• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2011

Академик Майдан Сүлейменов: «Қоғамдағы қауіпті дерт – жемқорлық. Ол елдің өркендеуіне кедергі келтіруде»

535 рет
көрсетілді

Қазақстанда Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының құ­рыл­ғанына биыл он алты жыл болды. Бүгінгі таңда бұл құрылым рес­публикада құқық, халықаралық жеке құқық, төрелік іс жүргізу құқығы салаларында өзіндік жоғары табыстарымен белгілі циви­лис­ти­каның жалғыз орталығы болып есептелінеді. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының дирек­торы, академик Майдан Сүлейменов елімізде осы сала мектебін қалыптастыра отырып, ТМД елдерінде сирек кездесетін халықаралық және құқық саласындағы барлық келісімшарттар мен заңдар шығармашылығының орасан зор жобасын жасап, жүзеге асырды. Ғалымның азаматтық құқық ғылымын ғана емес, Қазақ­станда бұрын-соңды болмаған халықаралық жеке құқық ғылы­мы­ның қалып­тасуына қосқан үлесі де қомақты. Ол арбитражды комис­сия­ның ұйымдастырушысы және тұрақты төрағасы болып табылады. Ал енді арбитраждық комиссия халықаралық коммерциялық сот болғандықтан, шетел компанияларының қатысуымен болған істерді қарайды. Міне әңгіме, осы тұрғыда ғылыми орталықтың жүріп өткен жолдары мен алдағы жобалар төңірегінде ой қозғаудан басталды. – Майдан Күнтуарұлы, өзі­ңіз­ге белгілі, біздің Отанымыз үшін биылғы жыл ерекше жыл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы. Әлемдік қауым­дас­тықта жаңа мемлекеттің дү­ние­ге келуі сол елдің ең бас­ты құ­жа­ты – Конституцияның қа­был­­дануына тікелей тәуелді ғой. Ел Конституциясы қабыл­дануының бастапқы жобасы кезеңінде сіз атақты ғалым-заң­герлермен бірге бол­ды­ңыз. Со­ған орай, сізге бір өтініш, Ата Заңның жобасын жасау процесі және кездескен күр­де­­лілік­тер жөнінде айтып берсеңіз. – Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғаш­қы Конституциясы 1993 жыл­­дың 28 қаңтарында қабыл­данды. Жасыратыны жоқ, ол құжат қа­был­данғанда, бұл ғасыр­лар­ға, ұзақ мерзімге арналған дегендей пікірлер де болды. Сол кезеңнің өзінде мерзімді басы­лым беттерінде жарияланған ма­қа­ламда мен бұл Конституция өт­пелі уа­қыттың заңы болған­дықтан, оны екі-үш жылдан соң өзгертуге тура келетіндігін айт­қанмын. Оған басты себеп – сол уақытта эконо­мика­лық және саяси жағ­дайлар жиі өзгеріп жатты. Бірқатар күрделіліктерден кейін жаңа Конституцияны қабыл­дау туралы мәселе көтеріліп, Ел­басының 1995 жылғы 22 мамыр­дағы Қаулысымен Қазақстан Рес­публикасы жаңа Конститу­ция­сы­ның жобасы туралы Президент жанындағы сарапшылық-кон­суль­­тативтік кеңес құрылды. Оның құ­рамына барлығы тоғыз адам еніп, олардың алтауы: Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Е.Нұрпейісов, Ғ.Са­пар­ғалиев және мен бар бір топ ға­лымдар, сондай-ақ Н.Шәй­кенов, К.Колпаков, Б.Мұхамед­жанов секілді лауазым иелері мен шетелдік үш сарапшы бол­ды. Біздерді Ата Заңның автор­лары дейтіндер де бар, ашығын айту қажет, біздер автор емес, са­рапшылармыз. Елбасының жо­ға­ры­да аталған Қаулысында: «Жұ­мысты 10 мау­сым­ға дейін аяқтау қажет», деп жазылды. Сонда ойлап қараса­ңыз, бір айдан да аз уақыт қал­ған. Әрине, сондықтан біздерге күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге тура келді. Бұл орайда: «Конституция­ның авторы кім?» деген орынды сауал туындайтындығы сөзсіз. Ақиқатына келгенде, Конс­ти­ту­ция­ның идеологы – Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы өзінің бір еңбегінде «20 елдің Конституциясын оқып шыққан­нан кейін ғана, заңгерлерді ш­а­қырғандығын», жазған-ды. Ата Заңның мәтінін сол кездегі Әді­лет министрі Нағашыбай Шәй­кенов қағазға түсірді. Құжат жо­ба­сын талқылау тым қызу да қарқынды өтті. Соның бірі Конс­титуцияның 61-бабының 3-тар­ма­ғына қатысты пікірталас еді. Онда Парламенттің заң шығару­дағы құқығын шектеу төңіре­гін­де мәселе көтерілді. Менің ойым­ша, мұның өзі дұрыс тұжы­рым емес, Парламент – ең жоға­ры билік органы болғаннан кейін, ол кез келген мәселені өз қа­лауынша қарауға ерікті. Жасы­ра­тыны жоқ, міне осы тармақ тө­ңірегінде іс жүзінде үнемі: «Мұ­ны Парламенттің қарауына бола ма, болмай ма?» деген сияқ­ты жағдайлар орын алып қалуда. Конституцияның соңғы өзгері­сінде Парламент өкілеттілі­гінің көптеген бағыттарда кеңейту­ге бағытталуы да сондықтан. – Жоғары біліктілікті, жауапкершілікті талап ететін күр­делі де қиын ғылымдар қата­ры­на жататын заңгер маман­ды­ғын тандауыңызға не себеп болды? Бұл сауалды қоюы­мыз­ға республика Ғылым ака­де­миясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор болуыңыз сіздің о баста дұрыс таңдау жасап, өз маман­дығыңызды жетік меңгерге­ніңіз­ді ғана емес, оны өте жақ­сы көретініңізді аңғарта­ды. Осылай бола тұрса да еңбек жолыңызда қандай да бір күрделіліктер кездесті ме?! – Әрине, «ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілерсің» дегендей, әке ұлағатының орны ерекше. Менің өмір, еңбек жолымдағы жетіс­тіктерім үшін ата-анама қа­рыздармын. «Көзінің – нұры, көңі­лінің – гүлі» баласының өз жолын қуғанын әрбір ата-ана қалайды. Бүгінде менің өз бала­ларымның да мен сияқты әке ама­натына адалдық танытып, заң­герлік мамандықты игергеніне қуаныштымын. Менің ойым­ша, кез келген адамның жолы болып, биіктен көрінуі оның өмір жолында үлгі-өнеге бола­тын жақсы адаммен жолығуына байланысты. Мен үшін сондай қимас, аса қадірлі адам профессор Юрий Григорьевич Басин болды. Атақ­ты ҚазГУ-дің заң факультетіне сонау 1958 жылы түсіп, құқық теориясымен айналыспақ бол­дым, бірақ бұл ойымнан бас тар­ту­ға барлық ғылымды Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин еңбек­теріндегі цитаталармен түйін­дей­тін профессор Хан­галов­тың кө­ңіл­сіз лекциялары себеп болды. (Әйткенмен, соң­ғы жылдары бәрібір құқық тео­риясына қайта оралуыма тура келді). Ал, енді екінші курста өте білікті, өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі мол ғалым Юрий Григорьевичтің лекциясын тың­дағаннан соң, менің азамат­тық құқық ғылымына деген үл­кен құштарлығым оянды. Қазір ой­лап қарасам, содан бері жарты ғасыр өтіпті. Өзімнің осы са­ла­ны таңдағаныма ешқашан өкі­ніп көрген жоқпын және өкін­бек те емеспін. Егер мен сізге: «Осыншама ұзақ, яғни елу жыл бойында еш­қандай қиындық, күрделіліктер болмады» десем, жалған айтқан болар едім. Ең алдымен қасиетті де қастерлі ғылыммен айналысу, оған келу дәл сол уақытта өте қиын болды. Университет түлегі ретінде маған Ішкі істер министрлігіне жолдама берілген-ді. Дегенмен ұстазым Салық Зиманов­қа айтар алғысым зор. Сол кезде Ғылым академиясының Философия және құқық институтының директоры, Қазақстанның заң ғы­лы­мындағы осы алып тұлға  ал­дым­нан даңғыл жол ашып, мені Мәскеуге аспиран­тура­ға жіберді. – Сіз 1985 жылы ҚазҰУ-де азамат­тық, шаруашылық, тұр­ғын үй және отбасы құқық­тарынан лек­ция оқып, сол жы­лы аза­мат­тық құқық про­фессоры ғылыми атағын алып­сыз. Содан бері арада ширек ғасыр өтті, жоғарыдағы пәндер бо­йын­ша заңнама уа­қыт талқы­сына түсіп, бір­қатар өзгеріс­тер­ге ұшырады. Тәуелсіз Қа­зақ­станның бүгінгі таңдағы сая­си, экономикалық және әлеу­меттік жағдайы азаматтық, тұрғын үй және отбасылық құқыққа қандай өзгерістер әкелді деп ой­лайсыз? – Сіздің жоғарыда жіктеп-жік­теп атап айтып отырған тақы­рып­тарыңыздың бәрі пән бойын­ша түгелдей дерлік азаматтық құқық­қа енеді. Сол себептен біз әңгіме ауанын азаматтық құқық­та­ғы өз­герістерге бұрайық. Соны­мен аза­маттық құқықтың басты ерекшеліктері – ол құқықтың өзге (мемлекеттік, әкімшілік, процес­суаль­дық және басқа) салаларына қара­ғанда қоғамның кез келген құры­лы­сында өзгеріссіз қалады. Мәсе­лен, келісімшарт, жекеменшік құ­қығы, заңды тұлға – азаматтық құқықтың негізі, яғни өзегі болып табылатындықтан кез келген саяси құрылымда және кез келген формацияда өмір сүре алады. Ал, егер оның дамуына кедергі жасап, жол бермесе, азаматтық құқық мүл­дем жоғалады. Мәселен, Ке­ңес Одағы кезінде не болды? Әрине осы институттар формаль­ды түрде ғана өмір сүріп, шын мә­нісінде жұмыс істемеді. Өйт­кені барлығы мемлекеттік еді. Өзімнің бір мақаламда азаматтық құқықты сол себептен «керексіз» ғылым деп атағанмын. Мұның өзі менің пікірімше, социалистік елдер экономи­ка­сы­ның құлдырауының басты се­бептерінің бірі болды. Мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейін және нарықтық экономикаға көшіп, кә­сіпкерліктің қарыштап дамуы­ның нәтижесінде азаматтық құ­қық алғы шепке шықты. Дегенмен, ғалымдарға уақыттың жаңа да жоғары талабына толықтай жауап беретін жаңа заң дайындау қажеттілігі туындады. Міне, осын­дай ауқымды да, маңызды іс-шараның басында Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты тұр­ған­дығын айтқым келеді. Социа­лизмнің идеологиялық догма­лары­нан тазарып, одан мүлдем арылған Қазақстанның азамат­тық құқығы – бүгінде тәуелсіз елімізде толықтай жауап беретін және экономикалық қатынас­тар­ды тиімді әрі ұтымды түрде реттей алатын құқыққа айналды. – Әңгіме бағытын енді осы Жеке құқық институты қыз­метінің негізгі бағыттары мен нақты нәтижелеріне, жеке құ­қық саласының зерттеу процесіндегі проблемалар мен алда­ғы жобаларға аударсақ. – Жеке құқық ҒЗИ азаматтық құқық және халықаралық жеке құқық саласындағы бірден-бір мекеме ретінде бірқатар жоба­лар­ды жүзеге асыруда. Институт қызмет­кер­лерімен Азаматтық кодекс жо­ба­сы жасалды. Сонымен қатар эко­но­мика (жер, қазба бай­лықтары, мұ­н­ай, кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) сала­ларына қатысты жетпіске жуық заң бар. Ең соңғы заң – Мемлекеттік мүлік туралы және Мемлекеттік кодекске өзге­ріс­тер мен қосымшалар енгізу туралы заң мен өзге де заңнама актілері. Сонымен қатар, ҒЗИ Ха­лықара­лық ынтымақтастық жө­ніндегі неміс қоғамымен бірлесіп, жыл сайын әлемдік құқық­тың актуаль­­ды проблемаларына арнал­ған ци­вилистикалық оқулар аясын­дағы халықаралық конференциялар ұйымдастыруда. Биыл оның он үшінші жиыны өткізілмек. Ал, енді ғылыми-зерттеулерге келсек, институт жұмысындағы ба­сымдық азаматтық құқық пен кәсіпкерліктің арақатынасын зерт­теуге аударылуда. Онда кәсіп­керлік қызметті қалай және қандай құрал­дармен реттеуге болады деген мәсе­ле ойландырмай қоймайды. – Майдан Күнтуарұлы, сізге соңғы сауал. 2000 жылы инвестициялық талас-тартыс­тарды қарау жөніндегі халық­аралық орталыққа (ICSID), UNCITRAL ережелері бойын­ша Стокгольм, Швецияда (2001, 2004, 2010 ж) төрелік сот­қа қатыстыңыз. Өзіңізге аян, халықаралық сот жүйесі жо­ғары даму деңгейімен және адам құқығына деген ерекше қатынасымен, озық тәсілімен сипатталады. Қазақстан тәуел­сіз­дігінің жиырма жылында халықаралық тәжірибеден біршама тәжірибе жинақталды. Солардағы заңнаманы негізге ала отырып, Қазақстан заңна­масына халықаралық тәжіри­бе­ден тағы да қандай әдістерді енгізу қажет деп ойлайсыз? – Орынды сауал, сіздің тұжы­рымыңызбен келісемін, Вашингтон, Лондон, Париж, Стокгольм, Хьюстон, Колгари, Мәскеудегі көп­теген халықаралық арбитраж­дық және сот процестеріне қа­тыс­тым. Сондай-ақ, Алматы қа­ла­сын­дағы қазақстандық халық­аралық арбитраждың төрағасы­мын. Бұл процестердегі мені қызықты­ра­тыны – соттағы бар­лық аргументтерді екі жақтың өкілі қамтамасыз етеді, ал соттар болса тек қана осы аргументтерді бағалайды және шешім шы­ғарады. Азаматтық процесте про­­курор болмаған жағдай­да жемқорлық та болмайтын­ды­ғын айқындайды. Мі­не, осы қағи­да­лардың, прин­цип­тердің барлы­ғын мен қазақ­стандық халық­ара­лық арбитраж­ға енгіздім. Медиация мен ар­битражға енетін біздің еліміздің сот жүйесіне талас-тар­тысты шешудің баламалы әдіс­терін белсенді түрде енгізу қажет деп есептеймін. Мұның өзі соттар жұмысын жеңілдетуге және жем­қор­лықпен күрестегі ең тиімді әрі ықпалды құрал. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА.

Алматы.