• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2017

Көп оқыған озар

752 рет
көрсетілді

Кітап қарадай қарап сөреде тұрса да, үстел үстінде жатса да тартымды. Қарай бергің келеді, көзіңе де, өзіңе де ыстық көрінеді. Тартымдылығы басым, сондықтан да оған ынтық сезіммен көз салып, сүйсіне қарамай өте алмайсың. Ал парақтап кеп жіберсең − толып жатқан қазына.  

Өткен ғасырдың сонау 60,70, тіптен одан бергі 80-жылдардың өзін алып қарасаңыз студенттердің қолынан кітап түспейтін. Ер балалардың папкасы мен қыздардың сумкаларында басын қылтитып қос-қостан түрлі кітаптар жүретін. Жоғарғы оқу ор­нындағы кітапханалардың іші студенттерден босамайтын. Сол сияқты саябақтар мен гүлзарлардың ортасындағы орындықтар мен көкпеңбек көгал үстінде шалқалап жатып алып кітаптан көз алмайтын жастардың қатары тым көп болатын. Екеуара оқыған кітаптары жайлы пікір алмасып отырған жастарды көргенде ерекше сүйсінетінсің. 

Ал қазір ше, жастар түгіл қаншама жасты еңсеріп тастаған мына біздердің өзіміз көлденең біреуге тап сол кездегідей сенімді сұрақ бере алмаймыз, жүрексінеміз. Себебі, саған «ағай» – деп сызылып жөн айтудың орнына: «Сенің не шаруаң бар. Мынадай интернеттің жан-жақты жетілген кезінде кітап дегенді айтып, не сандырақтап отырсың» – деп дүңк етіп, жекіп тастауы бек мүмкін. Бұрынғыдай «Сіз» – деп инабатты сөйлеудің ауылы алыстап кеткен. Өйткені, тәртіп, тәрбие солай болып барады. Бәлкім, әлгіндей ғаламтордан көп оқып, көп білгеніміздің жемісі осы болса керек.

«Оқыған», «оқымаған» дегеннің де аражігі бар екенін есте сақтаған жөн. Мысалы, өз саласы бойынша жан-жақты оқып, білім алып, қаншалықты дәрежеде сауаттылық танытқанымен де ел сенген сол азаматтарымыздың кейбірі қоғам өмірінде мемлекет мүлкіне қол салып, ауыр қылмысқа жол беріп жатады. Тағы да  сол оқымыстыларымыздың өз ана тілінен бойын аулақ салып, дініміз бен ділімізден де алшақ кетіп жатқанын көзіміз көріп жүр. Осы жақсы қасиет пе? Әрине, жоқ. Бұл, әрине, сол азаматтарымыздың бойында рухани байлықтың, көрегендік пен парасаттылықтың жоқтығын көрсетеді.

Сайып келгенде кітап, көркем әдебиет, мейлі ол естелік-жинақ болсын, осының бәрі адам жанының азығы, сарқылмас рухани байлығы емес пе! Баспасөзге зауқы жоқ білдей азаматтың саяздығына куә болған кезде қарның ашып, өзегің талады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жарияланған Қа­зақ­станның білім беру саласының құр­метті қызметкері П.Сүйінкинаның: «Өзі оқымаған ұстаз өзгені оқыта алмайды?»  – деген мақаласында айтылған жағдайдың тұп-тура көз алдыңда қаз-қалпында қайталанып шыға келгенін көргенде тынысың тарылып сала береді. Жұмсақ креслода ісіп-кеуіп әзер отырған сол азаматтан кеше кешкісін «Хабар» арнасынан берілген жаңалықтар жөнінде сұрап едім: «Сол теледидарыңызды қарауға да уақыт жоқ, ағасы» – деп тағы да сырт айналды. 

Ішім әлем-жәлем. «Үкімет жастарға үлкен үміт артып, қызмет беріп, білімі мен тәрбиесін де соларға сеніп тапсырып отыр. Ал, мектеп басшысының айтып отырғаны болса мынау. Сонда не болғаны?» – деген ой жан-жақтан мазалап, әлгі ауылдағы бас педагогтың бөлмесінен кері шығуға асықтым. Неге? Себебі, оның айтып отырған әңгімесі ауылдағы дастарқан үстінде айтылатын жеңіл-желпі, өсек аяңның төңірегінде ғана өрбіп жатқаны, шыны керек, жаныма қатты батты. 

Газет-журнал, жалпы баспасөзді күн­делікті күйкі тірліктен бір сәт те болса жоғары ұстап, оны құмарта оқуға тиіс мұға­лімдеріміздің сыңайы мынау. Ал, бүгінгі өмір ағымындағы толассыз өзгерістер мен соны жаңалықтарды мейлі баспасөз, мейлі телехабар, мейлі ғаламтордан болсын оқып, біліп, оны өз ұжымында терең талқылап отыруға мектеп басшылары ұйытқы болмағанда, бұл тірлікті кім атқарады?

Жуырда жаңа келген газет-журналдармен танысып отырғаным сол еді, қалта телефоным қоңыраулатып ала жөнелді. Тетігін басып едім, арғы жақтан өзіме етене таныс қоңыр дауыс сәлемдіктен соң «Серікбай, бүгінгі «Егеменге» Қарашаш Тоқсанбайдың: «Айқұш-ұйқыш атаулар» деген мақаласы шығыпты» – деді де, «Өте жақсы жазылған», деп өз пікірін қосып қойды. Бұл боралдайлық зейнеткер, қоғамшыл азаматтың бірі Сегізхан Орынбасаров еді. Өзі бір сондай жаңалыққа, әдептілік пен имандылыққа жаны жақын қария, ылғи да осылай етеді. Жалпы, өзі жан-жақты білімді, айтар ойы басым. Сондықтан да болар мен ол кісіні білім мен біліктілігіне қарап бірқатар мекеме басшыларынан жоғары санап, биік қоямын.

Осы бір екі оқиғаны санамда саралай отырып кейбір жастардың білімсіздеу тұстарына күйінсем, ал базбір әлгі Жапакең сияқты ақсақалдардың озық ойлылығы мен көрегендік қасиеттеріне сүйсіне қараймын. Әрине, көп оқып, көп ізденгенге не жетсін! Бұл сияқты адам жанын жадырата түсер жақсы қасиет, әсіресе, бүгінгі күнгі басшылық тізгінін қолына ұстап отырған жастарға тән міндет-талаптардың бірі болса керек. Біз қаншалық көп оқысақ, соншалық ата салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жетік біліп, мәдениеттілігіміз бен парасат­тылығымыз да солғұрлым жоғары болары сөзсіз. Дініміз, діліміз бен тілімізге де жа­қын­дап, имандылығымыз бен инабат­тылы­ғы­­мыздың да берік қалыптаса түсері айдан анық.

Серікбай ТҰРЖАН,

ардагер журналист

Оңтүстік Қазақстан облысы

Бәйдібек ауданы