• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қыркүйек, 2017

«Ситорай сомон» сыйы

667 рет
көрсетілді

– Қауыннан бір тілім болса да, ауыз тиіңіз, өйткені, бақша патшайымы сізге бақыт әкеледі, – дейді об­лыс орталығындағы сая­бақта «Бір шаңырақ – бәрімізге ортақ» атты фестиваль өткізген тәжіктер. Атауының өзі қы­зықтыра шақырып тұр­ған мерекеге өңірдегі эт­номәдени бірлестіктер, қа­ла тұрғындары, қонақ­тар жиналды. 

 

Мерекені ұйымдастырушы  – облыстағы «Ситорай сомон» тәжік этномәдени бірлестігі. Ал «Ситорай сомон» деген сөз тәжік тілінен аударғанда «жа­­­рық жұлдыз» деген мағына біл­діреді екен. Тәжіктер де өт­кенін көне шежіреден іздейді. Дәстүр бойынша, тамыздың соңына қарай ертелетіп карнайдан әуендер қалықтап, жұртты Қауын мерекесіне шақыратын болған. Сөйтіп, согди диқандары өсірген әртүрлі қауын түрлерін әкеліп, дәмділігімен қуантады. Олар қауынға деген өздерінің ризашылықтарын осы­лай біл­дірген екен. Тіпті, Тә­жік­стан­ның Гиссар деген кентінде қауын үл­гісінде жаса­лынған шайхана да ашылыпты. 

Ме­рекеге жиналғандарға әб­ден піскен қауынды қалай таң­дау керектігі, қандай емдік қа­сиеттері бар екендігі айтылды. Саябақ ішінде жасалған үстел басында дәмді қауындар тілініп, жаңа піскен палаумен қосып жеп, жиналғандар бір жырғап қалды. Бір-бірімен қауынды жыл­дам жеуден жарыс өткі­зіп, түр­лі ойындар ұйым­дас­ты­рыл­ды. 

– Қазіргі уақытта өңірде 500-дей тәжік ұлтының өкілі тұ­ра­мыз. Негізі, тәжіктердің көбі  Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейді. Қазір солтүстікке қарай көшу жайлы естіп, осы жаққа келгісі келетіндер де бар. Осыдан төрт жылдай уақыт бұ­рын облыс орталығында тәжік зия­лыларының қолдауымен «Си­торай сомон» этномәдени бір­­лестігі құрылды. Біздің бір­­лестік те басқалар секілді, ай­мақтағы барлық мәдени шара­ларға қатысамыз. Бүгінгі мереке барысында ұлтымыздың салт-дәстүрі, ұлы адамдары, та­ғамдары, мәдениеті, қол­өнері, музыкалық аспаптары, қауын­ның өзіндік құпиялары жайлы айтып, Омар Хайямның рубаят­­тарын жырладық, – дейді бір­­лестік жетекшісі Хусайн Гулов.

Облысымызда айналымнан ат оздырған тәжік азаматтары көп. Мысалы, 90-жылдары Қашыр ауданы, Тереңкөл ауы­лына келіп, тұрақтап қал­ған Якуб Джабинов Тәжік­стан­ның өнер институтын біті­­ріпті. Шәмшінің әндерін нақышына келтіре шырқайды. Өңірлік Ассамблеяның белді мүшесі. Қазір осы ауылда Ма­ма­дәливтердің отбасы да өз кәсіптерін ашып, жылыжайда қияр, қызанақ өсіруде. Қауын мерекесінің соңында Якуб Дж­а­бинов, Достық үйінің хорео­гра­фиялық ансамбльдері туған жер, ел, достық, бірлік туралы әндер шыр­қап, би биледі.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суреттерді түсірген  Мақсат АЙТБАЙ