• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Шілде, 2017

Әлеуметтік желі: кесел ме, көңіл күй ме?

674 рет
көрсетілді

Бүгінде Facebook, Instagram, Twitter сынды медиа платформаларды әлемдегі әр төртінші адам қолданады.

Дос-жаран, туған-туыс, алыс-жақынды байланыстыратын маңызды алаң өмірдің мызғымас бір бөлшегіне айналды. Керек десеңіз, әлеуметтік желіге деген құштарлық алкогольді ішімдік пен темекіге деген әуестіктен де асып түскен.

Биыл жыл басында Ұлыбритания корольдігінің денсаулық сақтау қоғамы (RSPH) 14-27 жас аралығындағы 1479 адам қатысқан жалпыұлттық зерттеу жүргізді. Респонденттерге шынайы қарым-қатынас, көңіл күй, жалғыздық, ұйқы, дене бітімі, өз-өзін тану мен бағалау, үрейлену жайы бойынша бірнеше сауал қойылды. Белгілі болғандай, әлеуметтік желілер қиын сәттерде демеу, қуанышты сәттерде қолдау көрсетуге ең ыңғайлы орын болып шыққан. Денсаулыққа байланысты кеңес алуға, жақыны қайтыс болғанда, сәби дүниеге келгенде, қоғамдық тәртіпті сақтауға байланысты ішкі сезімдерімен бөлісіп жататын адамдардың арыз-шағым түсіретін жеке блогының орнын басты. Сонымен бірге жекелеген қызығушылықтар мен идеяларын, өз шығармашылықтарын көпке жеткізуге мүмкіндік беретінін айтқан жастардың сөзі бір жерден шыққан. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, интернет пайда болғалы соңғы 25 жыл ішінде жастар арасында мазасыздық пен депрессия 70 пайызға өскен.

Жаңарған жүз жылда халық тұрмысындағы қолданыстар мен құндылықтардың жаңа сипатқа ие болатындығының бір көрінісі осы болса керек. Әлеуметтік желіге тәуелділік кесел ме, көңіл күй ме деген сауал әлем ғалымдарын толғандырған мәселеге айналып отыр.

Желіге тәуелділіктің негізгі белгілері

Зерттеу жұмысында айтылғандай, әлеуметтік желілерде күніне (Facebook, Instagram, Twitter) екі сағаттан артық уақыт өткізетін жастардың психологиялық саулығы нашар болатыны байқалған. Әрі әлеуметтік, мәдени рөлдерін адекватты орындауда кедергілерге жиі ұшырап жатады екен. Психикалық қасиеттерден бөлек, денсаулыққа кері әсер ететіні тағы бар. Мәселен, бас ауруы, ұйқысыздық, ашушаңдық, әлеуметтік желіге шектен тыс әуестік және күйзелісті атауға болады. Осы саладағы көптеген зерттеулер ұйықтар алдында әлеуметтік желіні пайдаланудың күндізгі уақытқа қарағанда әлдеқайда зиянды болатынын көрсетеді. Диод лампасының жарығы (телефон, ноутбук, планшет) мидағы табиғи ұйқы процесі мен мелатонин ұйқы гормонының бөлінуін тежейтін көрінеді. Тіпті мектеп жасындағы жасөспірімдер түнде әлсін-әлсін оянып, әлеуметтік желідегі жаңа хаттарды бірнеше рет тексереді екен. Бұл жағдай оларды әдеттегіден үш есе артық шаршатады. Ал ұйқы қанбаудың соңы қан қысымына, диабетке, семіздікке, жүрек-қан тамырлары ауруына, депрессияға ұласады. Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтiк проблемаларының республикалық ғылыми-практикалық орталығы («НМӘП РҒПО» РМҚК – ред.) мамандарының 2013 жылы жүргізген зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың 5 пайызы ойынқұмарлық пен интернет тәуелділікке ұшыраған.

 «Жындыханаға» апаратын жол

RSPH жүргізген іргелі зерттеу жұмысында психологияға жағымды және кері әсері бар желілердің рейтингі түзілді. Сауалнама жұмыстары көрсеткендей, Youtube, Twitter, Facebook желілері алдыңғы үш орынға жайғасса, Snapchat, Instagram алаңы тізімнің соңын ала бере жайғасқан. «Британ зерттеушілері жастардың психикалық саулығына әсері тұрғысынан Instagram ең нашар әлеуметтік медиа-платформа ретінде тануды ұсынады», деп жазады BBC news. Сөзіміздің тұздығы ретінде жуырда «Инстаграмға бола жындыханаға түсу» атты баспасөз бетінде жарық көрген әңгімені мысалға келтірсек. НМӘП ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қаласындағы филиалында алғаш рет әлеуметтік желіге тәуелділік бойынша емделіп шыққан 24 жастағы Светлана есімді пациент өз басынан өткен тәжірибесін мысалға келтіре отырып, әлеуметтік желілердің зардабы туралы баяндайды. Салтанатты кештердің бел ортасында жүріп, думанға толы өмірін өзгелерге көрсетпесе тұра алмайтын күйге түскенін айтқан ол, «Қасыңда Нағима Есқалиева отырса қалайша фотоға түспейсің?! Бәленің барлығы кезекті бір жұмыс күнінде телефонымды сындырып алғаннан басталады. Табан астында телефон сатып алайын десем айлыққа дейін талай күн бар. Апталап әлеуметтік желіге кіре алмай, басым ауырып, мазам әбден қашты. Айналдырған бір телефонды сатып алуға ақшамның жоқтығын ойлап, қажып кеттім. Осылайша дәріні дозасынан көп қабылдап, көзімді ашқанда дәрігерлердің маған төніп тұрғанын көрдім», деп жазады Светлана. Емханада бір айдан астам уақыт әртүрлі ем қабылдап сауыққан ол, қазір бұрынғы жұмыс істеген саласы – сән индустриясынан біржола кетуге шешім қабылдаған. «Өзімнің Instagram аккаунтымды түбегейлі өшірдім. Дәрігер кеңесімен өзге әлеуметтік желілерге де мүлдем кірмеймін. Дұрыс өмір сүргім келеді. Ал ең бастысы анама жақындай түстім. Емханада қасымда болған уақытта анаммен алғаш рет өмір туралы сөйлесе бастадық...» деп әңгімесін қортындылайды. Осы орталықтың директоры Гүлмира Сәдуақасованың сөзінше, мұндай жағдайда емделушілерге ұзақ мерзімді психотерапия көрсетіледі. «Көбіне психологиялық тәуелділікке ұшырағандардың арасында 17-26 жасқа дейінгі жастардың қарасы басым. Кез келген тәуелділікке шалдыққан науқастың бір ғана себебі бар деп қарауға болмайды. Мұның әлеуметтік, биологиялық, психологиялық себептері болатыны ғылыми дәлелденген. Олар біздің орталыққа өздерінің тіпті әлденеге тәуелді екенін сезбестен келеді», дейді директор.

Тәуелділіктен құтылуға бола ма?

Сағат сайын Facebook желісіне 10 миллионнан астам фото ілінеді. Психолог-мамандардың сөзінше, әртүрлі фотоөңдеуден өткен мінсіз суреттер психикасы әлсіз адамның бойына комплекс қалыптастырып, өз денесінің кемшілікті тұсынан қарадай қысыла бастайтын болады. Деректерге сүйенсек, 10 қыздың тоғызы өз дене бітіміне көңілі толмайтындығын айтып шағымданса, 18-24 жастағы 70 пайыз адам косметикалық хирургияға жүгіну мүмкіндігін қарастыруды жөн көреді. Одан бөлек түрлі мазмұндағы фотосуреттер мен видео алмасудан жастар бөгде адамдардың мәселелеріне де қобалжитын көрінеді. Әлеуметтік қауіпке ұласқан көңіл-күй тұрақсыздығынан бола Ұлыбританиядағы 80 мың жас күрделі депрессияға ұрынған. Мұның соңы кейде суицидке да итермелеуі ғажап емес. Адамның өзін бақытсыз сезінуі мен ұйқы қанбауы осы әлеуметтік желіге тікелей байланысты екенін көрсетеді. Бұл – өз кезегінде еңбек қабілеті мен ынтаның төмендеуіне тікелей әсер ететін негізгі фактор. Әлемнің бас ауруына айналған бұл мәселенің алдын алу үшін мектептерде әлеуметтік желіні сауатты пайдалану курстарын енгізу туралы да көптен айтылып келеді. RSPH мамандарының сөзінше, мұндай курстар әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану, кибер-жәбірден қорғану (кемсіту, қорқыту мақсатында жазылатын пікір, хат), дене бітімі, желі тәуелділігі сынды бірнеше маңызды аспектілерді қамтуы тиіс.

Қазақстандағы әлеуметтік желіге тәуелді алғашқы пациентті емдеп шыққан орталық мамандары желіге тәуелді азаматтарға өз тәжірибелерінен бірнеше кеңес ұсынады:

Алдымен адам өзіне есеп беріп үйренуі керек. Салауатты өмір салты, табиғат аясындағы сергек демалыс пен шығармашылыққа уақыт арнау тығырықтан шығаратын әрі табысқа жеткізетін бірден бір жол болмақ. Керегінше психолог мамандардың көмегіне жүгіну арқылы бойды жайлаған дерттен құтыла аласыз. Ал ең абзалы – интернетті түбегейлі өшіріп тастау. Бұған ерік-жігеріңіз жетпей жатқан күнде Time Boss, Tmeter, iNet Protector сияқты арнаулы бағдарламаларды пайдалану арқылы компьютеріңізді белгілі бір сағатқа интернеттен ажырата аласыз, я сайт жұмысын бұғаттап көріңіз, көмектесуі мүмкін!

Күн сайынғы ыңғайлы мүмкіндіктерімен қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік медиа кеңістігінен тыс өмір сүру мүмкін емес жағдайға жетті. Медиа тұғырлар қоғамдық өмірге орныға келе, жеке және топтық санаға әсер етуші маңызды әлеуметтік құралға айналды. Әлеуметтік желілердің біздің өмірімізден ажырауы мүмкін емес екендігін ескерсек, адамзаттың тұрақты құндылық ұстанымын игеруі, сыни көзқарасты қалыптастыруы мен саналы тұлға бірегейлігін дамытуы, жетілдіруі тұрғысынан жаңа міндеттер алдыңғы орынға шығады. Ал академиялық институттар мен тәуелсіз зерттеушілер бұл тұрғыда атқарылатын терең зерттеулер үшін әлі де бірнеше жыл керектігін алға тартып отыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

P.S. Қымбатты оқырман, тақырыпқа орай мына тесттен өтіп көріңіз: