• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Тамыз, 2017

«Дүниенің құлы болма!»

951 рет
көрсетілді

Ертеректе әке-шешеміз құла­ғымызға «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзді үнемі құйып отырушы еді. Оған кезінде жастықпен мән бермеппіз. Есейе келе осы бір ойлы ақыл сөздің мәнін ұқ­қандай болдық қой.

Төле би бабамыздың атын­дағы көшеде тұратын біздің Сұлтанбай атты көршіміз бар. Сексеннің сеңгірінен асқан қарияны ауыл-аймағы сыйлап, құрмет тұтады. Бәлкім, жастайынан көп қиындық көріп өскендіктен де болар, атамыз балалары мен немерелеріне үнемі ақыл-кеңесін айтып, еңбекті сүюге, қолынан келсе адамдарға жақсылық жасап, үлкенді сый­лауға баулып отырады.  Таяуда сол Сұлтекең бізге ой саларлық мына бір жайды айтып берді.

Қарт адам, оның үстіне төсек тартып жатқан ауру кемпірі болғасын, ол кісі көпшілік орын­ға онша шыға бермейді. Бірде орталықта бір жұмысы болып, үйінен шықпай ма. Көшенің басында жеке жеңіл көлігімен бос кетіп бара жатқан көршісін көріп, «ала кетсейші» деп қолын көтереді. Дегенмен, көрші бала мұны көрсе де көрмеген болып, жанынан тоқтамай зу етіп өте шығады. Күнде көріп жүрген көршісі, оның бер жағында көлігі бос кетіп бара жатыр, ала кетсе қайтеді екен деп бұл кісі ренжіп-ақ қалады. «Жарайды, бір жаққа асығып бара жатқан шығар. Тоқтап, жағдайын айтса ренжімес едім ғой. Бірақ сол баланың дүниеге біртабан жақын екенін әркім-әркімнен естіп қаламын. Дүниені кім жек көруші еді? Бір мезгіл үлкендерді де сыйлап, көңілін аулап тұрғанға не жетсін», дейді Сұлтекең бізге.

Уәжді сөзге не айтарсың? Ойланып қалдық. Шынында, қай-қайсымыздың басымыздан көп болмаса да, анда-санда кездесіп қалып жүрген жай екен-ау. Көпке топырақ шашуға болмас. Алайда кейбір жастарымыздың арасында дүниеқоңыздық пейіл танытып, үлкенді сыйлауды ұмытып кетіп жататын жайлардың ара-тұра болса да кездесіп қалатынын несіне жасырайық.

Соңғы кездері маған адамдар арасында мейірім, шапағат азайып бара жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Бәлкім, менің бұл пікірім дұрыс емес те шығар. Қа­лай болғанда да, заманды тұр­мыс билеген мына күйбең тірші­лікте үлкенді сыйлап, қарияларымызды құрметтеп, тиынды көбірек ойлағаннан гөрі, аза­маттық ардың одан да қымбат, құнды екендігін естен шығармай жүргенге не жетсін, шіркін.

Бір мезгіл пайда ойлаға­нымыз да дұрыс шығар. Алай­да, дүниенің құлы болмай, қазақылық қалпымызды сақтап, үлкенге ізет, кішіге жол көрсетіп, арды да ойлай білсек, кәнеки...

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, зейнеткер Оңтүстік Қазақстан облысы,  Созақ ауданы