Осы бір сөздің санадағы суреті, керіліп жатқан ұзын-сонар кеңістік секілді елестейді. Себебі, көңіл дегеніңіз, шындап келгенде, адамның жан дүниесі, ішкі әлемі емес пе?!
Ендеше, сол бір құпия, жұмбақ әлемнің күнгейі мен көлеңкесін, ащысы мен тұщысын көпке жеткізетін тіл, тіл болғанда да, көркем сөз – әдебиет. Сондықтан да, кешегі, бүгінгі әдебиетіміз хақында сөз қозғап, сыр шертіп, сөз зергерлерінің, сондай-ақ, жастардың әңгіме, өлеңдерін жариялап отыратын Әдебиет бетінің шымылдығын ашпақпыз, қымбатты оқырман. Қабыл алыңыз!..
Марио Варгас Льоса: Менің пайымдауымша, қарапайым инженер мен сәулетшілер кешпейтін дүниелер кәдімгі қалам ұстаған жазушылардың басынан өтіп жатады. Кейде адамдар өздерінен «Жазушылар не үшін керек?» деп сұрайтын болар. Себебі, барлығы архитектордың, инженердің, тіпті дәрігердің де не үшін керегін біледі. Әңгіме жазушыға кеп тірелгенде, тіл ұшына түрлі шүбәлі ойлар оралады. Түрлі адамдар (ішінде мен де бармын) жазушының біздің қоғамға керек екендігін ұғынсақ та, бірақ дәл не үшін керек екендігін біле бермейміз. Сондықтан, Габриэльге қояр алғашқы сұрағым: қалай ойлайсың, жазушылар не үшін керек?
Габриэль Гарсиа Маркес: Мен өмірде өзге ештеңеге де жарамайтынымды түсінгеннен соң, жазушы болдым. Әкемнің жеке дәріханасы бар еді. Шын мәнінде, ол менің фармацевт болғанымды қалады және ол қалауын уақыт өте келе ауыстырды. Ал менде мүлде бөлек арман болды: менің адвокат болғым келді. Өйткені адвокаттар киноларда әрқашан жеңіп жүреді, қандай қиын жағдайларда да судьяларды ұтып отырады. Ал кейін… университетке түсіп, сонда оқып жүріп, түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген соң, адвокаттыққа да жарамайтынымды түсіндім.
Содан соң, оның не үшін керек екендігін нақты ұғынбасам да, әңгіме жаза бастадым. Алғашында, маған «жазу» деген дүние ұнайтын, өйткені мен түрлі ақпарат құралдарында жариялана бастадым. Содан соң, достарым мен таныстарыма ұнау үшін жазып жүргенімді түсіндім. Расында, нағыз шындығы осы еді. Кейін, өзімнің және өзге де қаламгерлердің жазушылық өнері туралы ойлай келе, күмәнсіз, жақсы романдардың нағыз әдебиет алдында өзіндік өзгеше қызметі мен атқаратын міндеті бар екендігін ұғындым.
Бір нәрсе ақиқат: жазушылық – бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет. Ол қасиет кімге қонды, демек, сол адам жазуға тиіс. Өйткені, бастың сақинасы мен асқазанның түйткілін тек жазу ғана жеңе алады. Ол қасіреттен жазып қана құтыла алады.
Егер мен кітап жазуға отырсам, демек, мен қандай да бір тарихты баяндағым келгені. Оқырманға ұнайтын тарихты. Мәселе, менің де ой-пікір дайындығында болуымда; ой- пікір дайындығы жазушы атаулының (егер ол тиянақты болса) барлығында болуға тиіс. Жазушы өз тарихын баяндар сәтінде әділ болуы тиіс, мысалы, қызыл телпек немесе партизан туралы повесті алайық; ал егер жазушы бұзылмайтын қамал сынды мықты көзқараста болса, бұл көзқарас, әлбетте, баяндағалы отырған тарихқа әсер етеді, яки өз сәулесін түсіреді. Әрине, бұл – шарасыздық, шарасыздық алдын ала ойланбағандықтан туындайды.
«Латын Америкасындағы роман туралы диологтан» үзінді Аударған Еділбек Дүйсенов