• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Шілде, 2017

Өркениет игіліктеріне бастайтын қадам

499 рет
көрсетілді

Елбасымыздың «Бо­ла­шаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­­дар­­ламалық ма­қа­ласы – рухани құн­­­дылығымыз­­ды жаң­­ғыртатын бас­тама, халыққа тү­сі­нікті тілмен жа­зылған даму жос­пар­ы, көптен күт­кен ұлттық идео­л­о­гияның тұ­жы­рым­да­масы болғаны ақи­қат. Қай­та тү­леу­дің қолға алы­нып, жү­зеге асып жат­қан саяси ре­фор­ма мен эко­но­микалық жаң­­ғы­ру секілді ерек­ше ма­ңызды ек­і процесін баян- ды жал­ғас­ты­­ратын, хал­қы­мыз­дың рухани жаң­ғы­руы басталды.

Елбасының ма­қа­ласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» туралы алғашқы тарауында сананы жаңғыртудың бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлт­тық бірегейлікті сақтау, білімнің сал­танат құруы, Қазақстанның ре­во­люциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты ал­ты негізгі бағытына талдау жасап, қа­зақ тілін біртіндеп латын әліп­биі­не көшіру жұмыстарын бас­тау, қоғамдық және гуманитарлық ғы­лымдар бойынша «Жаңа гума­ни­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу; жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдыру мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу; халық санасына жалпыұлттық қа­сиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті ру­хани құндылықтары» немесе «Қазақ­станның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасын жасау; ХХІ ғасырдың жаһандық картасын­да ешкімге ұқсамайтын, дербес ұлт болуымыз үшін, «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәде­ни­ет» жобасын іске асыру; бүгін­гі за­мандастарымыздың да жетіс­тік­те­рі­нің тарихына үңіле отырып, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жо­ба­сын жүзеге асыру жайлы ай­рық­­ша жобаларды халық назары­на ұсы­ну арқылы еліміздің алдын­да тұрған таяу жылдардағы мін­дет­терді белгілеп берді. 

Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесі тарапынан ауқымды жұмыс­тар жүргізілуде. Кеңес мүшелерінің оты­рыстары мен басқосулары Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың жо­ға­рыда аталған мақаласын көп­ші­лік қауымға насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге, оны жүзе­ге асырудың тетіктерін қарау жә­не қазіргі жаһандық өзгерістер жағ­дайындағы жаңа қазақстандық пат­риотизмді қалыптастыру мәсе­ле­лерінің түйткілді түйінін аршып, ше­шімін табу жолында бірқатар шара­ларды атқарып келеді. Отан, туған жер туралы бағдарламаларды бі­лім беру мекемелерінде, бал­а­бақ­шалар мен мектептерде, түрлі дең­гейлі оқу орындарында, білім ұялары мен ордаларында оқу-тәрбие жұмыстарының өзегі ету, үш мыңнан астам тарихи орындары бар облысымыздың қа­си­етті де киелі құндылықтарын қас­терлеу арқылы ішкі туризмді да­мыту, «Туған жер», «Киелі жер» жобалары бойынша жұмыстарды жолға қою, тағы да басқа көптеген жоспарлардың жүйелі түрде орындалуы қолға алынды. 

Нақты мақсатқа жету жолында не нәрсені болса да ұтымды пай­далануды басты ұстаным еткен Елбасының дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай айқын прагматизм белгілері туралы айтқаны кімді болса да ойландырмай қоймасы анық. «Прагматизм – өзіңнің ұлт­тық және жеке байлығыңды нақ­ты білу, оны үнемді пайдалану, ке­ле­шегіңді соған сәйкес жоспарлау» дейді Елбасы. Бізді өсіріп, бізді қоршаған орта мен қоғамның ықпалынан, біздің буын тым романтик боп өстік. Мұның жақсы жағымен бірге, жағымсыз, кемшін тұсы мен қателігі де бар екендігіне қазір анық көзіміз жетіп отыр.  Алайда, көңілімізді демдеп, өзі­міз­ді қанағаттандырар бір нәрсе – қазіргі жас буын – жастар мен жас­өспірімдеріміз және болашақ ұр­пағымыз прагматик боп өсіп ке­леді. Біздей романтик ата-апалардан, әке-аналардан прагматик ұрпақ шық­қанына расында да, қуануымыз керек. 

«Бұл заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, со­ған мақсатты түрде ұмтылмаса, ер­тең ол іске аспақ түгілі, елді құр­­дымға бастайтын популистік идео­ло­­гия­ларды туғызады... Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш радикалды идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біз­дің көз алдымызда күйреді» деп, өткен тарих беттеріне жіті көз жібе­ре­тін Президент популистік идеологиядан абай болуды нақты ескертті. 

Иә, кейбір елдерде болып жататын сайлау науқандары секілді сая­си ойындар мен қоғамдық тартыс­тар кейбір дамыған мемлекеттерде де бос демагогия мен популизмнің бой көрсетіп, белең алып қалатынын әшкерелеп жатқаны белгілі. Ендеше, өркениет игіліктеріне ізгілікпен өрелі қадам жасалған дамуының даңғыл жолы бар біздің халқымызға ақырын жүріп, анық басқаны абзал. Бұл біз үшін өте маңызды мәселе. Өйткені, біздерде де ұлтқа жанашыр болып көрінетін қайсыбір азаматтардың болмайтын нәрселерге бас сұғып, жүзеге аспайтын жұмыстарды тықпалап, ешқандай талаптарға сәйкес кел­мей­тін мәселелерді проблема етіп көтеру белсенділіктері бай­қалып қалады. Ешбір дерек-дәйек­ке сүйенбестен, елде жасалып жат­қан игі істерді жаппай жоққа шы­ғарып, қара аспанды төндіріп, құ­лақ тіккен жұрттың еңсесін езіп, өзі­нің әлсіздігінің, енжарлығының, бой­күйездігінің, білімсіздігі мен бі­ліксіздігінің салдарын өзгеден із­деп, өкпе артып, өктем сөйлеу ар­қы­лы бедел жинағысы келетін іс-әре­кетті дағдыға айналдыру – қой те­рісін жамылған қасқырдай жалған белсенділіктің бұлтартпас нышаны. Дүние жүзіндегі көптеген ұрыс-жанжалдар осындайдан туындайды. Ұлт болашағын ойлағанда осыны үнемі есте ұстағанымыз жөн. 

«Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін за­ман ағымына саналы түрде бейім­де­луге қабілетті болуы керек» де­ген Ел­басымыз қоғамдық сана жаң­ғырмайынша, қоғамның руха­ни жаңғыруы мүмкін еместігін ба­са айтты. Өмір сүру үшін өз­ге­ре бі­лу керек, оған көн­бе­гендер тарихтың шаңына көміліп қала беретінін атап өтті. 

Шынында да, ең алдымен, заман ағымына саналы түрде бейім­деле алмасақ, өзімізді, өмір сүру дағ­ды­мызды, рухани жан дүниемізді жаңалыққа жақсылыққа қарай бұрып, өзгерте алмасақ, дөңгелене өзгерген дүние-әлемнің жүйрік сәй­гүліктей дүлдүл уақытына қалай ілес­пекпіз? Өз санамыз қараңғы бол­са, өзгенің санасындағы сәулені қа­лай көрмекпіз? Бұл жерде, әрине, барлығы алдымен адамның ішкі рухы мен пейіл-ниетінің тазалығына байланысты екені әмбеге аян. Мына бір нақыл сөз есімізде. Алдымен ниетіңді түзе – ол ойыңа айналады. Ойыңды түзе, ол – сөзіңе айналады; Сөзіңді түзе, ол – әдетке айналады; Әдетіңді түзе, ол – мінезіңе айналады; Мінезіңді түзе, ол – тағдырыңа айналады. Тағдыр де­мекші, жақсы болсын, жаман бол­сын, сол мінезінен түзілген маңайға жазылғаннан сосын ешкім қашып құтыла алмас.

Еуропалық психолог ғалымдар дү­ниедегі адамдарды үш топқа жік­тей­ді екен:

– бірінші топтағы адамдар қо­ғам­­дағы қайнаған іс-қимыл әре­кет­тердің арасында жүретін, өмір­лік позициясы белсенді адамдар. Қор­шаған ортадағы, күнделікті ағымдағы қызметтер, жұмыстар, жаңалықтар мен жақсылықтар, өзгерістер солардың қолдарымен, сондай адамдардың арқасында атқарылып, жүзеге асырылып жатады;

– екінші топ қоғамда, өмір­де, дүниеде не болып, не қойылып жат­қанын сырттай ғана бақылап, «сен тимесең-мен тимен, бадырақ көз» ұстанымымен немқұрайлы өмір сүреді;

– ал үшіншілері қоғамда, өмірде, айналада нендей жаңалық, қандай қызық болып жатқанын білгісі келіп, әр нәрсеге құлақ түргіш, ай­да­ладағыны естіп-білгіш, және оны та­ратып, түйедейді түймедейге ай­налдырып немесе, керісінше, түй­медейді түйедей етіп жіберуге құмарпаз ғана жандар. Ұлттық сананың жаң­ғыр­уын көздеген Елбасымыз өз хал­қын, ұлтын, мемлекетіміздің үлкен-кіші әрбір мүшесін алғашқы топтағы өмірлік ұстанымы белсенді адамдар қатарынан көргісі келетіні анық. Сондықтан, өмірді адамдар арасындағы қарым-қатынас деп санасақ, сол өмірдің сұлу, көркем болуы өзімізге байланысты екенін санамызбен сезінетін кез жетті. Ол деген сөз – патриот болу деген сөз, отбасыңның, ұлтыңның, жеріңнің, Отаныңның патриоты болу. Отбасының, ұлтының, жерінің, Отанының алдындағы міндеті мен парызын орындағаннан ләззат алып, қуанышқа бөлене алатын адам – нағыз патриот адам, еңсесі биік ел мүддесі үшін ерікті өмір сүре алатын ең еркін адам. Біреудің еңбегін өзі еңбектенген адам ғана ұғады.

Елбасы айтқандай, «Мақсатқа же­туіміз үшін біздің санамыз ісі­міз­ден озып жүруі тиіс».

Бізге әлгі Крыловтың Абай данамыз, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ғұламаларымыз тәржімалап, қа­зақшалаған, мысал­да­рын­дағыдай, «Аққу, шортан Һәм шаян» секілді, аққу – көкке, шортан – көлге, шаян шөлге тартатын алауыздық емес, құрғақ жарнама, бос сөзді шешендік пен бұлыңғыр бағытты көсемдік емес, ауызбірлігі мол, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын халық болғанымыз керек. Басты міндетіміз – негізгі күш-жігерімізді рухани санамыздың жаңғыруына салып, атқарылып жатқан талай ізгі, игілікті істерге сенім арта отырып, жүзеге асырылуына бірге атсалысу болмақ. 

Үміт БИТЕНОВА,  «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшесі,

Талас ауданының Құрметті азаматы