• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Шілде, 2017

Ізгілендіру үдерісі

135 рет
көрсетілді

Қолданыстағы заң шеңберінде жауапкершілікке тартылып, белгілі бір деңгейде бас бостандығынан айырылған азамат­тардың арқалаған жазасын жеңілдету мақсатында біздің елі­мізде қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру үдерісі мемлекеттік тұрғыда жүргізілуде. Бұл ретте ресми тілмен нақты жазылған кейбір заң жобаларының өзін халыққа тиянақтап, түсіндіріп берудің ешбір артықшылығы болмайтыны белгілі. Құқық қорғаушылар тарапынан қолға алынған мұндай шаралар да осы күндері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Әсіресе, Қазақстан Респуб­лика­сының Қылмыстық-атқару кодексін түсіндіру мақсатында ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі коми­теті сотталған адамдар үшін кұ­­­қық­­тық түсін­діру жұмы­сын ұда­йы жүргізуде. Мәселен, өткен жылдың өзінде түзеу мекемелерінде аталған кодекстің нормаларын түсіндіру бойынша 18 мыңнан астам дәріс өткізілген.

Оның бірнешеуі Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарас­ты Астана қаласындағы ЕЦ-166/1 мекемесінде ұйымдас­ты­­рылған. Мекеме басшысы, әділет майоры Мұрат Оралбаев мұнда басшылық тізгінін қолға алғанына аз уақыт болғанымен, ол бұл жер­де жеті жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Іш­кі жағ­дай­дың ахуалын бес саусағын­дай білетін білікті маман ә дегенде мекемедегі тергеу кабинеттерінің санын көбейтуге кірісіпті. «Көптен бері осы жерде қызмет еткендіктен мұндағы тер­­геу кабинет­­терінің аздығы әріп­тес­терімді де алаңдататын. Сондықтан да жаңа осы олқы­лықтың орнын толтыруды жөн санадық. Нәтижесінде, жуырда ғана 9 тергеу кабинетін талапқа сай іске қосылды. Жалпы аумағы 110 шаршы метрді құрайтын жаңа тергеу кабинеттерінің ашылуы қажеттіліктен туындаған дүние екені сөзсіз. Себебі, қор­ғау­шылар мен тергеушілер ка­би­нет­тің босауын кезек күтіп сабыл­­ған­дықтан, наурыз айында мекеме басшылығы дөңгелек үстел ұйымдастырып, осындай шешім қабылдаған еді. Енді міне, қорғаушыларға барынша қолайлы жағдай жасалды», дейді Мұрат Сағынбайұлы.

Негізінен, аталған мекемеде мемлекет тарапынан берілген лимит 505 болса, бүгінде тергеу­дегілердің саны 700-ден асып отыр. Бұрындары осы уақытта бекітілген лимиттен асу болмаған екен. Сондықтан да жаңа тергеу кабинеттерінің ашылуын – түрлі қолайсыздықтардың алдын алу шарасы ретінде бағалауға болатындай.   

Ал енді тергеудегілер мен сот­талғандарға күнделікті қажет­­­­тіліктен басқа қандай жағ­дай жасал­ған деген мәселе төңіре­гінде айтар болсақ, қазіргі кезде мекемеде тергеудегілер мен сот­талғандарға арналған кітапхана жұмыс істейді. Жуырда ғана толық жөндеуден өткен бұл кітап­хананың қоры он мыңға жуықтайды. Сондай-ақ, ол уақыт өткен сайын жаңарып отырады. Осылайша, тергеудегілердің тапсырысы бойынша кітапхана қызметкерлері оқырмандардың сұраныстарын тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Тіпті, меке­медегі шаруашылықпен қамта­масыз ету жасағындағы сотталғандар да осы кітапханадан қажетті әдебиеттерін алып, бос уақыт­тарын пайдалы іске жұмсап жатады.

Қазіргі кезде шаруашылықпен қамтамасыз ету жасағында елуден аса сотталғандар бар десек, олардың әрқайсысы өздеріне жүктелген міндеттерді тиянақты атқарады. Ал демалыс және өзін-өзі тәрбиелеу секциясы әр мерекеде концерттер ұйымдастырып, жазасын өтеушілер арасында спорттық ойындардан сайыстар өткізді.

Биылғы жылдың мамыр айында мекемеде екі рет ашық есік күні өткен болса, оның бірі қалалық прокуратура тарапынан ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мұндағы жазасын өтеушілер әзірлеген шағын концерттік бағдарламамен әспеттелген шара аясында сотталғандардың туғандары мекеме аумағына кіріп, жақындарының жатар орнын, тамақтанар жері мен бос уақыттарын өткізуге арналған демалыс бөлмелерін, тазалық кешендерін аралап шықты. Сөйтіп, келушілердің басым бөлігі жасақтағы тазалық пен жасалған жағдайды көріп көңілдерін бір демдеп қайтқан-ды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»