• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2011

Абыз ана, аңыз ана

1228 рет
көрсетілді

Никто не вечен в мире, все уйдет, но вечно имя доброе живет. Сагди. _____ Бар өнердің анасы әдебиет – өрке­ниеттің лүп-лүп соққан жүрегі. Сол жүрекке шуақ пен қуат сыйлайтын жанкештілер – жазушылар. Ешкім жазушы болып қалыптаспайды, талант болып туады. Талант – Алла тағаладан келген аманат. Аманаттың ауыр жүгін қабырғасы қайыспай көтерген қайсар талант қазақта мүлдем жоқ та емес, аса көп те емес. Солардың бірі – Тұрсынхан Әб­дірахма­нова – Қазақстанның халық жазу­шысы, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Ел берген абыз ана, аңыз ана дейтін атағы тағы бар. Осынша атаққа жету, оны абыроймен алып жүру оңай ма? Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу қиын. Оған қоса Алла таға­ладан келген аманат – талант болса сол киенің қа­сиетін жоғалтпай, қадіріне жету – елдің бәрінің маңдайына жазылма­ған бақ. Тұрсынхан анамыз басына сондай бақ қонған бақытты қаламгер еді. Бір қарағанда, армансыз адам сияқты болып көрінетін Тұрсынхан Әбдірахма­нованың сырт көзге алдырмаған сыры да, шырғалаңы көп өмірінің «жыры» да көп. Соның бір дәлелі тәрізді: Нөсерді көргем, Аязды, долы боранды. Сан рет жаным Дүлей дауылға оранды, – деп келетін жыр жолдарымен-ақ ақын өз өмірінің жеңіл болмағанын анық айтып тұрған жоқ па? Алла мен адамзат арасындағы алтын көпір – таланттың тағдыры тіптен қиын. НЕ ДЕГЕН ТҮГЕСІЛМЕС ТӨЗІМ ЕДІҢ Өткен ғасырдың жиырма бірінші жылының жаймашуақ күзінде кенші Әбдірахманның шаңырағын шаттыққа бөлеп, жас нәресте өмірге келді. Ол әйгі­лі ақын Тұрсынхан Әбдірахманова еді. Сол Тұрсынхан буыны бекіп, бұға­насы қатпай жатып қатыгез тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ауыр тұрмыс, дәрігерлік көмектің дәрменсіздігі отба­сындағы он үш баланың онын о дүниеге алып кетті. Ата-анасынан алты жасында айырылған болашақ ақын ана сүтінің дәмі аузынан кетпей жатып Голо­щекиннің «Кіші октябрі» әкелген нәу­бетті де көрді. Сәби Тұрсынханның көз алдынан өткен суреттер де бірінен бірі өткен сұрықсыз. 1939 жылы Бөке кенішінде орталау мектепті бітірген Тұрсынхан жаяу-жал­пы Аягөзге келіп училищеге түскен­де тағы бір қиындыққа тап болады. 1940 жылы екінші курс басталғанда азық-түлік қымбаттайды. Сол аздай-ақ КСРО Министрлер Кеңесінің В.М.Молотов қол қойған қаулысы жарияланып, оқу ақылы болады да, 275 сом төлеуді талап етеді. Білім алуға құштар Тұрсынхан қажетті қаржы табылмаған соң көз жасын көл қылып, Бөкеге қайтып келеді. Тұрсынхан бірде Семей облыстық «Екпінді» газетінен Семейде бастауыш мектеп мұғалімдерін әзірлейтін қысқа мерзімді курс ашылғанын оқиды да, айтсам аға-жеңгем алыс сапарға жібермей қоя ма деген оймен таң атпай жолға шығады. Жүргіншілерге ілесе Семейге жетіп, үш айлық курсты бітірген Тұрсынхан Абай ауданындағы Қызылтас орталау мектебіне физрук болып орнала­сады. Соғыс уақыты болғандықтан қаршадай қызға «Военное дело» деп аталатын соғыс ісі сабағын қоса жүргізу жүктеледі. 1943 жылы Тұрсынханға аудан орталығынан алыстағы колхоз­дарға барып митинг өткізу жүктелген екен. Желтоқсан айының қысқа, суық күнінде күтімсіз, арық атпен жолға шыққан қарғадай қызды аш қасқырлар қоршап, әупіріммен бір ажалдан аман қалады. Аңыз басында қанша қамшы­ласа да жүрмей қойған арық өгізге ыза болып жылаған, тірі қойды алдына салып өңгеріп, қырық шақырым қашық­тықтан салт атпен әупірімдеп әкелген, жылы киімге зарыққан, тамақтан тарық­қан тәрізді талай тауқіметті де бастан кешті Тұрсынхан... Соншама қиын­дыққа қалай төзгенсің, жан ана?! Сан сынақта майысса да сынбаған, қиналса да сыр бермеген неткен қайсарлық бұл?! Не деген түгесілмес төзім едің? АҚЫН ЕҢ, АҒЫЛ-ТЕГІЛ СЕЗІМ ЕҢ Бұл оқиға 1943 жылдың жазында болып еді. Еліміз хакім Абайдың туғанына жүз жыл толуын атап өтуге дайындалып жатты. Осыған орай тойға әзірлік жұмыстарымен танысу үшін Абай ауданына Мұхтар Әуезов келді. Жанында Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмай­лов, Қайым Мұхаметханов бар. Арада екі күн өткенде Жүсіпбек Елебеков бастаған әншілер де жетті. Алматыдан келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, күтіп жүрген топтың ішінде сол кезде Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әбдірахманова да бар еді. Аудан орталығындағы алғашқы концерттен соң берілген кешкі қонақасы кезінде Жүсіпбек сол жылы майдан шебінде болып, Рамазан Елебаевтың өзінен үйреніп қайтқан «Жас қазақ» әнін екі рет айтқанда Тұрсынхан қағып алып, үшінші рет қайталағанда әй­гілі әншіге ілесе айтып шығады. Сол кездегі «Социалистік Қазақ­стан» бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 28 қазан­дағы санында жария­ланған Мұхтар Әуезовтің Абай ауда­нына барған сапары жайлы «Ақынның ауылын­да» атты очеркінде: «Аудан жаста­рының ұйытқысы өзі әсем әнші Тұрсынхан қа­рын­дас...» деген жолдар бар. Жаратқан ием Тұрсынханға жомарт­тық­пен сыйлаған дарын, қабілеттің бірі – тас бұлақтың суындай сыңғырлаған табиғи таза дауыс. Жаңғыртып жеті жаста жердің үстін, Ән қостым дауысына ұшқан құстың, – деп жырлаған Тұрсынханның ғажайып ән­шілік талантын ең алғашқы болып таныған суреткер Мұхтар Әуезов еді. Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Рахия Қойшы­баева, т.б. әйгілі әншілермен өнер жарыс­ты­рып, өмір бойы ән салған, елу шақты әні радионың алтын қорына жазылған Тұр­сын­ханның әншілік талантын Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков сынды саң­лақтар да аса жоғары бағалады. Өз сөзімен айтсақ, «1954 жылдың күзінде конкурстан өтіп, өзінен 10-12 жас кіші балалармен қатар ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімінің студенті болып партаға отырған» Тұрсынхан Әбдірахман­қызының ғылымдағы алғашқы қадамын қолдап, аспирантына «Ілияс Жансүгіровтің лири­касы» деген тақырыпты ұсынып, ғылыми жетекші болған тағы да Мұхтар Әуезов болатын. Сексеннен асқан шағын­да да әннің әрін, сөздің нәрін келтіріп, шабыттана шырқағанда тот баспаған талант­қа талғам­паз тыңдаушылардың да тәнті болғанын өз көзімізбен көрдік. Да­уылпаз ақын Аманжолов жайлы «Қасым Аманжоловтың поэ­тикасы» деген тақы­рып­та қорғаған док­торлық диссертациясы жеке кітап болып жарық көргенде небір ғұламалардың: «Тұрсынхан нағыз ғалым» деген мадақ сөздерін де өз құлағымызбен естідік. Әнші болып танылып, ғалым болып мойындалған Тұрсынханның бүйре­гі өнер алды – өлеңге көбірек бұрып тұру­шы еді. Сөз патшасы – поэзия жайлы ақын: Жететін құлағыңа күндік жерден, Менсінбей ән төресін Алла берген. Өнердің алды – қызыл тіл деп ұғып, Сиқырлы сұлу сөздің соңына ергем, – деп жан сырын жайып салды. Жыр жазса жүрегіңді «суыратын» Тұр­сынхан Әбдірахманова ертеректе жазған «Арнау» атты өлеңінде: Демеймін түнді қуған күндізіңмін, Демеймін жалғыз жанған жұлды­зыңмын. Болса егер елім биік, өзім биік, Деп жүрген ортаңдағы бір қызыңмын, – депті. Ақын өмірде кішіпейіл, өлеңде өр, ақындықта асқақ еді. Адам жанының нәзік иірімдерін тап басып тамаша бейнелеу де Тұрсынхан талантына тән қасиет. Ақынның азаматтық үні де айқын. Сөйле, қалам! Қауырсын қанат майыспа. Ағыңнан жарыл, Ақтарып шынды, сайыста! Босат тізгінін, Арғымақ ойды тежеме, Арындап жетсін, Мұң-нала айтар межеге. Сөйле, қалам! Ақ көңіл қазақ арманын. Аңқылдап жүріп От басып білсін қалғанын. Сөйле, қалам! Ауылдың жайын, халықтың Қыспағындағы Қиыны үшін нарықтық. Сенгені сонау Енді жерінен айрылса, Ойыншық болар Дегені бүгін тарықтым.– деп сөз бастаған ақын: Өз жерімде неге болам құрамдас, Өз төріне ез ғана еркін шыға алмас, Ертең киер құл қамыттан тартып бой Намыс қуып өлгенің мың артық қой, – деп ескертеді. Тұрсынхан адамның жан дүниесін жар­қыратып ашатын лирик қана емес, оқиғасы қою, кейіпкерлер қатары мол поэмалар да жазған эпик ақын. Бұған ақынның «1932», «Елім-ай», «Елтұтқа» ат­ты көлемді де көр­кем поэмалары айқын айғақ. Ол «Тө­ребек ханым» атты аңыз­ға құрылған үш актілі опера либрет­тасының да авторы. «Ешкіөлмес», «Бауыр­сақ исі» т.б. балладалары мен толымды ойлар тол­ғаған «Дала қызы», «Бір үзім нан», «Мұң мен нала» т.б. толғаулары мен «Құла бие», «Назым нәркес», «Есіңде ме?» атты әңгі­мелері бір төбе. Тұрсынхан Әбдірахманова қай жанрға қалам тартса да ақық тілмен жазатын, ақ жарма сезімі сел боп құйылатын ақберен ақын. САН ОЙЛАР САНСЫРАТЫП КӨЗ ІЛМЕДІҢ Ұлының ұлық сөзі қалам ұшына ора­лып тұр: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Рас қой. «Туған күні болатын, өлген күні болмайтын» қаламгердің бірі – Тұрсынхан Әбдірахманованың еңбексіз, ойсыз өткен бір күні болмағанына ақын жазған, ақынға жазылған хаттар да айқын айғақ бола алады. Хаттарда да тарих бар. Герценнің: «Письмо больше чем воспоминания» дейтіні содан болса керек. Ақын архивіндегі аса қымбат қазы­наның бірі – Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың хаты: «Құрметті Тұрсынхан Әбді­рах­манқызы! Сіздің мен туралы жазған поэмаңызды «Қазақ әдебиеті» бетінен оқы­дым. Менің өмір жолыма үңіліп, зерттеп, өлеңмен өнерлеп айтқаныңызға көп рахметімді айтқым келеді. Шынымды айтсам, мадақ пен теңеу­лерге қарсымын. Мен қазақтың бірімін. Тағдыр мен халқым қиын-қыстау кезеңде осындай жауапты істі маған тапсырды. Сол тапсырманы адал орындап, халықтың ойынан шықсам – арманым сол. Әрине, бұл қызмет оңай емес. Күндіз күлдірмейді, түнде ұйықтатпайды. Барлық шешім маған келіп тіреледі. Бар ауыр­лық та, жалғыздық та, міне, осында. Сондықтан түсінгендігіңіз үшін риза­мын. Аман-сау болыңыз. Ұзақ ғұмыр, көп табыстар тілеймін. Н.Назарбаев, ІІ/ІІІ 2003ж.». Елбасының айтары анық, бояуы қанық хаты ақын қаламына қанат бітіргені хақ. Әйтсе де, өмір күнде қуаныш сыйлай бермейді ғой. Перзент сүймеген, ері о дүние­лік болған жалғызбасты адамның арманы аз, мұңы жоқ дей аласыз ба? Өз сөзімен айтсақ: «Бір үрім-бұтақтан бір өзі ғана қалған, жанашыр мұрагері жоқ адам... өмірінің артын қалай түйіндерін білмей бас қатырып жүрген» еді. Тұрсынхан «кем-кетікке қайырыла жүрер кісілік парасатын өз көзімен көріп, өз басынан өткерген» ақылман азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедке жазған хатында санасын сансыратқан сан ойларын айтып, інісінен ақыл сұрапты. Ал, Мұқаң Тұрсынханға жазған жауап ха­тында: «Қара орман халқыңыз, қап­таған оқырмандарыңыз, ізбасар ініле­ріңіз бен бауырмал туыстарыңыз бар сіз қалай жалғыз боласыз. Сондықтан жалғыздық туралы әңгімеге көп орала бермеңіз. Мұндай жанды жегідей жейтін ойдың творчествоға ғана емес, денсау­лыққа да тигізетін әсері аз болмайды. Сондықтан жиі-жиі елге шығып, оқыр­мандар ара­сына барып, кездесулер өткі­зіп, серпіліп, сілкініп тұрғаныңыз жөн. Ардақты апа! Мәңгілік өмір ешкімнің маңдайына жазылмаған ғой. Ерте ме, кеш пе бәрі­міздің баратын жеріміз сол жақ емес пе? Тағдырдың жазуы болған күнде де арты­ңызда бір қауым ел, жана­шыр бауыр­ларыңыз аз емес қой. Жалғыз апамызды дұрыстап жөнелте алмайтын­дай бәріміз боркемік болып кетпеген шығармыз... Сондықтан бұл мәселеге алаңдағаны­ңыз­ды қойыңыз» депті. Осы хатты алысымен Тұрсынхан анамыздың бұлт басқан көңілі жайма­шуақ жаздай жадырап Мұхтар Абырарұлына: Ұшырып бұлтты басымнан, Ысырып ойдың ауырын, Жадыраттың жанымды, Жаны ізгі жайсаң бауырым, – деп «Алғыс» деген атпен жеті шумақ жыр жазғанына да куә болғанбыз. Сөзіне ісі, ісіне сөзі сай ақиық азамат Мұхтар Тұрсынхан Әбдірахманова қайтыс бол­ғанда да, кейін мен ақын анамыз жайлы «Сырлы әлем» атты деректі кітап шығар­ғанымда да барлық істің басы-қасында болып, моральдық та, қаржылай да көмек көрсетті. ЖАНЫ ЖҰМБАҚ БІР ӘЛЕМ ӨЗІҢ ЕДІҢ Адам жаны әлемнен де күрделі. Оның жан дүниесі шешуі қиын жұмбақ. Әлемнен де күрделі адам жанының құпиясын ашатын көп кілттің бірі – күн­делік десек, жиырмасыншы ғасыр­дың 87-ші жылғы 21 желтоқсанымен таңба­ланған күнделіктен: «Бүгін көптен үндемей жүрген Зұлфияға сыртында екі әдемі құсы бар открыткаға былай деп жазып, құттықтау жібердім. Зұлфия! Біз екеуміз мына екі құстай Екі елдің екі қызы едік. Жұп жазбай тату жүрген біз едік. Мынау жаңа, 1988 жылда Ғаббас ака екеуміз сізге Зор денсаулық, мол бақыт, Талмас қанат тіледік. «Абай атындағы театрда (опера) Сапарғали Бегалиннің 100-ге толған күні аталып өтті. Бірде-бір бастық келген жоқ. Мұндайды кім көрген. Бастықтар әбден... Өзі жоқтың көзі жоқ, не қыл­сын» деп күйініпті 4.08.1995 жылы күнделігінде ақын ана. 16.05.2000 жылғы жазбада: «Тылсым үй. Тұнжыр күй. Еш нәрсе назар аудар­майды. Тек көңіл тоқтағаны «Атамұ­рада» шығайын деп жатқан «Қазағым – қайда барсам танытқаным» деген кітабым осы жұманың аяғында тиражы берілетін болып басылып жатқан көрінеді». 27.09.2002жыл. «Соңғы күндері біршама көңілім тәуір. Құдай кезіктірген шығар, бір адамгершілігі мол азамат – Сәбит Досановтың ой қосуымен бірталай жұмыстар істедім...» Тұрсынхан Әбдірахманованың күн­де­лігі шерткен көп сырдың аз ғана бір бөлігі бұл. Ол кісімен аралас-құралас бола жүріп көңіліме бір түйгенім Тұр­сынхан анам сырты нұрлы, іші сырлы өзгеше бір әлем еді. Мінезі де өзінің қиын тағдырындай өте күрделі болатын. Бірде тәтті, бірде қатты, бірде дана, бірде бала дегендей, жан дүниесін де бірден ұғу қиын еді. Не нәрсені де сыртыңнан сыбырламай бетке айтатын, қажетті жерінде басшыға да, қосшыға да қайқайып тұрып батыл айтатын батырлығы да бар еді. Ақындық деген – мінез ғой. Соның бәрі оның өлеңде­рінде ғана емес, күн­делік беттерінде де өріліп тұр. Өлең мен күнделікке сый­маған тұп-тұнық сезім мен тұңғиық ойлар қаншама десеңші! Тұрсынхан Әбдірахманованың 80 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Ақын анамызды Тұманбай Мол­даға­лиев, Нұр­ғо­жа Оразов, Сәкен Иманасов, Серік Тұрғынбеков, Тұрсынай Оразбаева, Мың­бай Рәшев, Қанипа Бұғыбаева, Баян Бекетова, Маржан Ершуова, Мар­фуға Бектемірова, т.б. талантты ақындар асқақтата жырлады. Әйтсе де, сол жақсы жырлардың бәрі жиналып келіп, оның жаны жұмбақ әлемін жарқыратып аша алған жоқ. Ол мүмкін де емес еді. Өйткені, жаны жұмбақ бір әлем өзің едің, жан анам! Сәбит ДОСАНОВ.