• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

Апта айшықтары

349 рет
көрсетілді

«Ауыл  – береке-2011» әлі жалғасады Осымен он  төртінші  жыл қатарынан өткізіліп  отырған  бұл жәр­меңке биыл да  аймақ қалалары тұрғындарын күз ырыздығына қарық қылып жатыр. Облыстың 9 ауданынан  артынып-тартынып жететін еңбеккерлер  жинаған өнімдерін тез өткізіп жүр. Олар арнайы бөлінген орындарда жеңілдікпен сауда жасап, азық-түлік түрлерін төмен бағаға сатады. Сенбі күнгі осы айдағы екінші жәрмеңкеде 40 тонна ет, 300 тонна  картоп, қияр, пияз, сәбіз, ондаған тонна сүт өнімдері қараған­дылықтарың  қысқы қорын толықтырды. Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Қаражал, Шахтинск  қалаларының тұрғындары да  дастарқан байлығын молықтырды. Алдаға сенбі тағы жәрмеңке күніне айналмақ. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.   Алтынсарин мұрасы бүгін де өміршең Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына арналған  «Ыбырай Алтынсариннің педагоги­калық мұрасы және қазіргі кездегі этномәдени білім мен тәрбие беру мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара ұлы педагогтың туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстан жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, облыстық білім басқармасының, білім қызметкерлерінің біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының қызметкерлері, мектеп мұға­лім­дері, магистранттар мен студенттер қатысты. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда  Ы.Алтынсариннің педаго­гика­лық мұрасының қазіргі білім беру жүйесіндегі орны, ұлы педагогтың шығармаларын оқып-үйренудің әдістемесі мәселелері сөз болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.   Көкшетау «Киногерманияны» қарсы алды «Көкшетау» мәдениет сарайында бір жұмаға созылған «Киногермания-2011» фестивалі аяқталды. Оны Астанадағы ГФР елшілігі, Германияның Алматыдағы бас консулдығы, Швейцария елшілігінің қолдауымен Қазақстандағы Гете институты ұйымдастырды. Тұңғыш фестиваль барысында көкшеліктер халықаралық және ұлттық байқаулардың жүлдегерлері сапынан көрінген үздік шығар­малармен танысты. Олардың арасында әйгілі Берлин кинофестивалінің бас жүлдесін иемденген «Джулияның жоғалуы», «Жұмақ төріндегі тығырық», «Төрт минут», «Ханымдар бассейні» сияқты еңбектер бар. Сөйтіп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ынтымақты байланыс жалғасын табуда. Қазақстанның 16 қаласында «Киногермания» фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.   Тәуелсіздік шамшырағының 15 жылдығы Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында Петропавл қалалық қазақ гимназиясының 15 жылдығы кеңінен аталып өтті. Облыстық мәдениет орталығына жиналған көпшілік айтулы білім ордасының қуанышына ортақтасты. Петропавл қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов ұжымға облыс әкімінің атынан жеңіл көліктің сертификатын табыс етіп, мұғалімдер мен қызметкерлерге бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы берілетінін жария етті. 320 орынды гимназия шаңырақ көтерген жылы 266 ғана оқушы жиналса, бүгінде олардың саны 800-ден асады. Осы мерзім ішінде 17 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.   Журналистерді марқайтқан күн Шырайлы Шығыстың үні «Дидар» газетіне 80 жыл толды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев редакцияда болып, журналистерді мерейтойымен құттықтап, олардың атқарған істеріне жоғары баға берді. Баспасөз – билік пен халықтың арасын жалғап тұратын алтын көпір. Қандай заман болса да оның алатын орны ерекше. Ел бірлігі мен ын­тымағы жайлы қалам тербеп келе жатқан сіздерге алдағы уақытта да жемісті еңбек тілеймін,  деді облыс әкімі. Бұдан кейін өңір басшысы жур­на­листердің барлығына ноутбук пен фотоаппарат тарту етті. Газет тарихында тұңғыш  рет редакция ұжымына «Нива» автокөлігін және бір пәтер­дің кілтін тапсырды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.   Қос тұрсынға көрсетілген құрмет Биылғы жылы екі дос –  бірі әдебиет пен ғылымның, бірі ән мен саз өнерінің хас шеберіне айналған Тұрсын Жұртбай мен Тұрсынғазы Рахимовтың туғанына 60 жыл толып отыр. Өткен аптада олардың бұл жарқын мерейтойлары Семейде кеңінен аталып өтті. Белгілі ғалым-жазушыға арналған шаралар осындағы Абай қорық-мұражайы мен Шәкәрім атындағы Семей университетінде ұйымдас­тырылды. Т.Жұртбай Абай және Шәкәрім медальдарымен марапатталды. Ал Т.Рахимовтың мерейтойына орай Абай театрында жас талант­тардың республикалық байқауы өткізілді. Мұнда да 60-тан астам ән шығарған әнші-сазгерге тиісінше құрмет көрсетілді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.   Квартет репертуарында – қазақ әндері Облыс орталығына америкалық «Пол Бодри мен «Pathways» джаз квартеті келді. Еліміздің басқа да қалаларына шыққан өнер тобының сапарын еліміздегі АҚШ елшілігі ұйымдастырды. Алыстағы елдің музыка мәдениетін жұртшылыққа таныстыру мақсатында жүрген джазмен-музыканттар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада  оқырмандармен жүздесіп, пікірлесті. Пол Бодри, Тим Армакост, Тони Джеферсон, Беннет Пастер өздерінің тобын 2008 жылы Нью-Йоркте  құрған екен. Джазмен жігіттер елімізге  алғаш рет келіп отыр. Топтың репер­туарында  джаз жанрына икемделген қазақ әндері де бар болып шықты. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.