды. Сондай-ақ, осы кезеңде елі­міз демократиялық құндылықтарға бет бұ­рып, жоспарлы экономикадан нарықтық эко­номикаға көшті. Ал мемлекетіміздің Екін­ші жаңғыруын сөз еткенде 1996-2012 жылдар аралығындағы атқарылған қы­руар жұмыстар еске түседі. Бұл аралықта тұ­рақты экономикалық өсім қамтамасыз еті­ліп, Қазақстан әлемдік дамыған бәсекеге қа­білетті 50 елдің қатарына кірді. Сонымен бір­ге, әлемдік екі ірі дағдарыстан аман өтіп, жас мемлекетіміз өзінің әлеуетін көрсете біл­ді және «Қазақстан-2030» бағдарламасы мер­зімінен бұрын орындалды.  Ендігі кезекте Елбасы тапсырмасымен ел алдына Үшінші жаңғыру міндеттері қой­ылып отыр. Бұл міндеттерде халықтың әл-ауқатын көтеру және Қазақстанның да­мы­ған 30 елдің қатарына қосылуына жол аша­тын экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құ­ру көзделген.  Осы орайда Елбасы: «Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отыр­мын. Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақ­тан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетіс­тік­те­рі­міз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық ме­рейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды. 2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасын­да бірінші болып өткіземіз. Осының бар­лығы Қазақстанның халықаралық арена­да жоғары беделге ие болғанын және сая­сатымыздың дұрыстығын көрсетеді. Қазақ­стан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қа­тарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз», деген болатын. Қазіргі таңда Қазақстан дағдарысқа қа­рамастан, жан-жақты дамып келеді. Әсі­ресе, ауыл шаруашылығына барынша көңіл бөлінуде. Соңғы уақытта Елбасы Н.Ә.Назарбаев ауыл шаруашылығын ке­шенді түрде дамытпайынша іс ілгері бас­пай­тынын жиі қаперге салып жүр. Пре­зи­дентіміз 2009 жылғы ақпан айында Сол­түстік Қазақстан облысына барған сапарын­да қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан із­деу керектігін, дағдарыс жағдайында біз­ді асырайтын ауыл екенін ашық айтқан-ды. Ауылда жұмыс бол- уы үшін жеке ша­руа­шылықтарды, шаруа қожалықтарын бі­ріктіру қажет. Бұл тұрғыда жауапты мем­ле­кеттік органдарға тапсырмалар берілуде.  Бізде «Нұрлы көш» бағдарламасы бар. Осы бағдарлама арқылы оралман ағай­ындарды Қостанай облысының Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарына топтас­тырса жақсы болар еді. Осы аудандардағы егіс­тік және жайылымдық жерлер игерілсе, ха­лықтың өзін-өзі асырауға кең жол ашылар еді.  Амангелді, Жангелдин аудандарында егін көлемі аз, өнеркәсібі жоқ. Мұндағы ауыл тұрғындары бірыңғай малмен күн кө­ріп отыр. Сондықтан осы екі ауданға Үкімет кө­ңіл аударса дұрыс болар еді.  Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бар­лық дәрежедегі әкімдердің бірінші кезек­тегі міндеті болуы керек. Ауылды көркейту үшін әлеуметтік қолдаудан бөлек, іскер ұйым­дастырушылар, қабілетті, ақылды жас­тар көп болуы тиіс. Тағы бір жайт, бұрынғы жылдары, яғни Қазақстанның экономикасы төмен кезде халықтың жағдайын көтеру үшін «атаулы көмек» деген қарастырылды. Жалқаулар бұл атаулы көмекті күнкөрістің ең оңай жо­лы деп қабылдап, ұсынған жұмысқа бармай, осы жәрдемді алуға ұмтылды. Қазір бұл мә­селе реттеліп, аталған көмек тиісті адам­дар­ға ғана берілетін болды.  Бүгінде республикамыз бойынша көп­те­ген жұмыс орны ашылып, жұмыс­сыз­дық дең­гейін төмендету толық қолға алынды. Де­генмен, ауылдық жерлердегі шаруа қо­жалықтарына жұмыс күші жетпей жатыр. Ауыл шаруашылығына жергілікті адамдарды бейімдемесе, жұмыссыздар саны көбейіп, жалқаулар мемлекет есебінен күн көруге дағдыланып алады. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жылына қанша жұмыс орны ашылғанын, қандай салаларда жұмысшы-мамандар тапшы екенін анықтап, бұл тұрғыдағы нақты деректерді жариялап отырса, қанеки. Осы мәліметтер бойынша нақты шаралар қолға алынып, жұмыссыздарды шаруашылыққа бейімдесе, жұмыссыздар үшін беріліп жат­қан ақша әлеуметтік мәселеге жұмсалса дей­мін. Қысқасы, «атаулы көмекті», яғни жұ­мыссыздарға бөлінетін қаражаттарды нақ­ты бақылауға алса, өте орынды болар еді.  Биыл біздің Жангелдин ауданында су мә­селесін реттету қолға алынды. Нәти­же­сін­де Ақшығанақ, Қарасу ауылдарына су тұ­шытқыш қондырғы орнатылды. Өткен жы­лы Амангелді, Жангелдин аудандарында қыста қар тазалайтын, жол жөндейтін арнаулы жол мекемесін ашты. Ал су мәселесіне келетін болсақ, респуликалық бюджеттен Жаркөл ауылына 42 000 573 теңге, Торғай селосына 89 000 590 теңге, Көкалат ауылына 79 000 277 теңге, Саға ауылына 3 000 500 теңге бөлінді. Оның сыртында Көкалат, Көлқамыс ауылдарының арасына көтерме жол салуға 311 000 238 теңге бөлініп, жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жол салу қаражатын облыстан, республикадан күтіп отырмыз.  Сонымен қатар, аудан орталығы – Тор­ғай ауылында 30 үй халықтың игілігіне берілді. Арқалық қаласында ет комбинаты салынбақ. Келешекте шаруа қожалықтары, жаңадан құрылатын кооперативтер, ауылдағы ағайындар қолдарындағы малдарын осы ет комбинатына өткізетін болады. Бұл жұмысқа Арқалық қаласындағы «Альюминқұрылыс» ЖШС-нің бас директо­ры Абай Мұқанов кірісіп кетті.  Бұдан бөлек, соңғы кезеңдерде облыс кө­лемінде әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бө­лініп отыр. Арқалық қаласының бүгінде ты­нысы ашылып, көшелері абаттандырылу үс­тінде. Торғай өңірін облыспен байланыс­тыратын Әулиекөл-Жалдама тас жолын жөн­деуге қаражат бөлінді. Одан басқа, облыс ішінде атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Осы атқарылған жұмыстар жөнінде об­­лыс басшысы Архимед Мұхамбетов ха­лық­пен кездесуінде хабардар етіп отырады. Осы арада айта кетейін, оңтүстік об­лыс­тарға қарағанда солтүстік облыстарда халық сирек орналасқан. Еліміздің оң­түстік облыстарынан қоныс аударған ағай­ындарды Қостанай облысының Жан­гелдин, Аманкелді мен Арқалық аудандарына орналастырса өте дұрыс болар еді. Оңтүстіктегі ағайындар бізден гөрі бау-бақша салуға бейімделген. Олар көп­теп келсе, солтүстіктің халқына өз тә­жі­ри­белерін үйретер еді. Нәтижесінде, қан­ша­ма игерілмей жатқан жерлерді тиімді пай­далануға жол ашылады. Батыр ағамыз Қасым Қайсеновпен 1978 жылы Сарыағаш шипажайында бірге де­малғаным бар. Сол кезде бір әңгіме бары­сында ол кісі «Торғай өңіріндегі елді ме­кендердің арасы өте қашық орналасқан екен, қалай адасып кетпейсіздер?» деп еді. Сонда мен «Өскен жерімізге үйренген ха­лықпыз, адаспаймыз», деп ризашылықпен жауап бер­ген болатынмын. Бұл естелікті айтудағы се­бебім, еліміздің халық тығыз орналасқан ай­мақтарындағы ағайындарды халық саны аз, елді мекендерінің арасы қашық солтүстік об­лыстарға көптеп тартсақ деген ойымды жеткізу. Өңірде атқарылып жатқан игілікті іс­тер баршылық. Оны халық көріп, біліп отыр. Халық электр жарығымен толық қам­тамасыз етілген, байланыс жүйесінде мін жоқ. Өңір баспасөз, радио, теледидар игі­ліктеріне мұқтаж емес.  Ойымды түйіндей келе айтарым, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сая­сатының игілігін халық көріп отыр. Мем­лекет тарапынан жасалып отырған қам­қор­лықты әрбір қазақстандық сезіне білуде. Әсі­ресе, шалғайдағы ауылдарда тұратын ағай­ындар осынау жақсылықтардың қадірін біліп, оның мән-маңызын терең түсінеді. Осындайда «Дала – дәулет, ауыл – құт!» екені еріксіз ойға оралады. 

Кәкімжан КАРБОЗОВ, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы  Қостанай облысы