• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қыркүйек, 2017

Қазақ халқын қорғаушы 14 оғлан туралы кітап шықты

1386 рет
көрсетілді

Орал қаласында жергілікті журналист, белгілі тележүргізуші, ақын Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» кітабының тұсауы кесілді. Шығарма шынайы оқиға – 1940 жылы сол кездегі Орал облысы Фурманов ауданында құрылған жасырын ұйым туралы жазылған. 

Өрімдей 14 жас Қазақстанның Совет үкіметінен бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет атанғанын талап еткен болатын.

Жаңа кітаптың тұсаукесеріне тарихшы ғалымдар, жергілікті өлкетанушылар, аудандардан арнайы келген өкілдер жəне роман кейіпкерлерінің ұрпақтары қатысты.

- Бұл тәуелсіздік жылдары өңіріміздің тарихына қатысты деректі оқиғаларды негіз етіп жазылған тұңғыш роман, - деп атап өтті «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.

Айта кетейік, тарихи дерек бойынша жазылған «Он төрт» атты жаңа романның желісі Совет үкіметі кезінде мүлдем айтылмаған, тек Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана жария болған оқиғаға арналған. 1937-1947-дің қанды қасабында бас көтерген азаматтары мен ұлт зиялыларын қынадай қырған репрессиядан кейін іле-шала қайта бас көтерген ұландардың ерлігіне таң қалмасқа шара жоқ. Алаш қайраткерлерінің аманатын арқалап қалғандай, өздерін ұлт мүддесіне қызмет етуге жегіп, «Қазақ халқын қорғаушылар Одағы» атты жасырын антисоветтік ұйым құрып, бір іске жұмылған қазақтың он төрт жас оғланының қайғылы тағдырын роман шынайы суреттеген.

«Қазақ халқын қорғаушылар одағы» 1940 жылы Жалпақтал селосында құрылған. Жетекшісі – сол кезде 17 жасар бозбала, Орал пединституты физика-математика факультетінің 1 курс студенті Ғұбайдолла Әнесов. Жасырын ұйым Совет үкіметінен Қазақстанның бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет болып өмір сүруін қалайды. СССР Жоғарғы Кеңесі төрағасы М.Калининге хат жазып, осыны талап етеді. СССР Конституциясын басшылыққа алып, жоғарыға хат жазады, егер хатта көрсетілген талап орындалмаған жағдайда қазақ халқы қолына қару алып, өз мүддесін қорғауға бел буады, осы жолда «ҚХҚО» ұйымы бас болады деп атап көрсетеді. Олар жұмыстарын жандандыру бағытында астыртын баспахана ашып, үнпарақ басып шығарады, ұйымның куәлігін дайындайды, қарулы көтерілістің жоспарын құрады. Бірақ араға сатқын араласады, НКВД-ның құрығына түседі. Ұйым жетекшісі Ғ.Әнесов ату жазасына, қалғандары бірнеше жылға сотталады. Кейбірі түрмеде тергеу кезінде көз жұмады.

Тарих ғылымдарының кандидаты, осы еңбектің алғысөзін жазған Жаңабек Жақсығалиев шығарма көркем тілмен жазылғанымен, архивтік құжаттармен толық сәйкес келетінін айтып өтті. «Әйгілі «Бекмаханов ісінен» кейін ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға қазақ жазушылары білек сыбана кіріскені белгілі. Құдайға шүкір, І. Есенберлиннен басталған алтын шынжыр үзілген жоқ. Кеңес дәуірін былай қойғанда ел тәуелсіздігімен бірге қаншама тарихи романдар жазылып жатыр. Соның бірі – қолымыздағы дүние. «Он төртті» мұқым қазақ баласы оқуы тиіс» деп қорытты тарихшы өз сөзін.

Жаңа кітаптың лентасын роман кейіпкерлерінің ұрпақтары – 10 жылға сотталған Сатқали Молдағалиевтің қызы Нұржиян Сатқалиқызына және 5 жылға сотталған Сүндетқали Қаражановтың інісі Кенжеғали Қаражанов қиды.

- Ағам Сүндетқали Қаражанов – біздің үйдің тұңғышы еді. Ол 1922 жылы дүниеге келген. Әкеміз 1937 жылы қайтыс болды да, бес бала жетім қалдық. Сүндетқали ағам әке орнына әке еді. Мектепте жақсы оқыды. 10 сынып бітіргеннен кейін бухгалтер болып жұмыс жасады. Біз оның жалпақталдық ұйымға мүше болғанын білмедік. 1941 жылы желтоқсанда ағамды алып кетті. Мен алты жастамын, ештеңе есімде жоқ. Оларды Ақтөбе ферроқорыту зауытына жұмысқа салыпты. 1947 жылы түрмеден босасымен бізді, бауырларын қолына алды. Артынша екі жылға Қарқаралыға жер аударды. Сол жақта жүріп үйленді, екі баласы дүниеге келді. Ол аймақ Семей полигонына жақын ғой. Содан ба, балалары кемтар болды. Өмірден талай қиындық көрген ағам 50 жасында қайтыс болды. Өмірінің соңынан дейін бізге қамқор болып өтті. Айналайын, Мұнайдар, саған, осы «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» туралы жазған барлық журналистерге алғысым шексіз. Біз ағамыздың не үшін, қалай сотталғанын білмедік. Біңзге зияны тиеді дей ме, ағамыз ол туралы ештеңе айтпайтын, - деді Кенжеғали Қаражанов.

- Менің әкем Сатқали Молдағалиев те түрмеде өткен кездері туралы жақ ашпайтын. Жалғыз қызымын ғой, бірақ әкемнің кім екенін білмеппін. Қазақстан егемендігін алған соң ғана «Әйтеуір біз де егемендік алып, дегенімізге жеттік-ау...» деп күрсінгені есімде. Қартайғанша қолымда болды, тәуелсіздікті көріп, 2003 жылы өмірден өтті, - деді көзіне жас алып тұрып Нұржиян Сатқалиқызы.

Кітап авторы Мұнайдар Балмолда шығарманың жазылуы тарихынан сөз қозғады. Ғұбайдолла Әнесов тұрған жатақханада өзінің де студенттік кездері өткенін, кейін журналистік қызметімен «қазақ халқын қорғаушылар ұйымының» қылмыстық ісімен толық танысқанын, өрімдей жастардың өрлігі мен ерлігі жанына маза бермей, осы туындыны дүниеге әкелгенін шынайы әңгімеледі. Осы кітаптың баспадан басылып шығуына қол ұшын созған Орал қалалық мәслихатының депутаты Жантас Сафуллинге зор алғысын айтты.

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтаса дүниеге келген бұл кітапты насихаттау – өзіміздің азаматтық намысымызға сын. Сондықтан Зеленов аудандық мәслихатының депутаттары, әкімдік қызметкерлері, жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіріп, бұл кітаптың 100 данасын сатып алуға келдім. Зеленов ауданында 53 кітапхана, 47 мектеп бар. Біз олардың бәріне осы кітапты таратып береміз, - дейді Зеленов аудандық мәслихатының депутаты, аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер автордікі