• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2011

Саусақ ұшымен өрілген саз

300 рет
көрсетілді

«Шабыт» шығармашылық сарайында жақында ел Тәуел­сіздігі мен қазақ-түрік қарым-қатынасының орнатылғанына 20 жыл толуына орай Түркияның әйгілі пианисі Гүлсин Онайдың жеке концерті өтті. Мерекелік шара Түркияның Қазақ­стандағы елшілігі мен Қазақ-түрік іскер адамдар қоғамының бірлесе ұйымдастыруымен екі ел арасындағы бауырмалдық бай­ланыстарды нығайта түссе, әлемге әйгілі мұндай танымал музыка қайраткерінің Қазақ ұлттық өнер университеті қабырғасында өнер көрсетуі келешек жастар үшін де өнеге болмақ. Гүлсин Онайдың 24 қазанда Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония­сында жеке концерті өтсе, енді, міне, бұл іле-шала елорданың мәдени өміріндегі елеулі оқи­ғаға айналып отыр. Түрік му­зыканты Қазақстанда не үшін мұндай үлкен концерттер беруде деген сұрақ қойылған жағдайда айтарымыз, түбі бір, тілі бір түркі мәдениеті ежелден бір-бірімен тамырласып жатқан құндылық екенінде дау жоқ, бірақ та оған тарихтың тағы бір тағылымын қосқан абзал. Қа­зақ­стан өз тәуелсіздігін жария­лағанда алғаш сол қуанышымен қазақ жұртын осы түрік бауыр­лардың құттықтағанын қалай ұмытамыз. Ендеше, Тәуелсіздік тойын түбі бір түркі жұртшы­лы­ғының бәрі бірдей лайықты тартулармен атап өтуіне қай жағынан да негіз бар. Гүлсин Онай халықаралық додаларда аты шыққан өнерпаз ба, кім өзі деген сауалға да жауапты көп іздеп әуре болған жоқпыз. Ол «Мемлекеттік өнер адамы» ата­ғын сонау сексенінші жыл­дарда-ақ иеленген екен. Амстер­дамдағы «Concertgebouw» концерт залында, Берлин филар­мониясында, Венаның концерт залында, Лондондағы пат­ша­йым Элизавета атындағы залда, Вигмор-холлда, Париждегі Гаво залында, Вашингтондағы ұлт­тық өнер галереясында, Нью-Йорктағы Миллер театрында, мұнан да басқа көптеген үлкен сахналарда жұртшылықты әлем­дік классиканың інжу-мар­жандарымен тамсантқан тамаша табыстары Гүлсин ханым­ның өркениетті елдер мәдениеті мен өнерінде өзіндік қолтаң­басы бар танымал музыкант екеніне көзімізді жеткізе түседі. Әйтпесе тегін адам Дрезден мемлекеттік капелласымен, Бри­тания корольдік филармо­ниясы оркестрімен, британдық камералы оркестрмен, жапон филармониясы оркестрімен, Мюних радиосының сим­фо­ния­лық оркестрімен, Санкт-Пе­тербург филармониясы, Токио, Варшава, Вена оркестрлерімен бірге өнер көрсете ме? Мұның бәрі классиканың нағыз отаны саналатын жерлер емес пе?! Осындай оқиғалар кейде өзге елдің өнерін дәл сол жердің адамындай басқа біреу терең меңгеріп кете алмайды деген сірескен қағиданы бұзып кетіп жатады. Және оның Владимир Ашкенази, Эрих Бергель, Ми­хаэль Бодер, Андрей Борейко, Иорг Фербер, Эммануэль Кривин, Инго Метцмахер сияқты тағы да басқа көптеген әйгілі дирижерлердің сүйемелдеуімен шығармаларды шыңына жеткізе орындауы өнерпазды әлдеқашан әлемдік деңгейдегі тұлғаға ай­налдырып жіберген. «Берлин», «Варшава күзі», Вюрцбург қаласындағы «Моцарт» фестивалінде, «Ньюпорт», «Шлесвиг-Холштайн», «Ыс­там­бұл», «Майами» халықаралық өнер сайыстарының сыншы­ла­ры кезінде оған оң баға беріп, әлемдегі ең атақты музыкант­тардың қатарына қосқан көрі­неді. Мұншама өнер бәйгесінен шашасына шаң жұқтырмай оз­ған дүлдүлдер әлемде некен-саяқ. Осынау биік мәртебеге музы­кант­тың жету сырына үңі­ліп көргенімізде, Гүлсин ханым фортепианода ойнауды 3,5 жа­сын­да бастапты. Ал алты жа­сында радио және теледидар қоғамының Ыстамбұл радио­сынан таратқан алғашқы концерті тыңдаушысын баурап әкетеді. Анкара қала­сында Митхат Фенмен мен Ахмед Аднан Сайгун секілді өз ісі­нің білгірлерінен екі жыл қата­рынан са­бақ алады. Он екі жа­сында Францияға жолдама беріледі. Небәрі 16 жасында Париж кон­сер­ваториясының жоғарғы бөлі­мін фортепиано бойынша ар­найы жүлдемен бітірген ол өзі­нің музыкадағы жолын ха­лық­аралық байқаулардың жүл­деле­рін жеңіп алудан бастайды. Дамылсыз даму үстіндегі музы­кант осыған дейін 64 елдің сах­насында музыка жауһар­лары­ның үздік үлгілеріне құш­тар сезімін танытып келсе, біздегі концерттерінде де көрер­менді өзіне тән ғажайып орын­даушылық шеберлігімен риза етті. Соңғы жыл­дары пианист Рахманинов туын­дыларына жете ден қойып жүр. Шопен шы­ғармаларын шынайы ойнап, Поль­ша үкіметінің мемлекеттік наградасымен марапат­талды. Қайы­рымдылық концерттері ту­ра­лы айта берсе, мұнан да көп әңгімеге арқау болатын түрі бар. ЮНИСЕФ-тің Түркиядағы ұлт­тық комитеті тарапынан «Ерікті ізгі ниет елшісі» атануы өз алдына бөлек тақырып. 2007 жылы «Севда-Дженап және му­зыка» қорының алтын белгісіне ие болған ол бүгінде Президенттік симфония оркестрінің солисі әрі Билькент университетінің әртісі болып табылады. Сол Гүл­син Онай біздің еліміздің аста­насына да сондай келешек рухани орталық ретінде атбасын бұрып отыр. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.