• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Шілде, 2017

Биотехнологиялық қауіпсіздік берік қолда ма?

782 рет
көрсетілді

«Баяғыда бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты...» деп басталатын ертегілер жас сананы «бай бол, ол үшін төрт түлігің көп болсын» деп тәрбиелер еді. Қазақтың, көшпенді жұрттың мырзалығы да, салтанаты да, қанағаты мен дәулеті де осы төрт түлігі болыпты. Ерлігі мен елдігі де, жомарттығы мен сараңдығы да малымен өлшенген. «Малды басынан ұрма», «Малдың басын (алғашқысын) сойма, я сатпа», «Жемі жоқ бос ыдыспен шақырып, малды алдама» деген тыйым сөздер де бабаларымыздың ырыс-несібені қорадағы малынан іздегенін бағамдаймыз.

 Малы ауырса емдеудің де неше түрлі тәсілін бұрынғы қазақтан артық кім білді дейсіз? Аяғына жем түскен жүйрікті сазға байлап емдейтін, аусыл болған сиырына аталадан ас беріп, тілін тұзбен ысып жазатын, тышқан болған жылқының тамағын тесіп, қанын ағызып сауықтыратын да осы жұрт. Тотыяйын мен жалбыздың өзі қан­ша дертке шипа еді. Біз білмейтін сондай табиғи емдердің түрі көп екеніне дау болсайшы. 

Бүгін заман өзгерді. Техно­кратты ел­­ге айна­­лып келеміз. Бір кезеңдерде ауыл шаруа­шылығы жүдеп-жадағанымен, қа­зіргі уақытта қайта қолға алынып жатыр. Төрт түлігіне қайта оралған қазақ ма­лын асылдандырып, мемлекеттің қолдау бағдарламаларымен фермалар ашып, сүт, ет өнімдерін өндірумен айналысып жатыр. Тіршілік бар жерде ауру да жүреді. Бұрынғы емдеудің тәсілі ұмыт болып, енді төрт түлік малымызды дәрі-дәр­мекпен емдейміз. Арнайы мал дәрігерінің оқуы да бар. Ауқымы кең, ғылыми тілмен айтқанда – ветеринария.

Әлемде бүгінгі ветерина­рия­ның негізгі мақсаты – ве­тери­­нариялық-биологиялық-қа­уіп­сіздікті сақтау. Бұл – адамзат ден­­­сау­­лы­ғын зоонтрапонооз­ды аурулардан қорғау кепілі және елді азық-түлікпен  жә­не шикі­зат өнімдерімен қамта­масыз ету, яғни ауыл шаруашылығын дамытудың негізі. Қазіргі уақытта мал ауруларын анықтау; профилактика жүргізудің және емдеудің заманауи әдістерін қолданысқа енгізу; сонымен қатар жануарлар мен құстардың ауруларын және шығынын азайтатын отандық ветеринариялық препараттарды әзірлеуді және  өндіруді жолға қою  ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Био­технология саласында қызмет етіп жатқан мекемелер елімізде аз болса да, бар. Ең алдымен ғы­лыми лабораторияны ха­лық­аралық стандартқа сай жа­сақ­тап алмай, ешқандай өнім­ді шығарып, оны шет елдер­ге ұсына алмайтынымызды жақ­сы түсінуге тиіспіз. Осы рет­те барлық құрылғылары мен жабдықтары халықаралық стан­дарттарға сай бір мекеме Алматы облысы, Қарасай ауда­ны, Абай ауылында орна­ласқан. Облыста, ауылда деп мұрын шүйіре қарайтын, қала­ның қақ ортасындағы көп лабораторияда осы мекемедегі сияқты халықаралық талаптар мен стандарттарға сай базалық құрал-жабдықтар жоқ екенін айта кетуіміз керек. Ветеринар мамандар мен ветеринарлық-профилактикалық және диа­гностикалық дәрі-дәрмек­терді әзірлеу мен өндіруді жолға қойған «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жиырма жылға жуық елімізде ауыл шаруашылығы мамандарына қол ұшын созып келеді. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны 2001 жылдан 2017 жылға дейін 47 препарат әзірлеп, өндіріске енгізген. Соның 27-і диагностикалық, 13-і емдік-профилактикалық, 3-еуі пара­зит­терге қарсы препарат және 2-еуі ашытқы. Технологиялардың жаңалығы Қазақстан Республикасының өнертабысқа сәйкес иннова­циялық патенттерімен жә­не автор­лық куәліктермен қор­ғал­ған. Ве­теринарлық тәжіри­беде жануарлардың аса қауіпті инфекциялық және инвазив­ті ауруларымен күре­суге әзірлен­ген вакцина­лар, диаг­ностикалық тест-жүйе­лер және биопрепараттар Қазақстан, Қырғыз­стан, Тә­жік­стан, Әзербайжан, Ресей, Гру­­зия және Армения елдері аумағында қолданылады. 

«Антиген» ғылыми-өндіріс­тік кәсіпор­ны соңғы бес жылда өнімдерін эскпорт пен республикамыздың ішкі нарығына шығаруда үлкен жетістікке жетіп отыр. Нормативтік-техникалық құжаттамаларға сәйкес препараттар Қазақстан Республи­касының мемлекеттік ветери­нар­лық препараттардың және тиісті шет елдердің мем­ле­кеттік тізіміне енген. Сонымен қатар, бұл кәсіпорын азық-түлік қауіпсіздігі, медицина, микробиология және химия саласында да ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді атқарып келеді.

2009 жылдан бастап «Анти­ген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны Білім және ғылым министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық субъектісі ретінде ак­кре­ди­тациядан өтіп, түрлі ғылыми  жобаларды іске асырып отыр. Жобалар нәтижесінде мекемеге жаңа технология-лар, биологиялық препараттар, зертханаларды жаңарту жұмыстары және GMP, GLP дүниежүзілік стандарттары енгізілді. Кәсіпорында өндірілетін биоперапараттар сапасын бақылау мақсатында Ұлттық ветеринарлық препараттарды зерттеу сынақ орталығы құрылып, 2009 жылы Индустрия және сауда министрлігінің техникалық реттеу және метрология жөнін­дегі аккредиттеу орталығы комитетінен аккредитациядан өткен.

Ғылыми-өндірістік кәсіпорын және оның қызмет­керлері екі рет Әділет ми­нистр­­лігі мен Білім және ғылым министр­лігің өнертапқыштық саласында «Жылдық Өнер­табыс» номинациясының иегер­ле­рі атанған. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны­ның бас директоры, мекеме негізін қалаушы, профессор Нұрлан Ахметсадықов  2015 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағына ие болған. Ол ветери­нариялық және биоло­гиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ар­­нал­­ған инно­вациялық технология әзірлеме­лердің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Кәсіпорында өндірілетін препараттарды алу тәсілінің негізгі әзірлеушісі жә­не же­тек­шісі.  Профессор Гүлнәр Шабдар­баева 2005 жылы «Өнертапқыш әйел» атағына лайық деп табылды. Ғылыми-өндіріс­тік кәсіпорынның аға ғылы­ми қызметкері, биоло­гия ғылымының докторы, ҰҒА мүшесі. Г. Шабдар­баева ве­тери­нарлық және биологиялық қауіп­сіз­­дікті қамтамасыз етуге арналған инно­вациялық технологияның жетекші маманы. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының аға ғылыми қызметкері, ветеринария ғылымының кандидаты, ветеринарлық медицина бойынша PhD, доцент Д.Хусаинов 2007 жылы «Ең бел­сенді өнертапқыш» атағын иеленді. Бұл ғалымның негізгі ғылыми бағыты – жануарлар ауруларына арналған диагнос­тикалық және профилактикалық биоло­гия­лық препараттарды дайындау және енгізуге зерттеулер жүргізу. Осы үш маман­ға қоса кәсіпорынның тағы екі ғылыми қызметкері, жалпы бес адам, ұжымдық жұмыспен әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығынан үміткерлер. Олар: «Антиген» ғылыми-өнеркәсіптік  кәсіпорынының «Пробиотиктер» зертхана­сы­ның меңгеру­шісі, тағам ғылымдары бойынша PhD, ветеринария ғылымының магистрі Шынар Ахметсадықова мен аға ғы­лы­ми қызметкер, ве­тери­­нария ғылымының кан­ди­даты, ветеринария ғылы­мы­ның магистрі Жанат Батано­ва. «Ветеринарлық және био­­ло­­гия­лық қауіпсіздікті қам­тама­сыз етуге арналған инновациялық технологияны коммерцияландыру» тарқырыбында әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға үміткерлердің ғылыми зерттеулерінің нәти­же­ле­рі мен әзірлеу технология­лары еліміздің ауыл шаруашы­лығына өте тиімді һәм пайдалы жұ­мыс деп айтар едік. Қазақстан Республикасының мем­лекеттік сыйлығына үміт­кер­лер ветеринария жә­не ме­ди­ци­наға арналған био­логиялық препараттарды енгізу және өндіру ғылыми-зерттеу жұмыстарын GMP талаптары бойынша (Good manufacturing for medicinal products) «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының базасында атқарады. Тек ветеринария саласында емес, медицина мен тағамтану саласындағы еңбектерінің өзі бүгінгі биотехнологиялар заманында қолдауға әбден лайық деп атасақ та болады. 

«Антиген» ғылыми-өндіріс­тік кәсіп­ор­нында 7 ветеринария, биология, фармация ғы­лым­дарының докторы және 4 PhD, 10 ветеринария, биология, медицина ғылым­дарының кандидаты, 2 PhD докторант және 5 магистр қызмет етеді.

Ғылыми жұмыстары мен зерттеулері биотехноло­гиялық өнім­д­ердің халық­ара­лық нарықта ветеринарлық пре­­а­па­рат­­тар өндіру кезінде жаңа бәсекелестікке қабілеттілікті қалып­тастыру, ғылымды қа­жет ететін өндіріс орнын құ­ру, ғылыми әзірлемелерді ком­мер­ция­лан­дыру, жаңа тех­но­ло­гия­лық құзыреттілікті енгізу, инновациялық сер­пі­ліс­ті қамтамасыз ету мақса­тында «Қазақстан-2050» Страте­гиясының ұзақ мерзім­ді басымдықтарына сәй­кес әзір­ленген 2015-2019 жыл­дарға арналған Қазақ­стан Рес­публикасының индус­трия­лық-инновациялық мемле­кет­тік бағдарламасына сәйкес жүр­гі­зіледі. 

«Антиген»  ғылыми-өн­діріс­тік кәсіп­ор­ны ғылыми-тех­ни­ка­лық және жоға­ры технологиялық препараттарды шыға­ру­ды дамытуды қамтамасыз етіп, ғалымдарға қолайлы жағдайлар жасап, жаңа технологиялық зерттеулерге инвес­тиция тартады. Ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары мамандандырылған, заманауи құралдармен жабдықталған биомедицина және жасушалық биотехнология, микробиология, вирусология, паразитология зертханаларында физикалық-химиялық, биохимиялық, микробиологиялық, пара­зитологиялық зерттеу әдістерін пайдалана отырып жүргізіледі.  Биобақылау зерт­теулерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін биологиялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес мамандандырылған құралдармен жабдықталған виварий құрылған.

Кәсіпорын ізденушілері өз біліктілік­терін үнемі жетекші халықаралық ұйым­дар­да жоғарылатып отырады.

 Ғылыми-өндірістік кәсіпорын базасында ғылыми-зерттеу, сынақ жә­не өн­­діріс­­тік  жұмыстармен қатар, био­логия­лық және дәрілік препараттарды өндіру технологиясы  саласында, тағамдық қауіпсіздік сұрақтарына жа­уап табу мақсатында теориялық, практи­калық дағдылармен алмасу үшін Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінің, әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­те­тінің, С.Д.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медициналық универ­си­те­ті­нің студенттерімен, магистранттарымен, докторанттарымен зерттеу жұмыс­тары жүргізіледі. Ғылыми-өндірістік кәсіпорынның 2008 жылдан бастап үш тілде шығаратын қазақстандық ғылыми-практикалық «Ветеринария» журналы бар. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ 

Суретті түсірген  Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ