• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Тамыз, 2017

Қалбатаудағы қаламгер тойы

1222 рет
көрсетілді

Батырлар мен ақындардың елі, дүлдүлдер мен бұлбұлдардың мекені болған Жарма өңірі талай шаршы топта: Ақ боранмын, солтүстіктен ойқастайын, Жаманға үрей, жақсыға ой тастайын. Айтыстың Рүстем Дастан балуанымын, Қалайша мына топта айқаспаймын, – деп сөз бастаған қазақтың көрнекті айтыскер ақыны, шежіреші, журналист Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойын ел есінде қаларлықтай ерекше атап өтті.

Ел көңілін серпілткен еңселі ескерткіш

Айтыстың ақтаңгеріне арналған шаралар легі аудан орталығы – Қалбатау ауылында ақынның еңселі ескерткішінің ашылу салтанатынан басталды. Сол қолында – домбырасы, иығында - желбегей жамылған шапаны. Құдды, «қайсың барсың?» деп дәл қазір айтысқа шығатындай, қырандай қомданып отырған балуан бітімді қалпы ерекше әсер қалдырады екен. «Қалихан ақынның бейнесін сомдау жөніндегі ұсыныс былтыр күз айында түскен еді. Ұлым Еркебұлан екеуміз бірлесе жұмыс істедік. Көп іздендік. Жазған еңбектерін, әр жылдардағы айтыстарын сан мәрте парақтап шықтық. Ескерткіштің әртүрлі нұсқалары жасалды. Комиссия осы нұсқасын бекітті. Айтыскер ақынның образын барынша ашуға тырыстық. Бағасын жұртшылық бере жатар», - дейді ескерткіштің авторы, Абай ауданы, Саржал ауылының тұрғыны, мүсінші Ертіс Тәтиев. Бәлкім ақынның тасқа айналған бейнесі шынайы шыққандығынан болар, бәлкім ел-жұрты «Бұқтырма тасқынындай буырқанған» айтыскер ұлын шын сағынғандығынан болар, бұл күні тұлға жайында лебіз айтқан адамның бәрі тебірене, толқи сөйледі.

Ескерткіштің ашылуында бірінші болып сөз сөйлеген ардагер журналист, ақынның шәкірті Мәуітқазы Зүкенов Қалихан Алтынбаевты 1959 жылдан бері танитындығын, талай айтысқа, талай жыр мүшайраларына бірге қатысқан сағынышты сәттерін еске алып:

Айтыстың атанып ед Құлагері,

Мүсірепов ағасы «Еңбек ері».

«Бүгін маған Қалихан ұнады» деп,

Бас шайқап, өнеріне баға берді.

Топ жарып, тарланбоз боп сан айтыста,

Намысын облыстың қорғап еді.

Атасы ақындықтың Жарма еді ғой,

Рухы 17 ақын қолдап еді», - деп сөзінің соңын өлеңмен түйіндеді.

Дүлдүл ақынның дүбірлі тойына ұлылар мекені – Абай елінен аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, шежіреші, этнограф Молдабек Жанболатұлы бастатқан арнайы делегация келді. Осы делегация атынан сөз алған абайлық ақын Төлеген Жанғалиев Қалихан Алтынбаевтың Шыңғыстау еліне де бөтен емес екендігін, Тобықты жұртын бастап келген Мамай батыр жөнінде тұңғыш поэма жазып, кітап шығарғанын айтып:

Хан Шыңғыс пен қарт Қарауыл сілкінді,

Қалбатауға хабаршы ғып мұнар бұлт.

Қалағамның қайта туған бейнесін,

Қарашықтай сақтап енді тұрар жұрт, - деп ақынға арнаған жырын оқып берді. Семейдегі «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі, айтыскердің шәкірті, шәкірті ғана емес, сахнада талай мәрте сөз сайыстырған Дәмеш Омарбаева ұстазына, замандасына деген құрмет, ізет-ілтипатын домбырамен жеткізді. Мерейтой иесінің көзін көріп, соңына еріп, сөзін тыңдаған алаштанушы, белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай Қалбатау төріндегі еңселі ескерткіш Қалихан Алтынбаевтың жеке басына, ақындығына орнатылған ескерткіш емес, қазақтың қайсарлығына, сөзіне, тіліне орнатылған ескерткіш екендігін атап өтті. «Әр заманда, әр қоғамда адамдардың арасында, таланттардың арасында қап түбінде жатқан алмас кездіктер болады. Қалихан Алтынбаев та көшпелі заманнан бері жалғасып келе жатқан халықтың алмас кездігі. Жұрт Қалиханның сахнадағы бір ауыз сөзіне тәнті боп, аңыз ғып айтып жүретін. Әсіресе Мұхтар Әуезовтың 70 жылдығы кезінде Шыңғыстауға арнаған «алыбым Мұхтар келеді, жарығым Мұхтар келеді, Өзендер жол бер бұрылып» деген шумақтары жалғыз Семей өңіріне емес, бүкіл Қазақстанға тәмсіл болып тарады.  Ол кезде ақындардың ауылдағы, аудандағы, облыстағы, республикадағы айтыстарда айтатын сөздерін үгіт-насихат бөлімдері қарап, «осы сөздің айтасың» деп бекітіп беретін. Қалихандардың, Манап Көкеновтердің талантының ерекшелігі сол, олар белгілеп, пішіп, бекітіп берген сөздерге өзгеріс енгізіп, халықтың суырып салма өнерін табан астында халыққа жария етті. Айтыскердің «Үш бәйтерегі», екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойылған заманда Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды жасқанбай жырға қосқанын халық осы күнге дейін жатқа біледі. Қазіргі айтыс өнері туралы айтқан кезде сөздің бастауында Қалихандардың тұратыны сондықтан», - дейді жазушы.

Айтыстың бес тірегінің бірі

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін жұртшылық айтыс көруге Мәдениет үйіне қарай асыққан. Алайда жыр додасы басталғанға дейін көрермен қауым жармалық өнерпаздардың өнерін тамашалап қана қоймай, тағы да бір салтанатты шараның куәсі болды. Ең алдымен сөз тізгінін алған аудан әкімі Нұрлан Сыдықов: «Қалихан ағаның өлеңдерін кішкентайымыздан жаттап  өстік. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің 70 жылдық мерейтойында айтқан: «Миллион қойын өрбіткен, көде сайын төл біткен. Топырағы торқадай, жапырағы қамқадай, қара суы сорпадай, Шыңғыс деген жер осы» деп келетін өлең жолдары әлі күнге дейін есімізде» дей келе, ақынның 90 жылдығы Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласымен үндестік тауып жатқанына тоқталып, мерейтойға алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтарға алғысын айтты. Шара аясында айтыскердің тәлімін көріп, тәрбиесін алған ардагер журналист Мәуітқазы Зүкенов пен ақын Дәмеш Омарбаеваға және осы ауданның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа «Жарма ауданының Құрметті азаматы» атағының табыс етілуі орайы келген орынды іс болғаны анық.

Он екі айтыскерді Жарма топырағына бастап әкелген Жүрсін Ерман бастаған, қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтов, Астанадан осы шараға арнайы келген ақынның жиені Жанна Құрманғалиева қостаған құрметті қонақтар аламан айтыс алдында кеңестік кер заманда төл өнерімізді төрге сүйреп, туын жықтырмауға өлшеусіз үлес қосқан санаулылардың бірегейі Қалихан Алтынбаевты бір сәт толғана еске алып, естеліктерін айтты. «Абайдың 150 жылдық тойында «Қалихан айтты» деген бір ауыз сөз бүкіл қазаққа мәтел боп тарап кетті.

Туғызды Шыңғыс Мамайды,

Туғызды Шыңғыс Абайды,

Гималайдай  Мұхтарды

Енді мына жұрт не дейді

Туғызбаса Құдайды, - деген еді сол кезде ақтаңгер ақын. Сөйткен Қалағаң көз алдымызда тарихқа айналды. Қалихан Алтынбаев Жармаға, Шыңғыстауға сыймайтын азамат, ол қазақ деген халықтың үлкен әріппен жазылатын үлкен тұлғаларының бірі», - деді Н.Айтов. Ал Жүрсін Ерман 1984 жылдан айтыстың теледидардағы екінші ғұмыры басталғанда төл өнердің көшін жөндеп, жолға салып берген 5 адамның есімін жеке-жеке атап өтті. «Олар - Қызылордадағы Манап Көкенов, Шымкенттегі Көпбай Омаров, Көкшетаудағы Көкен Шәкеев, Өзбекстандағы Анарқұл Құлманов және бүгін біз жұрт болып еске алып жатқан Қалихан Алтынбаев болатын. Бұлар ескі дәстүрді білетін сұңғыла жандар еді. Айтыстың не екенін ұмытып қалған кезіміз еді ғой ол уақыт. Қалекең айтыстың шын ақтаңгері болды. Көп айтысқан жоқ. Соңынан жастар келді. Соларға жол көрсетті. Жалпы, Семей өңірінен қуатты ақындар қаулап шығып жатса, соның бәрі Қалиханның шәкірттері деп білген жөн», - деді Ж.Ерман.

Қалихан Алтынбаев Жарма ауданында дүниеге келгенімен саналы ғұмырының 37 жылын Көкпекті ауданында өткізіп, сондағы аудандық газетте қарапайым тілшіліктен бастап, редактордың орынбасарына дейінгі қызметтерді абыроймен атқарғаны белгілі. Талай айтысқа осы өңірдің атынан шығып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Көкпектідегі 10-ға жуық елді мекеннің атауларының қазақшалануына үлес қосқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Дара тұлғаның торқалы тойына көкпектілік делегацияны бастап келген ақынның ұлы Қалбай Қалиханұлы Көкпекті жұртшылығының ыстық сәлемін жеткізіп, айтыскердің мерейтойы қараша айында бұл ауданда да аталып өтетінін айтты.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың лебіздер легі толастаған тұста Жүрсін Ерман сахнаға шығатын айтыскерлердің алғашқы жұбын хабарлаған. «Шығыстағы туыстар армысыңдар, күнді де елден бұрын көретұғын» деп сөз бастаған алаштың азулы ақыны Ринат Зайытов пен кейінгі кездері сахнада көп бой көрсетпей кеткен Семейдің тағы бір түлегі Фархат Маратұлының жыр сайысы айтысқа шөліркеп жүрген Жарма жұртшылығының көңілінен шықты деуге болады. Сұлусарының тумасы Фархат мерейтой иесінің «тілші де, жыршы да болғанын, ел басқарған басшыларға сыншы да болғанын» тіліне тиек етсе, «Ақ сиса» мақамына салған Ринат: «Күніне Алтын адам табылса да, Қазаққа Алтынбаев табылмайды» деп ақынның асқақ бейнесін ел жадында тағы бір мәрте жаңғыртты. Екінші жұп болып сөз қағыстырған алматылық Қазірет Бердіқан мен Шұғайып Сезімханның айтысы да тартысты өтті. Әсіресе Қазірет Бердіқанның: «Әкесі де текті ғой бір әріппен, аузына құм құйған үш әріптің» деген тіркесі қыспақты заманда ұлына Әлихан деп ат бере алмаған текті әкенің «әттегенайын» әйгілеп, батылдығын паш еткендей болды. Жалпы, бұл күні ел алдына шыққан ақындардың бәрі әрісі Би Боранбай, Ер Жәнібек, берісі Әзілхан Нұршайықов, Әди Шәріпов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Дәулет Тұрлыханов, Роза Рымбаевадай тұлғаларды дүниеге әкелген, өндірісі мен өнері қатар өрге басқан Жарма жерінің асты мен үстіндегі байлығын ғана емес, елдің, жердің жайын да жырға қосып, айтыссүйер ағайынның айызын қандырды. Қалихан Алтынбаев өзінің «Қалбатау» атты кітабында бұрынғы Семей облысының 14 ауданын сипаттай келіп:

Бородулиха мен Шульба бар,

Кесек-кесек тұлға бар.

Украин, орыс, неміс бар,

Картоп пенен жеміс бар,

Не керегің тегіс бар

Тек қазақ тілінен кеміс бар», – деп жазғаны бар еді. Ақынның өзі айтқандай, «бір кеміс» тұс айтыскер туып-өскен Жарма ауданының орталығындағы бір мектепке әлі күнге дейін тұлға есімінің берілмей келе жатқандығы. Айтыскер Серікзат Дүйсенғазин Қалбатаудағы Маяковский атындағы мектепке Алтынбаевтың есімін беру керектігін айтқанда зал толы көрермен тоқтаусыз шапалақ соғып, сол мезеттің жеткендігін анық аңғартқандай болды. Алты сағатқа жуық уақытқа созылған айтыс қорытындысында Несіпбек Айтов бастаған қазылар алқасы алматылық Қазірет Бердіханды бас жүлдеге (1,5 миллион теңге) лайық деп таныды. І орынды Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы, 1 миллион теңге), ІІ орынды Серікзат Дүйсенғазин (Астана қаласы, 800 мың теңге), екі үшінші орынды Әсем Ережеқызы (Семей қаласы) мен Еркебұлан Қайназар (Астана қаласы, 350 мың теңге) өзара бөлісті. Өзге ақындар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Айтыстың ақтаңгеріне арналған шаралар легі келесі күні де жалғасын тауып, тай, құнан, жорға, аламан бәйге сайыстарымен түйінделді.

Үш бәйтерек

Туған ғой нелер талант елден ерек

Өтсе де қанша  уақыт орны бөлек.

Қазақтың әдебиеті орман болса,

Бар еді содан шыққан үш бәйтерек.

Біреуі бәйтеректің Сәкен деймін,

Ол сенің мақтан тұтар әкең деймін.

Жасаған сол сабазға мүсін бар ма?

Бар болса, көрсетіңдер, әкел деймін.

Өзі ақын, өзі әкім, өзі сұлу

От еді-ау маңайына шашқан жылу.

Аққан жұлдыз секілді аз ғұмырда

Сәкенше жарасады тұрмыс құру.

Қазақта ақын жетпес Ілиясқа

Жетсе де Ілиястың орны басқа.

Есімнен «Құлагері» кетер емес,

Ойылып жазылғандай мәрмәр тасқа.

Мойны озық Ілиястан Абай ғана

Басқаңыз «ақынмын» деп маңайлама.

Алатаудай асқақтап ол тұрғанда

Қолға қалам ұстармыз қалай ғана?

Біреуі бәйтеректің Бейімбет-ті

Табиғат тумысынан бейімдепті.

Аз жылда мол дүние қалдыруға

Апыр-ау қалай ғана зейін жетті?

Бейімбет – өзіміздің Би-ағамыз

Қалайша өлді деуге қия аламыз.

Тұрмаса үйімізде кітаптары

Қарауға ел көзіне ұяламыз.

Тоқсанға үш бәйтерек толды биыл,

Айтулы үш мереке болды биыл.

Аңсаған ағаларды сағынышым,

Аузымнан сары алтындай жыр боп құйыл!

Олар жоқ осы күнде арамызда

Сыймапты зор тұлғалар даламызға.

«Бейімбет, Сәкен және Ілияс» деп

Келіңдер, ат қоялық баламызға! 

Қалихан  Алтынбаев, 1984 жыл, Алматы

 

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Суретті түсірген автор