• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

Үш батыр ауылы

633 рет
көрсетілді

– Шабар ауылы қараша айын­да Социалистік Еңбек Ері атан­ған Күләй апаның 100 жыл­дығын атап өтпекші, өткен жыл­дары бейнет пен зейнетке толы осы бір ғазиз жанның рухына арнап ма­қа­ла жазып берсеңіз, – деп осы іске бастамашы болып жүр­ген облыс­тық тілдерді дамыту басқармасы өтініш білдірген еді. Жол үстінде бір күндері Күләй апамыз ақтылы қой баққан Ертіс өзені жағасын­дағы Дөңгелек атан­ған кең да­лаға ойлана қарап келеміз. Ескіше бұл ауылдың аты Қарабұжыр екен. Көз алдымызға сонау бір жыл­дары далада қыстың аязына, жаз­дың ыстығына, күзгі жаңбыр­ға қа­ра­май отар-отар қой баққан бүкіл өмірі – тыныс-тіршілігіне ай­нал­ған басына орамал тартқан қазақ әйелінің қайсар бейнесі келді. Негізі, апамыз жайлы «Шабар ауылында ұлы да, шешесі де Еңбек Ерлері атанған Шарбақ­баев­тар отбасы тұрады. Күләй апа­мыз 1958 жылы облыс кө­лемін­де қой өсірушілер арасында бірінші болып Еңбек Ері атағын алды. Апамыз он жыл қой баққан адам. Жыл сайын қозылар санын көбейткен қой өсірудегі бұл әдісті бүкіл ел Шарбақбаевтар конвейері атаған. Еліміздің қой санын 50 миллионға жеткізу мақсатына үлес қосқан жандар еді. Кейін анасының ақ тая­ғын ұлы Ғабдынасыр алды. Бұл ауыл­ға сол жылы Дінмұхаммед Қо­наев­­тың өзі келіп, апамызды құт­тық­тап кеткен дегенді бұ­рын да естіп жүрдік. – Д.Қонаев сол жылы облысқа сапармен келіп, арнайы біздің ауылға атбасын бұрып, шешеміз­дің үйіне келді. Үлкен адамның кішкентай ауылға келуі орасан мереке болды ғой. Шешем мар­құм Мәскеуден барып Еңбек Ері атағын алып келіп еді. Құтты болсын айта келіпті. Сонда біздің тұрып жатқан ескі үйімізді көріп «батыр батырға лайық үйде тұруы керек» деген еді, дейді апаның ұлы, қазір жасы 80-ге келген Ғабдынасыр ата. Ғаб­дынасыр Шарбақбаев атағы, шешесі Күләй апамыздың өзі таңға­ла, сүйсіне айтып кеткеніндей, анасынан да асып түсіпті. Ұлы Бесқарағай жә­не Дөңгелек жерінде солтүстік қазақ меринос қой тұқымын өсіру жолында ғы­лыми-практика­лық, селекциялық жұмысты жүр­гізуге белсене ара­ла­сады. Таби­ғаты қатал өңірде сол­түстік қазақ ме­риносы атала­тын қой өсіру жөнін­дегі академик Ә.Еламанов­тың жаңалығын жүзеге асыруға үлес қосты. Ғабдынасыр Шарбақ­баев – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты, Социалистік Еңбек Ері атанған. Ауылы Күләй апаның 100 жылдығын атап өтеміз, ас береміз деп дайын­далып жатқан уақытта біз де келіп, атамен әңгі­ме­лесіп қайттық. Күләй апамыз, марқұм «сұрасаң руымды қара­кесек» дейтін Мәди бабамыз әнге қосқан атақты Қар­қара­лы жақ­тың қызы екен. Сонау жылдары қазақ әйелдері көрген қиындық апаның да басынан өткені белгілі. Ері Ерғали 41-дің со­ғы­сына кетіп, қайтып оралма­ды. Күләй ана үш баламен жесір қал­ды. Тыл­да­ғы ауыр еңбекті ба­сы­нан өткерді. Ал, 1952 жылы Дөң­­гелек қыс­та­ғына келіп, қой баға бас­тай­ды. Үлкені Ботай еді, ал, Ғаб­ды­насыр, Айтбай ана­ларына көмекте­сіп, жастайы­нан қой бақты. Отардан отар өргізді. Бүгінде Кү­ләй апаның ауылында Құм­сауыт, Шәм­ші, Шабар ауыл­дарын қос­қан­да барлығы 7 мың­дай қой бар екен. Оның 3540-ы осы Шабар ауы­лын­да, 5 шаруа қожалығы бар. 300-ге тарта адам тұрады. Қолында өскен немересі Се­йіт­­­жанның айтуы бойынша, Кү­ләй апамыздың арғы тегінде мол­да­лық жасаған діни білімдар адам­дар бол­ған екен. Өте ісмер, тігінші, қолы­нан ою-өрнегі түс­пе­ген жан болыпты. Күләй апамыз өмірден қайт­қан­ша намазын оқып, ораза ұста­ған жан еді. Көрген тағдыры мен қиын­дығынан шығар, мінезі бірбеткей, қаталдау болғанымен, ауыл-елге сыйлы жан еді, деп еске алады ба­ла­лары. Ал, апаның келіні, Ғаб­ды­насырдың қосағы Күлайым ана болса, он бір бала туып өсірген алтыннан алқа таққан Батыр Ана. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы, Лебяжі ауданы. Суретте: Күләй апа мен ұлы Ғабдынасыр Шарбақбаевтар.