• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Күрес 20 Шілде, 2017

Күресте де легионерлер "құтқара" ма?

721 рет
көрсетілді

Қазақта «Көтердім кірдің тасын 51 пұт» деп жырлаған Балуан Шолақ, сондай-ақ, Қажымұқан секілді білеу дене, шойындай сом тұлғалы балуандар көп болғандығы белгілі. Оның бер жағында Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков, Олимпиада жүлдегері даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың жетістіктері қандай десеңші?! Белдескенін алып та, шалып та жыққан осындай баһадүрлеріміздің дара жолы мен толайым табыстары өскелең ұрпақ үшін өнеге болуы тиіс емес пе? Әйтсе де, соңғы кездері күрес түрлерінен шетелдіктердің көмегіне жиі жүгініп жүрген жайымыз бар.

Жалпы, Қазақстан тәуел­сіздік алғалы күрес түрлері­нен Олим­пиада ойындарында 17 жүлде жеңіп алды. Олим­пиадалық жүлде саны бойын­ша күрес екінші орында тұр. Алайда, осы 17 медальдың біреуі ғана алтын. Бес рет балуан­­­­дарымыз финалда сүрін­се, 11 мәрте қолаға қол жет­кіз­ді. Бір қарағанда, жап-жақ­сы кө­рі­­­не­тін статистиканы  әрі қарай тар­қатқанда, біраз мәсе­ленің беті ашылады.

Олимп шыңын бағындырған жалғыз қазақстандық балуан – грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко. Ол Қыр­ғызстанда туып, сонда өссе де, 1990 жылы тоғызыншы тер­ри­­торияға біржола қоныс аудар­ды. Биік белестер мен үлкен жетістіктерге Қазақ­стан­да қол жеткізген Мельни­чен­­коны легио­нер деп айту қиын. 

Әйтсе де, жоғарыда айтыл­ған 17 медальдың жарты­сы­на жуығы легионерлердің  үле­сінде екендігі белгілі. Мысалы, 2004 жылғы Олимпиадада жеңіп алған 2 күміс пен 1 қола медаль иегерлері сырттан кел­ген спортшылар. Афинада ақ­тық сында сүрінген грек-рим күресінің шебері Георгий Цурцумия Грузияның тумасы. Ол Қазақстан сапында 2001 жылдан бастап қана өнер көрсете бастады. Тағы бір күміс жүлдегеріміз, еркін күресте ойқастаған Геннадий Лалиев осетиндік спортшы. Ал грек-рим күресінен қола жүлдеге қол жеткізген Мхи­тар Манукян Армения құра­масы сапында, тіпті 1996 жы­лы Олим­пиадаға қатысып үлге­ріп­ті. Ол Қазақстан атынан жарыс­қа 1997 жылдан бастап қатыса бастады.

Бейжіңдегі 5 медальдың екеуін тағы легионер балуан­дар жеңіп алды. Жалғыз күміс­ті қанжығасына байлаған ер­кін күрес шебері Таймураз Ти­гиев – Владикавказдың тү­легі. Ол Қазақстан сапына 2006 жылы қосылды. Алайда, Таймураздың күмісі 2016 жылы «қолды» болды. Допингке қарсы жауапты мекеме WADA Тигиевтің қанының құрамынан тыйым салынған препарат табылуына байланысты оны Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырды. Айт­пақ­шы, сол байрақты бәсе­­кеде еркін күрестен Олим­пиадада қола медаль алған Марид Муталимов Дағыстанда дүниеге келген. Муталимов Қазақ­стан атынан екі рет Олим­пиадаға қатысты.

Лондон Олимпиадасында балуандарымыз үш қола жүлде иеленгені белгілі. Соның екеуін­де легионерлердің еңбегі бар. Мәселен, дағыстандық Да­ниял Гаджиев грек-рим күре­­сі­нен олжа салды. Ал Гюзель Манюрова Ресей аты­нан Афина Олим­пиа­дасына қатысып, күміс жүлдені қанжы­ғасына байлаған болатын. Сондай-ақ, ол Қазақстан аты­нан Лондон және Рио Олим­пиа­даларына қатысты. «Тұманды Альбионда» Гюзельге қола медаль бұйырса, Риода күміс жүлдені қоржынға салды. Балуан қыз Манюрованың жөні бөлек, ол отандық спорттың өркендеуіне спортшы ретінде де, бапкер ретінде де өлшеусіз үлес қосып келеді. 

Бейжің Олимпиадасына еркін күрестен Ақжүрек Таңа­­таровты емес, легионер Лео­нид Спиридоновты үкілеп қостық. Алайда, «қинап қос­қан тазы түлкі алмас» деген­дей, сол сенім артқан Спи­ридоновымыз жүлдеге іліге алмай, туристер қатарын толық­тырып қайтты. Сол кезде қар­сыласының әлеуетін жақсы білетін жамбылдық жампоз Ақжүрек Таңатаров оның ұзақ­қа шаппасын айтқанда, әлде­кімдер қызғанышқа жоры­­ғанды. Ал Лондонда Ақ­жүрек ел сенімін ақтады емес пе? Ен­деше, Бейжіңде Ақ­жүрек бал­­у­ан­ның бағын бай­лағ­аны­мыз сөзсіз. 

Басқасы басқа, күрес түр­лерінен сырттан спортшы шақы­ру мас­қара емес пе?! Бұ­рын-соң­ды қазақ топырағына жат спорт түрлері болса бір сәрі. Құ­дай-ау, басқасын айтпағанда кеше­гі алып КСРО-ның жеті дүр­кін чемпионы Дәулет Тұр­лыханов сияқты саңлақты дүниеге әкелген халық емеспіз бе?! Ендеше,  балуандарды басқа елден алдырту намыс қой! Өз балуандарымыз да легио­нерлер әкелуге қарсы. Мәсе­лен, Сидней Олим­­пиа­дасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков  осыған бай­ланысты өзінің уәжін талай мәрте баспасөз бет­терін­­де мәлім­деген. Тіпті, өз бал­уан­­дары­мыздың әділет­сіз­дік құр­баны болғанды­ғын айтып, шырылдаған Бай­рамуковтың сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Тараздың тағы бір өрені, Лондон Олим­пиа­да­сының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та отандық балуандарға сенім артқанды жөн санайды. 

«Легионер балуандарды шақыратындар күрестен хабары аз, оны түсінбейтін, қазақтың жағдайын білмейтін жандар ғой. Негізі жаттықтырушылар да оған қарсы. Таяуда құрамаға Маирбек Юсупов деген жаңа жаттықтырушы тағайындалды. Келгеніне көп болмаса да, тез арада қазақ балуандарын жаңа деңгейге көтеріп тастады. Азия ойындарындағы жетістігіміз ‒ соның дәлелі. Менің жасым 31-де болғанына қарамастан, тез арада қалпыма келуіме жәрдемдесті. Олай болса, өзіміздің балуандарға сенуіміз керек. Біздің алдымызда Жақ­сы­лық, Дәулет секілді аға­лары­мыз бар. Егер мүмкіндік берсе, солар секілді чемпиондар қазақ арасынан шығатыны анық», – дейді Ақжүрек Таңатаров.

Жергілікті балуандардың жетістігіне үңілетін болсақ, төмендегіше өріледі. Атланта Олим­пиадасында еркін күрес­тен Мәулен Мамыров жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Ал Сиднейде еркін күрес шебері Ислам Байрамуков ақ­тық сында ғана сүрінді. Бей­жің Олимпиадасында грек-рим күресінен сынға түс­кен Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов және Елена Шалы­гина қола медальды місе тұтқан-ды. Кейіннен Теңізбаевтың қола­с­ы күміске айналды. Нұр­бақытты байрақты бәсекеде ұтқан Әзербайжан спортшысы Виталий Разимовтің қанынан рұқсат етілмеген препарат табылып, ол жүлдесінен айы­рылып, Теңізбаевқа күміс жүл­де табысталды. Лондон Олим­­пиадасында еркін күрес­тен Ақжүрек Таңатаров жеңіс тұғы­рына шығып, үшін­ші орын­ға тұрақтады. Рио­дағы бай­­рақты бәсекеден қыздары­мыз ғана жүлдемен оралған-ды. Эльмира Сыздықова мен Ека­терина Ларионова қола медальға қол жеткізді.

Әлем чемпионатында қазақ­­­стандық балуандар 38 ме­даль­­ды (5 алтын, 11 күміс, 22 қола) қан­жығасына байлапты. Соның 10-ы легионер спорт­шы­­ларға тиесілі (2 алтын, 2 күміс, 6 қола). Өкінішке қарай, 1998 жылғы әлем чем­пионатынан кейін алтын алуға өз балуандарымыздың шамасы келер емес. Естеріңізде бол­са, сол жылы Бақтияр Бай­сейітов байрақты бәсекеде топ жарған еді. Бұл жағы­нан леги­о­нерлердің де олжасы онша емес. Алыстан аттай қалап алдырған балуандардың соңғы алтыны 1999 жылы бұйырып, Мхитар Манукян жеңіс тұғырының биі­гіне шыққан-ды. Содан бері отандастарымыз әлемдік аре­нада чемпиондыққа қол жеткізе алған жоқ.

Міне, тәуелсіздік алғалы бері күрес түрлерінен Олим­пиа­да ойындары мен әлем бірін­­ші­лігінде қол жеткіз­ген жетіс­­тік­теріміз осын­дай. Қазақ­­стан күрестен әлем чем­пио­наты медаль­дары саны бо­йын­ша бүкіл­­­­әлемдік тізімде 31-орынға, ал Олим­­пиада­дағы медаль саны бо­йынша 35-орынға жайғасқан. «Күрес – қазақ­тың төл спорты» деген пікір­ді жиі айтамыз ғой. Әлем және Олимпиада ойын­­дарын­дағы жетістігіміз атал­ған тұжырымға сәйкес кел­мей­тіні анық. Оның үстіне, әр Олим­­пиада жақындаған сайын Қазақстан атынан бір­неше легио­нер балуанды ат­тай қалап алдыр­тып, бәйгеге қоса­мыз.  Солар­дың кейбірі тіпті ал­ғ­ашқы белдесуінде-ақ сыр бер­генін көз көрді. Елі­міз тәуел­сіздік алғалы Қазақ­стан атынан байрақты бәсе­кеге қатыс­қан 20-ға жуық легио­нер балуанның үшеуі ғана толық­­қанды қазақстандыққа ай­нал­ды. Атап айтар болсақ, Юрий Мельниченко, Георгий Цурцумия және Гюзель Ман­юровалар бүгінде ел спорты үшін аянбай тер төгіп жүр.  Қал­ған балуандар қомақ­ты жал­а­қы­сын, жүлдегерлер­ге бері­летін қазақстандық сыйақы­­ны алады да  тайып тұра­­­ды. Сон­да біз кімдерді, не үшін қол­дап отырмыз деген заң­­ды сауал туады. Болашақ балуа­н­­­дары­мызды баулудың орны­­­на басқалардың көмегіне қашан­­ғы жүгіне береміз?  

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»