• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2011

Дерек пен дәйек

334 рет
көрсетілді

4 000 000

Атырау қаласынан 30 шақырым жерде осынша тонна күкірт жиналады

Алдағы жылдың соңына таман Каспий теңізінің қазақстан­дық секторынан мол мұнайдың ал­ғашқы тонналарын өндіру бас­талмақ. Сол кезде теңіз мұнайын Атырау қаласынан шамамен 30 шақырымдай жерде салынған «Болашақ» зауытында түрлі қос­па­лардан тазарту қолға алынады. Соның ішінде мұнай құрамын­да­ғы күкірт мөлшерінің мол бола­тын­дығы да мамандарды ойлан­ды­рып отыр. Мәселен, «Аджип ҚКО» компаниясының жер үсті кешеніндегі жобалары жөніндегі менеджері Лука Моридің жергілікті журналистерге мәлім еткеніндей, мұнай құрамынан бө­лін­ген күкірт зауыт маңында жинақталмақ. Лука Моридің айтуынша, жи­нақталатын күкірттің көлемі 4 миллион тоннаны құрамақ. Ал сол мол күкірттің қоршаған орта­ға әсері қандай болмақ? Атырауда тұратындар денсаулығына зиянды емес пе? Әзірге бұл жөнінде мамандар ештеңе айта қойған жоқ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.

* * *

109 000

Железин ауданының шаруашылықтары биыл осыншама гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті

Аудандық ауыл шаруа­шы­лы­ғы бөлімінің хабарына қарағанда, биыл 110 шаруашылық, соның ішінде 14 серіктестік, 96 шаруа қо­жалығы егін салыпты. Яғни, бидай 87,9 мың га, арпа 9,1 мың га, сұлы 8,5 мың га, қарақұмық 2,3 мың га, күздік қара бидай 0,63 мың га, бұршақ 0,3 мың га көлемінде болған. Ал Ақсудағы Жолқұдық элеваторына 15,1 мың тонна бидай мен 793,78 тонна арпа тапсырылды. Соңғы жылдары алғашқы рет «Самұрық» серіктестігі 60 га, «Пахарь» серіктестігі 8,2 га ал­қап­ты суармалы жерге айнал­дыр­ды. Сонымен қатар, аудан кө­ле­мін­де күнбағыс, қарақұмық, картоптан жыл сайын мол өнім жи­налады. Жалпы құны 477,1 миллион теңгеге 34 жаңа техника са­тып алынды. Бұл күндері аудан кө­лемінде 32 қайта өңдеу нысан­дары ашылып, жұмыс жасауда. Олардың қатарында 4 диірмен, 13 наубайхана, 1 сүт өңдеу цехы, 2 шұжық цехы, макарон, жарма, тері цехтарын атауға болады. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.

* * *

100

Қарағандыдағы «Силициум Қазақстан» ЖШС зауыты шығаратын кремнийдің осынша пайызы экспортқа жөнелтіледі

Елімізде бірінші рет металдық кремний өндіруді бастаған бұл кәсіпорын осы уақытқа дейін оның 8 мың тоннасын алды. Жо­ға­ры технологиялық қондыр­ғы­лар жасауда қолданылатын мұн­дай өнім түрі әлемде әлі де сирек. Соған байланысты өте өтімді. Сондықтан Қарағанды крем­нийі­нің барлығы, яғни 100 пайызы сырт­қы рынокта үлкен сұранысқа ие тауарға айналды. Оның сапалық көрсеткіші 99,4-99,6 пайызды құрайды. Жа­қында зауыттың екінші кезегінің құрылысын салу туралы шешім қабылданды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.