• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2017

Мамандық мәртебесі

927 рет
көрсетілді

Өндірісі өркендеп, индустриялан­дыру бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, құрылыс жұмыстары қар­­­қын­ды жүргізіліп жатқан Қа­зақстанда еңбек күші жеткілікті бол­мағандықтан, жұмысшыларды шет мем­лекеттен әкеліп жатқан компаниялар көп. 

Олардың еңбекақысы қазақстандық­тар­мен салыстырғанда біршама жоғары болып, осыған байланысты наразылықтар аракідік болса да бой көрсетіп қалады. Сонда дей­міз-ау, ішкі нарықтағы жұмыс кү­шін реттеуге, жұмысшы мамандармен жеткілікті қамтамасыз етуге елі­міздің мүмкіндігі жетпей отырғаны ма? Жоқ әлде алып құрылыстарды са­лу­ға қазақстандықтардың шама-шар­қы мен білім-тәжірибесі жетпей ме? Осы жағдайды жақсарту үшін қандай іс-­шараларды қолға алған жөн? Осы жө­нінде ой бөліссек.

емлекет басшысы қарапайым еңбек адамдарын асқақтатып, оларды үлгі етіп, жұмысшы мамандықтарына жас-тарды көбірек тарту керектігін ұдайы айтып келеді. Жасырып керегі не, қара жұмысқа араласуға арланатындар да, намыстанатындар да бар. Мектеп бітіріп жат­қан түлектердің көбі уақыт оздырмай жоғары оқу орнына түсіп, жылы кабинет пен креслоға жайғаса қалатын жайлы жұмысқа тұруды қош көреді. Ата-аналарының да ойлайтыны осы. Әл­бетте жастардың еңбек жолының даңғыл болып, үлкен мамандық иесі атануына ешкім де қарсы емес. Жолдары ашық болсын. Бірақ сол жоғары оқу орнын бі­тіріп, қолына табақтай диплом тиген ма­мандардың барлығына бірдей көңілі қа­лайтындай жұмыс табыла қояр ма, сірә? 

Қазір, жасырып керегі не, еңбек на­ры­ғында жоғары оқу орындарын бітір­гендермен салыстырғанда, жұмысшы ма­мандықтарына сұраныс өте жоғары. Мұны санаулы жылдардан соң еңбекке араласатын бүгінгі мектеп оқушылары да жақсы біледі. Олардың арасында «Қазіргі уақытта Қазақстанда қандай мамандық мәртебелі деп ойлайсыңдар?» деген сауалнама жүргізілген кезде көбі баса көрсеткен мамандықтар: аспаз, көлік жөндеу шебері, сәнді шаш үлгісін жасайтын шаштараз, даяшы, электр механигі. Рас, бұл бір ғана қаланың жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілген са-уалнама қорытындысы. Мүмкін Қазақ­станның басқа өңірлерінде мектеп партасында отырған оқушылар жоғарыда келтірілген мамандықтардан басқа да кәсіптерді атайтын болар. Бірақ осы сауал­намаға қарағанда, үлкен құрылыс пен өн­діріс орындарындағы мамандықтарды мәртебелі санайтын жас­тар аз. Оның сыры неде? Оларға қажетті ақпараттың жетпей жатқандығынан ба, жоқ әлде ауыр қа­ра жұмысты қала­майтындығынан ба? Әлде мектеп бітір­гелі отырған түлектерге жұмысшы ма­­ман­дықтарына байланысты бағыт-бағдар, керекті кеңес бере алмай отырмыз ба? Жалпы, ауқымды құрылыс пен өндіріс саласындағы мамандықтарды мақтаныш санап, осы мақсат-мұратқа ұмтылатын жастар қатарының сирек болуының себебі не? Осыны тиісті мамандар саралап, зерттеп көрсе артық болмас еді. Мәселен, Астанада дәл қазіргі сәтте сарапшылардың тұжырымына қа­ра­ғанда, тас қалаушылар және электрмен дәнекерлеушілерге, аспалы кран машинистері мен сылақшы-сыршыларға, автокөлік слесарьлары мен сантехниктерге, медбикелер мен байланыс операторларына және басқа да жұмысшы мамандықтарына сұраныс өте жоғары. Осы салаларға бай­ла­нысты білікті мамандарды өте қажетсініп отыр. Тіпті қала билігі қажетті мамандықтарға мем­лекеттік тапсырыс бойынша оқытуды биыл мықтап қолға алды.

лорданың ең­бек нарығын сараптай келіп, 2017-2021 оқу жылдарында астаналық колледждерге берілген мемлекеттік тапсырыс 3207 орын. Егер қажетті жұмысшы мамандықтарына сұраныс артатын болса, бұл көрсеткіш жоғарылауы әбден мүмкін. Керек десеңіз, Астана колледждерінде бұған дейін даярланбаған жаңа мамандық­тар ашыла бастады. Биылдың өзінде осын­дай 6 мамандыққа талапкерлер қабыл­данған. Оның ішінде «Көпір жә­не көлік тоннельдері», «Өндірістегі элек­трмеханикалық құрал-жабдықтар», «Ме­дицина техникаларын монтаждау, тех­никалық қызмет көрсету және жөндеу» ма­мандары бас қалада бүгінгі күні ең қа­жет болып отыр. Алдағы уақытта да осы ба­ғыттағы жұмыс жалғаса беретін тү­рі бар.

Барлығы да еңбек нарығына бай­ланыс­ты. Соны сараптау арқылы қан­дай кәсіп түрлеріне қажеттілік бар, колледждер со­ған қарай бейімделіп, жаңа мамандықтар бойынша кадрларды даярлайтын болады. 

Ең құптарлық және жұртшылық үшін жа­ғымды жаңалық – жаңадан қолға алын­ған «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-тех­никалық білім беру» мемлекеттік жо­басы.

Осының аясында табысы аз от­басылардың балаларына және арнаулы интернаттардың тәрбиеленушілеріне, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар мен жетімдерге, бала жасынан мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға айрықша жағдай жасалмақ. Сонымен бірге бұл жоба мемлекет тарапынан тегін кәсіптік-техникалық білім алуды ниет еткен барлық жігіттер мен қыздар үшін үлкен мүмкіндік. Олар ең бастысы, ертеңгі күні жұмысшы мамандықтарын игергенін мақтаныш ететін болуы тиіс. Сонда ғана мамандықтың мәртебесі артады.