• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Шілде, 2017

Солтүстіктегі соны серпілістер

169 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы қойған міндеттердің орындалу барысымен танысты. Бірқатар шаруашылық, кәсіпорындарды аралап, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған республикалық кеңес өткізді.

Үкімет басшысы алдымен күрделі жөндеуден кейін халық­аралық талаптарға сәйкестен­дірілген Петропавл әуежайының әлеуетті мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда Үкіметтің қар­жылық қолдауы арқасында әуежай терминалы мен ұшу-қону алаңдары қалпына келтіріліп, енді перрондарды жөндеу, әуе рейстерінің санын арттыру, жүк-әуе тасымалдарының сервистік қызметін жақсарту жолдары қарастырылып отыр. Бақытжан Әбдірұлы Қазақстанмен шекаралас Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен өңірлерімен эконо­микалық, сауда-саттық байланыс­тарды нығайту, сыртқы нарық көз­дерін талмай іздестіру қажет­тігін атап көрсетті. Бұдан кейін Б. Сағынтаевтың жұмыс сапары Қызылжар ауда­нындағы «Зенченко және К» ко­мандиттік серіктестігінде жал­ғасты. Осы шаруашылыққа Қазақстанның Еңбек Ері, даң­ғайыр диқан, білгір ұйымдас­ты­рушы Геннадий Зенченко өмірі­нің соңына дейін басшылық жасап, көптеген озық технологияларды іске қосты. Бұл күнде асыл азаматтың ұлы Геннадий Ген­надьевич әке аманатына адал­дығын танытып, жолын жалғас­тырып келеді. Мұнда АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде қуатты жобалар қолға алынып, өнді­рістік үдерістер толық автоматтан­дырылған. Ғылымның озық әдістері егіншілікте, мал шаруашылығында, өнімдерді қалдықсыз өңдеуде, минералды тыңайтқыштар сіңіруде де кеңі­нен қолданылады. Серік­тес­тіктің директоры ауыл тұрғындарына жан-жақты қам­қор­лық жасалып отырғанын, барлық әлеуметтік-мәдени ны­сан­­дар жұмыс істейтінін, биыл шаруа­шылық есебінен денешынық­тыру-сауықтыру кешені тұрғы­зылғанын жеткізді.  Осындағы еңселі Мәдениет үйінде Ақмола, Қостанай, Пав­лодар, Қарағанды, Солтүс­тік Қазақстан облыстары ауылша­руа­шылық тауар өндірушілерінің қатысуымен республикалық жиын өтіп, агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасының жүзеге асырылу жайы талқыланды.  Премьер-Министр өз сөзінде Президент биылғы Жолдауында Үкімет алдына Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі ілгері бастырудың, әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер сапына қо­сы­лу­дың келелі тапсырмаларын жүк­тегенін, бұл орайда қолай­лы мүмкіндіктерді тиімді пай­далану қажеттігінің жай-жап­сарына тоқталды. Мемлекет­тік бағдарламаларда қарасты­рылған негізгі тетіктер ауыл шаруа­шы­лығын түбегейлі жаңғырту­ды көздейді. Соңғы 5 жылда тіке­лей мемлекеттік қолдау шара­лары 3 есе артып, субсидия­лаудың соны үлгісін енгізудің нә­ти­жесінде сапалы тұқымдар мен тыңайт­қыштарды қолдану мөлшері 1,5 есе өсті. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ экспорттық әлеуетті арттыру үшін сыртқы нарықтарда отандық ауылшаруашылық өнімдерін ілгерілету бойынша оператор ретінде қайта құ­рыл­ды. Мемлекет басшысының уағдалас­тық­тарының арқасында шетелдік нарықтар ашылуда. Олардың қатарында ҚХР, БАЭ, Иран, тағы басқа да елдер бар.  АӨК-ті дамытудың мем­ле­кет­тік бағдарламасын орындау­дың жартыжылдық қорытын­ды­лары жайлы Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндады. Оның айтуынша, өткен жылға қарағанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 3,1, азық-түлік өнімдерінің өндірісі 7,5 пайызға өскен. Биыл субсидиялардың үш түрін тағайындау үдерістерін автоматтандыру көзделген. Келесі жылы жұмыс оның 15 түрі бойынша аяқталады.  Солтүстік Қазақстан елі­міз­де астық өндіретін негізгі өлке­лердің бірі саналады. ЖӨӨ құ­ры­лымындағы ауыл шаруашы­лығының үлесі-25,2 пайыз. Ай­мақ басшысы Құмар Ақсақалов өз есебінде республика бойынша өсірілетін майлы дақылдар кө­лемі облыста 55 пайызды құ­райтынын, келесі жылы оны бір миллион гектарға дейін жеткізу міндеті тұрғанын, минералды тыңайтқыштарды қолдану екі есе көбейгенін, соңғы үш жыл­да 30 миллиард теңгенің 500 бір­лік техникасы сатып алын­ғанын, отандық өнімдерге басым­дық беріліп отырғанын, қайта өң­деу бойынша 24 жоба іске қосыл­ғанын, экс­портқа шығарылатын ауыл­ша­руа­шылық өнімдері 24,4 миллион долларға жуықтағанын жеткізді. Жиында сөйлеген фермер­лер, «Атамекен» ҰКП кеңесі­нің мү­шелері шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыспен қамту, елді мекендерде кәсіпкерлікті өркендету, субсидиялардың қолжетімділігін арттыру, қазақстандық мазмұн­ның үлесін молайту, өнім сапасы мен қолжетімді бағаны тұрақ­тандыру, әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациялардың өкілетті­гін кеңейту, өндірістік коопера­тив­терді көбейту, ветеринарлық қауіпсіздік шаралары, дизель отыны мен тыңайтқыштардың қолжетімділігін қалыптастыру, тағы басқа мәселелерді сөз етіп, өз ойларын ортаға салды. Үкімет басшысы АӨК саласында мемлекеттік қызметтер ұсыну үдерістерін оңтайландыру, құжаттардың мерзімдері мен тізімдерін қысқарту, техноло­гиялық жаңғырту, ИИДМБ-2 іске асыру, инвестициялар тарту мәселелері бойынша бірқатар тап­сырмалар жүктеді. Тиісті ведомство басшыларына ауылшаруашылық тауар өн­дірушілер мен отандық ауыл­шаруашылық техникасын өн­дірушілерге салық салу мәсе­лесін пысықтауды, субсидия­лау мәселелерін жетілдіре түсу­ді, аграршылар ұсынған инвести­ция­лық жобаларды қайта қарауды тапсырды. Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Петропавлдағы тұрғын үй, әлеуметтік-мәде­ни және спорт нысандарының, инфра­құрылым және инженерлік коммуни­ка­ция­лардың құрылыс барысымен танысты.  Петропавлда 2017 жылы барлығы 1 000-нан астам пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Құрылыс салынатын негізгі орын ретінде «Жас Өркен» шағын ауданы таңдалған,  ол жерде 500-ден астам нысан – ескі үйлер мен өзге де құрылыстар жойылады. Бұл жерде екі жылдың ішінде 2 500 пәтерлі 11 көп қабатты тұрғын үй, Оқушылар сарайы мен Теннис орталығы тұрғызылады. Б.Сағынтаев өңір кәсіпкерлерімен бизнес ортаны жақсарту шараларын да талқылады. Елімізде отандық бизнестің дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға барынша көңіл бөлініп отырғанын айтқан Премьер-Министр рұқсат беру қағаздары саны 3 есеге қысқарып, 114 бақылау және 18 қадағалау саласы қайта қаралғанына тоқталды. Қазір бизнестің мемлекеттік органдарға есептер мен мәліметтер беру бөлігіндегі заңнаманы ревизиялау басталған. Оның бірінші кезеңдегі негізгі нәтижесі бизнес үшін ақпараттық талаптарды 30 процентке қысқарту болмақ. Сонымен қатар, Үкімет жоспарлы салық тексерулері санын қысқарту жұмыстарын жүргізіп, сатып алулар саласы жетілдірілуде. Жергілікті қамтуды ұлғайту шаралары қабылдануда. Жаңғырту 3.0 аясында да бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, экономиканың жаңа салалары, жаңа индус­триялар құрылуда.  Жиын барысында «Екін 2002» ЖШС директоры Е.Әбиев, «Атай СК» ЖШС құрылтайшысы Т.Қожахметов, «Арқалық» ШҚ басшысы Н.Барлыбаев, «Арт Строй» ЖШС директоры  И. Валишин, «Барс-Nord» ЖШС бас директоры В. Богданов, «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру және жаппай кәсіпкерлік мәселелерін көтеріп, қаржы және рұқсат беру тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.   Б.Сағынтаев облыстағы жұмыс сапары барысында Петропавл ауыр машина жасау зауытының тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылармен кездесті. Биыл көктемде болған қарғын судан көп зардап шеккен Заречный кентінде болып, су тасқындарының алдын алу, зардаптарын жою мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. 

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы