• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

Көлдің көркі – елдің көркі

665 рет
көрсетілді

Балқаш экологиясының бұзылуына, су деңгейінің төмендеуіне әсер етуші факторлар аз емес. Мамандар соның ең басты себебі ретінде – көлге құятын өзен арналарының тартылуын атайды.

Әу баста Қапшағай су қоймасының салынуынан басталған Балқаш көлінің тартылуы тоқталғандай болғанмен, соңғы отыз жылда 20 шаршы шақырымға қысқарған. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қапшағайдың су деңгейі 10 метр­ге төмендетіліп, жер суаруға алынатын судың көп бөлігі Іле өзені арқылы Балқашқа құя бастады. Дегенмен, бұл да негізгі фактор емес екен. Басты фактор – көлге келіп қосылатын судың сапасында болып шықты. Іле Қытай айналып келеді, өзге өзендер де жол-жөнекей жырымдалып, өзен арналары төмендеген. Су көздерінің жанында тұратын халық күл-қоқыстарын өзен бойына тастаса, судың түбі балықшылардың торынан көрінбейді. Өзі де жырымдалып жатқан өзендердің түбі әлгіндей әрекеттерден кейін шөгінділерге тола бастаған. Судың сапасы төмендеу деген осыдан шығатын көрінеді. Өзендердің гидрорежімі бұзылған соң, әлбетте, балық та азаяды. Тіпті жойылып кеткен түрлер де бар.

Осы бір түйткілді мәселенің шешімін табу үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен арнайы жоба жасалынып, Балқаш көліне құятын өзендердің жағдайын қалыпқа келтіру жұмысы қолға алынып жатыр.

Жоба аясында «ММО Қа­ра­тал» мемлекеттік мекемесі Тал­ды­қорған – Үштөбе тас жо­лы­ның 130-шы шақырымындағы өзен арнасын тазалау жұмысын жүргізуде. Жалпы, жұмыс ау­мағы 3,04 шақырымды қам­титын Қаратал өзені бойымен Көпбірлік ауылына дейін жасалынатын тазарту жұмысына облыстық бюджеттен 101 млн 222 мың 401 теңге қаржы бө­лін­ген. Оған екі экскаватор, бульдозер және үш «КамАЗ» жұ­мыл­дырылған. Мекеме Үштө­бе­ден Көпбірлік ауылына дейін қам­титын ауқымды тазарту жұмыс­тарын қараша айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Өзеннің оң жағалауын бойлай ұзындығы 830 метр, ені 80-100 метрге жуық арық қазылып жатыр. Қазу жұмыстары аяқ­талған соң, судың екпіні бұзыл­май жаңа арнаға аунап түседі. Бұдан басқа арналарды да тазартып, күл-қоқыстарды сүзу жұ­мыстары қарқынды жүргі­зілуде. Мамандардың айтуынша, жұмыс қарқыны жоғары, әзірге техника да жеткілікті. Дегенмен, жұмысқа жауапты мекеме қызметкерлері өзен арнасын шөгінділерден тазарту үшін алдағы уақытта жүзбелі экскаватор алуды жоспарлап отырғандарын айтады.

Бүгінге дейін өзендерді тазалау мәселесі бойынша жиырма жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде, Қаратал ауданы бойынша 27 шақырым, Іле ауданы бойынша 614 шақырым тазаланған.  Асты шөгіндіге толған өзен арнасына сыймайды да, жағалауды ұра бастайды. Мәселен, Қаратал өзені арнасын өзгерте-өзгерте жолға жақындап, шамамен 10 метр жерде ағып жатыр. Осылай жалғаса беретін болса біріншіден, жолды су басып қалуы мүмкін, екіншіден, өзен арнасының өзгеруі, тым жайылып ағуы да біз жоғарыда айтқан судың сапасына әсер етпей қоймайды. Мұндай проб­лема Текелі, Талдықорған қалаларында, Ескелді, Қаратал аудандарында орын алып отыр. Ақсу, Сарқан аудандарында да туындап жатқаны жайлы мәлімет бар. Аталған аудандардың әкімдерінен Лепсі, Ақсу өзендеріне де тазарту жұмыстарын жүргізу керек деген ұсыныстар түскен.

Іс басында жүрген «ММО Қа­ратал» мемлекеттік меке­ме­сі­нің басшысы Бақберген Мәді­бе­ковтің сөзіне сүйенсек, Қаратал өзенінің толық мөлшерде көлге жете алмауының басты себебі – өзен суын халықтың үнемсіз қолдануы мен тасқындардың салдары. Тас жол зауыты мен қарапайым халықтың өзеннен құмды мөлшермен алмауының кесірінен де су арнасы өзгеріске ұшыраған. «Егер құмды өзеннен емес, жағасынан алса, арна бұзылмас еді. Өзендердің Балқашқа толыққанды жетуі үшін арналарын тазалау жобасы аймақтық емес, мемлекеттік дең­гейде атқарылуы қажет. Бал­қаш көлінің табиғи байлығын жоғалтпай сақтап қалу – біздің парызымыз», – дейді бас маман.

Өзен арналарын тазалау жұ­мыстары биылмен ғана шектелмей, жыл сайын тұрақты түрде жүргізіліп тұратын болады. Бұл әкімшілік тарапынан ғана емес, жалпы, ел болып атсалысатын жоба. Сол себепті, өзен арналары мен жағалауларын таза ұстау үшін, қарапайым тұрғындар арасында насихат жұмыстары да жүргізілуге тиіс. Расында, адамдардың санасы тазарса, өзендерді тазалау керек те болмас еді... 

Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы