• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2017

Ғылым және жалған атаққұмарлық

490 рет
көрсетілді

Ғылымды көбіне қоғамды материал­дық жағынан қамтамасыз ететін, ілгері­лететін, алға жетелейтін ғылыми-тех­ника­лық прогрестің алғышарты ретінде қарастырып, ал рухани кемел­де­ну тетігі ретіндегі рөлін бағалай бермейтініміз бар. Ғалым тұлғасы қашанда ерекше құрметке ие екенін елеп-ескерудің орнына жалған атаққа ұмтылушылықтың тамырына балта шаба алмай келе жатқанымыз сондықтан болу керек. Адамзат тарихына үңілетін болсақ, өркениеттің шарықтап дамуы ғылымға қалтқысыз еңбек еткен ұлы тұлғалар есімдерімен тығыз байланысты. 

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісі­мізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», деген тұжырымы егемен еліміздің өркендеп даму жолында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген ғылым дарабоздарына қаратыла айтылғандай көрінеді. Қоғам жаңаруында зор құбылыстарды тудыратын, тың жаңалықтарға, ерекше серпіндерге жол ашатын бірегей сала ғылым екені белгілі. Олай болса, жақсы істердің жаршысы – ғалымдардың алда жүруі заңды. Алайда, бұл бағыттағы іргелі ізденістермен қатар шешімін табатын түйткілді мәселелердің де барын ашық айтуымыз керек. Осыдан екі жыл бұрын белгілі ғалым, академик ақсақалымыз Төрегелді Шарманов «Егемен Қазақ­стан» газетінде «ғылымдағы арзан атақ­құмарлық ауруы» жайлы мәселе көтеріп, «Болашақта опық жегізбес үшін қоғамда қазіргі қалыптасқан жөн­сіз-жосықсыз мінез-құлықты, зиянды әре­кет­терді жою жолында қоғамдық күш­терді жұмылдырғанымыз жөн», деген салиқалы ойлар айтқан болатын. Жасыратыны жоқ, бұрындары акаде­мик атағын иеленген тұлғалар ғылымда айшықты із қалдырып, өз сала­сының дамуына қомақты үлес қосып, ілуде біреу ғана қол жеткізетін құрмет-атақты иеленсе, қазір азын-аулақ ғылыми еңбекпен-ақ «академик» атанып жүргендерден аяқ алып жүре алмайтынымыз ойландырмай қоймайды. Мектепте оқып жүргенде ұстаздарымыз ғылым туралы толғанғанда ертегі тыңдап отырғандай елітетінбіз. «Білім және еңбек» журналында қазақтан шыққан академиктер туралы іздеп жүріп оқып, соларға еліктеуге тырысатынбыз. Біздің буын академик деген атақты ерекше бағалап өсті. Алайда, өмірде бәрі «анау айтқандай» емес екенін хакім Абай «Арамза болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деп келістіре сипаттаған кеселден қоғамымыз толық айықты деп айту қиын. «Ең құдіретті құштарлық – атаққұмарлық. Мені осы құштарлықтан құтқарар болса, қалғандарынан мен өзім-ақ құтыламын» деген екен ағылшын драматургы Ричард Шеридан. «Ақымақтық пен атаққұмарлық – айырылмас достар» депті оның замандасы Пьер де Бомарше. Міне, ғылым жолын қуғандар алдымен осы дерттерден ада болуы керек. Бірде бір әріптесім «мені Ұлттық ғылым академиясына өткізбеді» деп ренжіп отыр.

Мемлекеттік сыйлықтың иегерісіз, басқа академияның мүшесісіз, оның не қаже­ті бар сізге?» деп қалжыңдасам, «керек қой» дейді күмілжіп. Тағы бір әріп­тесім жарнасын толық төлеп, белгілі саланың академиясының толық мүшелігіне өткеніне риза болғаны сонша­лық, «академик атанғанын» ұлан-асыр тоймен атап өткені бар. 

 Атаққұмарлықтың тағы бір дерті – жал­ған сөйлеп, арзан ұпай жинау. Маман­дығы келмесе де лауазымын пайдаланып, әркімге ғылыми жетекші болып, «мен бәленбай шәкірт дайындадым» немесе біреудің еңбегіне қосарлана автор болып, «соншалықты кітап жаз­дым» деп көпіре сөйлеп, күпсіне мақта­на­тындар, оқулық пен монография-ны айыра алмайтын «жазғыштар», басқаның қолжазбасын ұрлап, болмаса көз майын тауысып жазған еңбегін көшіріп алуға бет-ауызы бүлк етпейтін «жиендер» кө­бей­ді. 

 Сенсация іздеп, жалған ақпарат бере­тіндерді де кезіктіріп жүрміз. Бір ака­демик ағамыз өз саласы бойынша күр­деленіп қалған мәселелерді ше­шу­ге атсалысудың орнына басқа ғылыми зерттеу институты айналысатын пробле­маларды «меншіктеп» алған. Және де өз «жаңалығын» жарнамалауға келгенде жиын, мінбер босатпайды. Осындайда жаны таза, ниеті адал, мінезі қарапайым ғалымдар ойға оралады. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын 18 жыл бойы басқарып, оның алдында талай лауазымды қызметтер атқарған Хайдар Арыстанбеков ағамыз «қызметін пайдаланды» деген сөзден қашып, ғылым кандидаты дәрежесін қанағат тұтты. Одан абыройы кеміген жоқ, «халықтың Хамаңы» болып қалды. Қызылжар өңі­ріне танымал ақсақал, кезінде облыс деңгейінде басшылық қызметтер атқарған Жақсылық Ысқақов «кандидатық диссер­тация жазып беріп қорғатайық» деген «шапқыншыларға» тыйым салған. «Тікелей өзім айналыспа­ған соң ондай атақ маған қандай абырой әпереді?» деп бас тартқан.

Міне, осындай тұлғаларды мақтан етіп, кіші­пейіл, парасатты қасиеттерін жас буын­ға үлгі етуіміз кемшін болып тұр­ған сияқты. 

Әйіп ЫСҚАҚ, биология  ғылымдарының  докторы, профессор